Батырдың батырлығы қаруынан

Батырдың батырлығы қаруынан

Батырдың батырлығы   қаруынан
ашық дереккөзі

 Қазақ даласы басынан талай жаугершілік заманды өткерді. Найзаның ұшымен, білектің күшімен киелі еліміз мен жеріміздің біртұтастығы мен ауызбірлігін сақтап, қорғаған хас батырлардың арқасында қазақ халқы тарихта аман сақталып қалды. Бес қаруын асынып, елдің мызғымас тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен жаужүрек ерлердің бірінің атын білсек, бірін білмейміз. Бір білетініміз, батырлық замандарда ерлер жанынан тастамайтын бес қару. 

Ер қаруы болған бес қаруға не жатады? Бір қарағанда, бес қару – бес түрлі қару деген мағына береді. Ал, оның астарына үңілетін болсақ, мынадай сұрақтарға жауап іздеріміз хақ: Қару дегеніміз не? Қарудың қандай түрлері бар? Қару кісі өлтіру үшін жасалған ба әлде, ол тек қана қорғаныс құралы ма? Біздің түсінігімізде, бес қару дегеніміз адамның әбден пісіп-жетілген, кемеліне жеткен бес қасиеті. Олар – рух, күш, еңбекқорлық, қажыр-қайрат және махаббат пен сүйіспеншілік. 
«Ер қаруы – бес қару» дейді қазақ мақалында. Ел аузында ер жігітке сын сағатта қару болған жарақтар түрліше аталып жүр. Алыстан шолып, аңдысуға немесе бетпе-бет келіп, алысуға байланысты қару түрлері де әртүрлі болғаны белгілі. Мәселен, профессор Н.Уәли ұзақ жылдар бойы жасаған «Бұрынғыдан қалған сөз» атты этнолингвистикалық зерттеуінде аталған қару түрлерін төмендегіше түсіндіреді. 
Есте жоқ ықылым заманнан ел есінде қалған ескі жырларда бес қару тіркесі жиі кездеседі: 
Берік сауыт кигізді,
Садағын сала байланып.
Ер қаруы – бес қару
Бесеуін тамам ілгізді.
«Құбығұл» 

Әрине, қазақта бұдан артық қару-жарақ болмаған деуге келмейді. Қазақта не көп, қару көп. Алайда, оның бәрін қарудың қатарына жатқыза беруге әсте болмас. Бес қару деп тартыспақ (садақ), атыспақ (мылтық), шанышпақ (найза, сүңгі), шабыспақ (қылыш, алдаспан, селебе), салыспақ (шоқпар, айбалта) сайыс­тарында, жекпе-жекте жұмсалатын қаруларды атаған. Айталық, эпос, ертегі сюжеттерінде: «Алыспақ керек пе, шабыспақ керек пе? Атыспақ атамның арғы төрінде қалған, шабыспақ керек», – деп келетін тұрақты сөз орамдары – жекпе-жек сайысына байланысты айтылады. Сол сияқты бес қарудың ел арасында айтылатын нұсқалары көп. 
1899 жылы Орынбордан шыққан «Сборник киргизских пословиц» деп аталатын жинақта «Ер жолдасы – бес қару» деген мақалды келтіре отырып, оған жинақ авторы 1. Пышақ. 2. Найза. 3. Қылыш. 4. Садақ. 5. Мылтық тәрізділерді жатқызады. Тағы бір қызығы, осы кітапта бес қарудың тағы бір нұсқасы жазылған. Онда бес қаруға: 1. Пышақ. 2. Таяқ. 3. Біз. 4. Шақпақ. 5. Жіп тәрізді тұрмыстық заттарды жатқызады. Тегінде, бұл нұсқа көне дәуірдегі аңшылық кәсібіне байланысты айтылса керек. Бес қарудың ішінде мылтық пен қы­лышқа, әсіресе, қылышқа сыбаға қылу сал­тының болғандығын аңыз-әңгіме, байырғы жырлардан кездестіреміз. Қылышын мадақтап, оның суарылуы мен тойтарылуын айтып, «бір сыбаға қылғаны» туралы белгілі этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың жазбаларында мынадай көркем жыр жолдары бар:

Тойтаруына шыдамай,
Тоқсан шәкірт мойыған.
Суаруына шыдамай,
Айдын көлдер құрыған.

Батыр қылышын «Айдынына шыдамай, ай бұлтқа сынған, көруіне шыдамай, күн бұлтқа сынған» деген бейнелі сөзбен дәріптейді. Кей жырларда батыр қару-жарағын дұшпанына айбарлы көрсету үшін селебе мен қылышына, тіпті егеуіне дейін мадақ айтады. Мәселен, «Әлібек» ертегісінде: 
Егеуіне келгенде,
Елу ұста жиналған.
Таптауына келгенде,
Тамам ұста жиналған, – делінген. 

Қазақтың әртүрлі аңыз-әңгімелерінде батырдың бес қаруы түрліше сипат алады. Жыр алыбы – Жамбылдың пірі саналған Сүйінбай Аронұлының жырында «қылыш, алдаспан, сапы селебенің жетім құрыш қылыш» деген сөз орамдары ұшырасса, «Орақ-Мамай» жырында «сағасы алтын нар болат» деген әдемі теңеуді көзіңіз шалады. Ал Шашубай ақын «Жеті қат жерден өткен зұлпықардай, Қашауым қара тас­ты кетті іреп», – дейді. 
Ел аузында «Жиренше шешен айтты» деген аңыз-әңгімелердің бірінде: «Жәнібек хан тағы бір әңгіме үстінде: – Бұл дүниеде кімнің төрт құбыласы тең болмақ? – деп сұрайды. Сонда Жиренше шешен: – Бұл дүниеде жүйрік аты, қыран құсы бар, өзі сұлу, мінезді қатыны, бес атар мылтығы бар жігіттің төрт құбыласы тең болады, ханым, – депті. Бұдан асқан жауапты естімеген Жәнібек хан ерекше ризашылығын білдірген екен. Сол сияқты көне грек тарихшысы Геродот жазып, қалдырған скифтердің ертедегі бір аңызы еске түседі. Елу жыл бойы жорықта жүрген скиф жауынгерлері еліне қайтып келе жатады. Ұзақ жылдар бойы ерлерінен хабар болмаған әйелдері өздерінің соқыр құлдарымен тұрып, олардан бала туады. Скиф жауынгерлері елдің шетіне жеткенде құлдан туған, есейген ұлдар оларды елге жібермей, соғыса бастайды. Ұзақ айқасқан скифтер оларды жеңе алмайтын болған соң, айқасты тоқтатып, өзара кеңес құрады. Сонда бір ақылгөй қарт жауынгер мынандай кеңес берген екен: «Ей, скиф жауынгерлері, осы біз не істеп жүрміз, Біз өз құлдарымызбен соғысып жүрміз, біз қарумен соғысқан соң, олар өздерін бізге тең санап, азат адам санап жүр, сондықтан жеңіліс бермейді. Біз найза, жарақтарымызды тастап, оларға қамшы алып шығайық. Егер біздің қару орнына қамшы алып шыққанымызды көрсе, олардың өздерінің құл екені естеріне түсіп, оны мойындап, қарсыласуға шамасы жетпейді» деген екен. Скифтер бұл кеңесті мақұл көріп, құлдарға қамшы алып шығады. Қамшыны көрген құлдар сескеніп, айқас туралы ұмытып, қаша жөнелген екен. Міне, бұл аңызда скифтер қамшыны жауынгерлік қару емес, құлды бағындыратын құрал ретінде пайдаланғаны жөнінде анық айтылған, оның осы мәні құлдан туған ұлдарға өздерінің құл екенін есіне түсірді. Көшпелі халықтың жауынгерлік этикасын дұрыс түсінбегендіктен, Ресей ғалымы А.