Атамбаев неге ашынды?

Атамбаев неге ашынды?

Атамбаев неге ашынды?
ашық дереккөзі

Оның іргетасының мықты болуына бірінші цемент қоспасын құю үшін өлкенің шығысындағы таулы Нарын облысына Қырғызстанның Президенті Алмазбек Атамбаев және Ресейдің «РусГидро» ашық акционерлік қоғамының басқармасының төрағасы Евгений Дод келді. Іс-шараға сол аймақтағы ауылдардың халқы тайлы-таяғы қалмай түгел қатысты.

Бұл Нарын өзенінің жоғарғы жағында Ресейдің жәрдемімен салынатын алты су электр станциясының алғашқысы. Бірінші кезеңде іске кіргізілетін төрт станцияның жалпы қуаттылығы 942,4 млн кВт/сағат болмақшы. Олардың алғашқысы 2016 жылы электр қуатын бере бастайды. Құрылыстар жөнінде қырғыз тарабы ресейліктермен бірнеше жылдан бері келіссөз жүргізіп, оның жөн-жобаларын пысықтап келген.

Сөйтіп, 12-маусым – Ресей күні на­рындықтар үшін де мейрам болды. Мың­нан астам жергілікті адам құрылыс жұмыстарына тартылмақшы. 

Қазіргі кезде Қырғызстан электр энергия­сымен қамсыздау саласында халықаралық деңгейде де істер атқаруда. Қазақстан мен екі ортада «Датқа-Алматы» жоғарғы жиіліктегі электр желісін тарту жұмысы қарқын алмақшы. «Қырғызстан-Қытай» электр желісін тарту бойынша да алдын ала келісімдерге қол қойылған. Сондай-ақ, күз айында Қырғызстанға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинь мырза келмекші. Осыған орай, қырғыз энергетиктері Қырғызстанның Сарыжаз өзенінде салынатын су электр станциясының құжаттарын әзірлеп жатыр. 

Нарындағы құрылыстың басталу салтанатында сөз сөйлеген қырғыз мемлекетінің басшысы «Ресейліктерді республикамыздың оңтүстігінде салынып жатқан «Қамбарата-1» су электр станциясының құрылысында көргіміз келеді және аймақтағы әріп­тестеріміздің де қатысуын қалаймыз. Біз аймақтық (ортаазиялық – Н.Б.) өзара тиімді қызметтесуге әзірміз», – деді.

Қырғызстанда 2012 жылы 14,99 миллиард кВт/сағат электр энергиясы өндірілген. Бұл республикада көмірдің және газдың жетіспеушілігінің орнын толтырып, сонымен бірге электр қуатын сыртқа шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылы жалпы алғанда, 1 миллиард 502 миллион кВт/сағат электр қуаты экспортталған. Оның ішінен Қазақстанға – 1 миллиард 269,7 миллион кВт/сағат, Өзбекстанға – 231,5 миллион кВт/сағат бөлінген. Бір киловат/сағат электр қуаты Қазақстанға 2,8 цент, Өзбекстанға 3,38 цент бағалармен сатылыпты.

12 – маусым Қырғызстанда ірі құрылыстың басталған күні ғана емес, Президент Алмазбек Атамбаевтың бүкіл қырғыз еліне ашынып әңгіме айтқанымен де есте қалды. Қырғызстанның бірінші адамы өлкедегі қазіргі саяси жағдайға баға берді. Осы салтанаттан оншақты күн бұрын республиканың Ыстықкөл және Жалалабад облыстарында жергілікті ел ереуілге шығып, жолдарды тосып, келеңсіз оқиғалар орын болған. Жетіөгіз ауданындағылар Құмтөр алтын кенін қамсыздайтын электр желісінің түйінін өшіріп, 56 сағат бойы қоспай тұрған. Президент Алмазбек Атамбаевтың сөзі осы мәселеден бас­талып, одан әрі өрбіді:

