«Ақтастағы Ахиконың» көркемдік әлемі

«Ақтастағы Ахиконың» көркемдік әлемі

«Ақтастағы Ахиконың» көркемдік әлемі
ашық дереккөзі
977
Драматург Мәдина Омарованың «Ақтас­тағы Ахикосы» жаңа олжа. Оның шығар­масына арқау болған жазықсыз жандардың жапа шеккен жартыкеш талмауыт тағдырлары. Кеңестік ауданы кең, ауаны тар темір шарбақтың ішіндегі мүшкіл хәлдер. Тауарихтың қан жұққан парақтарында 1932 жылы Лагерьлер бас басқармасы құрамындағы еңбекпен түзеу лагерьлерінің саны 11-ге жеткені, ал 1944 жылдары 58 лагерь және 424 еңбекпен түзеу колониясы қатаң ре­­жимде жұмыс жасағаны айтылады. 1930 жылы құрылған КАРЛАГ-тың он жылдан соңғы «бағындырған биігі» – Лагерьлер бас бас­қармасы құрамындағы ең ірі құрылым ста­тусы. Сөйтіп, аз уақыт ішінде Карлаг ең үлкен және әйгілі лагерьлердің қатарынан са­налған. 1939 жылы ІІХК-ның 42 лагері ара­сында Карлаг тұтқындар саны жағынан 9- орынға ие болды, яғни – 35 мың 72 өлімші жүрек иелері сүйретілген мұнда. Ал бұл кезде КСРО лагерьлері контингенті саны 1 млн 668 мың 200 адамға жеткен еді. Әрине, бұл бір ғана жиырмажылдықтың статистикасы. «Жаңа туған сәбиден бастап еңкейген егде кемпір-шалға дейін шімірікпестен жұтатын» Карлагты «Ажал машинасы» деп Ақиқат тарапынан айыптайтын Ахико Тецуро рөлі өз ойыншысын тапқан. Тұтқындар ішінен Ахико бейнесі – Д. Ақмолданың ойыны қойылымның қайталанбас актерлік жеміс-көркі. Сезім-күйді көрушісіне тез, әрі нанымды сіңіреді. Ішкі диалектикалық қайшылықтарды дәл ашу – оның әдеті. Зымыстан боранды шақтың шиыр-шиыр суреттері сана сәулесін көлегейлемек. Алыстағы арман мен таяу тұрған тажалдың қайсысы жарылқайды?! Конфликт өздігінше тумайды, өмірдің әр деңгейлі, дұрысы әртүрлі кейіпкерлердің күрес үстінде көрінетін, көпқырлы характерлерін ашатын күш бұл. Ол – драмалық әрекеттің сюжеттік серіппесі, жаны, тамыр соқтырар тынысы. Характерлер қақтығысы қоғам-уақыт құбылысын танытуы тиіс. Бұл ретте Ахико мен Ахмет – мұраттас, рухтас жандар, жендеттердің жанжеміргіш зор тәбеті; алапиғыл Степанның «эгоискусствосы»; жазықсыз ұлдарына жауапты әкелер (Сәдуақас, Сейфолла); үнемі «сауатсыз», «сорлы» деп сөгіс еститін әнші-ақын, өнерпаз қазақ жігіттері; тоқсанның үшінде «лагерь директорына кәрін төккен» абыз-ақсақал мен «өшкені қайта жанған» қарт кейуана... бәрі-бәрі коллизияның (идеялар қайшылығы) қанат жаюына жағдай туғызады. Персонаждар жүйесі барынша жинақы. Қанқасап қызыл жағалылар – зұлымдық символы. Бірдің емес – мыңның тағдыры. Елдік мұрат, жұрт обалы турасында әңгіме қозғала қалса, айыпты тараптың айқындалуы шарт. Дарынды «қолыңа Құдайдың алмас қылыш бергенімен бірдей, тек игілікке пайдалануың керек» деп білетін жазушы гумандық идеясын көрерменге мүлдем жоғалтқызып, бірде қайта отын жақтырып, күдерін үзіп-жалғатып отырады. Бұл шеберлік – көрушіге алда не боларын білдірмеу, білген күнде барар жолдың хәлін сездірмей, құпия қалдыру. Өрттің селін көктен төккен бұл тауқыметтің қайырынан үміт етіп, келер күннің жарығын жүрегіне тоқыған ақсақал Ақайдың Қасенін Бекжан