«English for Jastar» – тамаша мүмкіндік

«Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты «English for Jastar» жобасын қолға алды. Жоба ауылдық мектеп оқушыларына ағылшын тілін тегін оқытуды көздейді.

«English for Jastar» жобасы пилоттық режимде екі ай мерзімінде Қазақстанның 14 аймағында жүзеге асырылмақ. Жобаның алғашқы жұмысы Шығыс Қазақстан облысында бастау алып та үлгерді. Ұйымдастырушылар 2 айдың ішінде 500-ден астам шығысқазақстандық жастардың ағылшын тіліндегі сөйлеу деңгейін жақсартуға ниетті. Жалпы, облыс бойынша 12 еріктілер, оның ішінде 2 тіл қолданушысы 6 ауданда жұмыс істейтін болады.

Мәселен, «English for Jastar» жобасының еріктілері Әйгерім Ыдырышева мен Әйгерім Қабыкенова аттанған Жаңа Бұқтырма кентінде 5 мыңнан астам адам тұрады. Алғашқы кездесу өздері жұмыс істейтін орта мектепте өтті. Қуанарлығы, кездесудің ресми бөлімінен кейін еркін сұхбаттасқан жас өрендер жоғары белсенділікпен бірден тегін курсқа жазыла бастады. Солардың бірі 9 сынып оқушысы – Артур Лобков. Ағылшын тілі оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Өздігімен ізденудің арқасында тілдесуден intermediate деңгейіне жеткен. «Ауылды жерлерде ата-аналар балаларын ағылшын тілінен қосымша сабаққа жіберетіндей, көп ақша таппайды. Сондықтан тек мектепте оқимыз, бірақ онда тілдесу деңгейін көтеру мүмкін емес. Мысалға менің отбасым мені жеке репетитор жалдап оқыта алмайды. Оның құны бір жылға 300 мың теңге. Төлеу мүмкін емес, сондықтан бұл тегін курстың маған көмегі зор болар еді», – дейді Артур.

Расымен, «Нұр Отан» партиясының «English for Jastar» жобасының да басты мақсаты Артур сияқты ауыл балаларына тең деңгейде сапалы білім беру, ағылшын тіліне қызығушылығын арттыру. Ата-аналар атынан сөз алған Екатерина Алеева бұл курсқа қызымен бірге өзі де баратынын жеткізді. «Менің қызым 4-сыныпта оқиды. Оқуда озат. Ал ағылшын тілінің ол үшін маңызы өте зор. Бос уақытының бәрі тілді оқумен кетеді. Өзі арнайы сөздік жасап алыпты. Оны көрген біз қалаға барып, транскрипциясы бар сөздік сатып алдық. Біз сөзсіз клубқа баратын боламыз», – деді Екатерина Алеева.

«English for Jastar» жобасының қатысушысы Әйгерім Ыдырышеваның айтуынша, басты назар speaking бөліміне аударылады. Қазір жас мамандарға арналған барлық оқу-құралдары берілген, тіпті оқимын деген алғашқы 21 адамның да тізімі дайын.  «Екі айдың ішінде тілді толық оқу мүмкін емес, бірақ бұған қарамастан қарқынды түрде жұмыс істейміз. Менің мамандығым – шет тілдері. Ағылшын тілінің болашақ мұғалімі болғандықтан, бұл жоба маған жақсы кәсіби тұрғыда жақсы тәжірибе болады», – дейді Әйгерім Ыдырышева. Айта кетейік, 2 ай ішінде 28 шетелдік және 140-тан астам жергілікті мамандар 2018 жылдың қараша айына дейін 9-11 сынып оқушыларына ағылшын тілін үйретеді. «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен 141 ерікті жиналды, олардың 75-і еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері. Ағылшын тілін үйретуге бағытталған факультативтік сабақтар өткізуге 20 коворкинг-орталық және 64 мектеп жұмылдырылған.

Back to top button