ТАРТЫЛҒАН ТЕҢІЗДІҢ ТАҒДЫРЫ

ТАРТЫЛҒАН ТЕҢІЗДІҢ ТАҒДЫРЫ

ТАРТЫЛҒАН ТЕҢІЗДІҢ ТАҒДЫРЫ
ашық дереккөзі
«Литературная газета» 1988 жылы «Қызылқұм мен Қарақұм түйісті, адамдар 1 миллион гектар жарамды жерінен айырылды» – деп ескерткен еді, ал «Правда» нақ сол жылдың тамыз айында «Кіші Арал іс жүзінде өлі аймаққа айналды. Оны Үлкен теңізбен саусақ саласындай ғана көгілдір сағалық жалғастыруда…» – деп жазған-ды. Біз сол «сағалықта» болдық. Көзімізбен көрдік. Бұл – кәдімгі Көкарал түбегінің Қаратөс деп аталатын шыңының тұмсығы мен теңіздің құрғап қалған Қаратерең шығанағының екі арасы. Бірі – теңіздің бір беті, екіншісі – екінші беті. Осы екі аралықты Қаратерең мен Көкарал жағынан құм көшкіні күнара сабалап ұрып тұратын болды.   І. Содан бері Арал аймағының экологиялық жағдайы өзгерді ме? Өзгеріп те жатқан шығар, дегенмен сол баяғы – құм тасқыны мен тұзды дауылы. Сол баяғы бой бермей жүгенсіз кеткен су ысырабы. География ғылымының докторы Н.Глазовскийдің есептеуінше, Сырдарияның төменгі бойында бір шаршы метр күріш танабына жыл ішінде 5,5 текше метр су шығын болса, Волга бойында күріш өсіруге су біздегіден 2 есе кем жұмсалады екен. Дария суының қаншалықты үнемделетіні және өндірісте, егін шаруашылығында пайдаланылған судың улы химикаттардан тазартылып қайта жіберілуі жөнінде тігісін жатқызып айтатын ведомство басшыларының рапорттарына сене бермеуді «Правда» сол 1988 жылдың өзінде әдемі ескерткен болатын. Облыстық экология және табиғатты пайдалану комитетінің сол кездегі мәліметінде: дарияның минералдануы нормадағыдан артып кеткен. Міне, осыдан кейін теңізді құтқару жөнінде сөз сапырып, мәліметтердің тігісін жатқызуға шебер ведомство басшыларына қалай сенуге болады? Бұлай деуімізге тағы бір себеп: осы жарымжан теңіз мәселесімен айналысып жүрген жауапты адамдардың Кіші теңізге секунд сайын қанша су түсетіндігін нақты білмейтіндігі. Кіші Аралға дариядан қанша су түсіп жатқанын нақты білу үшін дарияның теңізге құярлығындағы Ақлақ шлюзін көзбен көру керек. Сонда жергілікті мамандардың тілімен айтқанда, секундына «бір очко», яғни 10 текше метр судың ағып жатқанына көздерін жеткізер еді. Су шлюздің бір құлағымен ғана өтуде. Қалған төрт құлағы судың жартымсыздығына байланысты жабылған. Жолда Қазалының Басықара плотинасы тұр. Ал Басықарадан теңізге дейінгі екі аралық 250 шақырым. Жолда қанша бұрылыс… Арал ауданының жерін Арал Қарақұмы алып жатыр. Осынау алып құмның ені 200 шақырымдай, шығысында керілген кержазық Сарыарқамен шектеседі, оңтүстік батысынан солтүстік шығысқа қарай 250 шақырымға созылып жатыр. Бұл құм жоталарының биіктігі 53-тен 145 метрге дейін барады. Бұған биіктігі 5-8 метрден келетін теңіз жағалауындағы белес-белес құм төбелерді қосыңыз. Бұған теңіздің оңтүстік батысындағы атақты Қызыл-құм шөлін қосыңыз. ІІ. Сыр бойының халқы бір-бірімен сабақтасқан үш түрлі үреймен тірлік кешуде. Мұны күлтектемей, ашық айтпасқа амал жоқ. Бірінші үрей – экологиялық апат. Құдайы қалаған жерлер «экономикалық еркін аймаққа» айналып, аспандағы