«Қоңыр әулие» үңгірі

Қазақтың жаны табиғатпен егіз жаралып, дамып келеді. Ғаламдық құдіретті сезінетін қазақ болмысы небір тарихқа бай. Әр тарихтың өзіндік шығу тегі баршылық. Бір ғана Баянауылдың өзінде қаншама ғажайып ескерткіштер бар. Соның бірі – «Қоңыр әулие» үңгірі. Оның шығу тарихы топан сумен, ал аталынуы Нұх кемесімен байланыстырылады. Мәшһүр Жүсіп «Наурызнама» деген еңбегінде жер бетін басқан топан судың тарихын баяндай келе: «Тау айтқандағы – алғаш құрғақтық тауып, қылтилап көрінген мен едім дейді. Ұлытау тау шыңы болғандықтан Ұлытау атанғаным сол дейді. Онан кейін тарбайып-тарбайып, адыр-бұдыр болып көрінген мен едім дейді Тарбағатай мен Шыңғыс таулары. Тау біткеннің бәрі судан шыққанда тұншығып қалып, есепсіз көп жыл көрінбей қалып, ең соңынан шыққан тау кенжесі мен едім дейді Баянаула», – деп өлке тарихының ақиқатын ашып көрсетеді. Баянауылдың әсем табиғаты мен тау тастары, өзен-көлдері де су астынан шыққандығын баяндап тұрғандай. Аталмыш жағдайдан пайда болған үңгір де таңғажайыпқа толы.

Ел арасында сақталған әңгімеге құлақ түрер болсақ, «Нұх пайғамбар дарақтан кеме пішкен, Ол кеменің тақтайын тышқан тескен» демекші, бүкіл әлемдік су тасқыны кезінде үш көріпкел Нұх пайғамбардың кемесінен қалып қойыпты. Ашуланған үшеуі ақылдаса келе, ағаштан үш кішкене қайық дайындап, оны кемеге байлапты. Қанша күн өткенін кім білсін, әйтеуір біреуінің қайығы Әулие тауға, екіншісінің қайығы Ақбетке соғылып, үшіншісі – Қоңыр көріпкелдікі тау үстіндегі үңгірдің маңына тоқтапты.

Қоңыр сол үңгірге кіріп, түкпіріндегі қазанды көріп, дұғасын жасап, рахаттана су ішіп, есін жинаған екен. Күнде таңертең сол суға шайынып, жарақаттарынан құлан таза айығып, сол үңгірде қоныстанып қалған. Қазақ даласында мешіттер салынғанша аталмыш үңгір зиярат орнына айналып, бедеу әйелдер бала көтеріп, ауырғандар жазылып, су ішкендердің жолдары ашылып, үңгір орналасқан тау етегіне ел қонып, үңгір «Қоңыр әулие» атанып кеткен. Аталмыш үңгір Баянауылдағы Жамбақы деп аталатын тауда орналасқан.

«Қоңыр әулие» үңгірінің құпиясы әлі ашыла қойған жоқ. Әрине, қазақ даласында жүздеген үңгір бар. Сол үңгірлерге байланысты жергілікті мекендерде көптеген аңыз-әңгімелер жеткілікті. Бірақ оны ешкім зерттеп жатқан жоқ. Ата-бабаларымыз тау мен тасқа, су мен бұлаққа «әулие» атын қосақтамаған. Әулиелік тек қана тақуа, керемет иесі адамға ғана тән. Үңгірдің ішіндегі тас қазанды арнайы қолдан ойып жасағандай. Бірақ ол қазан топан су тартылғанда ғайыптан өзі пайда болған. Үңгір үш бөлмелі. Бірінші бөлмесінде отырып деміңізді алып, екінші бөлмесінде Құран бағыштап, үшінші бөлмеде қазаннан су іше аласыз. Бір ғажабы, қазанға су адамның ниетіне байланысты ағады. Аққанда да тас қазанға таудың әр жерінен мөлдір тамшылар ағып, бір арнаға жиналып, жаңа ғана құрғақ болып тұрған тас қазан суға толады. Қысы-жазы су жиналады, жазда үңгірдегі ауа температурасы салқын болса, қыста керісінше жылы болып тұрады. Үңгірге көтерілетін баспалдақтардың ұзындығы 110 метр, әрбір 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң бар. Үңгірдің жалпы ұзындығы 30 метр.

«Қоңыр әулие» үңгірі туралы Мәшһүр Жүсіп те қалам тартқан болатын. «Қоңырбай халфе, Құрманбай абыз, Жайбақы – үшеуі Баянаула тауына аң аулап, арқар атуға шығады. Жерде аздаған қар бар. Үшеуі сөйтіп тау аралап жүрсе, бір жалаң аяқ адам ізі: қарға да басқан ізі, тасқа да басқан ізі – таңбасы түскен соң, бұл үшеуі тамашалап, ізіне түсіп: «Қоңыр әулие бар» деп жүрген.

