ГАМАЛЬ АБДЕЛЬ НАСЕР

ГАМАЛЬ АБДЕЛЬ НАСЕР

ГАМАЛЬ  АБДЕЛЬ НАСЕР
ашық дереккөзі

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Египет Осман империясының құрамында шартты түрде болса да, Ұлыбританияға әлі де тәуелді еді. Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, ел тәуелсіздігін алғанымен іс жүзінде олай болған жоқ. Египеттің қуыршақ үкіметі көмегімен билікті бұрынғыдай ағылшындар жүргізді. Отаршыларға үлкен пайда әкеп тұрған Суэц каналы солардың қолында қалған. 

Тек ХХ ғасыр ортасында ғана Египет армиясының жас офицерлері мұндай жағдайда өмір сүруді қаламай әскери төңкеріс жасап, толық тәуелсіздік алуға әрекеттенді. Оларға өзін саясаткер ретінде таныта білген Гамаль Абдель Насер басшылық етті. Алпауыт елдердің өзара қырғи-қабақ жағдайын пайдаланып, Суэц каналын ұлттық меншікке айналдыруды қолға алды. Оның бұл ерлік ісі бүкіл египеттіктердің рухын көтеріп, біріккен араб мемлекетін құру мақсатын туғызған. Алайда Насер бұл мақсатына толық жете алмады. Ия, сонымен Гамаль Абдель Насер кім?ХХ ғасырдың басында Египет шартты түрде Түркия құрамында болды. Солай бола тұра Ұлыбританияға тәуелді еді. Өйткені елдегі саяси және экономикалық жағдайды олар өз бақылауында ұстады. Ағылшындар елде өз әскерлерін орналас­тырып, өндірістеріне аса қажетті мақта өндіруді күшейтті. Олар Суэц каналын қолында ұстады. Тасымалда өте маңызды болған каналдан түскен пайданың көп бөлігі Англияға жіберіліп жатты да, бір бөлігіне Франция иелік етті. Египеттің сол кездегі билеушілері – хедивтер, сұлтандар, корольдері армияға басшылық еткен ағылшындардың ықпалына көнуіне тура келді. Уақыт өткен сайын олар отаршылардан азат болу үшін қарсылық әрекеттерге барса да, ағылшындар әскер күшімен басып тастап отырған. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған 1914 жылы желтоқсан айында ғана ағылшындар Египеттің статусын өзгертті. Түркия мемлекеті Германия мен Австрия-Венгрияның одақтасы атанып, Египет оның шартты түрде құрамында болу мәнінен айрылған еді. Осыдан кейін-ақ Ұлыбритания бұл елге өзінің толық билігін орнатты. 

1922 жылы ақпанда Египет өзінің тәуелсіздігін жариялаған. Бұл жәй сөз жүзінде ғана болатын. Ағылшын әскерлері Египеттен шығарылған жоқ. Сондықтан Египетті басқарып отырған король ағылшындардың қолжаулығына айналды. 1918 жылы құрылған «Вафд» оппозициялық партиясы үлкен жиындарда Египет үкіметін үнемі қатаң сынға алудан бір тайған емес. Олардың мүшелері үкімет басшылығына барса да, өкінішке қарай, ағылшын әскерін елден шығара алмады. Ағылшындар Египеттің ұлттық армиясын үнемі бақылауда ұстады. Осындай аумалы-төкпелі кезде Гамаль Абдель Насер өмірге келіп, ағылшындар тарапынан бар әділетсіздікті көріп өсті. Ол 1918 жылы 15 қаңтарда Александрия қаласында туды. Әкесі Абдель Насер Хусейн кіші мемлекеттік қызметкер, теміржол вокзалдарының бірінде почта бөлімінде қызмет етті. Анасы Фатима Жоғары Египетте өмірге келген. Александрия­да жеке шаруашылығы бар еді. 

1925 жылы күзде олар Гамальды сапалы білім алу үшін Каир қаласында тұратын ағасы Халил Хусейнге жібереді. Александрияға қарағанда Каирде жағдай мүлдем басқаша еді. Екі жылдан соң анасы бақилық сапарға аттанып, әкесі басқа бір әйелге үйленеді. 1919 жылы көтеріліске қатысып, бірнеше жыл түрмеде отырған атасы Халил өзінің қайтыс болған досының ұлы Махмудты да тәрбиесіне алған. Ол Гамаль мен Махмудқа орта ғасырдағы Египет билеушісі Саладиннің «Крест жорығына» қатысушылармен шайқасып, жеңіске жеткен ерліктері туралы айтып, жігерлерін жаныса, қазіргі арабтардың келімсектерден көріп отырған азабы туралы естігенде намыстан қандары қайнады.