Айға қолдарын созып жатса, біздің Сыр бойы «экологиялық апат аймағына» айналды. Бүкіләлемдік қарғысқа ұшыраған «коммунизм құрылыстарының» құрмалдығы біз болдық. Әрине, егемендігін алған еліміздің Үкіметіне мың да бір рахмет, Арал мен Қазалы аудандары халқының айлық жалақыларына – 0,5; ал облыстың басқа тұрғындарына 0,3 процент үстеме қосылатын болды. Бұған да «шүкір» дейді жергілікті жұрт. Енді қайтсін?!. Баяғы заманда әлемге әйгілі Тұран жазирасының жерұйығы болған бұл өлкеде құдды күні кеше цунами жүріп өткендей. Баяғы шалқыған Көк теңіздің орны ойдым-ойдым алапестеніп кеткен. «…Теңіздің 2010 жылғы шекарасын көрсетуге жүрегім дауаламайды», – деген екен В.Шербань деген ғалым. Сәті түсіп, дүниежүзілік Қызыл Крест және Жарты Айдың адамдарымен Арал – Қазалы жерін аспаннан шолып, борсып кеткен теңіз қолтықтарына табан тіреп көргенбіз, орғыл құмдарын омбылап қайтқанбыз. Сонда швейцариялық қонақтарымыз аспан астында аппақ шаңы бұрқырап, ақсорланып жатқан теңіз ұлтанына үңіліп, бастарын шайқаумен, ал жерде жүргенімізде ауыздарын сумен шайып, ащы тозаңнан кезерген еріндерін сүртінумен болды. Не ойласа да іштерінде кетті… Аралдың құрғаған табанынан ұшқан ұлпа тұз Гималайдың мұзды шыңдарына, Солтүстік мұзды мұхитқа және Америка құрлығына да жеткен деседі. Рас болуы ғажап емес. Өйткені бір кезде «Қазақ жерінің саваннасы» атанған Сыр бойында дауыл екі күннің бірінде ұлып тұратын болды. Құм жерден борайды, аспаннан жауады. Анау Қызылқұм, Қарақұм, Борсықтың ұлы құмы мен мынау Арысқұмның қойындасып алғаны қашан. Теңізді жұтып жіберетіндей төніп тұр. Жұлым-жұлымы шыққан жеріміздің құрғаған ұлтаны мен әскерилер айғыздап тастаған тажал ошағы – полигондар Сыр өңірін «тозақтың» төріне айналдырды. Ғалымдар: «теңіз табанында 10 млрд. тонна тұз шөгіндісі жатыр. Егер, соның жылына 65 млн. тоннасы көкке көтеріліп тұрар болса, 150 жыл бойы ұшады», – деп тағы бір қорқытып қойды. Біздің баяғы Арал теңізінен айрыл­ғанымыз өз алдына, мына ірге­міз­ден жараған бурадай күркілдеп, зіркілдеген Ғарыш айлағы (Космодром) да жүйкені жұқартып біткен. Бұл тек қана Ғарыш айлағы емес, оның баллистикалық және ғарыштық зымырандарды сынайтын тажал ошағы екені белгілі болды. Атмосфера қабаттарын қақ жарып зымыран аспанға зымыраған сайын, бізге қалдыратын улы газына, радиация сәулелеріне қоса қаншама таза ауа от болып жанып кетеді. «Протондар» көкке көтеріле алмай құлаған сайын ауаны, топырақты бүлдіреді. Сырдың жері егістікке баяғыдан себіліп келген гербицид, пестицид дегендерден жидіп кеткен. Хлорид, сульфат, нитрид дегендердің судағы түзілімі 5-тен 10 есеге дейін жеткен. Бұл пәлекеттер қанша сақырлатып қай-натқаныңмен судың құрамынан кетпейді екен. Ал біз облыста тұрғындарды таза ауыз сумен толық қамтып үлгіре алмай жатырмыз. Осыдан кейін аналар ауырмай, балалар жарымжан болып тумай қайтеді. Біздің ағзаларымызды білдірмей әлсіретіп жеп жатқан сол улы химикаттар. Радиация тағы бар. Ілгеріде академик Төрекелді Шарманов Қазалы ауданының 5 шаруашылығында болып, ана мен баланың денсаулығын зерттеген еді. «Бәрі дерлік анемия, қаны азайған. Ол түбінде өңеш пен қарын рагіне апарады. Тағамда белок жетіспейді. Әсіресе, С витамині. Анемияны болдырмаудың бір-ақ жолы бар – дастарқанда әртүрлі құнарлы тағамның болуы». Академиктің айтқаны айдай келді. Сыр бойында сол айта беретін аты жаман кесел өршіп барады. Үшінші үрей – жұмыссыздық. Кәсіп таба алмай сандалып жүрген көңілсіз жастар. Халқы жарты миллионнан сәл-ақ асатын облыста жастардың жұмыссыз болуы ақылға сыймайды, алайда ақиқат – осы. Жұмыссыздық – бір, ал кейбір компаниялар және ЖШС дегендер жұмысқа әрең деп қолы жеткендерді жалақыдан жарытпайды. Және уақытылы бермей сөзбұйдаға салып, сандалтып қояды. Қарсыласайын десе жұмыссыз қаламын деп қобалжиды. Үрей дегеніңіз – осы. Ал заңға жүгінейін десе, ол да шығын… Көрген күні осындай, осындай… ІІІ Көкейден кетпейді, Ресей мен Орталық Азиядағы 4 мемлекет басшыларының бетін бері қаратамыз деп жүргенде, Сырдарияның 1991-1992 жылы және 1994 жылы мол суы теңізге жете алмай кез келген иінде рәсуа болды. Себебі, қарғын суды дарияның құм басқан арнасы қабылдауға дайын болмады. «Жоқшылық жомарттың қолын байлайды» демекші, жоғарыдан келетін суды теңізге жеткізу машақаты қаржы мен техникаға тірелетін мәселе. Біздің аймақтың экологиялық қасіреті туралы талай жылға созылған дүрбелеңге Нұрсұлтан Әбішұлының ынталы мән беруі нәтижесінде Аралға байланысты атқарылатын ауқымды істердің жөн-жобасы нақтыланып еді. Жөн-жоба 1992 жылы 6 мемлекет басшыларының қатысуымен Қызылордада талқыланып, Нөкісте болған кездесуде мақұлданып еді. Нөкіс кездесуінде 10 гидро­тех­никалық ірі жоба қабылданды. Дарияны кесіп 7 көпір, 750 шақырым судан қорғау бөгеттері және Аманөткелден көп көлемде су жібере алатын гидротехникалық құрылыс салынып, Оңжағалық каналды жөндеп, Әйтек каналы мен Қараөзек жүйесін жаңартатын болған. Жаңартылды. Әйтек те пайдалануға берілді. Дегенмен негізделген жобалар толық игерілмеді. 1994 жылы теңіз бірінші рет 9 мың текше метр су алды. Арал айдынының үкімін күні бұрын шығарып қойғандар да болған. Облыстың және экологиялық дағдарысқа ұшыраған одан тысқары жерлердің табиғи тепе-теңдігін сақтап тұру үшін теңізге жылына 55 мың текше-километр /!/ су түсіп тұруы керек екен. Ондай суды ертегілер елінде болмаса, әдемі қиялдың өзі де жарылқай алмайды. Сырдарияның өн бойында 140 дренаж-коллектор бар екен. Облыс халқының 65 проценті күні кешеге дейін орталықтандырылған дария суын пайдаланды; скважинадан алатын 37 елді мекеннің ауыз суы өте күшті минералданған; 20 мыңнан аса тұрғыны бар 18 елді мекен ауыз суды тасымалдап күн көрді; бірнеше елді мекен тұрғындары ай далада ашық жатқан суды қорек етті. Сыр аймағын әртүрлі лабора­то­риялық экспериментке тағдырдың өзі лайықтаған сияқты. Санай беріңіз: теңіз ұлтанынан ұшатын улы шаң, Байқоңырдың «Протондары», уран және мұнай өндірісі, жерасты газының күндіз-түні бұрқырап тұрған түтіні. Осының бәрі Қаратау – Арал аралығына шоғырланған. Бұл аз болса, 