Беласқан жол, жол ашқан жоба

Беласқан жол, жол ашқан жоба

Беласқан жол,  жол ашқан жоба
ашық дереккөзі

 Қаймана халықтың сауда-саттығын қыздырып, мал-мүлік, шұға-жібек, шәй-секер айырбасын қыздырған «Ұлы Жібек» жолының танабы еді сайын дала. Уақыт өте келе, базары басқаша қайнап, кеңестік кезеңнің алыс бір ауданындағы сары дала боп күн кешті, мал шаруашылығын күйттеп, мұнайын сапырған оқшау облысқа айналды. Тәуелсіздік лебі бас тізгінге басқалардың иелік етуін шектеп, өз қамын өзі жасауға ерік берген соң, Маңғыстаудың маң даласын жаңалықтың жаңа самалы шарпыды, ертеңге деген екпін үдей түсті. Бұрын «тоғыз жолдың торабы» атанған Маңғыстаудың Бейнеу өңірі өткен жылдан бастап жаңа қуаныш, жаңа бастама ордасына айналды. Яғни, Бейнеуден Жезқазғанға қарай темір жол құрылысы басталды. Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы, Ақтөбе облысының Шалқар, Байғанин аудандары, Қызылорда облысының Арал ауданы мен Қарағанды облысының Ұлытау аудандары арқылы өтіп, осы облыстарға қарасты бірнеше кенттердің үстінен өтетін жол құрылысы біраз жанға жұмыс та­уып, талай қаракөз қазақ баласының нәпақасын айырмақ. Ұзындығы 988 шақырым қашықтыққа созылатын теміржол құрылысының құны 502,2 млрд. теңгеге жобаланған. Құрылыс жұмыстарына 11 мыңнан астам жұмысшы жұмылған нысан іске қосылған соң 3 мың адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынады. 

Қытай-Баку-Ақтау – порты Грузия-Түркия-Еуропа мемлекеттерін жалғайтын транзиттік жолдың бір сілемі болып табылатын темір жол жылына шамамен 21,3 млн. тонна жүк өткізеді деп болжануда. Сондай-ақ, Қытайдан Еуропа елдеріне дейінгі тасымалдану мерзімін 40 күннен 12 күнге дейін қысқартып қана қоймай, Ақтау теңіз порты арқылы батыс өңір мен Азия елдері арасындағы қашықтықты 1200-ге жуық шақырымға азайтып, Қытай, Кавказ және Еуропада тасымалданатын жүк көлемін 30-дан 50 пайызға дейін арттыратындығын айтады мамандар. 

Бейнеу мен Шалқар арасы 500 шақырымды құраса, осы екі беттен басталған жол құрылысының түйісер тұсы – Тассай жері. Бейнеуден есептегенде 274 шақырымды құрайтын, құны108 млрд. теңге қаржы тұратын Тассайға дейінгі жол құрылысы жұмыстары қазір қарқынды жүруде. Мұнда мердігер 10 мекеме 100-ге тарта техникасын, 1000-нан астам жұмысшысын шоғырландырған. Жұмыс жүргізу «Теміржол жөндеу» ЖШС-не сеніп тапсырылған. Өйткені бұған дейін «Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» теміржолы құрылысын сапалы және дер кезінде салып берген серіктестіктің тәжірибесі мен Маңғыстауға шоғырланған базасы біраз жеңілдіктер беретіні белгілі. Бейнеу мен Шалқар аралығында Алтай, Теректі, Ноғайты, Сарша, Жарқұм, Тоқсанбай, Сәңкібай, Сағыр разъездері мен Сам, Тұрыш, Құрсай, Тассай стансалары ашылып, биіктігі 7 метрлік он көпір салынады. Ауылдағылардың қора ұстап, ірілі-ұсақты мал айдамайтыны жоқ. Сондықтан темір жол бойынан арнайы мал өтетін өткелдер салу да назардан тыс қалмаған. 

–Жердің құрылыс мен қыртысы біркелкі емес, жұмыстың қарқындылығына осының бәрі үлкен әсер етеді. Мысалы жал-жал сары шағылдары білмейтін жанды адастырып-ақ жіберетін Сам құмында жол салудың біраз қиындықтарына кезіктік. Енді тегістікке тұяқ іліктірдік, жұмысты айтарлықтай өндіріп аламыз деген ойымыз бар. Жоспар бойынша күніне екі шақырым жол салу міндет, бірақ жер ыңғайлы болса, біз 2 шақырыммен тоқтап қалмай, өнімділікті арттыруға күш саламыз,– дейді «Теміржол жөндеу» ЖШС басқарма басшысы Жайықбай Жұмағазин. Ж.Бектұрғанұлының айтуынша, теміржол құрылысына негізінен Қазақстанда өндірілген материалдар қолданылуда екен. 

«Бейнеу-Жазқазған» теміржолы экономикалық тұрғыда тасымал мерзімі мен көлеміне ұтымдылық танытумен қатар, жолаушылар үшін де тиімді болмақ. Бұған дейін Алматыға үш күн жүріп келетін маңғыстаулық жолаушылар енді Бейнеуден Шалқар, одан әрі Қызылордаға жетіп, Алматыға екі күнде жетіп бармақ. 

Темір жол құрылысықазір Бейнеу ауданының Ноғайты ауылына жақындап қалды. Биылғы жылдың соңында Тассайға барып, Шалқардан шыққан әріптестерімен теміржолды түйістіру үшін ұмтылуда. Қонақжай, бауырмал қазақ халқының пейілі кең ғой – жұмысшылар Сам өңіріндегі жергілікті тұрғындармен етене араласып, еңбек көрігін қыздыруда. Қиын міндетті мойнына артқан азаматтар жол құрылысын айтулы мерзімде бітіріп, ел игілігіне ұсынатынына сенім мол. 

Дайындаған Асыл МҰРАТТАС