23 шілдеде елордадағы «Жастар» театрында Абайдың 180 жылдығына арналған поэзия кеші өтті. «Өлең – сөздің патшасы» атты әдеби-сазды кешті Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы ұйымдастырды.
Көңілдің қылын шертіп, жан сарайын ашқан жыр кешінде Ғалым Жайлыбай, Сұраған Рахметұлы, Оңайгүл Тұржан сияқты аға буын ақындар өлең оқып, олардың ізін жалғаған кейінгі толқын қаламгерлер де өлең оқып, көрерменнің көкірек көмбесін көркем иірімдерге толтырды. Ал бұл кештің басты жаңалығы – 30 жылдан астам уақыт бойы үлкен сахнада өлең оқымаған Әбубәкір Смайылов, Батырболат Айтболатұлы сияқты ақындардың қайта халық алдына шығып, көптің көңілінде сақталған, жадында жатталған жырларын оқуы болды.
Жыр кешін ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы, Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жүргізді. Алғы сөзінде ол осындай іс-шараларды ұйымдастыруға қол ұшын созып, мұрындық болып жүрген Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Сәкен Есіркепке қаламгер қауым атынан ризашылығын білдірді.
– Хакім Абайдың туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Қазақ ақындарының ішінде Абайға соқпай кеткені аз. Себебі Абай – біздің Темірқазығымыз. «Заманға қарап – Абайды, Абайға қарап – өзімді Аяймын» дейтін Жұмекеннен бастап, «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай, бірақ қайтадан тіріле ме?» деп Мұқағали айтпақшы, Абайға өлең арнамаған, Абайға қарап бой түземеген қаламгер аз. Абайдың 180 жылдық тойы биыл еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіп жатыр. Біз де осы Астана қаласында, Астана қаласы әкімдігінің, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы, Астана филиалы «Өлең – сөздің патшасы» атты әдеби кешті өздеріңізге ұсынып отырмыз», – деді Бауыржан Бабажанұлы.
Кеште өлең оқыған ақындар көшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай бастап берді. Ол осыдан 30 жыл бұрын өткен Абайдың 150 жылдық мерейтойы туралы естелгін айтты.
– Осыдан отыз жыл бұрын Абайдың 150 жылдығына арналған үлкен жыр жарысы болды. Біздер сол жарысқа алдыңғы буындағы үлкен ағалармен бірге қатысқан жас ақын едік. Абай – біздің бетке ұстар шамшырағымыз болып қала береді, – деді ақын. Содан соң сөзін сол кезде жазылған «Абаймен сырласу» өлеңімен жалғады:
«Алаштың асқан тәңірі – Абай,
Көреміз біз де жолда азап.
Жаратқан хақтың әмірі қалай –
Сен көрген қазақ – сол қазақ!».
Келесі болып сахнаға «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, ақын Сұраған Рахметұлы шығып, «Өлең емес өлең» атты жырын оқып берді:
«Тау бағып Абай,
жаурадың талай
арқаның зәрлі сан «ақпанында»,
«Қан теңіз» кештің сен қабағат қанат қағымда.
Қайта келдің бе, замана абызы-ау, «қалың жұртыңа»,
Қазақ сорлының абат таңы атқанында...», – деген шумақтар көрерменді қалың ойға жетеледі.
«Ғұламасыз жаһан да тұл, тал да тұл,
Ұлы Абайдың ғаламына кел батыл.
Ойларында орман жатыр Абайдың,
Сөз бен сөздің арасында ел жатыр», – деп жыр оқыды ақын, ғалым Оңайгүл Тұржан.
Ол өзінің «Азаттық» атты өлеңінде азат рух пен Абай мұрасының сабақтастығын ұштастыра жазады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан ежелгі замандарда өркениет бесігі болған, ал бүгінде соғыс пен жоқшылық жайлаған Ауғанстан халқының қайғылы тағдырын суреттейтін «Ауған сәбиінің монологы» атты өлеңін оқыды.
Ақын Маржан Ершу Ұлы Абай мен оны әлемге танытқан Мұхтардың рухына жыр арнап, қазіргі замандағы кей құбылыстарды ой елегінен өткізеді:
«Менмін» дейді-ау бүгінде тірі мықты,
Ұлылықты кім қалай ұғыныпты?
Абай, Мұхтар үнсіз-ақ аспаныма
Жазып кеткен секілді ұлылықты»...
Белгілі ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының тұңғыш иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әбубәкір Смайылов 1992 жылдан бері бірінші рет осы жыр кешінде өлең оқыды.
«..Біз тудық басқа қоғам, басқа әлемде
Күн көсем бағып тұрды тас төбемде.
Жабығып Жаңабайлар жүрген уақыт,
Өз тілі өгей болып Өскеменде.
Бұл нәубет біздің ұрпақ бастан кешкен,
Артынша болды дүние астан-кестен.
Кеңестер Одағына өлім келді,
Ол мәңгі мызғымастай көрінген-ді» – деп, ақын кешегі күннің «ескі кинолентадай» естеліктерін қозғап,
«..Егер біз аман қалсақ мұз дәуірден
Алланың бар шығар-ау бір есебі...» – деп түйіндейді.
Көптен бері алқалы қауымда өлең оқымаған Ақын Батырболат Айтболатұлы да сахнаға шығып, тоқсаныншы жылдарда жастар жата-жастана, жатқа оқыған «Мен ғашық қыз» өлеңін оқыды.
«Мен ғашық қыз сыймайды ғой фәниге,
Ал сен маңдайды айтасың..» – деген жолдарды көпшілік ақынмен бірге қайталады.
Тоқсаныншы жылдарда ақындығы жоғары бағанған Мұхарбек Жәкейұлы Торғай туралы «Біздің ауыл осындай» өлеңін оқыды.
Абай туған топырақтың перзенті, сыршыл ақын Қалқаман Сарин Абайды тудырған, ең ақыры Мұхтардай Гималайды толғатқан қасиетті Шыңғыстау туралы жыр төкті.
Гүлісхан Домалайқызы, Толқын Қабылша Мақпал Мыса, Олжас Сәндібек, Асантемір Қаршығаұлы, Талапбек Тынысбекұлы, Батырхан Сәрсенхан, Қабиден Қуанышбайұлы Жәнібек Әлиман, Шапағат Әбдірұлы секілді ақындардың өлеңі көременге ерекше леп, жаңа тыныс сыйлады.
Кештің тағы бір жаңалығы – ақын Бауыржан Бабажанұлы көпшілікке Өркен Салубай атты жаңа есімді таныстырды. Жақында ғана Ғалым Жайлыбайдың алқауымен Өркеннің өлеңдері «Қазақ әдебиеті газетінде жарық көрген болатын.
«Көркем» ансамблінің әндері кешке ерекше әуез, әдемі иірім берді.
Кешті түйіндей келе Бауыржан Бабажанұлы алда тағы да осындай жылы реуіштегі игі іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар екенін жеткізді.
– Бірлесе отырып алда да бірнеше жобаны қолға алып отырмыз. Олардың бәрі де кезегімен сәтті өтеді деп сенеміз. Бүгінгі кешке келгендеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Қазақ барда Абайдың өлеңі, рухы мәңгі өмір сүре береді деп сенеміз! – деді Бауыржан Бабажанұлы.
Мәртебелі өлең, жауһар жыр кеші Астана аспанын тебіреніс пен толғанысқа толтырды. Ұйып тыңдап, қарбалас күндерден қалтарыс тапқандай күй кешкен көрермен көңілі жайланып тарқасты.