2012 жылы күкірт қышқылын өндіретін зауыт іске қосылды. Осылардың бәрінен қаншалықты зиян шегіп отырғанымызды айғақтап біліп отыратын мүмкіндігіміз жоқ. Тек бар білеріміз Сырдария суының Жаңақорғаннан Аралға дейінгі аралықта қаншалықты ластанғаны ғана. Соны анықтап, құжатқа түсіріп қана отыратындай ғана шамамыз бар. Әскерилердің лас суларынан басқа жылу орталығынан дарияға мұнай қалдықтарын бір емес, бірнеше рет (анықталғаны: 1991-92-93 жылдары) тонналап тастағандары да кезінде айғақталған-ды. Үкімет Сыр бойы мен Арал ай­ма­­ғының экологиялық жағдайын сауықтыру жөнінде бір емес, бірнеше мәрте құжат қабылдады. Бірақ, сол қаулылардың дария суының ластануына тыйым салу және ауыз су мәселесін жедел шешу жөніндегі баптары толық орындалмады. Бөлінген қаржылар неге игерілмеді? Министрліктер мен ведомстволардың жайбара қаттылығына неліктен жол берілді?! Халыққа есеп беріп, айтып түсіндірмегесін жабулы қазан жабулы күйінде қала береді. ІV Біз ХХІ ғасырдың табалдырығын бұрынғы Аралсыз аттадық. Енді бізде баяғы толыққанды теңіз болмайды. Біз бүгінгі таңда бастан кешіп отырған экологиялық дағдарыс бүкіл әлемдік қауымдастықтың көзін осыған анық-қанық жеткізді. Осы күні теңіз тағдырына байланыс­ты мәселелерді барлап, бағдарлап отырсаңыз, бұрынғы теңізді қалпына келтіру туралы сөз саябырсыған. Тек Арал аймағы тұрғындарының денсаулығы мен тұрмысы орайын­да ғана қам-қарекет айтылады. Бұл қам-қарекет Өзбекстанның Қарақалпақстаны мен Хорезм облысы, Түркменстанның Ташауыз облысы мен біздің Сыр бойын қамтиды. Сөйтіп, бүгінгі тірлік баяғы теңізді апаттан құтқару емес, халықты экологиялық дағдарыс зардабынан қорғап қалу қарекетіне ойысты. Кешегі «өтпелі кезеңде» дербестік туын тіккен Елімізге «өркениетті» дейтін елдерден «гуманитарлық көмек» үздік-создық болса да келіп тұрды. Алғашқыда бетіміздің оты шығып, жерге қараған кезіміз де болды. Еуропалықтар бізді әбден сорлап қалған ел екен деп ойлаған болса керек, иі түскен кертақта киімдерін, дәмі жоқ, су татыған консервілерін, дәрі-дәрмектерін үйіп-төкті. Кейін бұл тасқын бірте-бірте саябырсып, ақылға келе бастадық. V Арал ауданы экология дағдарысы қамтыған Сыр өңірінің табиғаты ең қатал аймағы. Қысы суық, жазы ыстық, әрі тым құрғақ келеді. Бұл өңірде жыл он екі айда мамыражай күндер өте сирек болады. Қыста ысқырған суық жел, жазда ұйтқыма аңызақ жиі соғатындықтан құм, топырақ суырып, шаң-тозаң көтеріліп тұратыны қалыпты жағдайға айналған. Жазының ыстығы 40-45, қысының аязы 30-35 градусқа дейін барады. Орғыл-орғыл шеге құм жоталары мен жусанды жондары, іліп алар қылтанағы жоқ ай тақырлары мен ащы сор басқан батпақты атыраптары алма-кезектесіп жатқан, қаталаған шөл мен булыққан сағымға бөккен осынау аймақтың қалыптасқан экологиялық ажары көңілді құлазытады. Арал теңізі шарасынан асып-тасып жатқан дәуірінде, теңіз жарықтық мына жағы Сыр өңірінен асып, ана жағы бүкіл Орта Азияның тынысын сауықтырып тұратын еді. Толқыны Арал қаласының іргесін тынымсыз тепкілеп жататын Сарышығанақ аңғарынан