1874
Қазалыдағы катальпа ағашы
Қазалыдағы катальпа ағашы
Қызылорда облысының Қазалы ауданы бозарша, айлант, катальпа, үйеңкі сынды ерекше ағаштарды жерсіндіруде. Мұндай бастаманы жергілікті мамандар осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алған. Табиғаты қатал Қызылорда өңірінде мұндай ерекше ағаштар өркен жаяды дегенге сенгендер тым аз болыпты. Бірақ қиындықтан қаймықпаған жергілікті орман шаруашылығының мамандары үш жыл бұрын жапырағы ерекше жайқалып тұратын бозарша ағашының тұқымын әкеп еккен. Мамандардың айтуынша, алғашында жергілікті жағдайға бейімделе алмаған ағаштар зерттеушілердің күтіп-баптауының арқасында жерсіндірілді. Қазір көшеттерін көбейту жұмыстары жүріп жатыр. Таулы аймақта өсетін айлант пен катальпа ағаштары да жақын күндері Қазалы көшелерінің көркін кіргізетін болады. 17 гектар жерді алып жатқан «Ояз» бағында жыл сайын сая ағаштардың 35 мың түп көшеті өсіріледі. Мұның бәрін дайындаумен өлкедегі 75 маман айналысуда.