ҚАЗАҚТАРДА ӘСІРЕ ФАНАТТЫҚ ЖОҚ

ҚАЗАҚТАРДА ӘСІРЕ ФАНАТТЫҚ ЖОҚ

ҚАЗАҚТАРДА ӘСІРЕ   ФАНАТТЫҚ ЖОҚ
ашық дереккөзі
234

Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» пьесасын сахналау үшін Алматыға есімі Еуропаға белгілі литвалық режиссер, КСРО және Литва Мемлекеттік сыйлығының иегері, Вильнюстағы орыс драма театрының жетекшісі Йонас Вайткус арнайы келді. Режиссер М.Әуезов театрының труппасымен дайындықты бастап та кеткен. Тегі еуропалық маман түркі халықтарының болмысын, салт-санасын өз биігінде көрсете ала ма, қазақ театры тарихымыздың бастауында тұрған ұлы ойшыл туралы спектакльді литвалық режиссерға қалай сеніп тапсырды деген сауалдардың алдымыздан көлденең шыққанын несіне жасырайық? Йонас Вайткуспен әңгімелескеннен кейін көкейдегі көп сұрақтың түйіні тарқатылды.

–Йонас мырза, Қазақстаннан алған алғашқы әсеріңіз қандай?

– Бұл менің Қазақстанға алғашқы келуім емес. Осыдан үш жыл бұрын фестивальға келгенмін. Биыл екінші рет жолым түсіп тұр. Қазақстанда мен араласып жүрген адамдардың бізбен (литвалықтармен – ред.) ұқсастығы көп. Қазақстандықтардың басым көпшілігі қала салтынан гөрі даланың еркіндігіне жақын екен. Ашық-жарқын, көмек қолын созуға дайын тұрады. Сұрақ қойсаң, уақытын пұлдамай жауап береді, түсіндіреді. Сондықтан мұнда өзімді еркін сезініп жүрмін. 

– Дегенмен жаңа ортаға үйре­нісіп кеткенше біраз қиындықты еңсе­руге тура келеді емес пе?

– Қиындық деуге келмес, кедер­гі­лер дейікші. Тілдік кедергілер бар. Қазақ тілін білсем өзімді тіпті жақ­сырақ сезінер ме едім? Бірақ қазақтардың бәрі орысша біледі ғой, сондықтан кез келгенімен түсінісіп, тез тіл табысып кетесің. Спектакль қазақ тілінде қойылатындықтан, қазақ тіліне құлағымды үйретуге тырысып жүрмін. Айналамдағылардың қазақша көбірек сөйлескенін қалаймын. Олардың ауыз қимылына, дауыс ырғағына, сөздердің екпініне қарап қазақ тілінің біраз ерекшеліктерін таныдым. Қазір бастапқыдай пьесаның аудармасын бақылап, қазақша және орысша мәтінді салыстырып отырмаймын. Актерлардың не айтып тұрғанын түсінетін болдым. 

– Әр халықтың өзіндік ерек­ше­лігі, өз болмысы бар. Сіз қазақты қай қырынан таныдыңыз? 

– Қазақтар – интроверттер. Ұстамды, төзімді халық. Бақылағанды ұнатады, асығыс шешім қабылдауға бейілсіз. Кез келген нәрсеге құлай кетпейді, әсершіл емес. Қазақтарда әсіре фанаттық деген атымен жоқ екен. Дінге де, сезімге де салқынқанды қарайды. Адамдармен қарым-қатынаста оларды ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарап бөліп-жармайды. Тек сөзің мен ісіңе, сенің оған деген көзқарасыңа мән береді. 

– Астанадағы М.Горький атын­­дағы орыс драма театрында А.Яблочнаяның «Язычники» спек­таклін қойыпсыз. Елорда жұр­шы­лығы қойылымды қалай қабыл­дады? 

– Әр түрлі пікірлер айтылды. Көпшілігі жақсы қабылдады, теріс пікірлер де болды. Ең бастысы, көрерменнің өзгеше интерпретацияны түсіне алғанына қуандым. Образды ашу үшін дөрекі сөздерден қашып құтыла алмайсың, ондай жағдайда идея жұтылады, мазмұн жоғалады. Сондықтан күзеп-түзеп, мәтінді барынша жұмсартуға тырыстық. Дөрекілік пен анайылыққа өзімнің де жаным қас. Ал оны сахнадан көрсетуге тіпті қарсымын. Бірақ театрдың функциясы хирургияға жақын болғандықтан, өмірдің барлық қырын қамтиды. Дөрекі мен сыпайыны да, ұлы мен ұрыны да, арзан мен құндыны да көрсетеді. Бәрін көрсетуге болады, көрсетуге тиіспіз. Өйткені қолымызға скальпель алған соң, кесіп жатқан сыңай танытпай, кесу керек. Тереңіне үңілмей, жараның бетін ғана сылап-сипап қойсаң, қоғам дертінен айықпайды. Көрермен қойылымды көрді, ойлантатын тұсында күрсінді, қызық жеріне күлді, қол соқты да кетті дейік. Театрдан сәл демалып шыққаны болмаса, алған түгі жоқ. Сонда ол неден демалады? Өзінен бе, өмірден бе, әлде түйткілдерден бе? Түйткілден демалу деген ақылға сыймайды. Оны шешу керек, күресу керек. 

– Қазақ театрының шақыруын бір­ден қабыл алдыңыз ба, әлде екі та­рап­тың келіссөзі ұзақ жүргізілді ме?

– Не нәрсе болса да сағызша соз­бақ­­тағанды ұнатпаймын. Бірдеңені ойға алсам, орындағанша жаным қал­майды. Ұсынысты бірден қабыл­да­дым, бірақ уақытын нақты бел­гі­лемеген болатынбыз. Литвадағы әр түрлі жобаларым, театрымыздағы ауыс-түйістер үсті-үстіне қабаттасып кетті де, сапарды кейінге қалдыра бердік. Бірақ, мойынға алғаннан соң, жауапкершілікпен қарау керек. Бәрін ысырдым да, дайындықтың уа­қытын белгілеп, Қазақстанға ұшып келдім. Астанада «Язычникидің» тұсаукесерін өткізе сала, Алматыға жеттім. 

– Бір оқпен екі қоянды алған екенсіз ғой? 

– Ия, әдейі солай жоспарладым (күліп). 

– М.Әуезов театрының репертуа­рын­да Қорқыт жайлы спектакль бұрын-соңды болмаған. Түркі ха­лық­тарына ортақ ойшыл, ұлы күйші туралы қойылым қоюды театр ұжымы сізге сеніп тапсырды. Пьеса арқылы сіз Қорқытты тұлға ретінде тани алдыңыз ба? 

– Пьеса қолыма тигелі біраз бол­ды. Иран-Ғайыппен бірнеше рет кездестім. Мәтінді талқыладық, түсін­бегенімді түсіндіріп берді. Бірақ бір пьесаны оқып шығып, Қорқытты толық тану мүмкін емес. Түркі халықтарының ұлы ойшылы туралы көп жазылған, айтылған. Әсіресе, теориялық еңбектер көп. Бірнеше әдебиетпен таныстым. Оның замандастарын да зерттедім. Қобыздың үнін, Құранды тыңдадым. Қазақтың дәстүрлі әндерімен де таныстым. Парсы ақыны Низамимен таныстығым да түркі халықтарының салт-санасын тануға көп көмектесті. Тақырыптың тереңіне үңілуге уақытым болды, сондықтан Қорқытты тиісті деңгейде тани алдым деп ойлаймын. Менің танымымда Қорқыт өте талантты, өз ортасында таңдаулы адам болған. Поэзиядан, музыкадан, философиядан, тіпті медицинадан да хабары мол. Өмірге селқос қарайтын, жеңілдің үстімен жүретін адам емес. Әділетсіздікке жаны қас, адамды қорлауға, арын таптауға қарсы. Әрқашан шындықты айтқаны үшін өз ортасында сүйкімі болмаған сыңайлы. 

