4 Қазан, 15:22 472 0 Технологиялар Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Өркендеу дәуіріне нық қадам

Бүгінде әлемдік қауымдастық төртінші өнеркәсіптік революция туындатқан қарқынды технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге қадам басты. Жалпы анықтамаларға сәйкес, төртінші өнеркәсіптік революция – жаһандық заттар өнеркәсіптік желілері мен қызметке бірігу келешегі негізіндегі толықтай автоматтандырылған цифрлық өндіріске өту, басқарылатын интеллектуалды жүйелер.

Бүгінде жиі айтылатын өнеркәсіптік революцияның әрбір кезеңінде өндіруші күштер ғана емес, өндіріс пен ғылымның тығыз ықпалдасуы туындап, дамуға жаңа серпін беріп отыр. Қазіргі тілмен айтқанда, өнеркәсіпке енгізілген инновациялық технологиялар тауардың өзіндік құнын төмендетіп, экономикалық тиімділікті еселеп өсірді. Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті Клаус Шваб «Төртінші өнеркәсіптік революция» кітабында экономика мен технология салаларында аттары танылған сарапшылардың, трансұлттық корпорация басшыларының тәжірибесі мен көзқарастарын қорытып, «инновациялық қызмет әлемдегі мемлекеттер мен мыңдаған компаниялардың бәсекелесу алаңына айналды» деген тұжырым жасайды. Бірінші өнеркәсіптік революция кезеңі 1760-1840 жылдардың аралығында индустрияландыру, теміржол салу, бу двигателін ойлап табумен, жіп иіру машиналарының пайда болуымен сипатталды. Осы кезеңде Ұлыбританияда механикалық өндіріс дамып, аграрлық қоғамдар индустриялық қоғамға трансформацияланды. Бұл үрдіс АҚШ пен Еуропаның басқа мемлекеттеріне тез тарады. Өндірісте машиналар қолданылды, жұмыс күші дамыды, урбанизация жылдам жүрді, еңбек өнімділігі артты, экономикалық өсім жоғарылады. Екінші өнеркәсіптік революция XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басын қамтыды. Электр энергиясын қолдану, конвейердің пайда болуы, теміржолдың таралуы, химия өндірісіндегі инновациялар нағыз технологиялық революцияға негізделіп жасалынды. Бұл кезеңдегі экономикалық дамуға ғылымның жетістіктері ерекше серпін берді. 1960 жылдан бастап компьютер мен дербес компьютерлер, өнеркәсіптік роботтар, цифрлық технологиялар мен интернет өмірге ене бастады. Үшінші өнеркәсіптік революцияның дәуірі осылайша басталып, өндірістегі басты процестер түпкі тауар өндіретін зауыт пен фабрикалардың цехтарынан бағдарлама жазатын IT-мамандар, инженерлер мен дизайнерлер отырған офистерге көшіп жатыр. Ал, адамы жоқ цехтарда үнсіз өнеркәсіптік роботтар арнайы алгоритм бойынша тауар жасаумен айналысады. Соңғы екі ғасырда негізгі пайда тауарды өндіру мен сату кезеңінде жиналса, жаңа дәуірдің ерекшелігі – басты пайда өнімді зерттеу мен жобалау кезеңінде жинақталады. Яғни, бүгін ресурстың басым бөлігі түпкі өнімді шығаруға емес, оны ойлап табуға, өндіріске дайындауға жұмсалады. Энергетикалық революция мен коммуникациялық серпіліс сәйкес келгенде ғана тың технологиялық жаңалықтар ашылып, жаңа экономикалық модельдер жасауға мүмкіндік туады. Үшінші өнеркәсіптік революцияның бұрынғы өнеркәсіптік революциялармен салыстырғанда ауқымы мен табиғаты мүлдем өзгеше болып дамып келеді. Интернет-коммуникация адамның өмір сүру ортасын ғана емес, адамның дағдылары мен мәдениетін, таным-түйсігін өзгертіп жіберді. Адамды өзгерткен интернеттің саясатқа да, экономикалық парадигмаларға да ықпалы үлкен. Әсіресе, әлемдегі барлық жастардың бойында ешқандай саяси партияларға қосылмайтын, капитализм немесе социализмге қызықпайтын, ешбір идеологияны ұнатпайтын көңіл-күй үдеп барады.

Адамзат тарихы өнеркәсіптік революциялардың бірнеше сатыларынан өтті. Бірінші өнеркәсіптік революция қоғам мен экономикалық құрылымға ерекше ықпал жасады. Бу қазандығының пайда болуы қалалардың өрлеуі және алғашқы зауыттардың ашылуына әсер етуімен қатар, өндірістің дамуына қажетті нақты ғылымдардың ілгерілеуіне серпін берді. Екінші өнеркәсіптік революцияның негізгі қозғаушы күші болған электр қуаты өндіріс екпінін үдете түсті. Өнеркәсіптік революцияның үшінші кезеңі сандық технологиялардың қалыптасуы және оның өндірісте енгізілуімен ерекшеленді. Бүгінде технологиялар тез өзгереді және ескіру жылдамдығының шапшаңдығы өте жоғары.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің ілгері дамуы үшін жасалған маңызды стратегиялық  бастамалардың  логикалық  жалғасы. Онда төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған ұлт болуымыз керектігіне баса көңіл бөлінген. Ол үшін Елбасы ел болып шешуге тиісті әрі әрқайсысының жүгі бөлек, оған қоса аса айқын  он міндетті атап  көрсеткен  болатын.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде де төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономика сұраныстары  туралы айтылады. «Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр»  делінген.

Төртінші өнеркәсіптік революция жаһандық бәсекелестік жағдайында барлық елдердің әлемдік қауымдастықтағы орны мен рөлін ауыстыруы мүмкін. Технологияларды заман талабына сай дамытқан мемлекет қана қарыштап дамиды. Сондықтан Елбасының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттер еліміздің жаңғыру бағытындағы жұмыстарын  ілгерілетіп, жаңа жетістіктерге  жеткізетіндігіне сенеміз.

Төртінші өнеркәсіптік революцияның қоғам мүшелері үшін маңызды қызметі ретінде азаматтық қоғам мен билік арасындағы тығыз өзара қимылдарды жүргізуге ықпал жасауын да айта аламыз. Барлық  басқару құрылымдары мен әлеуметтік процестерге ақпараттық  технологиялардың  енуі осы қарқынды процестің нәтижесі деп білеміз. Электронды үкімет жүйелерінің дамуы, әсіресе, еліміздегі «egov.kz» «мемлекеттік қызметтер мен ақпарат онлайн», шын мәнінде, бюрократиялық кедергілерді, сыбайлас жемқорлық белгілерін азайтатындығы анық. Бұл технологиялардың мемлекеттік құрылымдарға енуі қоғамдағы барлық процестерге сырттан әсер етуге тосқауыл қояды. Сонымен қатар, электронды үкімет жүйелері арқылы мемлекеттік құрылымдардың қызмет көрсетуін бақылауға мүмкіндік туады, азаматтардың қызметтің жүру барысын қадағалауына да жағдай  жасалады.

Бүгінде билік органдары үшін ақпараттың ашықтығы өте маңызды мәселе болып табылады. Ақпараттың ашықтығын арттыру міндеті бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс, аймақ тұрғындары, инвесторлар мен журналистерге дайындалған арнайы іс-шаралар көмегімен жүзеге асады. Ақпараттың  ашықтығын арттырудың негізгі құралдарының бірі ретінде жергілікті мемлекеттік органның ресми сайты және әлеуметтік желілердегі белсенділігі де саналады.

Ресми сайт қызметінің негізгі қыры ретінде оның қарапайымдылығы мен қолданудағы оңтайлылығы деп ойлаймыз. Сонымен қатар, сайттағы ақпараттардың өзектілігі, ашықтығы, мөлдірлігі, интербелсенділігі, тұтынушыға бағытталуы, қолжетімділігі өте маңызды. Барлық деңгейдегі әкімдіктердің ресми сайттары өңірдің  төлқұжаты  болып табылатындықтан, оның мазмұнына ерекше мән беруіміз қажет. Әсіресе, беріліп жатқан ақпараттардың ағылшын тіліндегі нұсқасы басты назарда болуы тиіс. Өйткені  өңір туралы ақпарат алу барысында, әсіресе шетелдік инвесторлар ең алдымен аймақтың ресми сайтына  назар  аударатындығы жасырын  емес.

