«Нұрлы жол»: Заманауи даңғылдар – дамудың кепілі

«Нұрлы жол»: Заманауи даңғылдар – дамудың кепілі

«Нұрлы жол»: Заманауи даңғылдар – дамудың кепілі
ашық дереккөзі
344
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аяқталуына бір жылдай уақыт қалды. Бағдарлама аясында халықаралық және республикалық маңызы бар күре жолдар қайта салынып немесе толық жөндеуден өтіп жатқаны белгілі. Айталық, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде көлік саласында 16 жобаның іске асырылуы қарастырылған. Оның 11-і – автомобиль жолдары саласында, 2 жоба – теміржол саласында, су, азаматтық авиация және логистика саласының әрқайсысына бір-бір жобадан келеді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы шеңберінде автомобиль жолдары саласында биылғы жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар 800 шақырым жол пайдалануға беріледі. Парламент Мәжілісінде «2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында автомобиль жолдарын дамыту» тақырыбы бойынша Үкімет сағаты өтті. Атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2015-2017 жылдары халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың құрылысы мен қайта құрылымдауға 932 миллиард 4 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде Ұлттық қордан – 472,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы еліміздің барлық аймақтарында 5,6 мың шақырымнан астам жолға құрылыс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. 3 жылдың қорытындысы бойынша 1,8 мың шақырым жолда қозғалыс жанданып, барлық жобаға 80 мыңға жуық адам тартылды. Жол құрылысына пайдаланылған отандық өндірушілер материалдарының үлесі 95 пайыздан асады. «Бір айта кетерлігі, қазір Сәулелік принцип бойынша Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс және Орталық-Батыс дәліздерін қайта құрылымдау жүргізілуде. Орталық-Оңтүстік дәлізі бойынша Астана-Теміртау (171 шақырым) және Алматы-Қапшағай (104 шақырым) учаскелерінде жол қозғалысы ашылды. Биыл Теміртау-Қарағанды (14 шақырым) учаскесіндегі қозғалысты ашамыз. Қарағанды қаласының айналма жолында (48 шақырым) және Құрты-Бурылбайтал (228 шақырым) учаскесінде жұмыс қарқынды жүруде. Бүгінде Астана-Павлодар (200 шақырым) және Павлодар-Семей-Қалбатау (204 шақырым) жол учаскесі толықтай пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін 500 шақырым жол толықтай жөндеуден өтіп, 239 шақырым жол халық игілігіне берілмек», – деді министр. Сондай-ақ, шекара бойындағы аймақтардың көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарын дамыту үшін Ресей Федерациясына шығатын Орал – Тасқала (100 шақырым), Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасы (61 шақырым) жобалары іске асырылуда. Қытай Халық Республикасына шығатын Қалбатау – Майқапшағай (415 шақырым), Үшарал – Достық (184 шақырым), Таскескен – Бақты (20 шақырым) жобалары да қолға алынған. Маңғыстау облысында Өзбекстан Республикасына шығатын Бейнеу – Ақжігіт (84 шақырым) автожолдарына қайта құрылымдау жүргізілу үстінде. Айтпақшы, биыл алғашқы ірі концессиялық жоба «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын» салу жұмысы басталды. Ол транзиттік ағынның Алматы қаласының сыртымен айналып өтуіне және қаланың экологиялық ахуалына оң әсерін тигізетін болады. Республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға 76,9 млрд теңге қарастырылған. 2018 жылдың соңында Денисовка-Қарабұтақ (40 шақырым), Кеген-Жалаңаш-Саты (35 шақырым) және Ақсу-Курчатов (24 шақырым) автожолын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, күрделі жөндеу жұмыстары аясында 33 апатты көпір мен өтпелі жолдар, 17 жаяу жүргіншілер өтетін жол жасалады. Сондай-ақ, 5 шекаралық бекет өткеліне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді (Қарақоға, Ауыл, Уба, Жаңа Жол, Сырым). 1 620 шақырым жолға орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 491 шақырымға жолдың қатты қабатын өңдеу технологиясы, 650 шақырымға ресайклинг технологиясы, 479 шақырымға жабын құрылғылары қолданылды.

