Атырау қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, оған 5000-нан астам тұрғын белсене қатысты.
Ауқымды іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов ашып, бұл бастаманың табиғатты қорғаудағы, қоршаған ортаны таза ұстаудағы және ұрпаққа жасыл мұра қалдырудағы маңыздылығын атап өтті.
Сенбілік аясында Жайық өзенінің оң және сол жағалауындағы 14 учаске, сондай-ақ қаланың түрлі аумақтары қоқыстан тазартылды. Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еріктілер, жастар ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпорын өкілдері жұмылдырылды.
Жалпы тазалық жұмыстарына 85 арнайы техника – оның ішінде 10 жүк тиегіш, 45 КамАЗ және 30 автобус тартылды. Қатысушылар таңғы 8:00-де Сұлтан Бейбарыс алаңында жиналып, арнайы автобустармен тазалау учаскелеріне жеткізілді. Нәтижесінде 50 тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар мен 3000 текше метрден астам құрылыс қалдықтары қала сыртындағы полигондарға шығарылды.
Сонымен қатар, қала келбетіне сай келмейтін ескі ғимараттар мен бос тұрған үйлер сүріліп, маңайы ретке келтірілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс көлемінде 95 сенбілік ұйымдастырылып, оған 57 мыңнан астам адам қатысқан. Нәтижесінде 2274 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 37 877 түп ағаш көшеттері отырғызылған. Ал экологиялық бақылауға арналған @TazaQazBot телеграм чат-ботына 184 өтініш түсіп, олардың басым бөлігі орындалған.