Қорларды біріктіру – қиын іс

Қорларды біріктіру – қиын іс

Қорларды біріктіру – қиын іс
ашық дереккөзі

 Еліміздегі жекеменшік зейнетақы қорларының тағдыры былтыр түбегейлі шешілді. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов: «2014 жылдың ІІ жартысына дейін барлық жинақтаушы зейнетақы қорлары біріктіріледі», – деп мәлімдеген.  Ал, Президент Нұрсұлтан Назарбаев жинақтаушы зейнетақы қорлары салым­шыларының шотын қаңтардың соңына дейін бірыңғай зейнетақы қорына жинақтау туралы Үкіметке тапсырма берген болатын. Онсыз да зейнетақы мәселесі төңірегінде даулы мәселелер көп. Зейнетақы қорларын асығыс біріктіру бізге не береді? Бір емес, екі емес, тоғыз қордың активтерін қысқа мерзім ішінде біріктіру кімге болса да қиындық тудыратыны айқын. Зейнетақы қоры ассоциациясының бұрынғы төрағасы Айдар Әлібаев активтерді қосу жұмыстарының сәуірге дейін аяқталуына күдікпен қарайды. «1 сәуір – шартты мерзім ғой. Активтерді біріктіру технологиялық, техникалық және барлығын қамту жағынан өте қиын процесс. Бұл Қазақстандағы ең көп зейнетақы есепшоты бар жалғыз ұйым болмақ. Тіпті, екі зейнетақы жинақтаушы қорын біріктірудің өзі оңай емес, ал бірден тоғызын бір ұйымға айналдыру қиынның қиыны», – дейді. Жалпы, оның ертелі-кеш қосылғанынан ешқандай пайда жоқ деген пікірді алға тартты Айдар Әлібаев. Қашан қосылса да салымшыға бәрібір. Бұл орайда Зейнетақы қоры ассоциациясының баспасөз қызметі Айдар Әлібаевтың мәлімдемесі негізсіз дейді. Өйткені бірігу процесі ойдағыдай уақтылы жүргізілуде. Бүгінгі таңда «Ұлар-Үміт» АҚ ірі қорын қосу үстінде, одан кейін қосылмаған бір ғана қор қалады. Зейнетақы қорларын қосу процесі бар болғаны 1 күнде жүзеге асырылады. БЖЗҚ-ның жоспарлауынша, толық мәлімет 28 наурызда дайын болады. 
Біртұтас жинақтаушы зейнетақы қорында 8,5 миллион адамның есепшоты болады. Бұған дейін өз бетінше жұмыс істеп, өзіндік пайыздық ставкасын қойған қорлар бір басшылыққа біріккен соң табысы 3 пайыз көлемінде ғана болмақ. Парламент Сенатының депутаты Қожахмет Баймаханов та бұл сауалды қойған еді. «2010 жылдың 1 мамырындағы жағдайға сәйкес, «Отан» зейнетақы қорының табысы – 7,8 пайыз, «Астана» деген қордың табысы – 5,6 пайыз, ал барлық қорлар біріктіріледі деп отырған мемлекеттік бірыңғай зейнетақы қорының табысы – 3 пайыз. Ол 11 зейнетақы қорының арасында осы табыс көрсеткіші бойынша 9-шы орынды алады екен. Айтыңызшы, алдағы уақытта барлық қорлар осы қорға біріктірілгенде олардың табысы қандай болады? Жоғарыдағы қор табыстарының көрсеткіші инфляциядан төмен», – деген болатын. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев: «Әрбір қордың табысы сол қордың стратегиялық жоспары бойынша анықталады. Негізі қорлардың табыстарын салыстыру дұрыс емес. Қысқа мерзім үшін алынған табыс көлемін салыстыруға болмайды. Екіншіден, бірыңғай зейнетақы жүйесі құрылған соң ашықтық пен теңдік қамтамасыз етіледі. Себебі, жеке қорлар табыс көзін артық көрсете отырып, салымшыға таласады. Яғни, кейбір мәліметтер шындыққа сай келмейді. Сондықтан, бірыңғай зейнетақы қоры болғанда ашықтық қамтамасыз етіледі», – деді. 
2012 жылдың 1 желтоқсанындағы мәлімет бойынша, республика аймағында 11 жинақтаушы зейнетақы қорлары жұмыс істеп тұрды. Олардың зейнетақы жинағындағы қаржы көлемі 3,116 триллион теңгені құраған, бұл шамамен 21 миллиард доллар. Бүгінде 9 зейнетақы қоры ғана қалған. 

Ақниет ОСПАНБАЙ