Пьеса проза түрінде емес, поэ­зия тілінде жазылған. Тілдің поэ­тикалық бояуын, мәтіннің ырғағын жоғалтпай, сол қалпында бергім келеді. Дайындық кезінде менің алдымда пьесаның түпнұсқасы мен орысша аудармасы жатады. Екеуін салыстырам да, таңқалам. Орыс тілінде бірнеше сөзбен, сөйлеммен берілген мағына қазақ тіліндегі бір ғана сөзге сыйып кеткен. Бастапқыда дұрыс аударылмады ма деп күмән келтіретінмін. Қайта-қайта сұраймын, бәрі жабылып түсіндіреді. Кейін көзім әбден жетті. Расында да, қазақ тілі өте бай, мағыналы, терең тіл екен. 

– М.Әуезов театры – Қазақстан­дағы ең алғашқы театр, өз сала­сы­ның көшбасшысы. Қазақ театр өне­рінің деңгейіне айқындауыш бола алады. Сіз Еуропаның атақ­ты театрларында болдыңыз, спек­такльдеріңіз бірнеше елде қой­ыл­ды. Сіздіңше, қазақ театрының өзге­лерден ұтылған, ұтқан тұсы қай­сы? 

– Қазақ театрын Еуропамен салысту қаншалықты орынды екенін білмеймін. Жаһандану, мәдени интеграция деп жатырмыз. Мұның бәрі дұрыс шығар. Бірақ қазақтың тарихы, әдебиеті, музыкасы мүлдем басқаша, Еуропаға ұқсата алмайсың. Синтезді өнер болғандықтан, қазақ театрының да жолы басқа, шыққан биігі бөлек. Ерекшелігі – өз тарихын көбірек қаузайды, өз дәстүрін, салтын насихаттайды. Театр ең бірінші жергілікті жердің тілін табу керек, Алматыда тұр ма, алматылықтардың үдесінен шығуға тиіс. М.Әуезов театры өз қолдаушысын тапқан театр. Өйткені көрерменге не керек екенін зерттейді, өз аудиториясын жалықтырмаудың жо­лын қарастырған. Оған теа­тр­дың репертуары дәлел. Әр түрлі жанрдағы, сан алуан тақы­рып­тардағы қойылымдарды топтас­тыра білген. «Бірақ» дейтін тұсы тағы бар. Меніңше, театр репертуарындағы әлемдік классикаға тың эксперименттер, жаңаша интерпретация керек. Әлемдік театр өнерінің әр түрлі мектептерімен тәжірибе алмасу қажет деп ойлаймын. 

– «Қорқыт» спектаклінің пре­мье­­расы қашанға жоспарланып отыр?

– Тұсаукесерді 5 желтоқсанға белгіледік. 

– Тым асығыс емес пе? 

– Жоқ, үлгереміз деп ойламын. Дайындық қарқынды жүріп жатыр. Күніне екі рет дайындаламыз.

– Актерларды өзіңіз таңдадың ба?

– Спектакльде 30 актер ойнайды. Негізгі рөлдерде ойнайтын актерларды өзім таңдадым. Труппаны, шығарманы жақсы білетін адамдардың кеңесін ескердім. Рөлдер әлі де өзгеруі мүмкін. Актерлардың мүмкіндіктері ашыла түскен сайын, кімнің қай рөлге көбірек келетіні белгілі болады. Әртістерде штамптың, өзгермейтін мәнердің бар-жоғын анықтау үшін театр репертуарындағы оннан астам спектакльді көріп шықтым. «Қорқыттың көрі» спектаклінде ойнайтын актердің «Оттелодағы», болмаса «Ромео мен Джулльеттада» жасаған іс-қимылды қайталағанын қаламаймын. Актер әр спектакльге өнердегі жолын жаңа бастағандай кірісуі керек. Ескінің қалдығын бір спектакльден екіншісіне тасымалдаудың қажеті жоқ. Актер әрқашан жаңалыққа құштар болуы керек. Өзіне берілген рөлді жаңа дүниені тану мүмкіндігі деп қабылдауы қажет. Берілген мәтінді жаттап алып, қайталап бергеннен актер өспейді. Рухани дүниесі байымайды. Өзі жұтаң адам өзгені қайтіп байытады? Актерлік шеберлікке қойылатын талаптар жылдан-жылға көбейіп келеді. Актер жанын да, тәнін де үнемі бақылауда ұстауы керек. Дауысы мен қимылын сәт сайын, сағат сайын шыңдау қажет. Олай істей алмайды екенсің, істей алатындарға орын босат. Нағыз актер ешқашан тоқмейілсімейді. Өзіне көңілі толған күні ол тоқырауға ұшырайды. 