таңмен талас сері самал лекілдеп берер еді. Апатқа ұшырамай тұрған дені сау кезінде бұл теңіз, несін айтасыз, ұзындығы 428, ені 284 шақырым еді-ау, ал жалпы көлемі 67,4 мың шаршы шақырымды алып жатты. Теңіздің батыс атырабындағы тереңдігі кей жерлерінде 68 метр­ге дейін барған ғой. Ал былайғы айдынының тереңдігі 10 метрден 30 метрдің аралығында болатын. Баяндап отырған бұл дерегіміз жер бетінен біржола жоғала жаздаған Арал теңізінің қайғылы тарихын еске түсіріп тұрады. Әлемнің алтыдан бір бөлігін билеп-төстеген кешегі әкімшілік-тоталитарлық басшылық осынау ай жүзді айдынымызды да аяған жоқ. Капитализмнің аршынды кеудесімен бітіспес айқасқа түскен қатыгез жүйе дегенін істеді. Бізге көзіміздің қарашығындай жалғыз жауһарымызды да көп көрді… Оның аяғы келе-келе бүкіл Тұран аймағын шарпыған экологиялық дағдарыстың сан алуан проблемаларына бөкті де қалды. Алдымен теңіздің қос анары – Әму мен Сырдың баяғы жойқын арынын бұғалықтады. Нәтижесінде баяғы алып айдын қусырылып, 36,0 мың шаршы шақырыммен дөңгеленді. Ұлтаны құрғап қалған Сарышығанақтың аңғарында /Арал қаласының дәл іргесі/ аумағы 3,2 мың шаршы шақырымдай қабыршақ-танған тұзды шөгінді пайда болды. Теңіздің ортая бастағаны алпысыншы жылдардың ортасынан былай қарай. Содан бергі уақытта жайқалып өскен пішеннің көлемі 2 миллион гектарға, шабындық 4 есеге кеміді. Ал, балығы тайдай тулап, аққу-қазы қиқулап жататын теңіздің өзінен сән кетті. Кеме қатынасы мен балықшылық кәсібі тоқтады. Арал аймағында алпысыншы жылдардың бас кезімен салыстырғанда бір центнер сүт өндіру 5 есе, төрт түліктің салмағын арттыру 10 есе қымбатқа түсуде. Бұл неден? Әлбетте, айнала табиғи жаратылыстың азуынан, жер отының жұтауынан. Ал осы аймақта және бүкіл Сыр өңірінде экологиялық апатпен қойын-қолтық тірлік кешіп жат­қан елдің қынулы азаматтары қол қусырып қарап отыра алмады. Бүкіл сырбойылықтардың арманы ең құрығанда теңіздің ізін сақтап қалу болды. Сол арманның аңсарымен «Кіші теңіз» жасау идеясы туды. Ал бұған дейінгі сергелдең өз алдына бір жыр. Қиырдағы Сібір өзендерінен арна тарту идеясы ХІХ ғасырдың орта шамасында-ақ қылаң берген болатын. Отаршылдық ниетті жарып шыққан идея. Бертінде Каспий теңізінің «артық» суын Аралға жеткізу ойластырылды. Ақиқатына жүгінсек, бұл екі идеяны да «қашпаған қашардың уызы» дер едік. Сонау Сібір мен Каспийден арна тартамыз деп әбігерленіп жүргенде… мал-жаның аман болсын, Аралдың орнын сипап қалатын едік. Аралдықтар «өтпелі кезеңде» мемлекет тарапынан қаржылай көмек болмағандықтан Көкарал бөгетін қолдан тұрғызуға мәжбүр болды. Құммен тікейтілген бөгеттің бірінші кезегі бітті. Сырдарияның суы ұлы теңіздің бөгелген жерінде іркіліп, Кіші теңіз Үш Шоқыға қарай ойысты, бірақ жайылған тайыз су жиегі қалаға 17 шақырым қалғанда тоқтады. Суы жаңарған айдынға құстар айналып ұя салды, балапандарын өргізді. Қаздың балапандары оңаша жағалауларға шығып жайылып жүргенін көргенде, ақ қайраңда шомылған баяғы балалық шағымыз еске түсіп, көңіл босады, көзге жас үйрілді… Қаржысыз