Суармалы жер – Стратегиялық нысан

Суармалы жер – Стратегиялық нысан

Суармалы жер – Стратегиялық нысан
ашық дереккөзі
753
Бүгінде Түркістан облысында 570,4 мың гектар суармалы жер бар. Өткен жылы оның 498,2 мың гектар жері пайдаланылды. Барлық суармалы жер көлемінің 395,5 мың гектарына, яғни 69 пайызына «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы су шаруашылығы нысандары арқылы ағын су жеткізу қызметін көрсетеді. Осынша жерді суландыруға, олардың мелиоративтік жағдайын жақсартуға 20 су қоймасы, өзендер мен су қоймаларындағы 12 су бөгеті, 1683 су және 401 дана коллектор-дрен жүйеcі, 921 дана су өлшеу бекеті мен 1101 дана тік дренажды ұңғыма қатысады. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына жолдауында «Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты» деп атап көрсетті. Елбасы әрбір жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Елбасының қамқорлығы арқасында суармалы жерлерді қалпына келтіру және суармалы жерді ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Су ресурстары мен суармалы жерлерді тиімді пайдалану арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрмыс сапасын арттыру мақсатында ауылшаруашылық айналымнан шығып қалған суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру ерекше орын алады. Осы тұрғыда айналымнан шығып қалғанымен сұранысқа ие суармалы жерді қалпына келтіру және суармалы жерді ұлғайту, алынатын өнімді молайту мақсатында Қазақстан Республикасы 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары дайындалды. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 14 ақпандағы №420 Жарлығымен бекітілді. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында облысымыз бойынша  барлығы 95444 гектар жерді қалпына келтіру және суармалы жер көлемін ұлғайту жоспарланған. Оның 25692 гектарын Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі несиесімен, 69752 гектарын республикалық бюджет есебінен жүзеге асыру белгіленген. Қазіргі уақытта су шаруашылығы нысандарын аудандық, қалалық коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткізу рәсімдері жүргізілуде. Бағдарлама іс-шаралар жоспарының орындалуы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылық министрі Ө.Шөкеевтің тікелей қадағалауында. «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасы Ислам Әбішевтің ұсынысымен барлық аудан және қала әкімдіктері коммуналдық және жеке меншіктегі су шаруашылығы нысандарын республикалық кәсіпорынның теңгеріміне өткізу шаралары қолға алынды. Бір орталықтан басқару, су ресурстарына мониторинг жүргізу, қажетіне қарай шұғыл шешім қабылдау, делдалсыз бірыңғай тариф болуы ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне тиімді болады»,  – дейді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Кеңес Әуенұлы. Осы жылдың тамыз айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевтің Түркістан қаласына сапары кезінде халықаралық қаржы ұйымдары мен республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін Бағдарламаға енген су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке қысқа мерзімде өткізу тапсырылған болатын. Бүгінгі таңда қалпына келтіру және жер ұлғайту шаралары жүргізілетін 25692 гектар суармалы жердегі су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке өткізу және жаңадан игерілетін нысандары жер телімдеріне сервитут алу мәселесі шешілді. Айталық, белгіленген 69752 гектардан Түлкібас ауданында бағдарламаға енгізілген 7053 гектар орналасқан 86 канал республикалық меншікке өткізілді. Қалған 62699 гектардан 43743 гектар орналасқан 348 каналға өткізу-қабылдау рәсімдері жүргізілуде. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалында өз ісін жетік білетін 1323 адам жұмыс істейді. Барлық жоспар ретімен жүзеге асып жатса, алдағы уақытта облыс бойынша 570,4 мың гектар суармалы жерде орналасқан коммуналдық және жеке меншіктегі су шаруашылығы нысандары «Қазсушар» РМК теңгерімінде болады. Суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету республикалық меншіктегі су шаруашылығы нысандары арқылы жүргізіліп, су есебін жүргізу мен бөлу бір орталықтан басқарылады. Ең бастысы, су пайдаланушыларға су жеткізу қызметі тікелей көрсетіледі. Суармалы жерлерді қалпына келтіру және жер ұлғайту халықаралық қаржы ұйымдары қаржысымен жүзеге асырылады, жұмсалған қаржы республика бойынша Бірыңғай тариф енгізу арқылы қайтарылады. «Елбасы тапсырмасымен облыста 250,0 мың гектар жаңа жер игеруге ұсыныс берілді. Облысымызда алдағы жылдары 820,4 мың гектар суармалы жер пайдалануға беріледі деп болжануда, бұл республикадағы суармалы жер көлемінің жартысына жуығын құрайды», – дейді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Кеңес Әуенұлы. Жаңа жер игеру – ауыл шаруашылығы өндірісін дамытады, суармалы егістіктерде жаңа технологиялар мен егін егудің жаңа әдістерін енгізуге, өнім алуда жоғары жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізіп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына бірден-бір көмек болады. Бір сөзбен айтқанда, 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасындағы  белгіленген бағыттар мен басымдықтар Түркістан өңірінде жоспарлы жүзеге асуда.

Серіктес жаңалықтары