Тұрыс өз биігіне қиналмай жеткерді. Көз көргеннен ой түйген, иман тұнған көкірек, Абыз тілі өзіне жарасты, кестелі. Дәуіріне сай шұрайлы. Актердің табиғатына туралай ділмар, сөзуар, бейнелі шыққан. Иманы берік, салмақты, ұрпағының бақытына сеніп, тілек ететін, ешкімнен сескенбейтін, тіпті, зәлім Степанның қолын қайырып жіберетін ақсақал образына сүйсініп, іштей тілеулес болып отырасыз. «Бұл ел тумай жатып талай зобалаң көрді, талай нәрседен тарығып та, торығып та өскен. Біржола үнсіздікке берілмей, іштей медет еткен ұрпақтың өкіліміз. ...Жаратқан ием жабыққанын көріп жебер, тарыққанын көріп демер» – деп, ертеңгі күнге қол созады. Қақыратып кеткен кеселді кезең құйыны сахнаны салқындатып отырады. Камера көріністерінде бәрі бірдей мұңды болғанымен (тауқымет – ортақ), характерлер картасында күрделілік сақталған. Нөмірленген жандардың сапқа түзілу моделі, мәлімдеулері әрқилы. Режиссер Асхат Маемеровтің абақты ұжымын көп үнді етіп жасақтауы оң шешім. Әрқайсысы өз алдына характер. «Бір характерге күш беру үшін, екінші характерді нашарлатуға болмайды. Драматургтің міндеті – бәрін күшейту» (Дидро). Қателікке жол бермегені қуантады. Оңаша ой-толғанысы молырақ ішкі монолог, көрерменге қарата айтылған баяндаушы-герой сөзі, өзара әрекеттескен диалог та жеткілікті әрі өз орнымен. Театрдың әрекетке құрылған табиғатын жете сезінген әртістер қауымы жауаптылықпен қараған. Спектакль сайын сан алуан өмір кешіп жүрген Дулығаның дүниетаным дорбасы бай, қоры жеткілікті. Әртіс шығармашылығының түрлену өнері принципіне сай Ахико ойналымы «мойындамаймын» мен «мойындаймынның» арасында тәуір реңк көрсеткен. «Түсінбестік болар» деп отырған он бес жасар бозбала көз алдында оққа ұшқан әнші қазақ жігітінің көрінісінен кейін шимайланған бағынышты сананың абдыраған, шатып-аптыққан, қатты қысымның құрсауында қалып қойған күрделі күйін сезінеді. Типтік характерлерді типтік жағдайда ашудан өзге жол табу мүмкін емес. Қақтығыс дамуында мағыналық жинақтылық, жүзі өткір аз сөзділік өнімді функция ретінде белгіленеді. Тіл – жүректің шөміші, әр кейіпкер өз мінезіне тән тілде сөйлеуі тиіс. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайтынын» (Абай) суреткер жақсы біледі. «Тағдырдың шешімімен сол бір елге байландым, батаңды бер, еркіме жібер» деген ұлының қалауын әке көңіл қимастықпен шарасыз қабыл қылды. Әке сөзін шығындамай басынан сипап, батасын ымдап, ишара етті. Бұл да – автордың мінезінен болса керек. Тура байлам. Көңіл аңғарып отырғанды қайта жаю артық. «Тежеу сезімінсіз суреткердің, әсіресе драматургтің болуы мүмкін емес» (Л.Толстой). Кейіпкер қару-қуаты, мұң-шуағы, күйін қырық құбылтатын күш – сөз. Мұнда жүк драматургке түседі. «Атадан жалғыз», елгезек ақын Ахметтің Ахикоға аманатын табыстар сәті талай ақтаңгер азаматтардың бейнесін елестетеді. Еріксіз бас иесің. Ақсақал Қасен үмітсіздікке тоқтау салып, демесін айтқанда алғаш боп еңсе көтеріп, күш алған да ақын Ахмет. Өйткені ол ақын ғой. А.