Латын әліпбиі емес, қазақ әліпбиі керек

Латын әліпбиі емес, қазақ әліпбиі керек

Латын әліпбиі емес, қазақ әліпбиі керек
ашық дереккөзі
Жуырда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Латын әліпбиіне көшудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері» атты семинар-кеңес өткізді. БАҚ өкілдері мен лингвист-ғалымдар, сарапшылар қатысқан семинар кеңесте латын әліпбиіне көшудің маңызды мәселелері қаралды. Сонымен қатар, латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің емле ережелерінің жобасы таныстырылды. Семинар-кеңесте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ғарифолла Есім, А.Байтұрсын­ұлы атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Ерден Қажыбек, тіл жанашыры Асылы Османова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылымдар академиясының корроспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы т.б лингвист-ғалымдар арнайы баяндамалар оқыды. «Қазақтың төл жазуы деген түсінікті А.Байтұрсынұлы еңбектерінен кейін қолдануға мүмкіндік туды», – деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова. Семинар-кеңесте ғалымдар әр таңбаның тарихи сандық мәні әрі мазмұны барына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, жиында жаңа емле ережесінің пилоттық жобасын апробациядан өткізу бойынша Қазақстанның түрлі қалаларында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері, статистикалық көрсеткіштері айтылды. Қоғамдық пікірлер ортаға салынып, оны шешу амалдары қарастырылды. Семинар-кеңесті қорыта сөйлеген тіл жанашыры Асылы Осман: «Менің көкейімде үнемі жүретін бір нәрсе, әліпбиді латын әліпбиі негізінде жасасақ та, Қазақ әліпбиі деп атасақ екен. Латын әліпбиіне көшу дегенді мен де қабылдамаймын, қарапайым халық та қабылдамайды», – деп өз ойын бүкпесіз білдірді.