«Нұр Отан» қоғамға жақындай түспек

«Нұр Отан» қоғамға жақындай түспек

«Нұр Отан» қоғамға жақындай түспек
ашық дереккөзі
262

«Нұр Отан» партиясы елдегі жетек­ші саяси күш ретінде қара­пайым халықтың мәселелерін нақты ше­шудің тетіктерін қолға алмақ. Партия қоғаммен байланысты нығай­тумен қатар, басты бағдарлама – жем­қорлықпен күресті әрі қарай жалғас­ты­рады. Ол үшін бастауыш партия ұйымдары мен қоғамдық қабылдау бөл­мелерінің жұмысын және партия фракцияларының жұмысын күшейту қолға алынбақ. Еліміздегі бас партия жастар саясаты мәселесіне де ерекше көңіл бөледі. Бұл туралы жақында партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің қаты­суымен өткен алғашқы селек­тор­лық кеңесте кеңінен сөз болды. Кеңей­тілген жиынға партия хат­шы­­лары, партия кураторлары, Мәжіліс депутаттары және Орталық аппа­рат жетекшілері мен облыстық фи­лиал төрағаларының бірінші орынба­сар­лары қатысты.

«Нұр Отан» пар­тиясының Төра­ғасы Нұрсұлтан Назар­баев пар­тия Саяси Кеңесі бюро­сының отыры­сында жетекші әрі бүкіл халық алдындағы жауапты саяси күш ретінде «Нұр Отанның» алдында қазіргі күні аса маңызды міндеттер тұрғанын атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысы «Нұр Отанға» қазақстандықтарды Бес институционалдық реформаны және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыруды, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуын тиімді бақылаумен қамтамасыз етуді, сонымен қатар, қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтауға ықпал етіп, барлық туындайтын мәселелер бойынша халық­пен белсенді жұмыс жүргізуді тапсырды. Елбасы жүктеген маңызды тапсыр­маларды орындаудың жос­пары партияның селекторлық кеңе­сінде айқындалды. Партия Төра­ғасының бірінші орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды тия­нақты жүзеге асыру үшін жаңа әрі нақты міндеттерді атап өтті.

«Нұр Отан» партиясы Төраға­сы­ның бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов: «Нұр Отан» партиясының атқаратын қызметі – ол бюджеттің тарапынан, мемлекеттік мекемелердің тарапынан атқарылып жатқан әртүрлі бағдарламалардың орындалуын бақылау әрі бағалау болмақ. Егер де біз осы бағыттарды жүйелеп, жолға қоятын болсақ, онда халықтың партияға деген көз­қарасы өзгеріп, билікке де­ген сенім артады», – деді.

Пар­тия алдында тұрған тағы бір маңыз­ды міндет қоғамдық қабылдау бөлме­лерінің белсенділігін арттыру болмақ. «Жыл өткен сайын қоғамдық қабылдауларға мұң-мұқтажын айтып келушілердің арта түсуі «Нұр Отанға» деген халық сенімінің бір көрсеткіші. Алайда ендігі жерде біз істің нәтижелілігін тек келіп түскен өтініштер көлемімен ғана емес, қарапайым тұрғындар мәселелерінің қаншалықты түбегейлі шешімін тапқанымен өлшеуге тиіспіз. Ол үшін ең алдымен арыз-шағымдардың түп-төркініне үңілген жөн. Яғни, белгілі бір өтініш қандай себеппен түсті, бұл қандай орган жұмысының кемшілігі дегенді анықтап, соған сай халықтың мәселесін нақты шешудің тетіктерін іске асыру қажет», ̶ деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. Яғни өз деңгейінде берілген құзыретіне сәйкес атқарушы органдардың жұмысы да бағаланады деген сөз. Осылайша «Нұр Отан» билеуші саяси күш ретінде азаматтарды толғандырған мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, сондай-ақ, халықпен тұрақты байланыс орнатып, жұртшылықтың сенімін арттыру арқылы партия­ластар қатарын одан әрі ұлғайтуды жал­ғастыра бермек. Жиын бары­сында жастар қозғалысының ел тір­шілігіне етене араласуы туралы кеңі­нен сөз болды. Жастар жаңа сапа­лық мазмұнға ие нәтижелі жұмыстармен айналысуы керек екендігі айтылды. Осыған орай «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын жетілдіру мақсатында өңірлердегі «Жас Отан» белсенділерінің жаңа бағыттағы жұмыс жоспарлары мен тың идеяға толы ұсыныстарын жинауға бір ай мерзім белгіленді. Бұл міндет өңірлік филиал басшыларына жүктелді. Бұл ретте ең алдымен жастар өміріндегі қазіргі күндегі ең басты мәселелер зерделеніп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастарды жұмыспен қамту, білікті­лі­гін арттыру, кәсіпке баулу т.б мәселелер жүйеленуге тиіс.

Сонымен қатар, селекторлық кеңесте Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы жұмыстарды жетілдіру, партиялық бақылауды күшейту мәселесі де жан-жақты айтылды. «Нұр Отан» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің іс-қимылын арттыру мәселесі көтерілді. Алғашқы селекторлық кеңесте жалпы саны 5600 бастауыш ұйыммен бірлескен іс-қимылды одан әрі жандандыру шаралары нақтыланды. Ұйымның халықтық партия ретіндегі ұстанымын қамтамасыз ету үшін жергілікті жерлердегі құрылымдарына тиісті жағдай жасау, соның ішінде бастауыш ұйымдар басшыларының біліктілігін қайта қарау, оларды арнайы семинар тренингтерден өткізу туралы тапсырма берілді.

Серіктес жаңалықтары