КУРСТАСТАРЫМ МЕНІҢ — ҚЫЗЫҚТАСТАРЫМ МЕНІҢ

КУРСТАСТАРЫМ МЕНІҢ — ҚЫЗЫҚТАСТАРЫМ МЕНІҢ

КУРСТАСТАРЫМ МЕНІҢ — ҚЫЗЫҚТАСТАРЫМ МЕНІҢ
ашық дереккөзі
Ұлттық университет – ұлт мақтанышы. Мұнда келудің өзі біз сияқты пақырларға оңайға түскен жоқ. Жасыратын несі бар, «қырық жыл қырғын өтті ғой», мен кәнігі диқан Ыбырай Жақаев пен сол кісінің інісі, ауылдың тұңғыш төрағасы, кезінде Әбділда Тәжібаев пен Мүхамеджан Қаратаев ардақтап өткен адамның баласымын. Қазақ Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне түскенмен «Лениншіл жаста» көрініп жүрген ақын Ұлықбек Есдәулетов пен өзі сұңғақ болса да даусы жіңішке Дидахмет Әшімхановпен бірге оқысам деп аңсарым ауды да тұрды. Сөйтіп, ел ағасы Хайдар Арыстанбеков арқылы әуелі КазМҰУ-дің филфагына, сосын оны да місе тұтпай тек журналистика факультеті деп отырып алдым. Ес кіргесін Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, сөз қадірін түсініп, әдебиет дегеннің не екенін бертін келе білгендейміз. Филология ғылымдарының кандидаты Мамай Ахет ініміздің айтуынша, «7-мен 13», «Гоголь мен көңіл», «Пара туралы парадокс», «Әдебиет – әдеп…» десек, «Ала-құла Алматы», «Сен, құрметте оны», т.б. әр жылдары жарық көрген мақалалар шоғыры, жоғарыда айтқандай, «жылатып айту» ниетінен туғаны анық әрі «Перзент парызын» менің де есіме салып қойғаны айдай ақиқат. Сөйтсек, журналистика факультеті дегеніңіз сылдырлаған сөз екен. Қонысбай Әбілев сатираның майын тамызып күледі де тұрады, сыған: – домбыра – гитарасын ойнағанда алдына жан салмайды. Ұлықбек Есенин мен Юрий Кузнецовтың өлеңдерін өзгеге түсіндіріп, орыс поэзиясын оқымай-ақ біліп алдық. Бізге жас жағынан «бел құрдас» боп келген Дидахмет қысқы каникулда Алтайға барып, құлақшынына үкі тағып, каникулдан кешігіп келді. Ескі ғимараттың үлкен залында лекция өтіп жатқан жаңа декан Темірбек Қожакеев: – Қарағым, мына келісің қай келіс? – деді құлақшынындағы үкіге таңқала қарап. – Ағай, мен үйленіп кеп отырмын ғой, – деді Дидаш. – Қарағым, қай түріңе қарап үкі тағып келдің?! – деді декан. Дидаш, ақыры, амалсыз бір курс төмен түсті… Сонан кейін Дидаштың жұбайы Лиза Таулы Қырат ауылдық кеңесінде кітапханашы боп жүргенде жақсы ісімен көзге түсіп, ауылдық кеңеске депутат боп сайланды. Сонда шын жүрегімен құттықтаған «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері, курстасы Әбдімүтәл Әлібеков: «Лиза, аманат жүгі ауыр, аманатқа адал бол», – деді сақтана қарап. Бұл – нағыз асыл азаматтың сөзі, адалдықтың желбіреген ақ туы дерсің әрі достықтың берік тұтқасы да осындай-ақ болар. Осы Әбдімүтәл тәуір оқып, ҚазМҰУ асып, Ленинградқа кетті. Оны бітіріп кеп, менің жұбайымның сыныптасы Қатираға үйленді. Сөйтіп, үш күн, үш түн той тойлап, Дидахмет пен Әлібек бәріміз