Ең бастысы, театр жастары экспе­рименттен қашпайды екен, қызығушылықтары зор. Егер осы беттен қайтпай, өнімді еңбектенсек, өзімізге артылған сенімді ақтаймыз деген ойдамын. 

– Қорқытты қою үшін өз шы­ғар­­ма­­шылық тобыңызбен келіпсіз. Сіз қазақ композиторлары мен сурет­шілерін мойындамай ма деген екіұшты ой пайда болды. Әлде қайда шақырса да, өз маман­да­рыңызды ала барасыз ба? 

– Альгирдас Мартинайтис – ұзақ жылдар бойы менімен тізе қосып жұмыс істеген композитор. Оның шығармашылығы халықтық му­зыкаға, тарихқа жақын. Тереңдігімен, мазмұндылығымен ерекшеленеді. Сондықтан бұл тақырып оған жат емес. Артурас Симонис есімді суретшінің қолтаңбасы анық. Өткенді, тарихты көрсететін болғандықтан сценографияға рационалдылық керек шығар деп ойладым. 

Шақырған театрдың бәріне топпен бар­маймын. Мәселен, Астанадағы орыс драма театрында мен қойған спектакльдің сценографиясын басқа суретші жасады. Литвада да әр түрлі композиторлармен, суретшілермен жұмыс істеймін. Спектакль тақы­ры­бына жақын адамды таңдаған дұрыс. Бір спектакльге мінсіз музыка жазған композитор басқа қойылымның тақырыбын түсінбеуі мүмкін. 

– Тегі еуропалық мамандар түр­кі халықтарының болмысын ашып көрсете ала ма деп күмән кел­тірушілер де бар…

– Спектакльде мен ойнамаймын.­ Театрдың өз актерлары ойнайды. Образдың ашылуы соларға байла­нысты. Актерлардың бәрі дерлік ұлт­тық аспаптарда ойнайды екен, халық әндерін айтады. Солардың айналасында жүріп, ақиқаттан алшақ кете қоймаспын. Жасаған дүниеміз ертегіге ұқсамауы керек, көрерменді сендіргіміз келеді. 

– Біздің театрлардағы өзекті мәселенің бірі – көрерменді театр мәдениетіне тәрбиелеу. Еуропа театрларында бұл мәселе шешілген бе?

– Бұл мәселе әлімсақтан бар. Қазақстан, Литва ғана емес, әлемнің барлық театрлары көрерменнің ішкі мәдениетін арттыру жолдарын қарастырып әлек. Ағарту жұмыстары мектеп қабырғасынан бастап жүргізілу керек. Театр балмұздақ пен попкорн жеу үшін, болмаса есіріп-ерігу үшін келетін орын емес. Көңіл көтергің келсе, баратын орын жеткілікті. Түнгі клубтарға, концертке, киноға бар. Ал театр – қасиетті орын, ол бәрінен биік тұруы керек. Өкінішке қарай, қазір қоғам даңғазаға толы спорттық шараларға, попсалық концерттерге, арзан күлкіге кенелтетін сатиралық қойылымдарға құмар. Бұқаралық психоз белең алды. Біріңғай штамп, бірдей қалып. Біреу қол соқса немесе ысқырса, бұқара жаппай іліп әкетеді. Көптің реакциясынан тыс қалуға, топтан даралануға қорқады. Өзіндік «менінен» айырылған, жеке көзқарасы жоқ. Ал жеке көзқарас, өзіндік танымсыз өнер өспейді. Жалпылама, былапыт пікірлер көбейеді. Өзгелерге ұнаған дүние сенің көңіліңнен шықпауы мүмкін немесе керісінше. Олай болса, көппен бірге оны көпіртіп мақтаудың, топпен бірге оған күйе жағудың қажеті не?

