ӨТЕМБАЕВҚА ҚАТЫСТЫ СОТ ҚАСКЕЛЕҢДЕ ӨТЕДІ

ӨТЕМБАЕВҚА ҚАТЫСТЫ СОТ ҚАСКЕЛЕҢДЕ ӨТЕДІ

ӨТЕМБАЕВҚА ҚАТЫСТЫ СОТ ҚАСКЕЛЕҢДЕ ӨТЕДІ
ашық дереккөзі

Талдықорған қалалық сотында
саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деп сотталған
парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың ісін қайта
қарау бойынша алдын-ала сот тыңдауы басталды. Жабық түрде өткен сот процесіне
Алтынбек Сәрсенбайұлы мен онымен бірге қаза тапқан екі серігі – Бауыржан
Байбосын және Василий Журавлевтің, Ержан Өтембаевтың туыстары және саясаткерлер
қатысты. Бұл отырысқа Өтембаевтың өзі де жеткізілді. 

Ресми жүргізілген тергеу
қорытындысына сүйенген сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының бұрынғы
жетекшісі Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған.
«Кісі өлтіру» қылмысын жасаған деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам
Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген еді. Ал 2013 жылдың 20-желтоқсанында
бас прокуратура “Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев
тапсырыс берген” деп мәлімдеген. Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012
жылдың сәуір айында Жоғарғы сотқа жүгініп, Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге
тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік
комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен. Бас прокуратура 2013
жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге 
сүйеніп, Жоғарғы сотқа Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот
үкімін қайта қарауды сұраған. Ал Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты
үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық
қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.

Алайда, белгілі саясаткерді
өлтіруге тапсырыс бергені үшін сотталған Е.Өтембаевтың ісі 22 қаңтарда Қаскелең
қаласында жабық түрде өтетін болды. Дегенмен, істі қайта қарау кезінде Алтынбек
Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбай судья Берікжан Байжүнісовтің сотты
жүргізуіне қарсылық білдірді. Себебі, судьяның Рысбек Сәрсенбаймен оның қайтыс
болған әйелі жағынан туыстығы бар екен. Осылайша айыптаушы тарап істің ашық
өтуін қаласа да, бірақ сот өтінішті қабылдаған жоқ.

Естеріңізде болса, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы2006 жылдың
ақпанында екі серігі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда
жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Динара Дүрмән