Ақылы жолдар – заман талабы

Бірнеше жылдан бері Астана мен Бурабай аралығындағы жолда ақылы жүйе қызмет етіп келеді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 4-5 жылдан бері «Астана-Бурабай» жолында жүру құны өзгермегенін айта келе, оның жеңіл көліктерге шақырымына 1 теңге, ал жүк көліктеріне 6-8 теңгеге дейін жететінін атап өтті. «Алдағы 1-2 жылда бағаны көтеру жоспарымызда жоқ. Бірақ болашақта жолда жүру ақысын көтеру керек деп санаймыз. Себебі құрылыс материалдарының бағасы өсіп жатқаны белгілі. Сонымен қатар жолды күтіп ұстау жанар-жағармайды көп көлемде қажет етеді. Осы орайда отын бағасы өсіп жатыр. Қазір емес, алайда 2-3 жылдан кейін осы мәселені қайта талқылауға саламыз деп ойлаймыз», – деді министр. Оның айтуынша, жобалардың аяқталуына қарай кезең-кезеңмен жолдарға ақылы жүйені енгізу ескерілген. Осы орайда жолдарды күтіп ұстау қамтамасыз етіліп, бюджетке жүктемені төмендетеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай ақылы жүйе 6 мың шақырымға, ал кейіннен 7 мың шақырымға дейін енгізіледі. Ақылы жүйе Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде іске қосылады. Құны Астана-Щучье автожолындағыдай болады, яғни жеңіл көліктерге 1 шақырымына 1 теңге, жүк көліктері салмағының ауырлығына қарай 18-25 теңге төлейді. Бұл жолдардың жалпы қашықтығы 500 шақырымға жуық», – деді министр. Жалпы ұзақтығы 5,5 мың шақырым болатын 13 учаскеге ақы алу жүйесін орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары аяқталды. Оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі де бар. Мамандардың пікіріне сенсек, осы тариф бойынша автожолдар өздерін толығымен ақтайтын көрінеді. Мәселен, былтыр Астана-Бурабай ақылы автожолы бойынша 1 млрд 251 млн теңге жиналып, толығымен өзінің күтіп ұсталуына жұмсалған. Ал 2022 жылға дейін 7 мың шақырым жолды ақылы еткеннен кейін, барлық жолдарды республикалық бюджеттің қатысуынсыз күтіп ұстауға болатыны түсінікті. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары (ААӨҚ) ұйымдастырылып, оның 12-сі іске қосылды. Биыл Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелеріне ақы алу жүйесін енгізу аясында тағы 11 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы пайдалануға берілмек. 2019-2020 жылдары ақылы жолдар мен шекара маңында өткізу бекеттеріне 34 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы орнатылатын болады. Бүгінгі таңда республикалық жол желілерінде 1 859 жол бойында қызмет көрсету нысаны бар. Олардың 42 пайызы немесе 780-і Ұлттық стандартқа сай келеді. Жыл аяғына дейін 70 нысанды стандартқа сай келтіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар қолданыстағы нысандарды жетілдіру, қызметтердің толық спектрі бар жаңа нысандар салу басты мәселе. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл жергілікті жолдарды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 145,9 млрд теңге бөлінді. 2017 жылмен салыстырғанда қаржыландыру 58,9 млрд теңгеге ұлғайды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында, сондай-ақ, 2018 жылдың 10 қаңтарында Елбасының Жолдауында айтылғандай жергілікті желі жолдарын жөндеуге жұмсалатын қаржы 145 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Мұнымен қоса, жыл сайынғы қаржыландыру көлемі 150 млрд теңгеге жетті. Бұл шаралар жергілікті желінің шамамен 4 мың шақырым жолын жөндеуге мүмкіндік береді. Яғни, 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар автожолдардың 85 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жетеді», – деді министр. «Нұрлы жол» 2019 жылға дейін діттеген мақсатына жетуі керек. Оған мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Жол – экономиканың күретамыры екенін ескерсек, алдағы жылдары елімізге құйылатын инвестицияның көлемі артып, экономикамыздың дамуына едәуір септігін тигізетін болады.

Серіктес жаңалықтары