АБЫЗ

Жуырда ұлттық тарихымызды қайта зерделеу қажеттігін Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ерекше атап өткені белгілі.  Жоғалтқанымызды тауып, өткенімізді саралайтын күн алыс емес. Ташкентті он екі жыл билеген Төле бидің мал-шаруасы бұған дейін Қыбырай, Жоғарғы Шыршық, Өгем өңірлерін жайлап келген еді. Міне, енді бұл маңды Ташкентімен қоса тастап, ауа көшулеріне тура келді… Дулат Жаныстың бесінші ұрпағы, яғни Жаныстан Жанту, одан Жайылмас, одан Қожамберді, одан Әлібек, ал Әлібектен Төле туған. Мың жеті жүз қырқыншы жылы жоңғар хонтайжысы Қалден Сереннің ықпалымен Ташкенттегі Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлтіріледі. Осыған орай талай жыл Ташкентті билеген Төле және оның барлық жақтастары бұл жерден түре қуылып, ығыстырылады. Енді Ташкентті билеу үшін қоқым Манап дегенді әкім ғып сайлайды. Бұл кезде Сыр бойы қалаларының бірталайы ойрат басқыншыларының қарамағында қалған болатын. Міне, енді Ташкентке де сол жоңғар әскері толғандықтан, Төле өзінің өрен-жаранымен Шыршық өзенінің бойын өрлей көшіп, алғашқы күні елу шақырым аралықтағы қырғыз ауылы Текежаңғақ деген жерге кешті жастана ілінеді. Бұл Төле би көші екенін білген қырғыздар сый-құрметтерін көрсетіп, кешкі қонақасыларын береді. Содан таң ата жылжып, көршілес тәжік ауылы Піскемді басып өтіп, қырғыз жайлаған Таласқа қарай асатын мойнаққа жақын жердегі «Қараңғытоғай» дейтін көр шатқалға жеткен. Тар шатқалдың екі жақ беті тұтасымен заңғар биік таумен қоршалғандықтан дәл түс кезінде бір мезет қана болмаса, күн көзі көрінбейтін, жылт еткен жарық түспейтін. Өзге уақытта онсыз да көлеңкелі, қыспақ сайдың табанына жақын, екі жақ етегіне бірдей шыққан қалың биік ағаштар сай ішіне қарай еңкейіп өскен. Иіліп кеткен бастары бір-бірімен тұтасып кететінде, терең шатқал ішін көмкере бүркеп тұратын. Көш бұл жерге екінті кезінде жеткен еді. Сондықтан атына сай «Қараңғытоғай» іші ымырт үйіріле бастағандай қазірдің өзінде түксие түскен. Көш енді осы арада еру болмай, тағы жылжыса, жер мойыны қашық, сусыз далада түнеулеріне тура келеді. Лаждың барынша тез жылдамдатып, жылжулары керек. Өйткені Ташкенттің айналасын, арғы Ангрен бергі Қыбырайға дейін енжайлап басып жатқан жоңғар әскері атышулы Төле бидің жасырынып кеткен жағын сезіп қалса, соңдарынан қадала түсіп, қуалайтындары анық еді. Ташкенттен түнделетіп аттанған көш арғы жазыққа, Қазығұрт жаққа беттемей, әдейі Шыршық өзенінің, ұрысайдың ішін өрлеп жөнелгені сол болатын. Ұсақ тұяқ қой-ешкіні ғана елеусіз шал-шауқан қойшылармен Қазығұрт жолымен жылжытқан. Бұл елу шақты адамы бар көш еді. Көшті бастаған зор денелі Төле би жалы мінер жағына тұтас ауған жыланбауыр, ұзын кертұлпарын қалың бұтақты үлкен теректің түбіне тоқтатып, атынан алдымен түскен. Соны көрген барлық көш иелері де осында түнейтіндерін аңғарысып, олар да көліктерінен жабырласа түсіп жатты. Шешелерінің етектеріне жармасқан жас балалар шаршаудан, шөлдеуден еріндері кеберсіп, қыңқылдасып, ішінара бесіктен бөбектердің жылаған дауыстары естіледі.

Үш шабарманы бар Төле бидің өзіне біраз еркіндеу бас шабарманы ұзын атжақты жүзіне сай мұрыны ерепейсіз үлкен, алдыға қарай қалқия біткен алақандай жарғақ құлағы бар ерекше адам. Желкілдеген сұмбұл қара сақалды, қырықтар шамасындағы Жарлыбай болатын. Сырт көрінісі ебедейсіз оқшырайып тұрғанымен ұзын денесі сілеусіндей тез, епті, шапшаң Жарлыбай аттан түсіп жатқан Төленің соңынан лып етіп түсе қалды да, кертұлпардың шылбырын ұстай берді. Ол қарт биге өзінің осындай епшіл әрекетімен, білгірлігімен жұптасатын. Айтқызбай істейтін, сақ, сезгірлігімен қылаусыз кірігіп кеткен. Қаптал шапан киген, мол денелі Төле би былай таманғы көгалға бұрылып болғанша Жарлыбай мәстек торыға артылған жүк үстіндегі қараала текеметті жылдам босатып, қалың шалғынды жазыққа жайып та үлгерді. Жыл сайынғы сайдың қалың бітік шалғыны жапырылып ұйпаланған. Үстіне текемет жайылғанда жамбасқа мамықтай тиген-ді. Маусым айының орта шеніндегі жазғы ашық кеш те тым жайлы еді. Орманды тау ішіндегі тұнық, салқын, ауа ыстық күн астиында қажып келген жолаушы атаулыны жадыратып, таптырмастай жақсы жарастық берген. 

Ас-суларын ішіп болғанша ымырт үйіріліп, қас қарая бастаған. Бірден-бірге салғырттанып созылған уақыт енді аз мезгілде сай ішін түнектендіріп, қалың түн құшағына ендіріп бара жатты. Далалы жерден гөрі түн бұл жерде ерте орнады. Алланың адам үшін арнап жаратқанындай түнгі көркем аспанда жұлдыздар жайнай бастаған. Терең шатқал, көрдей түнек сай ішінен жұлдыз атаулы ерекше жарқырап көрінеді екен. Әсіресе сонау заңғыраған биіктегі Құс жолының ұзынынан созыла сұлап жатқан шанқан бозғылт жолағындағы жұлдыздар гаухардай жанған. Қараңғы аспан төсінде күмістей жалтыраған Құс жолы жан-дүниеңе сілкініс бергендей. Жайшылықтағы бұғып жатқан бейғам сезімге түрткі салып, жан әлеміңді шабақтап оятқандай болады. 

 * * *

 Қараңғы тоғайдан ертелетіп шыққан Төле би көші қырғыз жайлаған Талас ауылының шетіне бір қонып, өткен соң, жолда тағы екі-үш түн ерулеп, ұлы жүздің әйгілі байы болып өткен Бәйдібектің «Керегетас» дейтін жайлауына жеткен. Өрісі кең, малға жайлы бұл жерге жете жығылуды Төле әу баста-ақ ойлап шықса керек. Маңайда, сай-салада суы мол, ұзын аққан өзендерді жағалап, немесе суат-бұлақтары бар жыра-жылғаларды сағалап отырған шоғыр-шоғыр дулат ауылдары көп екен. Бір жаныстар ғана емес, дулаттың өзге аталары да Төленің өз орталарына келгеніне ырзалықтарын байқатып, арты-артынан ерулікке шақырып, көп күндер тізбегімен қонақ етісіп жатты. Осындай аралықта Төле би Күлтөбенің басында өткен біржолғы үлкен кеңеске де себепші болып қайтты. Осымен соңғы бір күндері Төлеге сәлем бере келген руы ботпай Бигелді деген мосқал жастағы бір бай дау көтере жеткен. Қасына ерткен, мұның сөзін сөйлеп жүрген беделді биі де бар екен. Төле би оны танушы еді. Сөзге ділмарлығын да білетін. Ол қазір әдеп сақтап, Төленің алдында келіндей болып отырған Нұрманбет би болатын. Бұлардың сабылып жүргені осы Ботпай ішінде күйеуі жоңғармен соғыста шейіт болған келіншек Әтіркүлмен екі арада өрбіген дау екен. Тыңдай келгенде өткен жылы осы уақытта түскен Әтіркүл әлі бала көтеріп те үлгермеген, желек астындағы жас келін болып шықты. Жап-жас, мөлдіреген, өзі өңді Әтіркүлдің әмеңгерлік боларлық туған қайынағасы жоқ емес… Бірақ ауыл арасында «дию» атанып кеткен Сатыбалды деген сол қайнаға бақыр он жасында бәйге атқа шауып жүргенінде, көз тиіп, қаражел болып ауырып бақсы қайнатып ішкізген үш жыланның басынан кейін, тіл-аузы тартылып, тас мылқау болып қалған. Бір тәуірі құлағы сау адамдай еститін. «Көзі сау, құлағы тас керең адамның ақылы солады, құлағы сау, көзі көрмейтіннің ақылы толады» дейді. Ол – рас, көзі көрмей, құлағы еститін адам сөзді зерделемей, не істейді. Сатыбалды үшін де естігенін ойға, миға салып, өресін өрбіту – ең басты жұмыс емес пе. Әрі өзі тумысынан алғыр, зейінді жаралған. Сау адамнан артық Сатыбалдыны ел ішінде жақсы көрмейтін адам жоқ. Құрғыр, қу тілдің ғана діңкелетіп тұрғаны болатын. Содан жасы қырыққа жеткенше үйлене алмай келген. Бұл да тілек иесі, пенде ғой. Уылжып отырған ақылды келінге өзі бас ие, әмеңгер болғысы келетін. Бірақ бұлардың аталас екінші ауылындағы Бигелді бай жесір келінді кемпірінің үстіне тоқал етіп алуды армандап алысуда екен. Үш ұлы бас-басына жеке-жеке ауыл болып кеткен, қыздары баяғыда ұзатылған Бигелдіге баруды уыздай жас Әтіркүл аюдың апанына қамалумен тең санайды. Бұл ғана емес, мұнсыз да Әтіркүлдің өз тағдыры жетісіп тұрған жоқ еді… Әтіркүлдің Түлкібаста тұратын ата-анасы Сатыбалдының әке-шешесін өз ауылдарына қонаққа ертіп апара жатқандарында жарым жолда Ақыртөбе деген жерді паналап, бұққан жоңғардың бір бөлік әскері көріп, күмістелген ертоқымды ат әбзелдеріне көздері тұнып, құрқол келе жатқан пақырларды «не болдымға» жолықтырып, әйелдерін зар қақсата, жылата, бақырта шулатып, он шақты қалмақ қылышпен ерсілі-қарсылы шапқылап, қырып кеткен! Екі отбасына бүгіндері соның қайғысы да аз емес еді. Екі жақ та қаралы болатын. Осымен «ерден кетсе де, елден кетпейтін» Әтіркүл Бигелдіден гөрі өз қайнағасын іштей қалайтын еді. Ешкімге айта алмаса да, ішінен тынып, бұйығып ойлап, сол ойына өзі де бекіп болған. Бірақ күйеуінің жылы өткеннен бері қырсық дау басталып, екі жақтан төреші билер де шыққан. Ел намысы, ата намысы осындайда қозғалады. Бигелдіге қарсы келген бергі жақтың Сүгір деген ауыл ағасы, ақсақалы бар еді. Төле би келмей тұрғанда, бір атадан тараған бұл екі ауыл арасында осындай сөз қозғалып, Бигелді байдың таразысы басыңқырап тұрған. Сөз сөйлері де көп. Сатыбалдының немерелес кіші әкесі әлгі Сүгір алғашында намыс үшін Бигелдіге бірталай қарсы болған. Бірақ нәпсі құлы болмайтын пенде аз. Басында жақын келіні үшін Бигелдіге қарсы айғайды салып, сіресіп тұрған Сүгір жасырын соғым жылқыға ие болып, белі босаңси бастаған кез еді. Соғымды ашық, көрнеу бермей, бай өз жылқысының ішінен көрсеткен. Шұбарадыр деген жердегі қалың жылқыға сырт көзден жасырын бастап барып, кедей Сүгірдің көзін тұндыра аралатқан. Жалы құлағынан асқан үш жылғы ту, торы бедеу биені көрсеткенде, үстінен астыңғы иегі озған кемиек Сүгір сақалы шошаңдап: «Әп, бәлі-і-і!» – деп күліп жіберген. Тегін келіп тұрған бала-шаға нәпақасын ойлап, бетіне қан ойнап шыға келгенін өзі де аңғармаған.