Асхатұлына: «Білесің бе, мен қорқам. Қанмен жазылған жырларымды келер ұрпақ оқи алмай ма деп қорқам, Ахико!» деген күдік-назы құйып қойғандай жараса қалған. «Иә, мен ұрымын. Үйде төрт шиттей бала-шағам аштықтан жан ұшырып шырылдағаннан бір уыс бидай ұрлағаным рас» дейтін тергеудегі тұтқын әйелді көріп, көрушілердің көңілінде «бұлары несі» деп залымдарға қарсы лағынет жаудыртады. Ананың мейіріміне қарсы қастандыққа, күңгірт кабинеттегі тергеу, басқаша айтқанда «мойындату» үдерісіне үрки қараған Ахико «Бұлай болмайды, бұлай болмайды ғой (дауыс көтеріле береді). Не үшін, осының бәрі не үшін, кім үшін, неге мен, неге-е мен?» дей бергенде музыкалық әрлеу өз сиқырын іске асырады. Ерекше күй кешесіз. Этнохарактер сілемдері бұлдырап, көктен төмен төнгенде қара жер бетін тұман бүркеп тұрғандай. Ішкі дауыс ұлттық болмысты ашуға айқын қызмет етеді. Кейінгі бөлімде бүркеніп, бүрісіп жатқан баланың ішкі дауысын тыңдап көріңіз: «Сен темірден мықты жапон баласысың, өзгеге үлгі боп, жапон халқының қандай ел екенін көрсету керек!» дейді. Дәтке медет берген самурайтектілік жапон халқының этнопсихологиясы. РКСФР Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған айыпсыз Ахиконы абақты басқа қырынан танытады. Әнші. Салмақты. Ізетті. «Ғұмырын өнерге арнаған суретшінің әр сәті қимылдан тұрады. Ол тоқтаған емес, бір кезде суретші ұйықтап кетеді. Түсінде сарғайған жапырақтар, күз мезгілі және керемет табиғат...». Ауыр жұмыстан пана іздеген «жандайшап» ертегіші-тұтқынның тыңдаушысы Степан тек қан түсті ғана білетін. Өмірді сол бояумен ғана елестете алатын. Оған көк, сары, ақ пен жасыл да қантүстес. Бейсана қалпында қан түсімен санасындағы сұмсуретті ажал аузындағы картинасына бейнелейді. Зорлық-зомбылық атмосферасын қоюлата түскен басты жайт – суретші Степанның көпқыртысты ішкі әлемі. Ол әуелі – адам, өнерпаз. Бір кемдігі – түнекті психикаға бейім. Өнерпаздан зауал күту де заңдылық. Қ.Қыстақбаевтың жүрегінен сүзілген Степанның өткір сахналық бейнелілігі өмірден баз кешкенін ойдағыдай бере алды. Күрделі образ. Тамырына таудай талант, қуатты қабілет дарыса да Ізгілігі жоғалғанның түбі тауаны шағылмақ. Аға актерлардың ішінен Болат Әбділмановтың ойыны әдетінше «апама жездем сай» кейпінде. Өмірлік сабағы мен жас мөлшері, дайындығы өзара астасып, тістері кіріккен сағаттың барабандарындай байыппен қадірлі образдалған. Қазақтың қариясын көргенде қуанышпен құшақ жайған, абызына ауыз салған қызылдардың ісіне қабырғасы қайысатын, перзентіне пейілі түскен, хатын иіскеп оқып, әнін жатқа шырқайтын типтік қазақ әкесі. «Тау ішінде» әнін Сейфоллалық рухта мұңға шылап әуездетеді. Осылардан кейін «Ахмет, біздің Жапонияда күн тура осылай шығады» деп күйдіріп күлдіретін Ахиконың диалогі. Аралық көңіл сергітер нота қажет тұсында қойылған. Қойылымның тағы бір жаңалығы – Данагүл Темірсұлтанованың арысы мен ботасын іздеп боздаған, бойына сыймаған аналық мейірін бөтенді «бөлек» демей, нәсіл-ұлтын айырып жатпай Бронислав, Альберт пен Катя, поштагерлерді өлімші күйден аяқтандырған, ел сүйсініп «Ақтамақ» атанған кейуананы сомдауы. «Мәңгілік бала бейнедегі» Ләйләмен керегесі кеңейген актрисадан егде тартқан Ана образын табу қиындық тудырмады. Заманында «КАРЛАГ-та жапа шегіп, Халық жауы деп жаладан жала атылып кеткен мына азаматтардың қанын кімге жүктейсіңдер. Ұлтымның алтын діңгектері, алып бәйтеректерін неге, не үшін құлаттыңдар?» деген ана азасына құлақ түрер ешкім табылмағанымен уақыт өз тыңдаушысына жеткізді. Пьеса соңында ақ кимешек киген ел анасының көңілі жауыннан кейінгі керілгіш кемпірқосақтай түрленіп, шүкірлеп сала береді. Әртіс жасаған образ ұлттық тереңдігімен, көркемдік шындығымен, сахналық дәлдігімен дара шыққан. Шығарманың соңғы секундтары идеологиялық жүктемеге арналған. Тірлігінің әлсіз жарығы сөнер шағында, нөпір жұртқа қорған болып, сан мың рухты аманат етіп қабылдап, «көбесін бұзбай, араларын сиретпей, Отан-Аналарына жіберген» Қазақ халқына екінші, үшінші жақ тарапынан алғыс айтылады. Ахиконың «Өз Отанымды сүймегендіктен емес, сенің алдыңда борыштар болғандықтан, ынтымақтың ұясы, жерұйық мекен Қазақстан енді менің де Отаным» деп оралуы талай туған қандасқа ой салатын сауапты мойындау. Пьеса поэтикасына зор энергия сіңіретін, алынбас қамал азу тісті сыздатып, жаныңды ұшыра жаздайтын нәзік талшықтың құдіретіндей не болу мүмкін? Ол, дөп деталь – шығарма бағы. Бұлар темір қасық-тостағандардың жамыраған сықыр-сықыры; ашқұрсақ бойға қуат дарытар құрттың ұнтағына дейін жерден жанталаса теріп, бармағындағы табын сорып талғажау еткен сәті; «теңіздің, балықтың иісі шыққан, әке жазуымен» жазылған хат. Мына көріністер шынайылығымен оның тұтас көркемдік сипатына кепіл болған. Әр образдың ішкі жан дүниесін толық жарқырата білу – кейіпкері көп пьесаға ауыр міндет. Сахналық реализм әдісіне негізделген тарихи-деректі драманың полифониялық платформасы кім-кімді де өзіне еріксіз еліктіріп, әсем әсерге бөлейді. Ақсақал мемуаршы Ахико Тецуроның жанды естелігі – туындының шындығын айқындауда алғышарттық тұшымды материалдар қорын құрайды. Көз көргенін қаз-қалпында қайта айтып берген қаһарманның аманат жаны аман болуы тарихтың құтты нәсібі. Қорыта тұжырымдасақ, ӨМІР үшін күрес – адамның біз білмеген мүмкіншіліктерін ашатын, тарихи-қоғамдық формацияның, тұлға жағдайының өзгеруіне қарай жаңарып отыратын, түр-сипаты құбылмалы тақырып. «Түп мақсатым, көздегенім – ізгілік» деп бекіген авторға ақ шағалалы үміт артамыз. «Ақтастағы Ахико» – қазақ рухының резонансынан туған жалпы адамзаттық ортақ мәдени өнім. Халықтың ар-ожданына ықпал жасай алатын, ата-баба аманаты мен өткерген нәубетінің жауаптылығын сезіндіріп, амал жүктейтін Қазақ театрындағы тың табыс. Жай табыс емес, көрермен талабы мен талғамын көтерген, қаталаған шөлін басып, көңіл жұбатқан ырысы мол табыс. Осылайша Алатаудың етегінде жан тазартып, ауырдан айыратын, әлем жайлаған зұлымдыққа қарсы әуезді Ізгілік гимні шырқалды. «Қар жауды, із жоғалды» үкімі жүрмес, тұрақты қоржыннан орын алар, келешегінен үміткер дүние туды.

Күлтегін Аспанұлы

Серіктес жаңалықтары