«Жетіөгіз бен Жалалабадтағы ақырғы оқиғалардан өлкемізді қайтадан тұңғиыққа түрткен нақты күштер бар екендігін көріп тұрмыз. Олар билік күш қолданып, кенеттен біреу-жарым құрбан болса, сонда “Атамбаев кетсін!” деп айтуға да жақсы сылтау болып қаларына үміттенеді. Мәселе осында. Соңғы үш жылдан бері үндемей жүрген қашқын президент Құрманбек Бакиев, “Міне, Атамбаев қиратушы, мен жаратушымын. “Құмтөр” бойынша 2007 жылы Атамбаев дұрыс келісім жасамаған, біз Максим (Құрманбекұлы – Н.Б.) екеуміз керемет келісім жасағанбыз”, – деп айтып жатыр. Мен ол кезде премьер-министр қатары әзірлей бастаған келісім қызметтен кеткеннен кейінгі Максим Бакиевтің командасы әзірлеген келісімнің ортасында үлкен айырма бар. Онда “Центеррага” (Құмтөр кенін қазушы канадалық компания – Н.Б.) қосымша 16,5 гектар жер берілген. Жердегі алтынның қоры 40 тонна деп көрсетілген. Шындығында 100, бәлкім 200 тонна болуы мүмкін, ақшаға шаққанда бірқанша миллиард доллар болатын алтын. Сондықтан 2009 жылы келісімді парламент бекітіп бергеннен кейін, Максим Бакиев Мәскеудің бір казиносында өзінің алғашқы миллиардын достарына жуып берген. Олардың оң қолы болып жүрген, сол кездегі ұйымдасқан сыбайластыққа қарсы комитеттің төрағасы Садыр Жапаров (Қазір 3 қазанда Үкімет үйін басып алуға әрекеттенгені үшін абақтыда отыр – Н. Б.), сол кездегі парламенттің вице-спикері Қуанышбек Исабеков (Қазір, Жеті­өгіздегі ереуілден кейін емделгелі Гер­ма­ния­ға кеткен – Н. Б.) сол келісімді бекітіп жатқанда, үндемей қабылдаған, “Құмтөр, экология” деп жатқанының себебі – оларға Атамбаевтың тілін табу қиын. Атамбаев ұрламайды, балалары да, жақындары да ұрламайды, ұрлағандарды қаматып алдырамын. 

Соңғы 1,5 жылда мен бір нәрсені бай­қадым – еліміз, өкінішке қарай, әңгімеге жуыр болыпты. Президент жөнінде, Атамбаев жөнінде сөз шықса, соған тезірек сеніп қалады екен.

Жетіөгізде балаларды (ереуілшілерді – Н.Б.) басқарып жүрген екі рет сотталған, қарақшы Бақтияр Құрманов экологияны біле ме? Сол Жетіөгізде дәптер табылған, онда кім қанша ақша алғаны (ереуілді ұйымдастырғаны үшін – Н.Б.) жазылыпты. Оны Атаханов (Шәміл Атаханов – әлеуетті органдардың істерін үйлестірген вице-премьер-министр, «заңдағы ұры» Әзіз Батуқаевтың өлкеден шығарылып жіберілгеніне байланысты бір айға қызметінен кетіп, қайта келген, енді Жетіөгіз оқиғасынан кейін қызметінен біржолата алынды– Н.Б.) ішкі істер басқармасының бастығына берсе, дәптер жоғалды деп кетеді. Себебі онда бір топ атқамінерлердің фамилиясы да бар, милицияның ішінен, үлкен қызметтегілердің ішінен сатқындар шыққан. Өйткені, ағайын-туғандар, Атамбаев оларға ұнамайды. Бұл билік ауысып қалса, қайсы «біреулер қайтадан бас прокурор, қаржы полициясының бастығы болам», – дейді. Жалалабадта облыстық әкімшілік неге басып алынды. Ашығын айтайын, Қарақолдан (Ыстықкөл облысының орталығы – Н.Б.) біреу Жалалабадқа «бұл жерде қақтығыста он шақты кісі өлді, қазір Қарақолды басып аламыз, сосын Бішкекке барамыз» деп жалған айтып телефон шалған. Олай болса, бұған сенген ереуілшілер Жалалабадтың әкімшілігін басып алған. Арқадан түрткендердің мақсаты – Ташиевті (Қамшыбек Ташиев – 3 қазанда Үкімет үйін басып алуға әрекеттенгені үшін абақта отырған Жоғарғы Кеңештің депутаты. Жалалабадтағы ереуілшілердің бір талабы оны босату болатын – Н.Б.) босату емес. Мақсаты – билікті ауыстыру, Атамбаевты кетіру. Текебаев (Өмірбек Текебаев – депутат, парламенттің «Ата Мекен» фракциясының басшысы – Н.Б.) парламентте Ташиевті шарбақтан асып түсуге түрткендер осы залда отыр деп бекерден-бекер айтқан жоқ. Ташиев бір балпаңдаған бала, бір ғана кемшілігі бар, кейде ісін бітірген соң ойланады. Бірінші ойланып сосын істеу керек емес пе? Қамшы інімді (президент оны жасының кішілігіне байланысты осылай атап жатыр – Н.Б.) пайдаланды, Садыр Жапаров шарбақтан бірге асқан жоқ, жүгіріп барып парламенттегі орнына отырып қалды. Қамшыбек Ташиевтің ешқандай күнәсі жоқ деп жатыр. Посткеңестік елдерде заң бірдей. Ташиевке ұқсап, әлдекімдер «Шыңғысханнан кеммін бе?» деп Ташкенде Каримовтың отырған жеріне шабуыл жасаса, 1,5 жыл жаза ала ма? (Президенттің резиденциясына баса-көктеп кіріп барғандардың басшыларына – үш адамға Бішкектегі Бірінші май аудандық соты 1,5 жылдан жаза беріп отыр, жазаланғандардың адвокаттары оған да риза болмай жоғарғы инстанциялардың қайта қарауын талап етуде – Н.Б.) әлде 20-30 жыл жаза алатын ба еді? Демократияның өзегі делінген Вашингтонда Барак Обаманың «Ақ үйінің» шарбағынан секіргенді сол жерде атып салмақ. Қамшы Ташиев қазір де ақылы жетсе, түсінсе, туысқандарын тоқтатса болар еді, онсыз да сот қазіргідей үкімді қалдырса, мерзімі бітіп, ол биыл-ақ бостандыққа шығады, қаласа, ісін ойланып жасаса, саясатқа да қайта келеді. Бірақ Ташиев те, туысқандары да, жақындары да, ауылдастары да біреудің құралы болып жатыр емес пе? Көріп тұрып қайғырасың, Ташиевті туысқандарын түртіп жатыр: «Жолды буыңдар, әкімшілікті басып алыңдар», – деп. Өйткені түрткендердің ақшасы мол. Ұсталса, сот болса, Ташиевтің туысқандары, інілері, достары ұсталады. Түрткендер масайрап жүре береді….

Жолды жапқан әйелдерді көріп таң қаламын. Оларды батыр ана деп айтуға тілім бармайды. Рас, ертеде Құрманжан датқа анамыз батыр болған. Баласын дарға асып жатқанда, ел қырылып қалмасын деп, оларды тоқтатып, қарап тұрған. Бүгінде әйелдерді алға жіберіп, артына жасырынғандар да еркек пе? ОБОН-ғо (Қырғызстанда осындай топтар – «ОБОН – отряд баб особого назначения» бар– Н.Б.) ақша беріп, алға шығару қырғыздың салтында бар ма еді? Ұят-ай! 

Дұшпан сүйіндіріп, дос күйдіріп айтады. Мен күйдіріп айтамын. Президент болып істегеніме бір жыл, алты ай, 12 күн болды. Әрбір күнді санап жүрмін. 4,5 жылым қалды. Сайлауға әзірлік төрт жылдан кейін басталады деп жатырмыз, одан бұрын басталады. Уа, президент боламын дегендер, сабыр етіңдер! Боласыңдар, ел сайласа! Еліміз де байғұс, тез алданып кетеді! Біреу бал сөзін тамызып уәде берсе, алданып қалады! Қайран елім, менен кейін сіздерге кім президент болатынын кім біледі?! Төрт жыл қалды, бастаған істерімді бітіріп берейін! 

Қайран, сорлы елміз! «Қырғыздың дұшпаны – қырғыз» болып отыр. Манас атамыз өлерінде, Қаныкей апамызға айтыпты: “Талас саған жер болмайды, таластықтар ел болмайды…”, – деп. Манас үй-ішін Ташкенге қашырған. Қырғыздардан! Солай бола бере ме? Қазір қайда бара жатырмыз, туысқандар! Бір-бірімізді жеп, қайда барамыз?! Манас атамыз мұндай деп айтқан: “Бөлінбе, қырғыз бөлінбе! Бөлінсең бөрі жеп кетер! Бөлініпті қырғыз деп, бөтен елге сөз кетер!”. Сөз кетпеді ме, міне – “Афганизация Кыргызстана!” деп жатыр. ОБОН-дар көшені ғана бумастан, олар парламенттің ішінде де отыр. Қырғызстан қайда бара жатыр?! 20 жылдан бері бәле басқан Қырғызстан 1,5 жылда оңала ма? Міне, нарындықтар мал баққан елсіздер. Қой сарайы 20 жыл тазаланбаса, оның тезегін бір күнде шығарса бола ма? Білесіңдер, тас болып қатып қалады. Қырғызстанда тастан бес бетер! Лицензия берген бір ғана министрліктен (сөз геология министрлігі жөнінде болуда – Н.Б.) төртінші министрдің үстінен іс қозғалып жатыр. Қаматтырып отырып, тоқтатамын бәрін, бұйырса, министрін де, депутатын да, басқасын да, сотын да, прокурорын да! Бірақ, кішкене уақыт керек. 

Қырғызстандықтар бұдан ары бұлай өмір сүрсе – ұят! Ары-бері аралап ақша іздеп жүре беремін бе? Кеше анықтасам, келесі аптада оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын жаңа автокөлік жолының техникалық-экономикалық негіздемесі шығарылады екен. Сәтін салса, ендігі көктемде жол салуды бастаймыз. Жолды салсақ, оның қадірін білмегендер жолды жапса, бұл не деген сұмдық! Ертеде мұсылманшылықта жолды, көпірді бұзғанның бір аяғын балтамен шауып тастаған. Жол салайық. Қырғызстанды көтерейік. Ұрпағымызға жаңа Қырғызстанды қалдырайық. Қарап көріңіздер, өзімізбен өзіміз таласып, шатақтасып жүріп, Қазақстаннан 20 жыл емес, кім білсін, мәңгілікке ме, артта қалдық! Өткен жолы бізде президенттікке сайлануға 87 талапкер шықты. 4 жылдан кейін мүмкін 187 шығады. Сабыр етейік. Осындай көркем (Президент қатысқан салтанат Нарын өзенінің бойындағы жаратылыстың әсем жерінде өтті – Н.Б.) бейіште тұрып жатырмыз – жердегі бейіште. Жақсы жерде, судың басында тұрып жатып жүдеу жүргеніміз, президенттеріңнің тілемсектеніп кредит, грант сұрап жүргені ұят-ақ. Өзімізді өзіміз бағайық!».

Мемлекет басшысының бұл сөзінен кейін ел ойланып, саясатшылар саябырсып қалғандай. Дегенмен, «Құмтөр» бойынша шешімін таппай жатқан мәселелер әлі де көп. Олардың ең бастысының бірі – «Құмтөр» алтын өңдеу комбинатының улы қалдықтарының көміліп жатқан жерінен төмен қарай, жылжи бастауы. Сарапшылар «оның зардабы Қырғызстанның өзіне ғана емес, төменгі сағадағы Қазақстанға, Өзбекстанға да тиюі мүмкін» деп айтуда. Сондықтан қазақстандық эколог мамандар да «Құмтөрге» көңіл бұрып, қауіптің бар-жоғын анықтап , тиісті бітім шығаруы керек.