ТАБИҒАТТЫҢ АЛДЫНДА ОСАЛДЫҚ ТАНЫТТЫ

ТАБИҒАТТЫҢ АЛДЫНДА ОСАЛДЫҚ ТАНЫТТЫ

ТАБИҒАТТЫҢ АЛДЫНДА  ОСАЛДЫҚ ТАНЫТТЫ
ашық дереккөзі

Үкіметтің осы аптадағы селекторлық отырысы халыққа көңіл айтудан басталды. 31 наурызда Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылын түн жарымда жайпап өткен су тасқынынан бес адам көз жұмған еді. Ал «халық қалаулылары» атанған Парламент Мәжілісі депутаттары, керісінше, осы аптадағы жалпы жиналыста бір-бірін туған күндерімен құттықтаудан аса алмады. 26 наурыздан бері қарай тойланған туған күндерді түгендеуді ұмытпаған депутаттар үш күн бұрын болған тасқынның зардабын қалайша естен шығарды? Шындығында, заң шығарушы мырзалардың қай кезде де халықпен бірге қабырғалары қайысатынын көрсетер тұсы осы еді. 

Апат құрбаны болғандардың отбасына 1 миллион теңгеден берілетін болды. «Бір де бір отбасы қамқорлықтан тыс қалмауы тиіс», – деді Премьер-министр.

Апаттың алдын алуда емес, оның салдарларын жоюда айрықша белсенділік көрсететін атқарушы орган өкілдері кезек-кезек мінбеге шығып, ақталып жатыр. Төтенше жағдайлар министрі В.Божко төрағалық ететін ведомствоаралық комиссия Көкпектідегі апаттың түп себебін анықтауға енді кіріседі. «Ажал айтып келмейді» дегенмен, қауіп-қатердің алдын-алуға болатынын лауазым иелері естен шығармағаны жөн еді.

Тұтас бір ауылды су шайып кеткен төтенше оқиғадан соң ғана Төтенше жағдайлар министрі тұрғындар үшін қатерлі аймақтар жайлы айта бастады. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров, Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев, Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов, Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұханбетов су қоймаларының жағдайы мен су тасқынының алдын алу талпыныстары туралы баяндама жасады. 

Шындығында, наурыз айының ішінде Үкіметте су тасқынының алдын алу шаралары талқыланған болатын. Бірақ табиғат заңдылығының алдында айтылған сөздің салмағы онша болмай шықты. 11 наурызда еріген қар мен тасқын суға қарсы тұру дайындығы қаралғанын Серік Ахметов те мойындап отыр. «…Бірақ табиғат, көктем өзінше түзету енгізіп жатыр. Кей аймақтарда көктем ерте келді. Ауа күрт жылынып, қар еріп жатыр, сондықтан облыс, аудан, қала әкімдерінен осы жағдайға айрықша назар аударуды сұраймын», – деді Премьер-министр.

Су тасқынының алдын алуға байланысты қам жасау жөнінде ескерту барлық әкімдерге қатысты. Жалпы жауапкершілік бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаевқа жүктелді.

Бұдан соң Үкімет мүшелері Жылу жүйелерін жаңарту жоспарын талқылады. Қазіргі таңда республикадағы жылу жүйелерінің 70-80 пайызы тозып біткен. Олардың көбі апатты жағдайда тұрғаны жасырын емес. Мұрат Оспанов 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 55 пайызға дейін азайтамыз деп уәде берді.

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің төрағасы Мұрат Оспановтың айтуынша, 2020 жылға дейін белгіленген жоспарда жылу жүйесін жаңарту ісіне республикалық бюджеттен 120 миллиард теңге бөлінеді. Былтыр бұл салаға 12 миллиард теңге бөлінсе, биылдың өзінде 32 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарланған. 

Жоспарға сәйкес, алдағы 16 жылда 17 базалық жылу желісі жаңартылмақ. Жұртшылық үшін жағымды жаңалықтың бірі, 2016 жылдан бастап энергостанциялар тарифтерін өсіруге жол жоқ. Оған қоса, су тасымалы тарифі де сол күйінде қалмақ. 

Үкімет басшысы 1 маусымға дейін Өңірлерді дамыту министрлігі мен облыс әкімдеріне жылу жүйесін жаңарту жөнінде іс-шаралар жоспарын талқылап, қажетті өзгерістерді Үкімет қарауына ұсыну жөнінде тапсырма берді. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана