ПАРИЖДЕ ТАНЫСТЫРЫЛҒАН ҚҰЖАТ

  15 қазанда Париж қаласында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Р.Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Атқарушы комитет жұмысына қатысты.

ҚР делегация жетекшісі Атқарушы комитеттің соңғы отырысынан (2013 ж. 7 мамыр) кейінгі кезеңдегі атқарылған жұмыс туралы, сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» көрмесіне шетелдік қатысу бойынша жұмыс тобының қызметі туралы, Қазақстанның ХКБ алдындағы міндеттемелерді орындауы және Көрмені ұйымдастырудың құқықтық негіздермен қамтамасыз етілуі туралы толық ақпарат жеткізді.

Жалпы, «ЭКСПО-2017» Комиссары қазақстандық тараптың Көрмені сапалы дайындау мен өткізу бойынша тиісті шараларды тиімді жүргізіп жатқандығын атап өтті. 

Сонымен қатар, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ өкілдері қазіргі уақыттағы жұмыстың желісін, оның ішінде Тіркеу құжатының дайындық деңгейін және оның Көрме тақырыбы, іскерлік жоспар, коммуникациялық жоспар, коммерциялизациялау жоспары, қаржы жоспары және көрмеден кейінгі қолдану сияқты тармақтарымен таныс­тырды. Компанияның алдағы уақыттағы жоспарлары да талқыланды. 

Таныстыру қорытындысы бойынша Атқарушы комитеттің басшылығы мен мүшелері «ЭКСПО-2017» көрмесінің дайындық деңгейіне оң бағасын берді.

2014 жылдың маусымында 155-ші Бас Ассамблея отырысында Тіркеу құжатын мақұлдау, «ЭКСПО-2017» көрмесін ресми мойындау және ХКБ-ның туын алу жоспарлануда.

 Ж.Баққондыұлы

Back to top button