П.Бородовский бұл аңызға сүйеніп, скифтер қамшыны соғыс құралы ретінде қолданған деп теріс тұжырым жасайды. Бірақ өзі аналог ретінде Ертедегі Спартада да құлдар көтерілісін спарталықтар жауынгерлік қарумен емес, қамшымен басқанын, яғни құлдарға қару емес қамшы қолданғанын мысал қылып келтіреді. Дәстүрлі қоғамда затты қолданғанда оның символдық мәні ескеріліп отырады. Жауынгер скифтер мен спарталықтар үшін құлдарды өздеріне теңеп, олармен қару алып соғысуы қаншалықты мүмкін емес болса, өздеріне тең, азат әскери адамға қамшы жұмсау соншалықты мүмкін емес. Қазақтарда да қамшы әскери қаруға жатпайтынын 19-ғасырда Ш. Уәлиханов та жазып кеткен. Шығыс бейнелеу өнерінде де айқас кезінде қамшы қолданған жауынгерлер бейнесі кездеспейді. Әрине, адам өзін-өзі қорғауда немесе кісі өлтіруде тұрмыстық затты да, егіншінің, малшының құралдарын да, тасты да, пайдалана беруі мүмкін, бірақ әр кәсіби істі кездейсоқ зат емес, тек кәсіби құрал ғана сипаттайтынын  ескерсек,  малшы құралы – қамшыны  ер   қаруына   жатқызу қателік. Қамшыны батырлар ғана емес, атқа  мінген  әр адам  (әйел, еркек, жас, кәрі) және мал баққандардың бәрі ұстанған. Қамшыны, әдетте, малды және құл иеленуші қоғамда мал санатында есептелген құралдарды ұру үшін пайдаланды. Қазақтарда да, басқа халықтарда да қылмыс жасаған адамға қамшымен дүре соғылатын. Сондықтан көшпелі халықтарда, оның ішінде қазақтарда да біреуге қамшы жұмсау оны малға, құлға немесе қылмыскерге теңеумен бірдей болды. Қамшыны құлға, қылмыскерлерге жұмсалатын құрал ретінде түсіну орта ғасырлық  жазба деректерде айтылады. Шайқы Балхи өзінен ақыл-кеңес сұраған Халиф ар-Рашидқа былай дейді: «мұсылмандардың әміршісі ол Алла тағала  саған халықты әділеттілікте ұстап отыру үшін үш зат берді: байлық, семсер және қамшы. Байлықпен сен кедейлікке тосқауыл қоюуың керек. Семсермен сен халықты езушілерді құртуға міндеттісің, ал күнахарларды қамшымен жазалауға тиіс». Бұл бір дерек. 
Шын мәнінде, жауына күйрете соққы беретін қару-жарақтың әрқайсысының өзіндік  қайталанбас қасиеттері бар. Осы қасиеттеріне қарай ер қаруы: ату, кесу, шабу, түйреу және соғу қаруы деп бес түрге бөлінген. Әр топ іштей бірнеше түрге жіктеледі. «Ер қаруы – бес қару» қандай? Бүгінгі ұрпақ ата-бабасының серігі саналған қару-жарақтың атауларын біле ме? 

