Таза судың дәмі бал

Таза судың дәмі бал

Таза судың дәмі бал
ашық дереккөзі
975
Cу шаруашылығын дамыту мен су ресурстарын тиімді пайдалану өте маңызды. Өйткені қазір су тапшылығының артуы, жер асты және жер үсті суларының ластануы, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету күрделі мәселеге айналып отыр. Аталған мәселелердің шешімін табу – еліміз үшін кезек күттірмейтін мәселе. Бүгінде халықты таза ауыз сумен қамту мақсатында қолға алынған шаралар аз емес. Біріккен Ұлттар Ұйымы дүниежүзіндегі 5,6 миллиард адам ауыз су тапшылығын сезінуі мүмкін екенін мәлімдеген. Оған халық санының артуы, ғаламдық жылыну, қоршаған ортаның ластануы мен су айдындарының лайлануы ықпал етеді. Қазіргі уақытта жер жүзіндегі тұщы судың қоры 3 пайызды ғана құрайды. Сондықтан БҰҰ өкілдері су қорларын пайдаланудың жаңа әдістерін меңгеру қажеттігін ескертуде. Бұл ретте Қазақстан су ресурстарын бірігіп басқару және суды пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде 2009-2025 жылдарға арналған ұлттық жоспарын бекіткен. Ұлттық жоспар су қорларын қарқынды басқару жүйесін дамыту мен қалыптастыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін суды пайдалану тиімділігін арттыруды мақсат етеді. Бүкіл жер шарын алаңдатқан су мәселесі біздің елімізде де өзекті. Әсіресе, халықты сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жіті бақылауда. Ел тұрғындарын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы қабылданып, республикадағы бірқатар елді мекендерге ауыз су жеткізілді. «Ауыз су» бағдарламасы бойынша ауыл халқының 41 пайызы орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізді. Ал 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша қала халқының 100 пайызы, ауылдықтардың 80 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Бүгінде аталмыш бағдарлама өз нәтижесін бере бастады. Мәселен, Қызылорда облысында таза ауыз сумен қамту көрсеткіші республика бойынша ең жоғары деңгейге  – 97 пайызға жетті. Алдағы жылдары елді мекендерді сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткізілетін болады. Ал Түркістан облысында өткен жыл қорытындысы бойынша, өңір халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 93 пайызға жетіп отыр. Мұнда 2020 жылға дейін орталықтандырылған ауыз сумен қала тұрғындары – 97 пайызға, ауылдық елді мекендер – 62 пайызға қамтылуы керек. Алдағы 3 жылда өңірдегі 84 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. 2018 жылы ауыз су саласына 11 млрд теӊге бөлініп, 76 нысанныӊ құрылысы іске асырылуда. Оныӊ ішінде, 20 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, 56 нысанныӊ құрылысы 2019 жылға өтпелі. Жыл соӊына дейін 13 елді мекен ауыз жүйелерімен қамтылса, 2 елді мекенніӊ тозығы жеткен су құбырлары қайта жаӊартылып, 2 мөлтек ауданда және 4 суағарлар құрылысы аяқталады. Шығыс Қазақстан облысында 2017-2020 жылдар аралығында 136,6 млрд теңгеге 95 ауылда су құбырының жаңа құрылысы жоспарлануда. Бұл ауылдардағы орталықтандырылған сумен жабдықтау деңгейін 61 пайызға, тұрғындарды қамту көрсеткішін 84 пайызға жеткізу көзделген. Шығыс өңірде ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін өткен жылы 14,1 млрд теңгеге 51 жоба қаржыландырылды. Жылдың қорытындысында 8,3 млрд теңгенің 34 жобасы аяқталып, 21 ауылда 17 мың адам орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізді.  Ағымдағы жылы 13,7 млрд теңгенің 37 жобасын жүзеге асыру, 20 жобаны қолданысқа беру жоспарлануда. 14 мың адам тұратын 11 ауыл сумен қамтылмақ. Халықты ауыз сумен қамтудағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Алматы облысында орталықтандырылған су жүйесін пайдалану көрсеткіші 87,3 пайызға жетті. Өткен жылы «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында сумен қамту нысандарының құрылысы мен жаңғыртылуына қатысты 66 жобаны жүзеге асыруға 8,9 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 25 елді мекенге ауыз су жеткізіліп, 29 ауылдағы ауыз судың сапасы жақсарды. Биылғы жылы елді мекендердегі орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 89,5 пайызға  жетпек. Елімізде ауылды жерлерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жыл басында бюджеттен 45,2 млрд теңге бөлінген. Аталған қаражатқа ауылдық жерлерде сумен жабдықтау және су тарту үшін 153 жоба жүзеге асырылуы тиіс болатын. Ал сәуір айында республикалық бюджетке түзетулер енгізу аясында халықты ауыз сумен қамту шараларына қосымша 31 млрд теңге бөлінді. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қосымша қаржының 7,5 миллиарды су желілерінің құрылысына жұмсалады. Ауылды жерлерде 156 жоба қолға алынады. Оның жалпы құны – 23 млрд  теңге. «Осының арқасында қосымша 80 ауыл мен елді мекенді, яғни шамамен 140 мың адамды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Оны іске асыра алсақ, халықтың орталықтандырылған су жүйесіне қосылу көрсеткіші 60 процентке жетеді. Жалпы, қосымша қаржыны санағанда 2018 жылда ауызсумен қамту шараларына барлығы 100 млрд теңге жұмсалады. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы», – деген болатын Бақыт Сұлтанов Сенатта 2018 жылдың бюджетіне өзгерістерді таныстыру кезінде. Министрдің айтуынша, 100 миллиард теңгенің 17 миллиарды жергілікті бюджеттерден бөлінеді. Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау аясында ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесін қаржыландыруды барлық қаржы көздері арқылы жылына 100 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл сектордың даму қарқынын арттыруға және елді мекендердің басым бөлігін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, 2018 жылы елді мекендерді  ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында 193 жобаны жүзеге асыруға 67,9 млрд теңге көзделген. Бұл 2017 жылғы қаржы көлемінен 17,6 пайызға артық. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауылдық елді мекендердің 59, ал қалалардың 94 пайызының тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жүйесіне қол жеткізетін болады. Айта кетерлігі, 2017 жылы сумен жабдықтау жүйесін дамытуға республикалық бюджеттен 55,8 млрд теңге бөлініп, 164 жоба қолға алынды. Соның арқасында 2700 шақырым желі салынып, қайта жөнделді. Нәтижесінде 184 мың адам орталықтандырылған сумен жабдықтау желісімен қамтылды. Бұл ретте қалалардың 93,8, ал ауылдардың 57,4 пайызы орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қол жеткізді. Міне, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында Үкімет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Бастысы – қолға алынған шаралардың нәтижелі жұмыс істеуі. Мемлекет басшысы да тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесіне айрықша назар аударып отырған шақта атаулы бағдарламалардың нәтижелілігін арттыру керек. Одан бөлек, қарапайым халықты ауыз суды тиімді пайдалануға шақырған абзал. Олай етпеген жағдайда, су инфрақұрылымына бөлінген қыруар қаржы желге ұшуы бек мүмкін.

Серіктес жаңалықтары