1467
Бүгін: Бурабайда «Біржан-Сара» операсы қойылады
Бүгін: Бурабайда «Біржан-Сара» операсы қойылады
Газетіміздің №28 санында Бурабай өлкесінде «Біржан-Сара» операсының ашық аспан астында қойылатыны жөнінде айтқанбыз. Ақмола облысы əкімінің туризм жөніндегі кеңесшісі Марат Несіпқалиұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында дайындық жұмыстары аяқталғаны жөнінде айтты.
Бурабай тқрғындары мен қала қонақтары кешкі сағат 21.30-да «Бурабай» Ұлттық саябағындағы Абылай хан алаңында ұлттық классика жауһары - Мұқан Төлебаевтың Open Air форматында қойылатын «Біржан-Сара» операсын тамашалай алады.
Лирикалық-драмалық шығарма негізінде ақын, əнші-композитор Біржан сал мен дарынды айтыскер ақын Сараның айтысы туралы шынайы оқиға баяндалады. Операның бастапқы идеясы шығармашылық тұлғалардың еркіндікке деген күресі, махаббат пен бақытқа деген ұмтылысы.
«Біржан-Сара» операсының жаңа музыкалық-сахналық редакциясының авторы - қоюшы режиссер, PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріАсхат Маемиров, қоюшы дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, қоюшы суретшілер - Софья Тасмағамбетова жəне Павел Драгунов.
Басты партияларды орындайтындар: Біржан - халықаралық конкурстардың лауреаты Мейір Байнеш, Сара - Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, Жанбота - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Аналық - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Алтынай - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Жиенқұл - Талғат Галеев, Қожағұл - Шыңғыс Расылхан, Серік - Рамзат Балакишиев, Естай - Бейімбет Таңарықов.
Сондай-ақ, қойылым тобы: бас хормейстер - Қазақстанныің еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дəуітов. Қоюшы балетмейстер - Мукарам Авахри, техникалық директоры - «Астана Опера» театрының көркемдік-өндірістік кешенінің жетекшісі Виктор Караре. Жауһар туындының жаңа музыкалық-сахналық редакциядағы тұсаукесері осы жылдың көктемінде «Астана Опера» сахнасында өткен болатын. Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елорданың 20 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асырылып отыр