Гамаль 12 жасында Александрияға қайта оралып, үкіметке қарсы студенттер шеруіне қосылған. Бұл оның өмірін мүлдем өзгертіп жіберді. Студенттер Каирдың көшелерімен «Египет жасасын!» деп айқайлап өтіп жатқанда, полицейлер оларды сойылмен ұрып тарата бастаған. Насер де жон арқасынан күшті соққы алып, жерге құлайды. Оны тұтқындап, түрмеге қамаған. Гамаль сол жерде Египет жастар ұйымының мүшелерімен танысады. Түрме басшылары оны ертеңінде ғана кәмелетке толмаған жас ретінде босатады. 

 Гамаль еуропалық білім беретін орта мектепке түседі. Ол көп уақытын қітапханада өткізіп жүрді. Еуропадағы революциялар тақырыбына жазылған кітаптарды оқиды. Содан бастап Египет жастар ұйымының саясаты оның талғамынан шықпай, басқа саяси партиялармен байланыс орнатқан. Әсіресе, оны «Вафд» партиясының жүзеге асыруға болатын бағдарламасы қатты қызықтырады. Гамаль бұл партиядан да көңілі қалған. Өйткені бұл партия күрестің парламенттік тәсілінен зор үміттенетін. Гамаль «Мұсылмандардың бауырластық партиясының» саяси ұсыныстарымен де келісе алмады. Ол бір емес, бірнеше рет мүшелері көк жейде киіп жүретін және алдағы революциялық күреске дайындалу үстіндегі «Іргелі ұлттық партияның» жиналыстарына да қатысып көрді. Партияның бағдарламасы алғашқыда оны біраз қызықтырып, саяси көзқарасын ұштай түсуіне ықпал еткені анық. Бірақ уақыт өте келе бұл партиядан да жиреніп, мүшелікке кіруден бас тартты. Себебі, партия басшылары үнемі үкімет билігін өз қолдарына алу үшін күресіп келген. Гамаль бұл партияның да жетістікке жететініне күмәнданды. Сондықтан болар ол 1935 жылы өзінің ең жақын жолдасына: «Мен қазіргі Егеипетте шын тәуелсіздікке жеткізетін нағыз партияны көріп тұрғаным жоқ», − деп жазды.

1935 жылы Египетте ағылшындарға қарсы жаңа қозғалыстар өріс алды. «Вафд» партия­сы үкіметтен 1923 жылғы конституция­ны қайта қалыпқа келтіріп, Ұлыбританиямен елді толық тәуелсіздікке жеткізетін жаңа келісім-шарт жасасуды талап етті. Партияның бұл талабын күзге қарай басқа қалалардың тұрғындары да қолдады. 17 жастағы Гамаль да бұған белсене қатысқан. Оның жалынды сөздері өзі оқитын мектептің оқушыларын ғана емес, ұстаздарына да қатты әсер етіп, қарсылық шерулеріне шықты. Олар полицияның қарсылығына қарамастан Каир көшелерімен жүріп отырып, король сарайына қарай беттей берді. Алайда сарай маңында ағылшын әскерлері тұрған еді. Олар шерушілер жақындағанда мылтықтарынан оқ ата бастады. Бір шеруші табанда қайтыс болып, көбі жараланып, жан-жаққа қашты. Бірақ шерушілер қарсылығын тоқтатқан жоқ. Олар ертеңіне «Вафд» партиясының штаб-пәтерінің алдына қайта жиналған. Ағылшын әскерлері оларды тарату үшін тағы да қару қолданды. Бұл жолы екі студент қаза табады. Көптеген жараланғандардың арасында Гамаль да бар еді. Ол митингіде белсенділік танытқаны үшін тағы да тұтқындалады. Елде ағылшындарға қарсылық жаппай өріс алып, көтеріліс жағдайына жетті. Содан сес­кенген ағылшындар тізгінді босатуды жөн көрді. Оның үстіне Ұлыбритания сол кезде 1929 жылы басталған депрессиядан әлі де оңала алмай, қаржы тапшылығынан Египет көтерілісшілерін басып-жаншуға шамалары келмеді. Сол жылдың желтоқсанында 1923 жылғы конституцияны қайта қалыбына келтіретіндері жөнінде хабарлады. Биліктің бұл шегінісі елді қуанышқа бөледі. 1936 жылы сайлауда «Вафд» партиясы жеңіске жетті.

