«АҚНИЕТ» АУЫЛҒА ДЕМЕУ БОЛАДЫ

«АҚНИЕТ» АУЫЛҒА ДЕМЕУ БОЛАДЫ

«АҚНИЕТ» АУЫЛҒА ДЕМЕУ БОЛАДЫ
ашық дереккөзі

Айта кетейік, осы жылдың сәуір айында Қызылорда облысында «ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис БВ» компаниясының жетекшілігімен «Ақниет» әлеуметтік серіктестік бағдарла­ма­сы­ның іске қосылғаны жөнінде бас­тама көтерілген болатын. Осылайша әдепкі қадаммен аймақтың үш ауданын – Қармақшы, Жалағаш және Сыр­дария өңірін қамту көзделген еді. “Ақниет” ниеттенген жандардың сеніміне селкеу салмады. Жалпы бағдарламаның түпкі мақсаты – ауылдың тынысын кеңейту, қолынан іс келетін адамға кәсіп көзін тауып беру. Бұл дегеніңіз, марғау ғана бұйығы жатқан ата қоныстың бойына жаңа қырынан серпіліс тудыру. Әсіресе, тұрмысы төмен азаматтардың жұмыспен қамтылуына әрі өндірістік аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуында ұзақ мерзімді оң өзгерістердің қалыптасуына дәнекер болу еді.

Бұл үшін әлеу­мет­тік мәні бар үздік жобаларды қолдау мен оларды анықтау, жаңа жұмыс орындарын құру негізгі шаруа болып табылады. Байқауға мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар мен 18-ден 30 жасқа дейінгі жастар қамтылды. Бұл ретте «Әлеуметтік кәсіпкер», «Жаңалық», «Қолөнер», «Қам­қор», «Бастама» және «Игілік» номинациялары белгіленген болатын. Нәтижесінде  1500-ден астам өтініш түскен. Осының ішінде 77 жоба жеңімпаз атанып, олар «Лукойл» компаниясының өтеусіз грантына ие болды. “Ақниет” осылай ауылға адым жасай бастады.

Грант иегерлерін құттықтау салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасы тапсырма­сы­на сай ауылдық жерлерде кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып келетінін айтып өтті. Кәсіпкерлікке дем беру – бұл ауылға дем берудің игілігі. Халық кәсіппен шұғылданса, уақыттың сарынына ілесудің өзіндік жолы ашыла түседі. Қысқасы, ауыл әлденсе, әлеует жақсара беретін болады.

– Мұнай компа­ниясымен бірлесіп осы жобаны бастадық. Әлеуметтік серік­тес­тік танытып, қолдау көрсеткен «ЛУКОЙЛ» компа­ния­сына ауыл тұрғын­дары атынан алғыс айтамын! Грант иегерлері, ақ ниетпен іске сәттілік тілеймін, – деді  өз сөзінде облыс басшысы.

«ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис БВ» Қазақ­стан филиалының директоры Андрей Ки­риллов та байқау жеңімпаз­дарына тілек­тес­тігін білдірді.

Оның айтуынша, бағдарлама Қызылор­да облысында бірінші рет жүзеге асырылып отыр. Әзірге үш аудан қамтылып, 1500-ден астам өтініш түссе, соның 77-сі гарантқа ие болды. Енді сәтін салса, аймақта 17 шаштараз, 5 тұрмыстық техниканы жөндеу сервисі, 10 тігін, кондитерлік цех, наубайхана, тіс емдеу кабинеті, балалар ойын-сауық кешені, музыкалық мектеп пен балалар бақшасы, өзге де бірқатар әлеуметтік жұмыс орындары ашылатын болады.

Жеңімпаздарды сондай-ақ, Сырдария, Қар­мақ­шы және Жалағаш аудандарының әкімдері де құттықтады. Мұнда әсіресе, Жалағаш ауданының үлесі басым. Олар 77 гранттың 34-ін иемденіп отыр.

Бағдарламаның игілігін сезінген ауыл адамдарының да іске деген құлшынысы зор. Айталық, Сырдария ауданы «Қоғалыкөл» ауылының тұрғы­ны Гүлханым Ералиева 20 жылға жуық уақыттан бері жұмыссыз. Енді ол осы бағдар­ламаның арқасында жем шығаратын цех ашып, өз кәсібін бас­тайтын болады. Сондай-ақ, тағы бір грант иегері 26 жасар Батырхан Күтұланов. Ол Қармақшы ауданы «Ақтөбе» ауылының тұрғыны, төрт жылдан бері жұмыссыздар қа­та­рында. «Ақниет» бағдарламасының ықпалымен Батырхан  сантехникалық қызмет көрсететін орталық ашып, ауылдас­тарына қызмет етпекші.

Жасыратыны жоқ, ауылдық жерде ал-уан түрлі кәсіптің қыр-сырын білетін азаматтар аз емес. Алайда, қолтық жазуға мұрша келтірмейтін қаржының қиындығы талайды тығырыққа тіреп отырғандай еді. Ал енді жөнге келер жоба болса, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік бар. Шын мәнінде, бұл бастама ауыл үшін тың қоз­ға­лыс тудырғандай. “Ақниеттің” жолы ашық болсын деңіз.

Ұсақтан ұтысқ ашығудың жолы

Егіншілік саласында атағы күрішпен әйгілі Қызылорда облысында бұл жүйені дамытудың өзіндік ерекшеліктері бастау алып отыр. Бұған Жалағаш ауданында өткізілген семинар-кеңес үлкен ықпал етіп, жаңаша үн қосқандай болды.

Күріш шаруашылығы ертеден Сыр елінің негізгі кәсібіне айналған. Ал оның бүгінгі жай-күйі атүсті қарауды еш қаламайды. Диқан қауымын алаңдатқан қай мәселе, қандай жағдайда қалайша қадам жасау қажет? Кеңес көтерген жүк осыған саяды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдымен  облыстың ауыл шаруашылығы саласында ерекше сергек қарауды талап ететін саланың бірі – күріш өндірісі екенін нақтылап тұрып айтып өтті. Ауылдағы ағайынның кәсібі осы.  Облыс еліміздегі күрішке деген сұранысты қанағаттандырып, ірі құры­лымдар сапалы өнімді сыртқы нарыққа да шығарғанымен жер игерген жұрттың өзекті мәселесі жетерлік. Бұл күні бүгін көлденең келген түйткіл емес, әйтсе де бой жазып шығатын жол керек. Сондықтан «Күріш консорциу­мы­ның» алдында үлкен міндеттер тұр.

Облыс басшысы атап өт­кен­дей, Сыр диқандары жыл сайын 70 мың гектар жерге күріш егуді жү­зеге асырғанымен, оны өңдеу­ді, сақтауды, тиімді сатуды жолға қоюда түйткілді мәселе бар. Ең бастысы,  шаруашылықтар бірі­гіп, консорциум аясында еңбек ететін мезгіл келді.

– Аймақта «Күріш кластерін дамыту» жобасы қолға алынуына байланысты «Бай­қоңыр» ӘКК ҰК» АҚ жуырда «Жа­ла­ғаш элеваторы» ЖШС теңгеріміндегі өндіріс ныса­нын сатып алды. Ал, жаңа­дан құ­рыл­ған «Агрохолдинг «Байқоңыр» серіктестігіне осы элеваторды бас­қару құзыреті беріліп отыр. Алдағы уақытта күріш шаруашы­лы­ғын қалыптастыруда осы «Агро­хол­динг» негі­зінде күріш клас­тері қа­лыптастырылады. Оның, әсіресе, майда шаруа­шы­лықтарға тигі­зер септігі мол. Олардың өсір­ген күріші осында өңделетін болады. Алдағы уақытта мұнда күріштен крахмал өнді­ру ісі қолға алынады, – деді аймақ жетекшісі.

Кластерлік өндірісті қалыптастыру үшін минералды тыңайт­қыш шығару ісі де қолға алынбақ. Оған Жаңақорған ауданын­дағы күкірт қышқыл зауытының өні­мін пайдалануға болады. Жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін зауыттың осы өнімнен аммоний сульфаты минералды тыңайтқышын шығаруға мүмкіндігі бар. 

Облыстық ауыл­ шаруашылығы басқарма­сы­ның басшысы Талғат Дүйсебаевтың пікірінше, са­лада қордаланған мәселелер жет­ерлік. Негізгі түйткіл – инженерлік жүйеге кел­ті­рілген жерлердің тоза бастауы.  Ирри­га­циялық, дренаждық жүйелердің жұмыс істеу қабілеті нашар, оған қоса  гидротехникалық құ­рылғылар да сын көтермейді. Мәселен, облыстағы барлық инженерлік жүйеге келтірілген 179 мың гектардан астам жердің 54 мың гектары пайдаланылмай отыр. Қауқары төмен шаруа­шылықтар болса несиеге қол жеткізе алмай қиналады.

Есеп бойынша, облыс­та­ күріш егумен айналысатын 371 шаруа­шы­­лық­тың 19-ы ғана ірі құрылымға жатады. Мың гектардан астам жерге күріш еге алатын да солар. Өзгеле­рі 500 гектар не онан да аз жерге дән себеді. Ал олардың дақылды егу, күтіп-баптауы біркелкі емес. Айталық, ірі құрылымдар гектарына 60-65 цент­нер­ден өнім жинаса, кейбір ұсақ ұжымдар бар болғаны  15-25 цент­нерден ғана астық алады. Олардың сүйеніп отырғаны мем­лекеттен берілетін жәрдем. Қысқасы, ұсақтан ұтысқа шығудың жолы қиын. Сон­дық­тан үнемі айты­лып жүрген егін­шілердің мәселе­ле­рін шешетін мез­гіл жетті.    Басқарма бастығы атап өткендей, облыс әкімі­нің тап­сыр­масы негізінде жуырда айма­қта 17 ірі шаруашылық бірі­гіп, «Күріш консорциумын» құру жөнінде хатта­малық шешім қабыл­дап, шартқа қол қойылған. Бұл орайда өңірде балық, энер­гия мәселелері бойын­ша осындай консорциумдар құры­лып, жұмыс жасау үстінде екенін атап өткен жөн.

Мамандар алға тартып отырғандай, өңірде кү­ріш кластерін қалыптастыруға мүмкіндік бар. Инженерлік жүйе­ге келтірілген жер бас­ты байлық болғанда, ірі шаруашы­лық­тардағы қуаттылығы 508 мың тоннаға дейін күріш өңдейтін кәсіпорындар үлкен әлеует саналады. Қазақ күріш ғылыми-зерт­теу институты Сыр елінде орналас­қан. Ендігі жерде консорциум осы ғылыми-зерттеу орталығының мүмкіншілігін толық пайдаланып жатса, ғылым мен өндіріс арасында орнықты үйлесім қалыптасар еді.

Кеңесте айналым қара­жа­ты аз шаруа қожалықтарына қол­дау көрсетудің жай-жапсары да елекке түсті. Бұл бағытта «Байқоңыр» ӘКК» АҚ ұлттық компаниясының жанынан құрылған «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС тиімді қаржыландыру көзі болмақ.  «Байқоңыр» ӘКК» ҰК АҚ басқарма басшысы­ның орынбасары Асхат Сүлейменовтің айтуынша, облыс әкімінің күріш кластерін құру және консор­циум жұмысына қатысу жөніндегі тапсырмасы аясында «Жалағаш элеваторы» ЖШС үлесі сатып алы­нып, оның атауы «Агрохолдинг Бай­қоңыр» ЖШС болып өзгерге­н. Жарғылық қоры 500 млн. теңгені құрайтын мекеме жұмы­сын бастап та кетті. Есептеулер бойынша бұл эле­ва­торға 30-40 мың тонна күріш түсіп тұруы тиіс. «Агрохолдинг Байқо­ңыр» ЖШС шаруа қожалықтарына алдын ала төлем жасап, күрішті келісім-шартпен сатып алады.

Күріш өндірісінде тағы бір келелі мәселе бар. Күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының пре­зи­денті Абзал Ерәлиевтің айтуынша, Ресей күрі­шінің ел нарығына арзан баға­мен кіруі алаңдатарлық жағдай. Кейінгі жылдары жергілікті күріш бағасы бір деңгейде тұр. Есесіне, тыңайтқыш, жанармай мен қосалқы бөлшектердің құны жыл сайын аспандап барады. Демек, бірікпей береке жоқ.

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

Қызылорда облысы