 * * *

Бигелді Төле биге құры қол келмепті. Ақжібек шүберекке әспеттеп ораған «қойтұяқ» дейтін шомбал ақкүмісі бар. Алғашында Төле оның кәделі затты неге ұсынып отырғанын білмеген. Шүйде құйқасы білемделген семіз сары Бигелді алғашқы аман-сәлемнен кейін жирен бөрте сақалын қауметтей сипап, мығым, мардымси көрнеу отырып, Төлеге:

Ел ішіне келгеніңіз мұндай жақсы болар ма!.. Өзіңізді көрініп келген Қызыр деп білейін. Айбатыңызға құлдық дейін… Атаң қазақ «алмас қанжарды жұмсақ қайраққа қайрайды» деген екен… Әміріңізге ақыл, қаһарыңызды қосып, Ташкентті бір өзіңіз билеген даңқыңызды естіп жатамыз. Сол қаһарыңыздың алдында жұмсақ қайрақ бола келіп отырмын, – деп құбажондата, көтере қырқып сөйледі. 

Үлкен бидің буынын алмақ болды. Қошеметтің тұзағына ақымақтар түсетінін ойлаған жоқ. – Мына бір бұйымды, – деп қойын қалтасынан құнжындап шығарған әлгі затын жалтыраған ақжібек орамал түйінінен босатып, – үйдегі шүйкебас келініңіз ол кісіге құр-қол барғаның ұят шығар, ақсүйек қайнағаға ұялмастай жолыңмен бар – деп өзге жұртқа көрсетуге қимайтын асылын сандық түбінен алып, қойныма тығып берді, – деді де, аю терісі үстінде малдас құрып отырған Төленің алдына таман тықпалаңқырап қойды. Бірақ Төле оны қолына алмап еді. Пайданы көріп, бассалатын ол емес. Шор күміс Бигелді үшін жарым жанына тең көрінгенімен, Төлеге шыбын-шіркей құрлы. «Құдай-құран тіл үшінде, алтын-күміс жан ішінде» дейтін ол емес. Бигелді Төлеге жалтақтай қарап, айтар ойын саптай түсіп:

– Биеке! Мен өзіңізге үлкенім бар деп келіп отырмын. Көпті көріп, көзі ашылған сіздей үлкеннен үміт етпейтін кім бар? «Жақсының мейірімі – бақыт кілті» дейді екен. Кемік сүйектен, сасық еттен жаралған, қам сүт емген пенде болған соң, әр түрлі мүддең болады екен, – деп майыстыра түсіп, мұнда келіп отырған шаруасының жайын тәптіштеп айта бастады. Сөз аңғары жетім-жесірге көз қырын салып, соларды бақытты ету – мұсылманшылық парыз көрінеді. Күйеуі шейіт боп, оның үстіне өзі келін болып, оң босағасын аттап отырған ата-енесі мен өз әке-шешесін бірдей жау қырып кеткен Әтіркүл келін қайғыдан қан жұтып отырған адам екен. Соны жағалата бір айтып өтті. Төле бидің көзіне бағып, баладай жапақтап, қарай түседі.

Құрғыр «жас иіс» діңкесін құртып-ақ тұрғаны байқалады. Төле би оның түпкі ойын аңғара қойды:

– Е, сөйле, батыр. Өз ойыңды етегіңмен жауып жасыра алмайсың, – деді.

– Иә, дұрыс айтасыз. Ойындағысын жаман кісі айта алмайды. Өз тілегімді өзім айтып білдірмесем, менің сөзімді кім жеткізіп, кім білдірмек. Имандай зар шынымды жасырмай айтайын, осы бір жұмысым бітпесе, ішімнен күйреп, құлағалы тұрмын. «Құлағанның тілеуін берсең, өтеуін Құдай береді» деген бар ғой. Осы тілеуіме сіз ғана жеткізеді, сіз ғана көмек етеді, – деп келіп отырмын. Сөзімнің тоқ етері, ауылымдағы жесір отырған мұңлық келінге әмеңгер болсам деп едім. Ол келіннің тас мылқау қайнағасынан өзге лайықты ешкімі жоқ. Мен болсам, не ішем, не кием дегізбеймін. Оған дүйім елдің көзі жетеді. Ал енді маған қарсы болып тұрған Әтіркүлдің әлгі мылқау қайнағасының сөзін ұстап отырған қызай биі Есенгелді деген азамат. Жолыма сары тікен боп қадалып алған сол, сол ғана! – дей келіп бір тоқтады. 

Сары үйсін Сары бидің жиені Есенгелді мына сарнап отырған Бигелді жақтың қарсы биі Нұрманбетпен айтысқа түсіп, дау созылып келе жатқан. Тегінде мұндай даулардың, әсіресе құн дауы мен жесір дауының билері сырттан, құдайы қалыс рулардан сайланатын жайт бар. Тілі жоқ мүсәпір Сатыбалдының биі Қызайдан болғанда, Бигелді сөзін мықтап ұстаған елге мәлім Ысты Нұрманбет би болатын. Өйткені Әтіркүл сияқты жесірді жетім лақтай ғып, ешкім ұстап бере салмайды. Билер талқысынан өткізетін Төле би енді бағанадан көп сөзге қосылмай, үнсіз шеттеп отырған ыстының биіне мойын бұрып, оның бетіне бағдарлай көз салып отырып:

– Нұрманбет, сен Бигелдінің сөз сөйлері көрінесің. Жақтасыңның жас келінге әмеңгер болуын қай жағынан, қандай тұрғыдан дұрыс көрдің? – деп сұрады.

 Ел ішінде ежелден талай дауға түсіп жүрген, кесек жүзді, келбетті Нұрманбет аспай-саспай, мол буырыл сақалын салалай отырып, аз ойланып алғандай болды. Қасын өрге керіп, маңдайын жиыра тырыстырып, көзін сығырайтып, ойланғаны түптен тартпақ белгісіндей еді. «Қудың көзі қысыңқы» демекші, саясатшыл тұрпаты осы көрінісінен байқалғандай. Дауысы зор еді. Күмбірлеңкіреп сөйлей жөнелді:

– Тегінде адамға теңдік керек қой. Теңгерген жерде меңгеру бар. Тіл-көзі, он екі мүшесі сау мөлдіреген келіншекті мылқау кісіге таңу обал ғой. Және ол мылқаудың өзі дүлейлігінен «дию» атанған адам көрінеді. «Саңыраудың астына, мылқаудың қолына түспе» деген сөз ежелден бар. Оның үстіне өздері жоқ-жұтаң отбасы. Бигелдіге салғастырғанда ас-суға тарығып отырғандары белгілі. Менікі жесірге деген жанашырлық қана. Бигелді болса өзіне ұнағанды ішіп, кісіге ұнағанды киіп, жорға мініп, бәйге жетелеген адам. Әрі жесір, әрі Құдай құдіретімен тас жетім болып қалған қайғылы келінді Бигелді мырза екі ауыз жақсы сөзімен болса да, жұбатуға жарайды ғой. Өзі қасіретті әйел мылқауға зарын қайтіп жеткізеді. «Жаралы құсқа тас атпа» деген бар. Мылқауға қосылғаны қайғы үстіне қайғы ғой. Мәуілжіп тұрған жас әйелдің өмірі тордағы тотыдай болмай ма. Тас мылқауға қосақталып өмір өткізу оңай ма. Сол үшін жанашырлық білдіруді ойлаған едім. Басқа не болсын. Және соған келіннің немере қайын атасы Сүгірдің өзі де иланғандай бейім тұр. Диюдың ең етжақыны сол. Ақы иесінің өзі құптап отырған дап-дайын іске Есенгелді би жол ортадан килігіп, кедергі келтіріп тұр. Диюмен сөйлесіп, соған бұрып, ара-жікті ашып отыр! – деді.

Төле би Есенгелдінің араласқан мына әрекетіне іштей қызығып қалды. Есенгелді Төле бидің баласы Жолан мырзаның Жанар деген қызын алған немере күйеу баласы. Төле оған жауға аттанған батырлығына орай ақбатасын да арнаған болатын. Мына дау сол Есенгелдісіз шешілмейтініне Төленің көзі жетіп отыр. Осымен бүгін артық сөз зая етпей, алдымен екі бидің айтарларын бірдей тыңдап барып, сонан соң ғана Төле төбе би ретінде төрелік етуді ойлаған. Қазақтың абыз биі Нұрманбетке жауап қатпай, үнсіз ойланып қалды. Есенгелдінің мылқауға неге бұрып отырғанын таразысына салып көрді. Егер Әтіркүл нақ әмеңгері болатын, туған қайнағасын қаламаса, онда Есенгелді диюдың сөзін сөйлемеген болар еді. Тұтас қазақтың биі Төленің үндемей қалғанына қарап, рудың биі Нұрманбет іштей қымсынып отырды. Арада қымыз ішіліп, шай мен қуырдақ желініп болған кезде, Төле Бигелдіге тіл қатпай, Нұрманбетке мойын бұрған. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей:

– Сендер алдымен анау Керегетастың түбіне үй тіктіріңдер. Мұндай дауға алты арыс ел жиылуы керек. Сол елдің, араағайынның талқысынан өтуі керек. Өздерің айтып отырған әлгі келінді иттен туып, іннен шыққан адам құсатып, екі би ежіктесіп, бітіре салмақ екенсіңдер ғой. Ол да дәл өздерің сияқты адам баласы емес пе. «Сорлының азабын ешкім елемес» дегеннің керін келтіріп, сөз сөйлері жоқ байқұсты мінгестіріп әкете салмақ екенсіңдер ғой! Қалмақтан түсірген олжа емес, өз қазағың, өз бауырың ғой. Ашкөздік деген адамды апат қылатын нәрсе. Және қызбақандылық бір қырсыққа жетелемей тұрмайды. Көкпарға түсіп отырған келіннің өз аузынан бір сөз естімейінше, мен ешнәрсе айтпаймын. Осы отырған екеуің де мосқал тартып қалған адамсыңдар. «Шашың ағарса ісіңді ақ істе» деген бар. Қай-қашанда алды-арты дұрыс шөмкелделмей, іс бітпейді. Әр істің таразысы анық, өлшемі қанық болуы керек, – деп тоқтады.

… Ел жиылып болды-ау деген мезетте қасындағы бір топ үлкендермен үйден шыққан Төле жұрттың алдына қарама-қарсы жайғасты. Оның оң жақ сол жақ қасындағылар ботпай Сәмен, жаныс Өтеген және Қойгелді батырлар жанындағы өз топтарымен қалың елге қосылып, орын алды. Осыдан соң Төле бидің айтуымен жауапкер жақтың биі Нұрманбет пен даугер жақтың биі Есенгелді бері жұрт алдына шығарылды. Төленің алдыңғы жағына бір-біріне қарама-қарсы жайғастырылды. Енді осы екі биге қаратып, төбе би Төле өзі сөз бастады. Зор дауысты, тынысты үнін қарсы алдындағы өзіне ғана көз тіккен қалың елге тегіс жеткізіп:

Уа, қара орман халқым! Қазағым! Мына басы сайран, түбі ойран дүниеде көркеюдің соңы – қартаю болады екен. Онымен қоймай адамның мұқтажы өзімен бірге өседі. Айналаңа жауапкершілігің көбейеді. Майқы би «жастық «қош» демей кетеді, кәрілік «тос» демей жетеді» деп кеткен дейді. Тіпті ары айтсаң, опасыз жалғанда үміт соңы ажал ғой. Осы отырған барлығымыздың тәніміз түбінде бір топырақ болады. Бес күнгі қызыққа бола үміттеніп, дүние жинайсың. Ол қанша опа бермек. Бұрынғылар «алтын өзі шірімесе де, талай басты шірітеді» депті. Оның опалылығы сол ма? Жас кезіңде өтпестей болған өмірің тұтамдап таусылады. Баянсыз, тұрлаусыз өмірде тазалық керек. Екі би сендерге айтарым, қисық іске қыли көзбен қарамаңдар. Көңіл бірлігі келісіммен емес, түсінісуден ғой. Екі жақты жақсы ұғыңдар. Кісінің парқын білмегеннің, өзгеге парқы болмайды, соны ойлаңдар. «Жақсы би елді түзетеді, жаман би жүдетеді» деген бар. Елдің ішін түзетіп сөйлеңдер. «Жазыққа – жаза, айыпқа – бодау» дейтін, атадан қалған жол бар. Сусыз жуып, желсіз кептірем дегендеріңе мына отырған халық көнбейді. Жұртты өзіңе теңгере сөйлесең ғана меңгересің, сондықтан істің көзін, қисықтың тезін тап. «Кекесінмен кек алма, келелі сөзбен есе ал» деген бар. Қадіріңді бір сөз қашырса, мың сөз орнына келтіре алмайды, соны ұқ! Қане, осыған не дейсіңдер? Екі би алдымен жесір келінге әмеңгер болғысы келетін Бигелдінің сөзін тыңдаңдар. Мына Құдайы қалыс ағайын, сіздер де сөйлеушілердің әрбір жауабын қалт жібермей, аңғарып, ақылға, миға салып отырыңыздар, – деп тоқтады. Бигелді топ ішінен бері шықты. Билердің оң жақ шетінде түрегеп тұрып, сөзге кірісті.

Менің не айтпағым бұрыннан да белгілі. Осы отырған елдің иесі Төле би ағаға да мәлім, – деп бастап, ана кезден бергі айтып жүргенін мына жұрт алдында тағы да қайталануына тура келді. Әтіркүлге өзінен басқа лайықты әмеңгер жоқтығын, оның жалғыз туған қайнағасы тас мылқау кісі екенін тәптіштеп айта келіп. – Мен баймын, бай едім деп өзгелерге көзге ұрып тұрғаным жоқ. Бай дегенге мерейіп, мұрт-сақалы серейетін мен емес. Байлығыммен әлдіні арбап, әлсізді қармайын деп те тұрған жоқпын. Тек қана келіннің обал-сауабын ойлайтын мына қауым менің сөзімді теріс дей қоймас деген сенімім бар. Үміт жасартады, уайым қартайтады; үмітім де, уайымым да осы. Басқа не айтам. Келіннің өзі де менен теріс кетпес деп ойлаймын. Өзі мені көрсе, тік тұрып сыйлайды. Барымен сыйлағанға жаныңмен ырза боласың. Жау қолынан қырылған әке-шешесіне және ата-енесіне құран оқи барғанымда да, одан кейін де мені көрсе болды, құрақ ұшып тұрады. Мені діңкелетіп жүрген сол сыйы ғой. Ойында бірдеме бар сияқты. Енді осындайда басын ашпасақ, ол байқұс келін басымен маған не десін. Өстіп болғалы тұрған шаруаға Есенгелді деген килігіп, қыстырылып алды. Әзәзілдің ісін атқарып отыр, – деп ағынан ақтарылғандай болды. Бірақ бұныкі «ашық-жарқын әйелден антұрған еркек дәмелі» дегеннің өзі болатын. Жаралысынан ақкөңіл, ашық мінез Әтіркүл жалғыз Бигелді ғана үшін емес, бүкіл ел келіні ретінде үлкенге бас иіп тұратын. Оның үстіне Бигелді өзі жақын қайнаға емес пе. 

Төле би келесі сөзді Нұрманбет биге берген еді. Ол орнынан жайлап түрегелді де, өзінің байырғы әдетінше аспай-саспай:

– Е-ей, халайық, жұртым! Менің де қозғайтыным Бигелдінің өзі білдірген жаңағы сөз. Ой қанша шапшаң болғанмен ақылдан озбайды. Кеңесті жерде кемдік жоқ деп, ақылмен өлшеніп болған уақиғаны деректеп жүрген жайым бар. Айтпағым айдай анық нәрсе ғой; соқырға шам жағып, пұшыққа айна ұстатқалы отырғам жоқ. Қарыс жерде қаза бар, өзекті жерде өлім бар, оны да ойлап отырмын. Осы уақытқа дейін Нұрманбет би атанғалы бері жөндеймін деп бұзып алған, жалғаймын деп үзіп алған жерім жоқ. Жыртыққа жамау, тесікке тығын болғаннан өзге жазығым жоқ. Түзу жолда қисық жүріп, күн ашықта адасатын мен емес. Жай айтып тұрғам жоқ, тіл ақылдың құрбаны болсын. «Кәделі жолды атаңа да берме» деген бар. Кәдесі осы Бигелдіге тура келіп тұрғанын айтам. Онсыз да жаралы болып отырған пақыр келінді тіл-аузы жоқ, жарты адамға қосақтау қиянат емес пе. «Жаралы құсқа тас атпа» деген қайда? Кім жәбірлі болса, соның жақтасы бол деген қайда? Көңіл көзін сөз ашады. Сондықтан бүгін үлкен би Төле абызымыздың алдында айтар уәжімізді айтып қалуымыз керек. Бигелдінің өзі мылқауға қыз қалыңмалының жоралғысымен бір бесті, бір бұзаулы сиыр берейін деп отыр. Осыдан артық не істемек. Келіні үшін қайнағасына бүйтіп мал бергенді кім көрген. Менше болғанда, жесір келін осы Бигелдінің әмеңгері болуы тиіс. Ал Есенгелдінің сына болып қағылып жүргені Бигелді мырза айтқандай, араға кірген бүлгіншілік деп білем. Менің айтарым осы, – деді. 

Төле би:

– Ал қарсы жақтың биі, сен тұр! – деді. Қолының басы кішігірім күректей, биік қапсағай денелі, сары қызыл жігіт мұнан бұрын да дау бітіріп жүргенін мына отырған ел біледі. Қалың жұрт енді осының аузын бағын қалған. Орнынан лып етіп түрегелген Есенгелді іркілместен сөйлей жөнелді:

– Қош, ағайын! Мен айтсам, арына сенбей, барына сенген, өркөңіл мырзалардың сөзін емес, жетім-жесірдің, қайғылының сөзін айтам. Осы жұрт алдында әділдік іздеп айтам. Достықта қожа мен құлдың құны бір деп, өзіммен құны бірдей, бейбақтардың арызын айтам. Мен өзімді бимін демеймін, оларды өзімнен кем қойып отырғам жоқ. Бастарын басыммен тең санап отырмын. Оның зары – менің зарым деп айтам. Тілі жоқ Сатыбалды дәмелі болғанымен, дәрмені жоқ адам. Ашық дауға да түсе алмайды. Сонысын біліп, мен оның өзімен әбден сөйлесіп, ой-пікірін анықтап болғанмын. Тілі жоқ болғанмен құлағы сау кісідей еститін адам. Айтқан сөзіңнің бәрін жақсы тыңдап, жауабын ыммен айтып жеткізеді. Соған сай, Бигелдінің сөз сала бастағанын естігелі жесір келіннің өзі де, туған қайнағасын қорған көре бастағаны білінді. Оның үстіне басы дауға түсіп отырған Әтіркүл де ата-енесінің отын өшіргісі келмейді. Әсіресе өз әке-шешесінің. Ырзалықпен берген жерін қимайтынын, өлген күйеуінің отбасын, әруағын сыйлайтынын зарлап айтып отыр. Енді осыдан артық не керек. Қандай дәлел керек. Сатыбалды болса Бигелді мырза құсап, өзі дауға түсе алмайды. Тісін қайрап, ішінен тынып отыр. Атамыз қазақтан қалған «жетімді қақпа, жер күрсінеді» деген ұлағат бар. Бұлар жыласа, екі жақтың да жау қолынан қызыл қанға боялып өлген әке-шешелерінің рухы не болмақ! Мәселен өзіміз өлген соң, артқы жағымыз шулап, жылап жатса, рухымыз қандай болар еді. Міне, мен осы үшін Бигелді мен Нұрманбет биге де, жек көрініп отырмын. «Дауың жоқ болса, кепіл бол» деген рас. Мына кісілер мені бүгінге дейін кепіл орнында, басы артық адам орнында көріп келе жатыр. Бірақ «дорбасында не барын дәруіштің өзі біледі» демекші, Бигелді мырза да, Нұрманбет би де өз дорбаларында қаншалық құнды нәрсе барын іштерінен өздері өлшеп-біліп отыр. Сөйте тұрып, көз жұмғандары қалай?! Ойламай айтсам да, көздемей атсам да менікі жөн деп, сөздерін күшпен таңып, өткізгелі отырғандарын не деп білесіздер? – деп келгенде, былайғы тыңдаушы жұрт өзара күбірлесіп кетті. Аңғары мұнан артық не дәлел керек дескендей. 

Төле жұртты тыныштыққа шақырды. Есенгелді сөзін жалғай түсті:

– Бұл олай-бұлай бұрылмай, мен құрған қақпанға төтелеп келіп, өз аяғыңмен түс дегеннің кері. Ал, Сатыбалды мен оның жесірі Әтіркүл екеуін үйлескен өз тағдырлары қосқалы отыр. «Тағдыр түйген түйінді ешкім шешпейді» деген бар. Және тілмен байланған тіспен шешілмейді, екеуінің сөзі бір. Мен басын ашып айт деп сұрағанымда, Әтіркүл көз жасы моншақтап отырып «тілі жоқ болса да қайтейін, маңдайыма жазылғаны шығар… Ана шалдың кемпірінің үстіне тоқал қатын атанғанша, дию қайнағаның етегінен ұстағаным жөн ғой деймін» деп тоқ етерін бір-ақ білдірді. Ділдің сыздағанын – тіл білдірмей тұрмайды ғой. «Қайғылы жүздің зарығы бар, қайғысыз жүздің жарығы бар» дегендей, екеуінің өз тағдырынан қорыққан зарығы да, көмек күткен өтініш-тілегі де, барлығы түр-түсінен көрініп тұрды. Адам баласынан пана іздейді. Бірінші Құдай, екінші осы отырған халық пана болыңыздар! Бигелді мырза мен Нұрманбет бидің сөздері жасама жалған. Итмұрынды тізгенмен моншақ болмайтынындай, өтпейтін сөз бекер ғой, – деп тоқтады. Отырған жұрт дабырласып кеткен. Төле би қалың жиынға бірден тоқтау салмай, біраз еркіне жіберіп, үнсіз отырды. Ә дегенде, ой толқындарын тоқтата алмай, әркім өз маңайындағылармен, жан-жағындағыларға сөз салып, дүрілдесіп, даурығысып кеткен. Сәлден соң барып, ана жақта билер бары естеріне түскендей. Бір-бірін тыныштыққа шақырысып, сабаларына түсейін деді. Біртіндеп Төле бидің аузын бағыса бастағандары байқалды. Бірақ Төле би шешім айтпады. Өйткені Есенгелдінің жаңағы дәлелдері анықталуы үшін, Әтіркүл мен Сатыбалдыға дәл қазір, осы жердің өзінде төрт қалыс жіберілетін болды. Ел үнсіз аңырып, отырып қалғанда, төбе би куәлікке баратын қалыс кісілердің жайын даналай түсіп:

– Ал, ағайын! Екі жақтың да жауаптарын естідіңдер. Осында төрт көздерің түгел отырғанда іс беті анықталсын. Сөзді бұрмайтын адамдар барсын. Өтеген, Қойгелді, Сәмен үшеуіне орталарыңнан тағы бір адам шығарыңдар. Батырларды іріктеп отырғаным – батырлық деген білекте ғана емес, жүректе, – деді де, төрт кісіні көз алдыларында аттандырып жіберді. 

 Арада бір шайқататымдай уақыт өтер-өтпесте, Әтіркүлдерге жұмсалған құдайы қалыс кісілер де қайта оралып келген. Айтуларына қарағанда Есенгелдінің жауабы айна қатесіз дұрыс болып шықты. Бигелді мен Нұрманбет бидің әуселелері белгілі болып қалған. Қорытып қайтқан жауаптарын Қойгелді батыр қысқа түйіп:

– Айдай-анық, басы ашық нәрсе екен. Осы бетпен кете берсе, соңы қауіпті болғандай. Өйткені мылқау «келінімді зорлықпен әкеткендеріңді көрсем, қан төгемін» деп, күндіз-түні пышақ қайрап отырады екен. Ал, келіні болса, ол да «ата-енемнің, Құдай қосқан ерімнің отын өшірмеймін. Дию қайнағаның тілі жоқ дегені болмаса, ана қайнаға шалдан (Бигелдіні айтқаны) ақылы әлдеқайда артық» деп мұң шағып жылады. Айтқанын қайнағасы да естіп, күрсініп отыр. Мұнан артық не дәлел керек деді. Бұны естігенде Төле би әсіресе, Бигелдіге ашуы келді. Өлермен жансебілдігіне күйінді. Әрі салмақты, әділ оймен толғанар жерде бәлеге ұрындырар ағат билікке кеткен Нұрманбетке де іштей қатты кейіді де, дауысын қатты шығарып:

– Міне, ағайын, көріп отырсыздар! «Болмашы істен болжаусыз бәле шығады, елеусіз істен есепсіз бәле шығады» деген осы емес пе. Сақтық қорқақтық емес, тәуекелдік ерлік емес. Мылқаудың пышағына түсіп, жайрап жатқандарың жақсы ма?! Ондай адамға сот та жүрмейді. Адам өз қалпынан асқан күні бәлені басқан күні болады. Мылқау өз келінінің ақы иесі. Оның үстіне әмеңгерлікке келіні өзі ықтияр болып, өз бастарына азаттық тілеп отыр. Тиесілі өз орындарында тыныш отыра алмағандарына жылаулы. Тілі жоқ адамның ішінде не барын қайсың білесің. «Мылқауды ғашықтық қинайды» дегенді қазақ кемеңгерлікпен айтқан. Өмірге әділдік керек екенін өлеріңде ойлағаннан пайда жоқ. Шындық бет жыртпай тұрмайды. Нұрманбет би, сенікі «хан азарында қарашамен қас болады, қазы азарында қайырсыз баймен дос болады» дегеннің кері болған. Ал Бигелдінікі «бетімнің қалыңдығы – жанымның рахаты» дегеннің өзі. Артқы елге, кейінгіге үлгі болсын деп, қатты айтам. «Күміс күнге қонса, алтын іздеп барады» дегеннің керін келтіріп, бай досың тілек еткен екен деп, алтын басыңды күміске бодау қылғаның жарамайды. Көпшілікке айтарым «сүймегенге сүйкенбе, бағаң кетеді, мың ділдалық басыңды бақыр етеді». Ал, жап-жас би Есенгелді болса, осы істен үлкен сауап тауып отыр. «Дүниені барласа, қарттан сұра, дүниені шарласа жастан сұра» деген осы. Бала кездерінде нағашы аталары Сарыүйсін сары биді паналап келіп, «үш жетім атанып» еді. Қараша үйде туған баланың қазы атанбасына кім кепіл. Міне, енді ат жалын тартып мініп, ел-жұртқа әділдік-билік көрсетіп отыр. Әтіркүл деген келін ақылды адам екен, менен сәлем айта барыңдар. «Қыз жақсысы – қисық лашықтан табылады» деген осындайдан. Жаны ашығандарың молда апарып, ақ некелерін қиып, үй ғып қойыңдар. Соның өзінен үлкен сауап табасыңдар. Атаң қазақ «құлыны өлген қулыққа – тай телісе зорлық-ты. Ботасы өлген інгенге – нар телісе зорлық-ты» деген. Айтуларыңша, мөлдіреген жас жесірге ұлы-қызы ержетіп, ауыл-ауыл болып кеткен қартаң кісіні лайық көру зорлық болады. Жас келіншек кемпірмен күндес болу оңай ма?!

Қорыта айтарым, Бигелді де, Нұрманбет те адам пендесі ғой. Көңілдеріне бір әзәзіл кіріп, адасқан шығар. «Адасқанға ашылмаған есік – әділетке ашылмайды» деген бар. Әр айып сайын жазалы болса, дүниеде таза пенде қалмайды. Мен ешкімге жаза кеспеймін. Қазақта төбе би жұмыс бітіргендігі үшін екі жақтан да ақы алады. Ол тұрмақ, айтысқа түскен екі би де екі жақтан ақы талап етеді. Меніңше болса, осының өзі дау қоздыратын нәрсе. Өйткені қанағатсыз би аузын үлкен ашады. Дау өршиді. Біздің көзіміз тіріде осыны жоғалтуымыз керек. Осыдан бастап тіпті, құн дауының билігінде де, ешкім, ешбір би ақы үшін айтысқа түспесін. Осыны «Төле би салған жол» деңдер! – деп сөзін аяқтады.

Жанат Ахмади

Back to top button