Жас ақынның жыр кеші

Талай айтыста батыл пікірімен жұрттың көңілінен шығып келген жас ақын мәдени орда ­– Алматы қаласында «Жұлдыз жауған жарық түн» атты шығармашылық кешін өткізді. 

Бұған алып шахарда біліммен сусындап, елге қайтарда «Қош Алматы, жүрем сені сағына, Ғашық болып өзеніңе, тауыңа. Тұманбайдай сәби қала болсаң ғой, Бір-екі күн қалар едім тағы да», – деп тебірене жазған жыр жолдары себеп болса керек. Жазушылар одағының залына жиналған қара сөздің қадірін білетін көпшілік осы күнді тағатсыздана күткен бе, зал лық толды. Өйткені азулы ақын, айқайынан ақиқаты ащы ақын, шындықты шырылдатып айтқаны үшін таяқталып та қалған ақын Бауыржан Халиолланың бұл Алматыдағы алғашқы шығармашылық кеші. Ақынның өз сөзімен айтсақ, «Ақ пен қара алмасып, Қамшы сабы келе жатыр жұқарып, Енді ешкіммен жарытпаспын дауласып…», – дейді. 

Белгілі ақын Жүрсін Ерман: «Айтыстағы Бауыржанды әрбір көзіқарақты қазақ жақсы таниды. Әсіресе, анау батыс өңіріндегі тың сарындарды әкеліп, сосын ақиқатты, шындықты қаймықпай айтып жүрген, сонысымен ел есінде жүрген батыл ақын. Ал жазба поэзиясында Бауыржан бес қаруын сайлап келген ақын. Көкейде сөздері қалатын шынайы ақын. Айтарын айтып қалатын ақын…», –деп баға беруінің өзі біраз жайтты аңғартса керек. Сондай-ақ, шығармашылық кеште ақынның «Жұлдыз жауған жарық түн» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Бұл – оның үшінші кітабы. «Мөлтек әлем мөлдірі» және «Махаббат машақаты» атты қос бөлімнен тұратын жаңа кітапқа ақынның соңғы жылдары жазылған жырлары енгізілген. 

 Өлеңнен өрмек тоқылған әдемі кешке Тұрсын Жұртбай, Бауыржан Жақып, Жәркен Бөдеш, Айнұр Тұрсынбаева сынды Бауыржанның өнердегі ағалары мен белгілі ақындар қатысып, айтыскерлік пен жазба ақындықты тел емген Бауыржанның Алматы жұртшылығына сыйлаған алғашқы кешінде жүрекжарды тілектерін білдірді. Ал Бауыржан Халиолла өзін сағынып қауышқан көрерменді жырымен сусындатты. 

Динара Мыңжасарқызы 

Back to top button