Сын көтермес жолдардың сапасы

Сын көтермес жолдардың сапасы

Сын көтермес   жолдардың сапасы
ашық дереккөзі

Еліміздегі айтыла-айтыла жауыр болған тас жолдар ендігі мүжіліп біткен. Бұған көз жеткізу үшін қаладан қашықтаудың қажеті жоқ. Онсыз да әкімқаралар мен атқамінерлер жүретін жолдар айнадай да, ауыл арасы мен қала ішінің көшелері қарақотырланғалы қашан… Ащы да болса ақиқатын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиевтің бетіне басты. Министрге қойылған сауал көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген еді. 
Көлік және коммуникациялар министрлігінің алқа отырысында министр Асқар Жұмағалиев биылға жоспарланған шаруалар жайын баяндады. Әсіресе бәленбай шақырымдық жолдардың жөнделіп, айнадай жарқырағанын қуана-қуана жариялады. «Өткен жылы республикалық маңызы бар 2200 шақырым автожол жөнделді. Заман талабына сай он үш бірдей электронды таразы орнатылды. Сонымен қатар көліктік бақылаудың 11 тұрақты бекеті жабылды», – деді Жұмағалиев мырза. Республикалық маңызы бар жолдарға не жатады? Ауыл арасы, аймақтық немесе қаладағы ірілі-ұсақты көшелердің оншалықты маңызы болмаса, қандай жолдар жасалды екен? Министрдің бұл баяндамасы Бақытжан Сағынтаевтың наразылығын туғызған сияқты. «Бүгінде жасалып жатқан жұмыстарға қарамастан жол сапасына қатысты мәселе әлі де өзекті. Қазіргі уақытта жергілікті маңыздағы жолдардың – 40 пайызы, республикалық маңыздағы тас жолдардың – 20 пайызының ғана жағдайы қанағаттанарлық. Ал аймақтарда, меніңше, бұдан да көп. Ол үшін алысқа ұзаудың қажеті жоқ. Қаладан аттап бассаңыз, нағыз картинаны, жолдың сұмдық екенін көресіз», – деп министрге көз тастады. Осындайда жолдардың қалай жөнделетіні еске түседі. Алматы қаласындағы ең көрікті көшелердің бірі – Әл-Фараби даңғылы. Қысы-жазы айнадай, асфальты тегіс, бір шұңқыры жоқ көшеге жылына кемінде екі рет жөндеу жұмыстары жасалады. Ондайға еті үйренбеген қала тұрғындары қаланың төменгі бөлігіндегі жолдарды неге назардан тыс қалдырып, жалғыз көшені жұлмалай беретініне аң-таң. «Бөлінген қаражатты өтеу қажет болған шығар» деседі де қояды. Бірақ «бөлінген қаражатты» әлі толық көрмеген, еліміздегі ең ірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының «еуропалық» талаптарға сай еместігі қолданысқа берілмей жатып-ақ анық болған.
Халықаралық маңызы бар тасжол құрылысының басталғанына бірнеше жыл. Қолданысқа берілген бөлігі Қордай тас жолының жүгін жеңілдеткенімен, жол апатын азайта алмады. Премьер-министрдің бірінші орынбасарын алаңдатқан жайттардың бірі осы.
– Жол апаты кеміген жоқ. Қанша жол апаты орын алса, жол салынған соң да сонша қайғылы жағдай орын алуда. Адам өлімі де азайған жоқ. Тура соғыста жүргендей! Жақында мен жануарлардың тас жолда жиі кездесетінін естідім. Әсіресе солардың кесірінен түнде жол апаты көп болады, – деді Сағынтаев мырза.
Өңірлердің өңін кетіріп тұрған бір бұл ғана емес. Бақытжан Сағынтаев мырзаның айтуынша, көлік жағдайы да көңіл көншітпейді. Әлі күнге дейін көптеген елді мекендер автобуспен қамтылмаған екен. Қолданыстағы көліктердің көбінің тозығы жеткен. Өкінішке қарай, бұл жағдай республика аймақтарының 80 пайызына тән.
Алқа отырысының басында қалта телефонының интернетін тексерген Бақытжан Сағынтаев мырза министрлік ғимаратында, Астанада интернеттің бірде ұстап, бірде ұстамайтынына таң қалды. «Мен қазір ғана тексердім, мына залда да 3G бірде бар, бірде жоқ. Білдей бір министрлік қой, барлығы орнында болуы керек. Сондықтан осы қызмет түрін ақшаға сатып алып отырған тұтынушыларға қажетті қызмет көрсетілуі тиіс», – деді ол. Қызарақтаған министр бұл олқылықтың орынды екенін түсіндіріп берді. Ұялы телефон операторларының министрлік пен ведомство маңайына станция қоюға құқы жоқ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті рұқсат етпейді. Бұл мемлекеттік мекемелерде байланыс ылғи да әлсіз болады дегенді білдірсе керек. Ал Астана тұрғындарының барлық байланыс түрлері 2017 жылға қарай мінсіз қызмет көрсепек.
Ай сайын ақшасы төленсе де баяу, сапасыз интернетке жұрттың бойы үйреніп қалғандай. Интернет бірден ашылып, жүйткіп жұмыс істеп тұрса, әлдеқандай ермегінен айрылып қалғандай көңілдері қоңылтақситын шығар-ау. Жол мәселесінің жағдайы мен қаладағы интернеттің сапасы сын көтермей тұрғанда, ауылды жерлерге орнатылған 3G байланыстың сапасы көңілге күдік ұялатады.

Ақниет ОСПАНБАЙ