Ату қаруы – садақ 

Түркілердің негізгі қаруының бірі – жақ деп аталған. Ол ағаш, сүйек, мүйіз, қайың қабығы (тоз), сіңір мен былғары сынды материалдардан жасалады. Ол бірнеше бөліктен тұрады. Түркілер жебені пайдаланатын мақсаты мен ұшына қарап бірнеше түрге бөлген. Ұшы жалпақ екі айыр болып келетін жебе «қозы жауырын» деп аталады. Ол жарақатты тереңірек салуға арналған. Сауыт бұзуға арналған үшкір, үш-төрт қырлы жебе «сауыт бұзар» немесе «көбе бұзар» деп аталған. Түркілер жебенің ұшын темірден, сүйек, мүйіз бен ағаштан да жасаған. Адамды аттан құлатып түсіру үшін немесе аңға шыққанда түркілер ұшы цилиндр тәріздес ағаштан жасалған «доғал оқты» пайдаланған. Ал, соғыс кезінде дыбыстап белгі беру үшін «ысқырық» оқтар қолданылған. Садақтың оғы салынатын қапты қорамса десе, жақты салатын қорапшаны «садақ» деп атаған. Міне, ерте заманда қазақтардың әскери қару-жарағы осындай атауларға ие болған. 
Кейінірек қазақтар жақтың орнына мылтық пайдалана бастады. Ертедегі бабаларымыз білтелі мылтық, бытыралы, шүріппелі мылтықтар пайдаланған.

Кесу қаруы – қанжар 

Түркілер жауынгерлері кесу қаруының: семсер, қылыш және сапы деген үш түрін қолданған. Түркілер қылыштары басының қайқылығына, пішініне қарай, сабының және балдағының пішініне орай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы «наркескен». Оның қайқылығы бірден алқымынан бас­талады, сондықтан кесу күші жоғары болған. Асыл қылыштың ерекше түрін қазақтар да өзге түркі халықтары секілді «зұлпықар» деп атаған. Зұлпықар (арабша Зулфикар  – «жасын» деген сөз) – Әзірет Әлінің (Мұхаммед пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы, төртінші халиф Әлі ибн Әбу Тәлібтің) аты аңызға айналған қасиетті екі басты қылышының аты. Кейбір қылыштар шапқанда ауыр болу үшін басы үлкейтіліп, жалпақ қылып жасалған және ұшының сыртында шығыңқы тұрған жотасы болған. Оны «жалман» деп атаған. Жыраулар шығармаларында мұндай ауыр қылыштар «алдаспан» деп аталады. Қазақ батырлары қылыштың бұл түрін өте жоғары бағалаған. Ал, қылыш, семсер салатын бұйым «қынап» деп аталады. Оны асынып жүруге арналған бауды «қылыш бау» деп атайды. Қынап ағаштан жасалып, былғарымен немесе барқытпен қапталған. Металмен әшекейленіп, алтын, күміс және асыл тастар қондырылған. Кейбір қынаптар таза металмен қапталған.
Жүзі қысқа қарудың бір түрі – қанжар деп аталады. Ол шайқаста атты жауынгердің қосымша құралы қызметін атқарған. Бұл пышақ қазақтың ұлттық костюмінің ажырамас бөлігіне айналып, ерлердің «кісе белдігіндегі» қынапта үнемі пышақ жүретін болған. Қынап пен оның белдікке тағатын ілмегі кестеленіп, металмен безендірілген.

Түйреу қаруы – атпа найза

Қазақта екі түрлі түйреу қаруы болған. Ұшы жалпақ болып келетін қылышты қазақтар «найза» деп атаған. Ұшы қырлы ұзын қылыш «сүңгі» делінген. Ол жаудың сауытын сындыра соққы беруге арналған. Қазақ батырлары найза мен қайың найзаға: мойшақ, ту, жалауша, шашақ сынды белгі таққан. Ту – жалпы әскердің белгісі, мойшақ – әскербасының таңбасы болды. Түрлі-түсті жалаушалар әскери жасақтардың бір-бірін тануы үшін қажет болса, аттың жалынан немесе жібек баудан жасалған шашақтар батырлықтың нышаны саналды. Ол әрі аңшылық құралы, әрі соғыс қаруы. Оның ұзындығы мен салмағы кәдімгі найзадан қысқарақ, жеңіл. Қазақтар мұндай найзаны жаққа салып атқан (лақтырған). Атпа найза жоғары палеолит дәуірінде-ақ қолданылған. Оның сол кездегі ұшының тастан, сүйектен жасалғаны белгілі. Атпа найзаны ертедегі мексикандықтардың да, бразилиялықтардың да, папуастардың да пайдаланғандығы жөнінде деректер бар. Ол садақтың шығуына негіз қалаған тәрізді. Тарихта римдіктердің де жаяу әскерлерін атпа найзамен қаруландырғаны жөнінде деректер көп. Атпа найзаны бүлдіргесіз лақтырғанда 30 метрге, бүлдіргімен лақтырғанда 70 метрге жетеді. Орта ғасырларда атпа найзаны Еуропа мен Ресей де қолданған. Атпа найза – қыпшақтардың әскери қару-жарақтарының ең көне түрлерінің бірі.

Шабу қаруы – айбалта 

Ежелгі Египет заманынан бері белгілі соғыс қаруы, өткір де айбатты. Айбалта Орта Азия мен Қазақстанға 14-15 ғасырда кеңінен тараған. Оның алғашқы үлгілері Батыс пен Шығыстың көптеген елдерінің қару-жарағында ұшырасады. Қазақ ұсталары айбалта сабының ұңғыдан өтер екі жағын темір құрсаумен шегелеп, оны ұлттық қошқар мүйіз тәрізді ою-өрнекпен безейді. Қолға ұстау үшін саптың төменгі жағына қайыстан бүлдірге байлайды. Айбалта сабының ұзындығы 70-90 сантиметрге дейін жетеді. Айбалтаны белге байлайды немесе тебінгінің астына қыстырады. Оның жүзі орташа болып келеді. Жүзі ай пішіндес әрі енді болып келетін балтаны қазақтар «айбалта» деп атаған. Жүзі сына тәріздес болып келетін қару «шақан» деп аталған. Бірақ, қазақ батырлары соғыста балтаның төртінші түрі – жарты айбалтаны көп қолданған. Кәдімгі балта, айбалта мен шақанның қасиеттерін біріктіру арқылы жасалған айбалтаның басы балға пішіндес болады. Қазақ балтасының сабы кейде металмен көмкеріліп, былғарымен қапталады. Жауынгер балтасы сабының ұзындығына қарап: ұзын сапты, орташа сапты және сабы қысқа балта деп үшке бөлінген. Қазақтар сабының ұзындығы орташа болып келетін балтаны кеңінен қолданған. Ал, қысқа сапты балталарды әдетте белдікке қыстырып жүретін болған. Ұзын сапты айбалтаны хан сарайын немесе қорған қақпасын күзететін жауынгерлер ұстады.

Соғу қаруы – гүрзі 

Бұл қарудың ең көне түрі «шоқпар» деп аталады. Ол ағаштан, ауыр сойыл­ түрінде жасалады. Кейде шоқпарға металл шынжыр немесе үшкір темір тығылады. Соғу қаруының екінші түрі – «гүрзі» деп аталады. Басы металдан құйылған ауыр шоқпар. Соғу қаруының үшінші түрі – «бұздыған» деп аталған. Бұздыған – басы алты не сегіз қырлы (әр қырының арасы тілімделіп ойылады) болып келетін, темірден жасалатын шоқпардың жеңіл түрі. Соғу қаруының төртінші түрі – «босмойын­» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, босмойынның басы иілгіш келеді. Шоқпардың басы сабына қайыс немесе шынжыр арқылы бекітіледі. Мұндай шоқпарлардың басы ағаштан, тастан немесе металдан жасалған. Палеолит дәуіріндегі алғашқы адамдардың негізгі құралы болған сойылдың күрделі түрі. Ол салмағы ауыр, мықты ағаштан жасалып, жуан басы қоламен, кейін темірмен қапталып қолданылды. Гүрзі бертінде билік етудің құралына айналды.

Дайындаған  Динара Мыңжасарқызы