жұмыс бітетін бе еді. Арал қаласында арнайы есеп-шот нөмірі (№142351) ашылды. Елім деп еңіреген ерлер, теңізім деп тебіренген жамиғат осы есеп-шотқа тиын-тебендерін салды. Алайда, мұнымен іс бітпеді. Құмнан тұрғызылған бөгет теңіз дауылына қорған бола алмады. Дауыл құм бөгетті жығып, еңбек зая кетті. Сондықтан дауылға мыңқ етпейтін тасбөгет салу ойластырылды. Ал ондай бөгетті салу үшін оған мемлекет және әлемдік қауымдастық тарапынан қауқарлы көмек күттік. Көмек болды. Әлемдік Банктен де, үкіметімізден де. VІ. М.С. Горбачев кезеңінде Арал теңізін қалпына келтіру жобаларына бәйге де жариялаған еді. Сол кезде жюри мүшелерінің бірі К.Дьяков: «Арал апаты бір жылда, не бір сағатта пайда болған жоқ. Егер 1911 жылдан 1960 жылға дейін құйған дария суының 120 мың текше-километрінің теңізге тек 56 мың текше-километрі жеткен болса, бұл бірте-бірте төмендеп, жетпісінші жылдары 7-11 текше-километрмен шектелді. Ал, сексенінші жылдары дария суының теңізге жетіп құюы мүлде тоқтап қалды» деген екен. Дьяков айтып отырған «дария суының сексенінші жылдары мүлде тоқтап қалуы» Әмударияға байланыс­ты болар. Ал бізде Сырдария суының теңізге жетпей мүлде тоқтап қалуы одан да ертерек. Сырдарияның Аман-өткел тұсынан шегенделіп бөгелгені – жетпісінші жылдар. Себебі, өзеннің кемері бірте-бірте төмендеп, ақырында ит кешіп өтетін шалшыққа айналған су теңізге бәрібір жетпейтін болғасын арнаны бөгеп, жиналған суды егістікке пайдаланды. Шардарадан тек егістікке қажетті су ғана мезгіл-мезгіл беріліп тұратын болды. Брежневтің кезінде теңізді тағ­дырдың тәлкегіне қалдырып, өздері қал­ғып кеткендерді ұйқыларынан оятқан – М.С. Горбачевтің жария­лылығы еді. Пәтуасыз басталса да, қайта құрудың ықпалымен Аралға арна ашылды. Аманөткел бөгеті бұзылды. Бірақ, не пайда, сол кезде баяғы шалқыған шалқар айдынның кемері 13 метрге төмендеп, аумағы жаратылысындағы 67,4 мың шаршы-километрден 36,0 мың шаршы-километрге дейін қусырылған еді. Қайта құру Аралға тым кешігіп жетті. Оңтүстігіндегі Мойнақ пен солтүстігіндегі Арал балық өңдеу комбинаттары, 10 балық зауыты, 22 балықшы колхоздары тегісінен қаңырап қалғанда жетті. Теңіз суы ашып, тұздылығы үш есеге дейін артып, балық кәсіпшілігі әбден тоқтаған кезде жетті. Қайта құрудың дүмпуі басталғанда кемелер жағалауға шығып қалған алып киттердей орғыл-орғыл құм көшкіндерінің қамауында теңкиіп-теңкиіп жатқан-ды. Теңіздің қолат-қолат қойнаулары бөлініп, бөлініп қалған-ды. Баяғы ит тұмсығы батпайтын ну жынысты қамыс-пішен алқаптары түбінен тұзды ақ сор, төбеден Күн жеп, ақырында тегіс күлге айналып күйіп кеткен-ді. Жүгірген аң, ұшқан құс, олар да ауып кеткен-ді. Қарақалпақстан жағын көргеніміз жоқ, ал Сыр бойындағы Арал өңірінің мал жайылымдары баябан шөлге айналған-ды. Арал теңізін құтқару шырғалаңы осындай жағдайда – болары болып, бояуы әбден сіңіп болған кезде өте кешігіп басталды. Обалы қане, қайта құрудың әуелгі сәтінде Одақтың бірқатар қайраткерлері теңізді құтқару қамына шындап кірісіп еді. Шұғыл түрде «Арал үйлестіру ғылыми-зерттеу орталығы» құрылды. Мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымына дейін жетті. Тек қана Арал проблемасы жөнінде 27 елдің – АҚШ, Англия, Австралия, Германия, Канада, Қытай және басқа да мемлекеттердің ғалымдары жиналып, Халықаралық симпозиум өткізді. Сонда біз нені естідік? Баяғыдан бері Сібір өзендерін Аралға бұру айқайы – бос сөз, аралдықтардың аңсаған арманы ғана болып қала берген. Құдайым-ау, қанша уақыт бостан босқа өтіп кеткен десеңші?! Обь – Ертіс – Арал арнасын жасау миллиардтаған шығынға батырып, экологиялық қолайсыздыққа ұшырататын және Аралға жетер жолындағы жердің бәрін батпаққа айналдыратын жөнсіз жоба дегенге тоқайраған. Бұл жоба және Аралды қалпына келтіру мақсаты-мен емес, ғарышты игеруден, бүкіл өмірі тойымсыздықпен өткен Одақтың құрдым құлқынын ойлаудан туған екен. Енді ойлап отырсақ, егер Сібір өзендерін бері бұру машақаты бас­талар болса, Қазақстанда екінші «тың көтеру» лаңы қоса көтеріледі дей беріңіз. Құдай оңдап, симпозиум бір ғасыр бойы талайлардың жүйкесін жүн еткен жобаларды күресінге тастады. Сөйтіп, ғасырға созылған «Арал аңызының» желісі үзілді. Әлбетте, теңізді қалпына келтіру арман еді. Бірақ, айналайын, Ресей, сен де аман бол, біз де аман болайық. Тек, тыныштық берсең болғаны дегенмен тындық. Сонымен, сондағы Халықа­ра­лық симпозиум Аралды құтқару емес, қалған айдынын сақтап қалу идеясын ұсынды. Бұл ыңғайда да қаптаған жобалар ғалымдар талқысына тап болды. Талап біреу: «Аралдың қалған айдынын сақтап қалуды ескерумен бірге таза технологиялық, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық тиімді деген жобалар ғана таңдалады». Солай болды да! Симпозиум 7 жобаға қол қойды. Содан кейін-ақ үрдіс қимыл бас­талып кетіп еді. Алайда көп ұзамай Кеңес Одағының тарауымен бәрі быт-шыт болып, жеті жоба далада қалды. Әркім «өз күнін өзі көретін» заманның толқынында кете барды. Білгіштер біліп айтса, теңіз жағалауы сол симпозиуымға дейін-ақ 100-150 шақырымға дейін шегініп кеткен көрінеді (Мүмкін, аспаннан мөлшерлеп өлшеген шығар). Және бір мәлімет: теңіздің құрғаған табанынан көтерілген улы тозаң сонау Гренландия мұздарынан, Норвегия ормандарынан және Антрактида пигвиндерінің қанынан табылған, – деседі. Міне, «Арал аңызы» енді осылай жалғасуда.

***

Солтүстік Арал акваториясына Сырдың суы аз да болса 1994 жылдан түсе бастаған еді. Содан бері үзіліс болған жоқ. Айдынның бұл аймағы біртіндеп сауығайын деді. Алайда солтүстігінің суы оңтүстік ойпатқа қарай сарқырап ағып кетіп жатты. Оны іркіп, Кіші теңіз жасау үшін Қаратерең жері мен Көкарал жерінің аралығына асау Аралдың тепкісіне шыдайтын ұзыны 14 шақырым тасбөгет тұрғыздық. Әрі бөгет, әрі көпір. Үстімен жүк көліктері сарнап өтіп жатыр. Дегенде теңіз деңгейі көпірден асып түсетін болғасын темір қақпаларын ашып тастадық. Сонымен Кіші Арал суы ойдағы ойпатқа сол баяғысындай ағып кетіп жатыр. Оны қашан тоқтатады? Теңіздің ендігі жыры осы.

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ 

Қызылорда қаласы