МӘМС: Алматыдан төлемдер –12 млрд теңге

МӘМС: Алматыдан төлемдер –12 млрд теңге

МӘМС: Алматыдан төлемдер –12 млрд теңге
ашық дереккөзі
683
Ұлт саулығы – мемлекеттің басты құндылығы. Сондықтан елімізде халықтың денсаулығын сақтау, тұрғындардың салауатты өмір сүруіне айрықша назар аударылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да үздік денсаулық сақтау ісі мен ұлт саулығын сақтау мәселелері назардан тыс қалған жоқ. Елбасы Жолдауында көрсетілген денсаулық сақтау ісіне қатысты маңызды міндеттер елімізде сәтті жүзеге асырылып келеді. Қазақстанның басты мегаполистерінің бірі – Алматы қаласында да медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, халықтың денсаулығын жақсарту бойынша маңызды шаралар қолға алынды. Жолдауда айтылған емханалар мен ауруханаларды кезексіз, қағазсыз қызмет көрсетуге бағыттау белсенді түрде қолға алынып, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Алматы қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерінің қағазсыз жұмыс істеуіне қажетті шаралар жасалуда. Алматы қаласы денсаулық сақтау саласы көп деңгейлі, бәсекеге қабілетті ортада қарқынды дамып келеді. Бүгінде қаладағы клиникаларда әлемдік деңгейдегі оталарды жасау қолға алынып, кардиология, онкология, бала мен ана денсаулығын жақсарту, алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем қызметі бағытындағы жұмыстар мен жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету бойынша да өзге елдердің медицинасымен иық тіресе алады. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек медицина қызметкерлеріне арналған жиында соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 60 пайызға артып, ол көрсеткіштің 95 миллиард теңгені құрағанын айтқан болатын. Өткен жылы 9 денсаулық сақтау саласының жаңа нысандарының құрылысы басталса, оның төртеуі пайдалануға берілген. Қалада бір мезетте 30 мыңға жуық зертханалық талдау жасайтын орталық зертхана ашылды. Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, денсаулық сақтау саласын толықтай цифрландыру мақсатында жергілікті бюджеттен 13 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылып, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жұмысы қолға алынған. Бүгінгі таңда қаладағы денсаулық сақтау салаларының 98 пайызы ақпараттық жүйемен толық қамтамасыз етіліп, медициналық ұйымдардың бірыңғай корпоративтік электрондық пошта жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, пациент пен дәрігерлер арасында тұрақты байланысты қамтамасыз ету үшін мобильдік қосымшалар пайдаланылатын болады. Мәселен, мамыр айынан бері ұялы телефонды белсенді қолданатын алматылықтар «Дамумед» мобильді қосымшасын тегін жүктеуге мүмкіндік алды. Ол бұрынғы амбулаторлық картаның орнын алмастыруда. Мұндай жаңашылдық медицинадағы қағазбастылықты қысқартып, емханаға келген әр адамның уақытын үнемдемек. Бұл қосымшаның өзін заман талап етуде. Өйткені интернетті белсенді қолданатын алматылықтар 20-60 жас арасындағы 1 миллиондай адамды құраған. Аталған мобильді қосымша мамыр айынан бастап қолданысқа енгізілді. Екі айдың ішінде 113 мың алматылық көшіріп алған. Мамандар халықтың 70 пайызының осы қосымшаны белсенді қолданғанын қалап отыр. Сонда ғана осы саладағы қағазбастылық біржола азаймақ. Жыл соңына дейін 600 мың алматылық осы мобильді қосымшаны жүктеп алар болса, бұл салада айтарлықтай оң өзгерістер болмақ. Өйткені қазірдің өзінде медициналық ақпараттық жүйе орнатқан емханалар науқас туралы қағазды енді тек электронды түрде бермек. Ешкім оны қалаған уақытқа жаздырып ала алмайды. Осы медицина саласындағы тағы бір өзгеріс бойынша емхана мен дәріханалар қоян-қолтық жұмыс істеуде. Дәрігердің жазып берген рецептісін алып, науқас бұрынғыдай дәріхана іздеп кетпейді. Сол аурухана, емхана ішіндегі дәріханаға түсіп, төлқұжатын көрсетсе, ортақ желі арқылы хабардар болып отырған фарм қызметкерлері сіздің дәрілеріңізді сұратпай-ақ береді. Айта кетейік, өткен жылы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ең көп электронды мемлекеттік қызмет түрлерін көрсеткен болатын. Қазір бұл салада толықтай цифрландыру жүріп жатыр. Статистикаға шақсақ, жарты жылда денсаулық сақтау басқармасы 2 миллионға жуық мемлекеттік қызмет түрін көрсеткен. Оның ішінде 748 мың қызмет «egov» порталы арқылы жүрген. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады», – деп атап өткен болатын. Бұл ретте Алматы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 75,9 жасты құрап отырғанын мақтанышпен айтуға болады. Басқарма деректері бойынша, өткен жылы Алматыда нәресте өлімі 7 пайызға, туберкулезден болатын өлім 8, қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім 7,5 пайызға төмендеп, қатерлі ісік аурулары бар адамдардың бес жылдан артық өмір сүру көрсеткіші 2,59 пайызға өскен. Бұл көрсеткіштерді Алматы қаласының денсаулық сақтау қызметкерлері ауруды ерте анықтау және дер кезінде көрсетілген дәрігерлік көмектің нәтижесі деп бағалайды. Өткен жылы азаматтардың жекеленген санатына 14 түрлі профилактикалық тексеру түрлері жүргізіліп, бұл іс-шарамен 1 миллион адам қамтылды. Осы тексерулердің қорытындысы бойынша түрлі сырқатқа шалдыққан 75 мың адам анықталған. 16 277 ісік ­алды жағдайлары белгілі болса, 203 қатерлі ісік ауруы нақтыланды. 10 қалалық емханада артериялық гипертензия, қант диабеті және созылмалы жүрек кемістігі бойынша инфекциялық емес ауруларды басқару бағдарламасы іске асырылды. Медициналық қызмет көрсетудің сапасы да жыл өткен сайын жақсарып келеді. Былтыр Алматы қаласында дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 485,6 миллион теңге бөлініп, 3436 маман кәсіби біліктілік курстарынан, 39 маман шетелдік клиникаларда тағылымдамадан өтті. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтылу мәселесі де оң шешім тауып, 227 787 науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында онкологиялық аурулармен күрес мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Бұл ретте Алматы қаласында да кешенді жоспарлар құрылып, жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, таяуда ғана Алматыда онкологиялық сырқатқа шалдыққандарға берілетін дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешімін тапты. Алматыда сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандарға берілетін дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі қалада бұл дертпен ауырғандар санының ұлғаюына байланысты туындаған. Ресми деректерге сәйкес, соңғы 8 айда сырқаттанушылар қатары 5 пайызға көбейген. Дәрігерлердің сөзінше, ол мәселе жедел түрде шешімін тапты. Бүгінде аталған жағдайды Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жеке бақылауына алған. «Дәрі жағынан жылдың басында аздап жетіспеушіліктер болды. Бірақ қазіргі күнде дәрілердің бәрін жеткіздік. Мысалы, Қызылорда облысынан уақытша алдық. Мына өзіміздің онкологиялық орталықтан, аталмыш институттан күнделікті жеткізіп жатырмыз. Қазір дәрілердің бәрі бар», – дейді Алматы қаласының Онкология орталығының бас дәрігері Нұрсұлтан Ізмағамбетов. Бүгінде Алматының онкологиялық орталығында 170 адам ем қабылдап жатыр. Сондай-ақ, Алматы онкологиялық орталығы 15 қыркүйектен бастап тегін скринингтік тексеру бойынша акция өткізуді қолға алды. Тегін тексеру қазан айының аяғына дейін жалғасатын болады. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында назар аударған мәселелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу. «Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады. Оны енгізудің қажеттілігі ешқандай күмән туғызбайды», – деп атап өтті Елбасы. Елімізде өткен жылдан бастап Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмысы қолға алына бастаған болатын. Соған орай, барлық қазақстандық кәсіпорындар осы жүйе бойынша әр жұмысшы мен қызметкері үшін «ӘСЖҚ» ҰАҚ есебіне тиесілі қаржыны уақтылы аударып жатыр. Атап өтетіні, бұл ретте зейнеткерлер мен балаларға қаржы мемлекет есебінен төленетіні белгілі. «ӘСЖҚ» ҰАҚ-ы Алматы қаласы бойынша филиалының Халықты ақпараттандыру жөніндегі бөлімінің мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың алғашқы 4 айында медициналық сақтандыру қорына Алматы қаласынан түскен қаржы 12 млрд теңгені құраған. Сөйтіп, бұл қорға түскен ең қомақты үлес болып отыр. Осыған байланысты аталған қордың мәліметінде «Алматы қаласының жұмыс берушілері мен жеке кәсіпкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін аударған төлемдері қазірдің өзінде 12 млрд теңгені құрап отыр. Ал бұл бүкіл Қазақстан өңірлері бойынша қорға түскен ең көп үлес. Өйткені бұл сома елдегі барлық аударылған түсімнің 21,5 пайызын құрайды. Таяуда Алматы тұрғындарын медицина ұйымдарына тіркеу науқаны басталды. 15 қыркүйектен басталған жыл сайынғы науқан 15 қарашаға дейін жалғасады. Азаматтар «Медициналық сақтандыру қорының» «Халықтық бақылау» мобильді қосымшасы арқылы клиникалармен танысып, өзіндік таңдау жасай алады. «Биылғы жылы тіркелу барысында 1 дәрігерге түсетін жүктеме 1700 адамнан аспауы тиіс. Бұрын бізде 1 дәрігерге 2 мың адамға дейін қызмет көрсетуге рұқсат берілген болатын. Біздіңше, бұл жаңа учаскелердің ашылуына түрткі болуы тиіс және бұл мәселеде бизнес өкілдері, жеке бизнес өкілдері өздерінің белсенділігін танытады деп күтіп отырмыз», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев. Айта кетейік, Алматы тұрғындарына 77 емдеу мекемесі қызмет көрсетеді. Оның ішінде, 7 компания алғаш рет қатысып отыр. Тіпті, араларында жекеменшік клиникалар да бар. Олар тіркелгендер үшін тегін қызмет көрсетеді. Мамандар таңдау жасау барысында үйге жақын маңдағы емхананы таңдауға және отбасылық қызмет көрсету ұстанымдарына басымдық беруге шақырды. Ерікті медициналық сақтандыру полисі бар азаматтар Қазақстан аумағындағы емханалар желісіне тіркеліп, кез келген қызметке жүгіне алады. Сонымен бірге, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында халықтың денсаулығын жақсартудың жаңа мүмкіндіктері мен денсаулық сақтау саласының жаңа кезеңдері айқындалған болатын. Онда қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға бағытталуы керектігі, салауатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту, жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға халық денсаулығын жақсартудың бірқатар өзекті мәселелері айтылып, сол бойынша жүзеге асырылуы тиісті іс-шаралар белгіленген болатын. Міне, осы бағыттарды жүзеге асыруды қолға алған Алматыдағы емханалар тұрғындардың денсаулығын жақсарту мен аурулардың алдын алу шараларын жоспарлы түрде қолға алып отыр. Сол шаралардың ішіндегі ең маңыздысы – скринингтік тексерулерді сапалы жүргізу, жүйкесінде ауытқуы бар адамдардың уақтылы емделіп, сауықтыру жұмыстарын жақсарту, сондай-ақ, емханадағы «Денсаулық» мектептері мен Жастар денсаулық орталықтарының жұмысын жандандырып, жастар арасында еріктілер тобын құру жұмыстарына, онкологиялық аурулар мен туберкулездің алдын алу жұмыстарын жандандыру емхана қызметкерлерінің басты міндеттері болып отыр. Алматылық дәрігерлер мен мейірбикелер, әлеуметтік қызметкерлер тұрғындар арасында МӘМС жүйесін түсіндіру жұмыстарын жалғастыру үстінде. Ақ халаттылар аурудың алдын алуға көп көңіл бөлген жөн. Ол үшін скринингтік тексерулерден өтуге мән берген дұрыс. Осы тексерулердің нәтижесінде қазір көптеген, оның ішінде қатерлі ісік ауруларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік туындады.   Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек. Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет. Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан бар. Оны батыл әрі белсенді түрде енгізу керек. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан  

Серіктес жаңалықтары