Сол жылы «Вафд» партиясы билік басына келіп, Ұлыбритания үкіметімен келісім-шартқа тұрады. Осы келісім бойынша Ұлыбритания Суэц каналы маңында өз әскерін ұстауға қол жеткізді. Есесіне бұрын Египетті басқарып отырған кеңесшілерін елден шығаруға мәжбүр болған. Газеттер бұл Египет үкіметінің ең үлкен жеңісі жеп жарыса жазып жатты. Бірақ бұл асығыстық еді. Ұлыбритания мұнда әскерін сақтай отырып, кезкелген уақытта Египеттің ішкі ісіне араласары кәміл болатын. Ал ең бастысы, бұл келісім елдегі жағдайды онша өзгерте қойған жоқ. Египеттің экономикасы мүлдем сын көтермейтін халде еді. Король жанынан құрылған «Вафд» партиясының үкіметі уақыт өте келе ағылшындардың қолбаласына айналып, ықпалы әлсірей берді. Оны корольге және Ұлыбритания үкіметіне берілген жаңа өкімет алмастырды.

Орта мектепті бітірген Гамаль туыста­рының айтуымен полицей болғысы келген. Бірақ ол қара киімді полицейлердің шерушілерді қалай ұрып-соққанын естен шығара алмады. Ал полиция барикаданың ағылшындар жағында болары сөзсіз. Ол әскери офицер болуды армандап, Каирдің әскери академиясына құжаттарын тапсырған. Бірақ сынақтан өте алмайды. Оның үкіметке қарсы шерулерге қатысқаны кедергі келтірді. Оның үстіне Египет офицерлерінің құрамы түгелге жуық жер иеленушілердің балалары еді. Сондықтан қабылдау комиссия­сы оны бөтенге санады. Гамальға Каир университетінің Заң факультетіне түсуден басқа жол қалмаған. Жарты жылдан соң ол Әскери академияға қосымша талапкерлер қабылдау жөнінде жарнаманы оқып, атасы Халилге барып, таныс генералының көмектесуін сұрады. Генералдың көмегімен академияға оқуға қабылданған. Бір жылдан кейін лейтенант шенін алды. Ол көне қарулармен жабдықталған армияның ешқандай қауқарсыз екенін сонда ғана білді. Солдаттардың да рухы төмен түсіп кеткен.

Гамаль Египетті ағылшындарға кіріптарлықтан тек революция ғана құтқара алатынын және оны тек ұлттық армия ғана жүзеге асыратынын түсінді. Сол үшін қарулы күштер арасынан құпия ұйым құру керек деген тоқтамға келген. 1939 жылы 15 қаңтарда Гамаль өзінің туған күнін әскери достарымен бірге оңаша тауда өткізді. Сол жерде ол өзінің ішкі ойын айтып, әскери төңкеріс жасамай ағылшындардан құтылуға болмайтынын түсіндірді. Тауда құпия «Ерікті офицерлер» ұйымын құрды. 1939 жылы басталған Екінші дүниежүзілік соғыс Египет үшін аса маңызды болды. КСРО мен АҚШ-тың ықпалы өсіп, Ұлыбритания дағдарыс жағдайынан әлемнің бірнеше елдеріндегі әскерін ұстап тұруға шамалары жетпеді. Соның салдарынан Каир мен Александриядағы әскери базаларын алып кетуге мәжбүр болған. Тек Суэц каналында шағын бөлігі ғана қалды. 

1920-1930 жылдар аралығында Палес­тина жеріне жан-жақтан еврейлер келіп орнығып жатқан. Соғыстан кейін Палестина арабтары мен қоныстанушы еврейлер арасында қақтығыстар басталып, күн өткен сайын жағдай ушыға түскен. Америкадағы өте бай еврей диаспорасының қолдауымен мұндағы еврейлер басымдыққа ие бола бас­тады. Олар палестиналықтарды өз жерінен ығыстырып жатты. 1947 жылы БҰҰ Палестина жерінде араб және еврей мемлекеттерін құру жөнінде шешім қабылдады. Мұны араб елдері құптаған жоқ. 1948 жылы Израиль мемлекеті жарияланысымен Египет, Иордания, Ливия, Сирия, Сауд Аравиясы өз әскерлерін Палестинаға жіберді. Осылай ұзақ жылдарға созылған араб-израиль соғысы басталды. 

Палестина жерін қорғауға аттанған Египет­тің 3 мың әскерінің ішінде майор Гамаль Насер де болды. Бірақ шайқаста Америкаға арқа сүйеген Израиль жеңіске жетті. Жеңілістің басты себебі, араб елдері әскерлері бірігіп соғыспай ұрысты өз беттерінше жүргізді. Бірі-біріне көмек көрсетпеген. Насер бастаған әскерлер Израиль армиясының қоршауында қалып, жаудың атқылауының астында қалды. Насер қапталдағы Иордания армиясынан көмек өтінгенде, олар жоғары басшылықтан ондай бұйрық түскен жоқ деп бас тартты. 1949 жылы 23 ақпанда Египет пен Израиль арасында соғысты тоқтату жөнінде келісімге қол қойылды. Соғыстан тағылым алған Гамаль: «Әлемдік саясат ықпалымен араб елдері осылай қаннен-қаперсіз жүре берсе, барлық араб елдері тәуелсіздіктерін жоғалтуы мүмкін. Енді жағдайды түзетудің жалғыз ғана жолы − барлық арабтардың бірігуі», − деген шешімге келді.

Египет азаматтары қалалардың көшелеріне шығып, соғыста жеңіліс тапқандары үшін король Фаруктен үкіметті таратуды талап етті. 1950 жылы жалпыға бірдей сайлауда үкіметке «Вафд» партиясы қайта келді. Жаңа үкімет Ұлыбританиядан Суэц каналындағы әскерін алып кетуді талап етті. Оның үстіне бұл кезде елде ағылшындарға қарсы террорлық әрекеттер көбейе бастаған. Бүлікшілер ағылшын банктері мен мекемелерін өртеп жатты, тіпті адам өліміне алып келген жағдайлар да аз болған жоқ. Ұлыбритания бұған жауап ретінде 1951 жылы Суэц каналы маңында әскер санын бұрынғыдан да көбейтіп, бақылауға алған жер көлемін кеңейте түсті. Елде жағдай күрт өзгерді. Король Египет армиясын күшейтудің орнына биліктен «Вафд» партиясын шеттетті. 1952 жылы алғашқы жарты жылда елде үкімет алты рет жаңартылған. Билікте бедел мүлдем болмады. Міне, сол кезде «Ерікті офицерлер» ұйымы іске кірісті.

1952 жылы 23 шілде күні түнде подполковник Гамаль Насердің басшылығымен әскери төңкеріс басталды. Төңкеріс жеңіске жету үшін әуелі армияны толық өз ықпалдарында ұстап, үкіметті биліктен тайдырып, король Фарукті тақтан құлату керек болды. Армия басшысы генераль Мұхаммед Нагибтің корольмен қатынасы бұрыннан жақсы емес еді. Ол бірден «Ерікті офицерлер» жағына шықты. Оны басқа да генералдар қолдады. Осыдан кейін Гамаль Насер армия басшылығын өз қолына алып, төңкерістің екінші кезеңін бастады. Насер елдің аса маңызды стратегиялық нысандарын басып алып, американдық дипломаттарға: «Біз өз еліміздің тағдырын ғана шешіп жатырмыз. Басқа елдерге бүлік салатын мақсатымыз жоқ», − деді. Насер 23 шілде күні бұрынғы премьер-министр Али-Магир пашадан жаңа кабинет құруды өтінді. Жаңа билік жасырынып жатқан Фарукті Александриядағы монахтар үйінен тауып, Насердің өтініші бойынша, король Фарукті өлтірмей әрі сотқа тартпай 6 сағат ішінде елден кетуді бұйырды. Ол 204 чемоданға дүние-мүліктерін салып, бірнеше жәшік шампан шарабын алып, 26 шілде күні «Махруса» яхтасымен Италияға жүріп кетті. «Ерікті офицерлер» ұйымы өздерін «Революция басшыларының кеңесі» деп қайта құрып, елде биліктерін күшейтті. Олар 1953 жылы халықтың қолдауымен «Вафд»-тан бас­тап, барлық партиялар мен коммунистер іс-әрекеттеріне тыйым салды.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