Мәуліт мерекесі атап өтілді

Мәуліт мерекесі атап өтілді

Мәуліт мерекесі атап өтілді
ашық дереккөзі

Осы айда еліміздің әр түкпірінде пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.а.у) туған күні, яғни мәуліт мерекесі аталып өтілуде. Бұл мереке адамзаттың асыл тәжі болған Хақ Елшісіне (с.а.у) деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны хақ. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у) дүние есігін ашуымен адамзат өмірге жаңа келгендей жанданып, тас жүректер Жаратқан Жаббар Хақтың нұры арқылы ақиқаттың кәусар бұлағымен сусындап, қайта тірілді.
Осындай толғанысқа толы шара барысында Пайғамбарымыздың (с.а.у) мәуліт мейрамы басталар алдында беташар сөз сөйлеген наиб мүфти, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз тәңірлік тәрбиені паш еткен ғаламның рахым Нұрының (с.а.у) мейірімділігін жеткізіп, момын мұсылмандардың жүректерін жібітіп, көздеріне жас үйірді. Ол: «Біз бүгін адамзатты қараңғылықтан шығарып, нұрға бөленуіне дәнекер, әлемнің мәңгілік мақтанышына айналған, ең таңдаулы, мақтаулы, парасатты тұлғасына арналған Мәуліт кешіне жиналып отырмыз. Алла Тағала баршамызға сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у) терең руханиятынан нәр алып, жүрегімізге ізгілік сәулесінің төгілуін нәсіп етсін», – деген жамағатқа жүрекжарды лебізін жеткізді.
Пайғамбарымыздың туған күніне арналған мәуліт мерекесінде үмітті тілек ақталғандай болды. Жүректерімізде Аллаға деген махаббаттың оты жанып, ардақты Елшіге (с.а.у) деген сағынышымыз еселей артып, хақиқи үндеулері жүрегіміздің төріне шықты. Рухани кеште танымал өнер жұлдыздары діни әндерін тарту етіп, белгілі айтыскер ақындар асыл дініміз жайлы дәстүрлі термелер орындап, Пайғамбарымызға салауат айтты. Сондай-ақ, тағылымы терең қойылымдары арқылы елдің жүрегіне жол тапқан Бекжан Тұрыс ағамыз бен қойылымға қатысқан М.Әуезов атындағы драма театрының және «Өнер қырандары» театрының әртістеріне жиналған көпшіліктің алғысы шексіз.
Рухани кештің соңында билет­терден түскен қар­жы қайырымдылық жолында бірнеше балалар үйіне табысталды. Ал бұл күні мәуліт мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде атап өтіліп, салауат айтылды.

Динара Дүрмән