Сонан кейін бұл үшеуі бұл жерде әулиелердің жайы бар екен деп білген. Ол жолы емес, тағы бір жолы Қоңырбай халфе, Құрманбай абыз, Ақпан молда деген үшеуі жоғарыдағы айтылған жайға келіп, түнеп жатқан болады.

Сонда Ақпан молда:

– Қоңыр әулие, бар болсаңыз, мекен-жайыңды, кереметіңді көрсет! – деген. Ұйықтаған кезде бір адам келіп, Ақпан молданы біреу алып кетеді. Ертең тұрған соң Қоңырбай, Құрманбай екеуі Ақпаннан сұрайды:

– Не көрдің, не білдің, Ақпан? – дегенде Ақпан айтады:

– Қоңыр әулие жайын маған көрсетті,– депті, – көрдім, пәлен-түген, – депті. Онда ана екеуі айтты:

– Ай, Ақпанбай, тиыш жүрмей, әулиеде нең бар екен? – деп. Кешікпей Ақпан молданың мойны бұрылып, аузы қисайып кеткен дейді».

«Қоңыр әулие» үңгірі көп жылдар иесіз қалып, тарылған жандардың мекені болған. Мәшһүр Жүсіп бала Сағымбек диуанаға бата беріп, жолын ашқан соң, ол өмірінің соңына дейін үңгірде тіршілік етіп, талай кереметтердің куәсі болған.

Сағымбек диуана Жанбақыда тұрып, ұзақ жылдар Қоңыр әулие үңгірінде шырақшылық етті. 1927 жылдан бастап «Қоңыр әулие» үңгірінде Мағзұм Бектілеуұлы деген жан азаншы болған. Үңгірдің ішінде ем жүргізгенде ұзақ уақыт зікір салатын болған. Осындай кезде айналасына көгершіндер қаптап, айтқан сөздері дәл келеді екен.

1928 жылы Баянауылда ОГПУ бөлімшесі ашылып, жаңа үкіметтің құдайсыздандыру саясатының бір шеті Сағымбек диуананы да айналып өтпеді. Баянауылда молда, хазрет, қожа, бақсы, диуаналарды ескілікті дәріптеушілер деген желеумен қудалай бастады. Қанафин деген ноғай қасына бірнеше сарбаз алып, Сағымбек пен Мағзұмды ұстап әкелуге «Қоңыр әулие» үңгіріне аттанады. Бірақ сол күні таң сәріде Сағымбек диуана түс көріп, ел кезіп кетсе керек. Бұдан еш хабарсыз сарбаздар қарағайларды шауып, бұтақтарынан саты істеп, үңгірге көтеріледі. Ешкім табылмаған соң, Қанафин үңгірдің ішіндегі жоғарыдағы қуысқа көтерілуді жөн көреді. Ол «екі диуана қорқып, сонда тығылып отыр» деп ойласа керек. Саты әзірлеп, өзі жоғары көтеріледі. Ізінше абайсызда бар салмағымен құлап, жамбасын сындырып алады. Сарбаздар абайлап таудан түсіріп, атпен үйіне жеткізеді. Үгіліп кеткен сүйектер көпке дейін ауырып, Қанафиннің өзі соңында диуаналарды іздестіре бастайды. Күндердің күнінде Сағымбек диуана келіп:

–  Қазақ орысқа қарағанда, дінді бізге ноғай үйретті. Сен сол бабаңның жолына қарсы шықтың. Енді аяғың жер баспай, көп азаптанарсың, – депті. Сонда Қанафин көзіне жас алып, кешірім сұрап:

– Тым болмаса, Мәшһүр Жүсіптің алдына алып баршы, шипасы болар, – деп өтініпті.

– Қайдам, маған сенің үңгірге келетініңді, осылай боларын Мәшһүр Жүсіп таң сәріде хабарлаған болатын, – деп кетіп қалады диуана.

Бірақ 1937 жылы Сағымбек диуана мен Мағзұм Бектілеуұлын Кеңес үкіметінің жандайшаптары он жылға түрмеге қамайды. Дегенмен де күзетшілер олардың сырттарынан қанша құлып салса да, таңертең есік ашық тұратын. Ал екі диуана рахаттанып ұйықтап жататын. Қасиеттерінен қорыққан түрме басшылары, көп ұзамай екеуін де босатып жібереді.

 

Әсет ПАЗЫЛОВ,

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы,

Мәшһүр-Жүсіп мұражайы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button