1 тамыздан бастап Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ақылы қызметтер бағасы өзгереді, деп хабарлады turkystan.kz.
Музейдің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, туризмді дамыту, рухани құндылықтарды ұрпаққа жеткізу үшін музейлердің тұрақты дамуы аса маңызды. Бағалардың өзгеруі – музейдің сапалы қызмет көрсетуі мен тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы тиімділігін арттыруға бағытталған қадам.
Осыған орай, Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 4 шiлдедегi № 307-НҚ «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындары өндіретін және сататын тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес музей-қорыққа кіру билетінің бағасы:
Қазақстан азаматтары үшін – 300-1000 теңге.
Шетел азаматтары үшін – 1500-2000 теңге.
Ұжымдық келушілерге экскурсиялық қызмет көрсету 1000-5000 теңге көлемінде белгіленген.
"Қазір тарихи-мәдени мұраны сақтау мен танытуда музейлердің рөлі орасан. Алайда қазіргі экономикалық жағдайда олардың тиімді жұмыс істеуі тек мемлекеттік қолдауға ғана емес, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ететін нақты тетіктерге де байланысты. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты 36 мекеменің, соның ішінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ақылы қызметтер бағасын қайта қарады
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы – еліміздің рухани астанасына келушілер үшін маңызды рухани және туристік орын. Тарихи орындарға келушілер саны жыл санап артып, музей жұмысының ауқымы кеңейіп келе жатқанына қарамастан, соңғы жылдары қызмет құны өзгермеген.
2011 жылы қабылданған «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының 140-бабына сәйкес, мемлекеттік қазыналық кәсіпорындардың жұмысы тек бюджет қаржысы есебінен емес, сонымен бірге өз кіріс көздері арқылы да қаржыландырылуы тиіс. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігінің 2015 жылғы №354 бұйрығына сәйкес, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына ақылы қызметтерден түсетін табыс көлемі жылдық шығынның 30 пайызынан кем болмауы қажет.
Осы арада тағы бір маңызды фактор – инфляция деңгейі. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2015 жылдан 2025 жылға дейін елдегі тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасы 2,6 есеге артқан. Музейді ұстауға кететін шығындар орта есеппен 4,6 есеге көбейген", – деп жазылған «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының арнайы хабарламасында.
Айта кетейік, қазіргі музей-қорықта ақылы негізде экскурсиялық қызмет, аудиогид қызметі, фото-видео түсірілім, тарихи-мәдени сараптама жүргізу, ақылы дәріс, лекция, квест, тренинг, ғылыми-мәдени шаралар өткізу сынды түрлі қызметтер ұсынылады. Бұл қызметтерден түсетін қаржы музейдің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, ғылыми-зерттеу мен мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады.