848
Той мен ой таразыға түссе...
Той мен ой таразыға түссе...
Жер дейтін алып ғаламшарды мекен еткен 7 миллиардтан астам адамзаттың қай-қайсысы да қуанышты сәтін атап өткісі келеді. Қазақша айтсақ – той! Осы дәстүр тура мағынасына ойысып, тойып ішіп-жеу сөзінен әрі аса алмай қалды дейді жұрт. Аста-төк той жасаудан Қазақстан үздік ондықтан ойып орын алатын шығар, сірә?! Бос мақтан мен күпі астындағы менмендік үшін Орта Азия халықтарының көбі аша тұяғы қалғанша шашылады. Мұның бір шегі болу керек қой дейсің кейде. Осы айдың басында Өзбекстан билігі той рәсімдеріндегі кейбір дәстүрлерге қатаң тыйым салды. Мирзияевтің тойға шүйлігуінің мәні неде?
Ысырапшылдық – ғаламдық індет
«Той – халықтың қазынасы» деген тәмсілді ұғынбаған кейбір мақтанқұмар азаматтар шашылып той жасауды әдетке айналдырғалы көп болды. «Той жасаймын» деп үстіндегі тәп-тәуір шекпеннің орнына, жыртық күпі киіп қалатыны тағы бар. Әсілі «қазына» дегеніміз көптен көрмеген ағайынның дидарласуы, үлкендер айтатын бата мен өсиет, ұрпақтан ұрпаққа қалып, бояуын бермей келе жатқан дәстүрлеріміз емес пе еді? Осы аталғандарды сақтай отырып жасалған той той да, қалғаны оның шашбауын көтере жүріп, атын мақтан үшін жамылған, бетпердесін киген жиын десек болмай ма?! «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей? Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей. «Бір тойған – шала байлық» деген қазақ, Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей?» деп келетін Абай өлеңі түсінген адамға ғаламдық мәселенің жүгін көтеріп тұр. Тойға жайылған дастарқаннан қасық қояр орын табылмай қиналған ақсақалдардың әңгімесін талай естіп жатамыз. Оған «шүкір» деп бет сипап алғаннан кейін барып, ысырап пен обал еске түсетіні өкінішті-ақ. Газетіміздің №32 санында «Қарызға күн кешкен пенделер» атты мақала жарияланды. Сонда осы жылы адамзат 7 айдың ішінде 1 жылдық азық-түлігін жеп тауысқаны жазылған еді. Оның басты себептерінің бірі ретінде ысырапшылдық айтылған-тын. Еуропа елдері осы тұрғыдан көш бастап тұрса, біздің қазақ та кенде қала қоймас. Қаладағы жан басына 14 мың теңгеден астам ақы алатын мейрамхана әкімгерлерінің бірімен сөйлескенде, тойдан кейін қалатын ас-ауқат түгелімен қоқысқа төгілетінін білдік. Сөйтсек, қалдық асты бәзбіреулерге (жағдайы төмен отбасыларға) беріп тұруға мүлдем болмайды екен. Ол астан бір жан ауырып қалса, санитарлық-эпидемиологиялық станция өкілдері мейрамхананы жауып тастауға дейін барады дейді ол. Енді есептеп көріңіз. Көктем мезгілінен бастап мейрамхана іздесеңіз күзге қарай әрең табасыз. Әр күні той. Қаншама ас далаға кетеді. Иә жан жемей, иә мал жемей қоқысқа тасталатын тағамның біріншіден ысырап, екіншіден обал болып жатқанын біле тұра білмегенге ұқсау тым тойынғандық емес пе? Тіпті бастауыш сыныпта нан түгілі оның ұсағын қастерлеу туралы айтылмаушы ма еді. «Нан ұсағын шашпаңдар, Жерде жатса баспаңдар. Теріп-теріп қастерлеп, Торғайларға тастаңдар» деп келетін тақпақ кім-кімнің де есінде болуы керек. Осы жылдың шілде айындағы мағлұматтарға сүйенсек, Қазақстандағы орташа айлық жалақы 152,3 мың теңгені құраған. Ал бір ғана той жасау үшін кететін шығын шаш-етектен. Осы жалақыны алып жүрген кісі той жасай қалса, оған шамамен 200 адамды шақырса, орта деңгейдегі мейрамханаға 2 миллион теңгені тек қана дастарқанға беруге мәжбүр. Ол үшін ішпей-жемей 1 жыл 3 ай жалақысын жинауы керек. Дастарқаннан басталатын той маңайында әлі талай шығын бары сөзсіз. Осыны ескеретін болуы керек, Өзбекстан президенттері талайдан бері өз халқын үнемшілдікке шақырып келеді. Өйткені соңғы жылдары өзбекстандықтар тойларына 1000-1500 адамды шақыруды әдетке айналдырған. Каримов бастаған той өткізу шарттарын Мирзияев аяқтайтын түрі бар. Жыл басынан бері өзбек тойына қатысты бірнеше