Өзбекстандық 12 мың талапкер оқуға келді 

Өзбекстандық 12 мың талапкер оқуға келді 

Өзбекстандық 12 мың талапкер оқуға келді 
ашық дереккөзі
1155
2018 жыл – Қазақстанда Өзбекстан жылы. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен  өткізген шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін осылай мәлімдеген еді. Екі ел арасындағы сауда айналымы – 1,5 миллиард долларды құрайды. Осы жылы бұл көрсеткішті 5 миллиард доллар. жеткізу көзделген. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, Қазақстандағы ЖОО-ға түсуге ниет білдірген өзбекстандық талапкерлер саны биыл күрт көбейген. Жуырда Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясында «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» аясында Өзбекстаннан келген жастардың мәдени шарасы өтті. Өзбекстандағы республикалық қазақ мәдени орталығы ұйытқы болып отырған бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тікелей сабақтасып жатыр. 2017 жылы қазақстанның жоғары оқу орындарына келіп, оқуға түскен студенттер саны 1300 болса, биыл 12 мыңнан асып жығылды. Бір ғана Көлік және коммуникация академиясының өзіне 700-ге жуық талапкер қабылданған. Бұл – осы оқу орнына түскен студенттердің шамамен 40 пайызы. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Өзбекстандағы өкілі Клара Садырбаева Қазақстандағы жоғары оқу орындарының білім сапасы әлдеқайда жоғары, сонымен қатар төлем ақысының едәуір төмен екендігін алға тартты. Екі ел басшылары арнайы меморандумға қол қойғаннан кейін Өзбекстанның әр аймағында Қазақстанның білім күндері – семинар-көрмелер өткізілді. Бұрын да осы тектес көрмелер ұйымдастырылғанымен де өзбекстандықтар Қазақстан дипломының өзбек мекемелерінде жарамдылығына күмәнмен қарапты. Арнайы меморандумға қол қойылғаннан кейін ел толық сене бастаған. Клара Садырбаева биылғы топтың көп болуы қаржы мәселесіне де тікелей байланысты болғанын жасырмады. Оқуға қабылдану үшін өзбекстандық талапкерлер жыл сайын орташа есеппен 120 миллион сум қаржыны төлейді екен. Теңгеге шақсақ 6 миллионға жуықтап қалады. Сонымен қатар, өзбек білім беру мекемелері талапкерді арнайы емтихансыз оқуға қабылдайтын көрінеді. Ал біздің жоғары оқу орындары бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Осының бәрін сараптап келгенде өзбекстандық жастарға қазақ елінде білім алу әлдеқайда тиімді болып отыр. Екі ел арасында осыған дейін де білім алмасулар болып жатты. Бірақ оның маңында түйіні тарқамаған түйткілдер көп болған. Жоғарыда айтып өткеніміздей Қазақстан дипломын Өзбекстан мекемелері жарамсыз деп тапқаннан кейін, ол түлектер Қазақстанға қайтадан келіп өз еңбек жолын бастаған. «Қазақстанға оқуға қабылданып жатқандардың басым бөлігі қандастарымыз. Оларға мемлекет және оқу орындары тарапынан айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған. М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясына оқуға түскен барлық талапкер жатақханамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, өзге оқу орындары да ректордың арнайы гранттары мен әлеуметтік жеңілдіктерін беріп отыр», – деді Клара Садырбаева. Екі елдің білім жүйсінің бір-біріне ұқсамайтындығы да Өзбекстан талапкеріне оңтайсыз екен. Мәселен, Қазақстанда арнайы білім гранттарына конкурс аяқталғанда барып, Өзбекстан білім мекемелері түлектерге дипломдарын бере бастады. Онан бөлек құжат хаттамаларын толтыру мен жинақтау барысында біршама кедергілер туындайды дейді мамандар. Мемлекет басшыларының екі жақты меморандумға қол қоюы мұндай олқылықтарды болашақта түзейді деп үміттенеді білімқұмар жастар. Жыл өткен сайын Қазақстанда оқуға құмар өзбекстандық жастардың саны артып отыр. Келер жылы бұл көрсеткіштер тағы да еселенуі бек мүмкін.

Серіктес жаңалықтары