Қаржыны ұқсата алмаған

Қаржыны ұқсата алмаған

Қаржыны ұқсата алмаған
ашық дереккөзі

Миллиардтаған қаржыны ұқсата алмаған, яғни,
игере алмаған шенеуніктерді қызметтен қууы мүмкін. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов
Премьерге ұсындай ұсыныс айтты. Егер ұсыныс қолдау тапса, бірнеше жоғары шенді
жұмсақ орындықтарымен қош айтысады. Бұл жаза қызметіне жауапкершілікпен қарамайтын
шенділерге сабақ болса игі.

Жылдағы бітпейтін дау: мемелкеттік бюджеттің игерілмей қалуы.
Осының салдарынан халыққа ауадай қажет аурухана, емхана, мектеп, балабақша
секілді әлеуметтік нысандардың құрылысы бітпейді не мүлде басталмайды, жолдар жөнделмейді,
ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс бағдарламалар қалады жарты жолда қаңтарылып…
Зардап шегетін – қаржыны игере алмаған шенеуніктер емес, қарапайым халық. Бірақ
енді бұдан былай бюджетті игеруге қауқарсыз не ебедейсіз шенеуніктер қызметтен
аластатылмақ. Бүгінгі үкіметтік отырыста вице-премьер, ҚР Қаржы министрі Бақыт
Сұлтанов ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтен бірқатар әкім-қара, тіпті, бірнеше
министрліктегі лауазым иелерін жұмыстан босатуға ұсыныс білдірді. Олардың
арасында білім және ғылым министрлігі, қоршаған орта мен су ресурстары
министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері мен әкімдер бар. Қызметтен
қуылатын жай қызметкерлер емес, сондай-ақ, министрліктердегі жоғары шенді
шенеуніктердің басына бұлт үйірілмек.

Қалың жұртшылықтың игілігіне жұмсалуы тиіс болған, өкінішке
қарай, дер кезінде тиімді игерілмеген қаражатты санап шыққан Бақыт Сұлтанов:
«Біз сараптай келе, қаржыны игермеудегі субъективтік себептер Қоршаған орта мен
су ресурстары министрлігінде – 4 миллиард теңге, Білім және ғылым
министрлігінде – 1,4 миллиард теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 1,3
миллиард теңге болғанын анықтадық», – дей келе, Премьерден аталған келеңсіздік
пен немқұрайдылыққа жол берген бірнеше шендіні қызметтен босатуды сұрады.
Министрдің қаһарына ұшырағандардың кім екені, яғни, нақты аты-жөндері әзір
белгісіз. Есесіне, 1 миллиард теңгені игермеген облыстардың әкімдері ашық
айтылды. Олар: Алматы мен Маңғыстау облыстары (әрқайсысы 0,7 млрд. теңгені
игере алмаған), Ақмола облысы (0,5 млрд. теңге), Шығыс Қазақстан, Павлодар (0,3
млрд. теңге), Астана қаласы мен Солүстік Қазақстан облыстары (әрқайсысы 0,19
млрд. теңгеден).

Қаржы министрінің бюджет туралы егжей-тегжейлі есеп
беруінің себебі, өткендегі Үкімет отырысында Үкімет басшысы Серік Ахметов 2013
жылдың 9 айында бюджеттің дұрыс игерілмегендігін сынға алып, кінәлілерді
жазалауды тапсырған еді.  Дәл сол күні
бірнеше шенеунік Премьердің кабинетінен сөгіс арқалап шыққан. Бірақ бұдан
келетін халыққа пайда жоқ. Әрі елдің игілігіне бөлінген қаражатты ұқсата алмағандардың
кесірінен Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуына кедергі
келуде. Тек мұны құзырлы органдар мен жауапкершілік жүгін арқалайтын
шенеуніктердің түсінбейтіні, түсінгісі келмейтіні және сезінбейтіні өкінішті.