жайлы жерден кете қоймадық. Үйленген адамның өзіне тән тіршілігі бар емес пе? Оған Әлібек пен Дидахмет мүмкіндік берер емес. Сондағы Әбдімүтәлдің айтқан сөзі: «Жігіттер, сендер менің үйленгенімді білмейсіңдер ме? Неге түсінбейсіңдер?! Мен советтік семья боп отырмын ғой» дегенде, Әлібек шалт қимылдап: «Ойбай, кеттік!» деп, ат-тонын ала қашты. Бұл да бір дәурен екен, қилы-қилы кезеңнің бастан өтіп кеткенін қалайша еске алмассың. Біздің курстан Сейтқұл Оспанов, Төрегелді Байтасов, Сейдолла Садықов, Батық Мәжитұлы, Нұртілеу Иманғалиұлы, Сайлаубай Тойлыбай, Ораз Қауғабай, Гүлсім Мұқышева, Бақыт Мерекенова, Жүніс Сахиев, Серік Жанәбілов сынды небір сұңғылалар шықты. Өмірден ерте өткен Сейтқұл мен Төрегелдінің артында ұрпағы, жұрт оқитын кітабы қалды. Қимас досым Сейтқұлдың студент кезінде «Жалында» «Құлын» деген әдемі өлеңі жарық көріп… КазГУ-градқа жұмысқа бара жатқанда Оразға Сейтқұлдың бір сөзі жақпай қалып, «Құлыныңды бағып тыныш жүрмейсің бе?!» деп тұра ұмтылғаны бар. Түйдей құрдасым Әшірбек Аманкелдиев КПСС тарихынан семинарда жаттанды сөзін жадынан шығарып алып: «Ағай, бәрін басынан бастайыншы, әйтпесе телефон соғып, жүретін қызым Сәуледен сұрайыншы» дегені бар. Осыған мәжбүр қылған өмір шіркіннің қолтығы қандай кең еді. Енді өзім туралы да бір ауыз сөз, өйткені сексен жылдық той үстінде бар мен жоқтың тегіс тігісін жатқызғанымыз жөн. Бір күні деканның хатшысы: «Сені Қожекеев ағай шақырып жатыр» деп ентігіп келді. Дереу барып едім, менен бір курс жоғары оқитын Әуез Бейсебаев пен Серік Байхонов есік алдында үрпиіп тұр екен. Айтып-айтпай не керек, екеуі де мемлекеттік сынақ – ғылыми коммунизмнен «тоңқалаң асып», келер жылға қалды. Маған салған жерден деканның қойған сауалы: – Осы сен Ыбырай Жақаевқа кім боласың? – деді. – Көршісімін… Декан сасып қалды. – Бір берекең жоқ бала екенсің, – деп түтігіп кетті. – Енді, ағай, сауалыңызға нақты жауап беріп тұрмын ғой… Шыққан бетте салып ұрып ректорға бардым. Ректор деканды шақырып ап, маған қойған сауалын деканға қайыра қойыпты. Әйтпесе, не ойлағанын кім білсін… Міне, өмірде осындай нақты жауаптар болғанын жасыруға болмас. Дидахмет «Қазақ әдебиетінде», мен «Жұлдызда» бірге жұмыс істеп, артымызға қарайлауды білмеппіз. Әбірәш Жәмішев, Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбек, Шерхан Мұртазадан тәлім-тәрбие мен Жазушылар одағына ұсынысты да бірге алдық. Ескі ҚазМҰУ бәрімізді баулыған берекелі ошақ болды. Консерватория мен Бас поштаның маңында маңқиып тұрған көне оқу ордасы біреудің өткен өмірі болса, енді біреудің жаңа басталған жастық күндері еді. Сегіз ондықтың өзімізге қатысты аз-кем сыры осындай.

 Қуандық ТҮМЕНБАЙ, 

 ҚазМҰУ-дің журналистика 

 факультетінің 1977 жылғы түлегі