ӘЛЕМДЕ – 30 ОРЫН

ӘЛЕМДЕ – 30 ОРЫН

ӘЛЕМДЕ – 30 ОРЫН
ашық дереккөзі

2012 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экспорттаушы елдер тізімінен 30-шы орынға жайғасыпты. Алдыңғы жылдары алғашқы елулікке де кіре алмағанымызды ескерсек, бұл өте жақсы көрсеткіш. Өйткені ТМД-ның өзге ешбір елі Қазақстанның алдын орай алмапты.

Дүниежүзілік Сауда ұйымы (ДСҰ) бұл озық көрсеткішті 2013 жылғы кезекті қорытынды есебінде жария етті. Оған сәйкес, еліміздің былтырғы экспорт көлемі 92,3 миллиард долларды құраған. Бұл қай экспорттық тауарлардың есебінен көбейіп отыр деген сауал туындайды. Әрине, бірінші кезекте – шикізаттық өнімдер – мұнай. Олардың тұтынушылары да жеткілікті. Қазақстанды әлемде шикізаттық өнімді экспорттаушы ел ретінде танитыны жасырын емес. Сонымен республика аумағында өндірілетін кен, металл, пайдалы қазба өнімдерінің негізгі тұтынушылары – Қытай, Ресей, Швейцария, Түркия және Германия. Соңғы жылдары Өзбекстан мен Украина да бізге иық арта бас­таса керек. Бұл елдерге 9 миллион доллардың алюминиі сатылған. 2012 жылы Қытай, Ресей және Түркияға елімізден 58 миллион доллар тұратын пропилен полимері жөнелтілген.
Қазақстан экспорты шикіза­т­тық бағытта дамып, шикізаттық тауарлар экспортының жоғары өсу қарқыны сақталып отырғанын байқаймыз. Экспорт өсімі үлесінің жоғары болуы соңғы жылдары мұнай өндіру мен экспорттауға байланысты болып отыр, сонымен қатар әлемдік нарықтағы қазақстандық ауылшаруашылық өнімдеріне деген, әсіресе бидайға деген сұраныстың өсуіне және осы сектор өндірісінің көлемінің ұлғаюына да байланысты.
Елбасымыздың шикізаттық емес өнімдерді шетелге шығаруды ұлғайту туралы тапсырмасы бар. Шикізатқа тәуелділіктен арылу біртіндеп жүргізіліп келеді. Былтырғы жыл еліміз үшін бұл тұрғыда жемісті болды десек те болады. Былтыр қайта өңделген тауарларды экспорттау еліміздің тарихында биік көрсеткішке жетіп, 25,5 миллиард долларды құрады. Соңғы жылдары дайын өнімді экспорттау 29 пайызға өскен. Мысалы, соңғы жылдары макарон бұйымдары мен өсімдік майын шетелге шығарып сату 50 пайызға өскен.
Экспорттық әлеуетті дамыту 2012 жылы қарқынды қолға алынған еді. Оған дәлел, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің мәлімдемесі: «Экспортты дамыту мәселесі жергілікті органдардың және шетелдегі қазақстандық елшіліктердің алдында көлде­неңнен қойылатын болады. Экспортты дамыту экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы. Аталған мәселе Кедендік одақ пен Бірыңғай эконо­микалық кеңістікті құрғаннан кейін өзекті болды», – деген еді министр үкімет отырысында.
Қазақстанның шикізаттық тауарлары бүгінде 120 мемлекетке жөнелтілсе, 111 мемлекетке да­йын өнім тасымалданады. Еліміздің экспорттық әлеуетінің өсу қарқыны – 7 пайыз. Еліміздің қай сала бойынша да экспорттық тауарлар шығаруға мүмкіндігі бар. Бұл ретте Қазақстанның мал шаруашылығы бойынша экспорттық әлеуетін көтерудің маңыздылығы зор. Еліміздің қолайлы климаттық және экономикалық жағдайларына негізделген талдаушылардың бағалауынша, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық мүмкін­діктері астық экспортының мүм­кін­дігінен жоғары. Кәсіп­орын­дардың тауарларды шетке шығару­, оларды сапамен қамтамасыз ету, оларға баға белгілеу мен экспортқа шығаруды жүзеге асыруда жолыға­тын проблемаларын жеңілдету үшін стратегиялық бағдарлама жасалған.
ДСҰ-ның биылғы есебіне жү­гінсек, Қазақстанның экспорттық әлеуеті қарқынды өсу сатысына көтерілген. Бұл рейтингтің көшбасшысы – Еуропа одағы елдері, екінші орында – Қытай. Қазірдің өзінде бірінші орынға таласып тұрған Қытайдың келешекте көшбасшылыққа біржола шығатыны да есепте көрсетілген. Ал үшінші экспорттаушы ел – АҚШ. Алғашқы ондықтың қатарында Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей, Канада бар. Аталған елдердің көпшілігі негізінен дайын өнім саудасын жақсы дамытқаны белгілі.

 Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