– Сіз Литваның орыс драма театрын басқарып отырсыз. Театрдың әкімшілік жұмысын да, көркемдік жағын да бір кісідей білесіз. Қайсысының жүгі ауыр?

– Көркемдік жағы қиын әрине. Жауапкершілігі де басым. Өйткені театр – өнер ордасы. Оның тағдырын есеп-қисапты жүргізетін есепшіге, тәртіпті қадағалайтын зал әкімшісіне, болмаса билет жыртып тұрған қызметкерге тели алмайсың. Театрдағы ең қастерлі орын – сахна. Өзгесі екінші, үшінші планда. Сондықтан театрдың бейнесін шығармашылық топ қалыптастырады. Ол – драматург, режиссер, актер және қойылымды қоюға жұмылған өзге де мамандар. Сахнаның айналасында өзгеше микроклимат қалыптасқан. Мейлі сен директор бол, шенің мен шекпеніңе қарамастан дайындық жүріп жатқан алаңның тыныштығын бұзуға хақың жоқ. Бұл – қатып қалған қағида. 

– Баспасөзге берген сұхба­ты­ңыз­дың бірінде «Театр – қоғам дер­тіне қарсы екпе» деген екенсіз. Егер көрермен театрға келуді азайт­са, бұл қоғамда дерттің азай­ғанын білдіре ме? 

– Жоқ, қателесесіз. Адам бар жерде, дерт қоса жүреді. Ал кө­рер­­мен театрға келуді қойса, бұл – насихаттың аздығы, білім ошақтарында ағарту жұмыстарының дұрыс жүргізілмегені, мәдениетке тиісті көңіл бөлінбегені. Ұрпақ тәрбиесінде біртұтас жүйе жоқ. Мынау ғылым, мынау дін, мәдениет, мораль деп әрқайсысын бөлек-бөлек жіктеп тастадық. Шын мәнінде бәрі біртұтас болуы керек, бірін-бірі толықтырмаса, жеке тұрып мұның ешқайсысы өнімді бола алмайды. Мысалы, дін мен ғылым – ажырамас ұғымдар. Құдайсыз ғылым ғылым емес. Әлемді жалмайтын қауіпті вирус ойлап тауып, оған қарсы екпені өздері жасап шығаратын да – сол құдайсыздар. 

– Шығармашылық адамы ретінде сізді қандай тағы қандай мәселелер алаңдатады?

– Жаңа ғасыр қоғамды тапқа, топқа бөліп тастады. Шашыраңқылық белең алып барады. Бірігіп бүтін болуға бейілсізбіз. Бастаған істі аяғына дейін жеткізбейміз. Сандар билеген заманда сапаның керегі болмай қалады екен. «Халтураға» етіміз үйреніп кеткені сондықтан. Еститіндер көп, тыңдайтындар санаулы. Бәрі асығыс. Қайда асығады, түсінбеймін? Кітап оқығаннан, спектакль көргеннен гөрі бір жерге барып «Кола» ішкенді, әлеуметтік желіде отырғанды жөн көреді. Адамдар арасында өзінің осал тұсына тәуелділік пайда болды. Бұл – өзіңе өзің ор қазу деген сөз. Өз бойымыздағы жаман әдеттермен неге күреспейміз? Өз болашағыңды өзің ойламасаң, өзге қайтсін? 

Кіші үлкенді сыйлауды қойды. Сіздерде қалай екенін білмеймін, Литвадағы мектептерде мұғалімдер оқушыдан қорқады. Саусағының ұшын тигізбек түгілі, оқушыларға дауыс көтеруге болмайды қазір. Білімдіге құрмет азайды, білімсіздерді қаһарман қылып жүрміз. Айта берсек, қоғамда кесел көп. 

– Әңгімеңізге рахмет!


Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары