10 Мамыр 2018, 13:12 583 0 Қоғам Назым Тойлыбаева

Cоғыс ардагерлеріне автокөлік тарту етілді

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданынан соғысқа 6 мыңдай азамат аттанған. Ал бүгінде олардың алтауы Жеңістің жетпіс үшінші көктемін қарсы алды. Қатары күн санап азайып бара жатқан ардагерлерге мереке күні аудан басшысы Салыхан Полатов автокөлік мінгізді, деп хабарлайды 24.kz

Аудан орталығы Шолаққорғандағы «Даңқ» саябағында жалпыхалықтық шеру өтті. Тұрғындар «Белгісіз сарбаз» ескерткішіне гүл шоғын қойып, құран бағыштады. Жеңіс тойы сондай-ақ орталық атшабарда бәйге, көкпар, қыз қуу сынды ұлттық спорт түрлерімен де жалғасын тапты. Мереке күндері ауған соғысы, Чернобыль апатына қатысушылар мен тыл ардагерлеріне де аудандық қазынадан қаржылай сыйлық табыс етілді.

Салыхан Полатов, Созақ ауданының әкімі: – Ауданда осындай шешім қабылдап, 6 ардагерімізге бір-бір автокөлік сыйға тарттық. Соғыс кезінде тылда еңбек етіп, үлкен дәрежеге жеткен ардагерлерімізді де мерекесімен құттықтап жатырмыз.

Мырзахмет Жылысбаев, соғыс ардагері: – Бұл соғыс оңайшылықпен болған жоқ. Оны тарихтан біліп жатқан шығарсыздар. Халықтың ынтымағы, бірлігінің арқасында үлкен жауды жеңіп шықтық. Менің айтарым соғыс болмасын. Елде бейбітшілік болсын.

Соңғы жаңалықтар