Бүгінде кейбір ғалымдар арасында төртін­ші өнеркәсіптік революция түсінігімен қатар, индустрияландыру 5.0 ұғымын пайдаланушылар да кездесіп жатыр. Әрине, бұл көзқарастардың пайда болуы дұрыс та шығар. Өйткені үшінші және төртінші өнеркәсіптік революциялар арасындағы ұзақтық тым жақын. Зерттеушілердің болжамы бойынша, келесі өнеркәсіптік революция болып табылатын индустрияландыру 5.0 азаматтық қоғам, басқару мен құрылым, адам бірегейлігіне ықпал жасайтын, экономикалық және өндірістік зардаптары болуы мүмкін жүйелі өзгерістерді тудыруы ықтимал.

Соңғы жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жолдаулары Үшінші жаңғыру және төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне арналуда. Сондықтан еліміз үшін экономикалық даму парадигмаларын түбегейлі өзгерту және оны төртінші өнеркәсіптік революция  қағидаларына  сай бағыттау маңызды болып табылады. Елімізде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бұл үшін мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси, технологиялық, мәдени және рухани әлеуеті жоғары деп есептейміз. Ал Елбасының осы жылғы Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы міндеттерді орындау барысында мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам, барлық ел тұрғындарының жұмылуы төртінші өнеркәсіптік революция кезеңіндегі еліміздің әлемдік қауымдастықта  лайықты  орын  алуына септігін тигізеді.

Төртінші өнеркәсіптік революция басқарудың құралдары мен әдістерінің жаңғыруына әкелуімен қатар, басқару қызметі заманауи қоғамдағы әрекеттердің түбегейлі өзгерістеріне ұшырайды. Жаңа технологиялық әрекеттер адам мен техника арасындағы өзара қимылдарды өзгертуімен бірге, адамзаттан жаңғыртылған кәсіби дағдыларды талап етеді. Бұл тұста құнды кадрларды даярлауды  дамытуға  мән беріледі.

Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде еңбек нарығында түбегейлі өзгерістер орын алады. Индустрияландыру 4.0 кезеңіне жаңғыртылған түрде жұмыс істейтін қызметкерлер қажеттілігі туындайды. Қоғам кәсіби маманданған, өзін-өзі ұйымдастыра алатын, әлеуметтік дағдылары қалыптасқан тұлғаны таңдайды. Сондықтан еліміз үшін рухани дүниетанымы бай, іскер, білімді азаматтардың қызметіне  сұраныс  артады.

Индустрияландыру 4.0 кезеңінде қолданылатын техниканың адамға бейімделуін назардан  шығармайтын  ұйымдастыру-техникалық  жетілдіру міндеттерін шешуге бағытталған  әлеуметтік-техникалық жүйелердің ерекшелігі мол. Адам еңбегінің өнімділігі, қауіпсіздігі, денсаулығы мен жұмысқа  қабілеттілігін  сақтау сынды адамзаттың ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін өндіріс ортасына бейімдеу маңызды саналады. Бұл процесте адам-техника-өндірістік орта сынды жүйелердің өзара әрекеттерін кешенді зерттейтін эргономика ғылымының жетістіктерін  пайдаланған  жөн.

Жалпы, төртінші өнеркәсіптік революция әкелетін мүмкіндіктер мен туындатуы мүмкін қиыншылықтар барлығымыздың мәселеге сын көзбен қарауымызды талап етеді. Қоғам мүшелері мәселенің мәнін түсінген жағдайда ғана өзгермелі шарттарға тез бейімделеді, ал еліміз мерзімі жеткен реформаларға  дайын  болады.

Соңғы жаңалықтар