баяндама жасаған президент қарамағындағыларға арнайы заң жобасын әзірлеуді тапсырған еді. Дайын болған бір заң жобасын қабылдамай тастады. Әзірге өзбек тойына бірнеше тыйым ғана салынып отыр. Солардың бірі шақырылатын қонақтар тізімі 150-200 адамнан, сондай-ақ, дастарқандағы ас-ауқат та белгіленген мөлшерден аспауы керек. Осы арқылы Мирзияев біраз үнемшілдікті көздеп отырған сыңайлы дейді сарапшылар. Өйткені халқының 13 пайызы кедейшілік шегінен төмен өмір сүретін Өзбекстан азаматтары да той десе барын аямайды екен. Өзбек халқы бұл мәселеге келгенде екіге жарылды. Бірақ бұл жарлықты қолдайтындар саны басымырақ секілді. Ташкент қаласының тұрғыны Бурибой Кудратов: «Менің ойымша, қазіргі таңда біреудің үлкен дәмханаларда той өткізуге қауқары жетеді. Кейбіреуінің оған шамасы жоқ. Он-он бес машина жүреді. Тұрмысы төмен адам оны көрген соң қалғысы келмейді. Бұл қазіргі заманда той құр ысырапқа айналып барады деген сөз. Дастарқанда тіпті ыдыс қоятын жер қалмайды. Соны көрген біз сияқтылар тыраштанып, соңында қарызға батамыз. Негізі бұл дұрыс көтерілген бастама деп ойлаймын», – деп бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз ойын білдіріпті. Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мемлекеттік қызметкерлерге тойға баруға тыйым салған еді. Енді Өзбекстандағы тойлар түнгі 23:00-ге дейін аяқталатын болды. Онан бөлек той бюджетін бақылау да көзделіп отыр.Қардай той үшін, дардай қарыз
«Болғанынан боладысы қызық екен» деп, «той» атаулының бес-ақ сағатта өте шығатынын талай жан айтып жүр. Сол бес сағат үшін 5 жылдық ризықты шашып жібердік демейді ешбірі. Тойдан кейін де өмір бар екені кімнің қаперінде жүре қойсын?! Әрине, қай ата-ана болса да ұрпағының бір тойын хал-қадірінше жасауға тырысады. Қар секілді жауып, еріп өте шығатын тойға дардай қарыз алатыны болмаса, бәрі жақсы-ау. Осындайда «көрпеңе қарап көсілсейші» деген тәмсіл еріксіз еске түседі. Таяуда қызымды ұзатайын деп жүрмін деген бір әйелмен сапарлас болдым. Сөзден сөз шығып, «жалпы қанша ақша жұмсауды жоспарлап отырсыз?» дегенімде: «20 мың АҚШ долларынан астам», – деп жауап берді. Оның тең жартысын банктен несиеге алыпты. «Ақымақ қыз шашып кетеді, ақылды қыз қашып кетеді» дей жаздап, тілімді әрең тістеп қалдым. Жалпы сомасы 1 триллион 2 миллиард теңгені құрайтын қазақстандықтардың банктерге қайтармаған несиенің басым бөлігі той жасау үшін алынған десек, көп қателеспейтіндейміз. Өйткені отандастарымыздың арасында бизнес бастау үшін немесе өз-өзіне инвестиция салу үшін несие алатындар тіптен аз. Осыдан ондаған жыл бұрынғы қазақ тойының сипаты бір-бірінен тым ерекшелене қоймайтын. Адам саны көп болса болар, болмаса ол да жоқ. Қазіргі қазақ тойын «пәленшеден кем қалмасақ» немесе «пәленшенің тойынан жақсы өтуі керек» деп бағалауға болатындай. Өткен жылы Шымкент қаласының тұрғындары тікұшақ қатысқан той кортежімен таңғалдырса, биыл 59 миллион теңгенің тортын жеп, желіні шулатқан еді. Салмағы 1500 келі болатын бұл торттың әдемілігі мен ерекшелігі болмаса, дәмінде ешқандай да ерекшелік жоқ. Бұған дейін торттың қанша қабатты болғаны негізге алынса, енді бағасы алға шығып, одан да асып түссем дейтін үміткерлер көбейетіні сөзсіз. Ежелден мұндай тойды бар адам, бай адам жасайтынын еске алуымыз керек. Тіпті М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Бөжей асы туралы ерекше тоқталған. «Анығында, Бөжейдің асы бір Тобықты емес, тіпті, бұл өңір, бұл атырапта талайдан болмаған ас делінеді. Молшылық, сый-сыяпат, рет сыпайылық – барлығы да үлгі-өнеге берерлік бопты. Ас өлік үшін ғана емес, әсіресе, тірлік үшін керек. Олар өлімді сылтау етіп өздерінің абыройын, атағын, мақтаныш, айдынын да асырады. Сондықтан асты кім болса сол жасамайды, тек жуан, бай, құдіретті күштілер ғана жасайды. Өмірде кедейдің асы деген ас болмайтын себебі де сол. Солардың даңқ беріп дәріптеуі бойынша Тобықты ортасы бұдан былай осы жылдарда туған баласының жасын Бөжейдің асымен санайтын болады. Ас жылы туған бала ғана емес, астан бірер жыл бұрын туған, бірнеше жыл кейін туғанды да сол астың «ар жақ-бер жағы» деп, асқар белден бастағандай, межелейтін болады. Бөжей асының атағы сондай» («Абай жолы», «Қияда». 223-224 бет) дейді. Бір баса айтатыны, өткен 2017 жылы Қазақстанда 141 мың 785 шаңырақ көтерілсе, оның 54 мың 948-і сәтсіз неке болды. Жастардың басым бөлігі қаржылай қиындық ажырасуға алып келгенін айтады екен. Сонда бірі ұзатылып, бірі той жасап, қанша миллионды желге шашқанша, сол қаржыға өзекті болып келе жатқан баспана алса, жақсы отбасы болып кетер ме еді? Бейресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы некесін жаңа қидырған әрбір он жұптың сегізі баспана тапшылығын сезінеді екен. Тойдан кейін таудай қарыз арқалап қалған отбасы бұл мәселеге келгенде қауқарсыздық танытатыны сондықтан. Қазақ тойының кейбір бөліктеріне де бір шектеу қойылса, ел ішіндегі той жарыс азаяр ма еді дейді жұрт.Саудаға түскен өнер
Өнерді нәсіп емес, кәсіп ету сәнге айналғалы қашан. Халық алақанында ұстап, басына шығарып алған «жұлдыздар» сол халықты тапқа бөлетінді шығарғалы біраз болды. Бұл жайында аузы дуалы талай ақсақал айтып жүр. Өткен жұмада көрші үйде тұратын қария саясаттан тысқары біраз әңгіме тарқатты. Сондағы жан айқайы бүгінгі әншілер жайы. «Мен олардың ақшасын қызғанбаймын, олардың да бала-шағасы бар. Бірақ, қанағат деген болу керек. Әншілер қазақтың тойына келіп, ән салып бергеніне бірнеше мың АҚШ долларын сұрайды екен. 40-50 мың теңгеден әрең асатын зейнетақымызды неше жыл жинауымыз керек сонда 10 минуттық әні үшін. Сұмдық қой мынау. Немереме сүндет той берер кезде білдім мұның бәрін», – деді ақсақал. Осы сарынмен сөзін жалғады: «Өзің ойлашы, бұлар қазір өнерпаз емес, саудагер». Қазақ өнерпаздары халық тарапынан да, билік тарапынан да биыл біраз сынға ілікті. Жақын болашақта қазақстандық әншілердің түрлі концерттік шараларда жанды дауыста ән айтуы міндеттелетін заң қолданысқа енуі мүмкін. Мұндай заң көршілес Тәжікстан мемлекетінде енгізілген. Мұнда тіпті жиын-тойға келген әншілер де жанды дауыста ән айтуы керек. Қазақстанда да осы тәжірибе қолданылса, қазақ өнері бірқатар «арамшөптерден» тазарып қалар еді дейді өнер жанашырлары. Осының бір ұшын естіген кейбір әншілер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы билік өкілдеріне наразылықтарын біраз білдірген болды. Енді уақыт өз дегенін жасамақ. Редакцияға хабарласқан бір оқырман: «егер әншілерді саудагер дейтін болсақ, олар неге тапқан табысы үшін мемлекетке салық төлемей келеді», – деп өз ойымен бөлісті. Бір кеште 3-4 тойханаға кіріп, ән айтып шығатын әншілер орта есеппен 10-15 мың АҚШ доллары көлемінде табыс табады деседі жұрт. Егер ай сайын мемлекетке салық төлеп отырса, ел экономикасына қосылған тамшы болса да пайда еді дейді ол оқырман. Қазақ той бизнесін әншілерден бөлек асабалар мен түрлі өнерпаздар да жағалап, ризығын тауып жүр. Асабалар арасында да 5 сағат үшін 5 мың көк қағазды сұрайтындар аз емес. Оларды да сын елегінен бір өткізіп алған жөн секілді. P.S: Мирзияев саясатының салқыны өзбек тойында жүрген біршама өнерпаздарға тиіп жатыр. Олардың алды Өзбекстанмен шектесетін Қазақстанның оңтүстік аймағындағы Шымкент қаласы мен Түркістан облыстарына жорыққа шығып үлгерді. Тағы бірер жылдан кейін енді-енді ғана еңбектеп, ұлттық сипатта тыныстай бастаған әндеріміз бен дәстүрлі музыкамыз бой көрсетіп жүрген қазақ тойын өзбектің ән-билері жаулап алмасына ешкім кепілдік бере алмайды дейді қоғам белсенділері. Осының алдын алу үшін қазақ той бизнесіне де бір заң қажет секілді.