«Қызыл кітапқа» енген қызғалдақ

«Қызыл кітапқа» енген қызғалдақ

«Қызыл кітапқа» енген қызғалдақ
ашық дереккөзі
«Қызыл кітапқа» енген, айрықша қорғауды қажет ететін қызғалдақ – Оңтүстік Қазақстан облысының символы.  Алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жабағылыда және Шұбайқызылда көптеп өседі. Апта басында көктемгі тамаша көріністі қызықтау үшін өңірге еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар ағылды.  «Қызғалдақтар фестиваліне» жиналған қауым бұдан кейін жыл сайын дәл осы мезгілде Түлкібаста бас қосуға уағдаласты. «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – жастарды табиғатты аялап, қорғауға шақыру. Фестиваль қонақтарына «Шұбайқызыл шоқысының» тарихы жайлы мағлұмат берілді. Жас ақындардың Шұбайқызыл тақырыбындағы мүшәйрасы өтіп, табиғатты кескіндеген қылқалам шеберлері мен фототілшілер де бақ сынасты. Шұбайқызыл шоқысы еліміздің «Қызыл кітабына» енген грейг қызғалдағымен танымал. Бұл қызғалдақ, сондай-ақ, Қазығұрт, Төле би, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда да кездеседі. Жалпы, қызғалдақ гүлі – көктемнің, жаңа өмірдің, тіршіліктің жаршысы.  Оның 32 түрі бар, ал Қазақстанның далалық аймақтарында 11 түрі өседі. Көктем гүлі тіршілік жаңарған шақта жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейді. Оңтүстік Қазақстан облысындағы қызғалдақ көмкерген шоқы бір кездері түрлі атаумен аталды. «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» десті жұрт. Бүгінде белгілі жазушы Мархабат Байғұттың бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілді. «Шұбайқызыл деген – шұбай өскен қызғалдақ. «Шұбайланып, қызарып жатыр» деген поэтикалық өлеңдік өлшеммен, керемет көркем тілмен бейнеленген сөз. Бұл төбені сақтап қалуымыз керек. Өз ұсынысымда айналасын қоршау керегін айттым. Егер бұл шоқы жайылым жер болып қала берсе, тозып кетеді. Қызғалдақ қаша береді», ‒ дейді қаламгер. Ендігі жерде Шұбайқызыл шоқысы мемлекеттің қарауына өтпек. Сонда Табиғат-ананың байлығын ұрпақтан ұрпаққа аман алып қалуға болады. Бұдан бөлек, өңірде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген  республикалық және халықаралық жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтсақ, мамыр айында «Ордабасыға оралу: Береке басы – бірлік» тақырыптарында үлкен іс-шара  өткізілмек. Сондай-ақ,  жыл сайын «Туған жерге тағзым: Ордабасы көктемі» атты жастар форумы дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Өңірдегі мектеп бітірген түлектерді жаңа өмірге  Ордабасы тауынан аттандыру дәстүрі қолға алынады. Биыл «Қымызмұрындық» іс-шарасын Бәйдібек ауданының тау баурайында өткізу жоспарланып отыр. «Оңтүстіктің дара тұлғалары» тақырыбы  аясында ай сайын елге танымал зиялы қауым, ғалым, қоғам, мемлекет қайраткерлері жастарға дәріс оқитын болады. КСРО Суретшілер одағының 12 мүшесі Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылынан шыққан.  Осыған орай, Төлеби ауданында халықаралық, республикалық дәрежедегі суретшілер мен мүсіншілердің заманауи өнер биеналлесін өткізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, облыстың туристік әлеуетін дамыту мақсатында қазан айында жыл сайын «Safari Shardara» шарасы басталады.  Қызылқұм өңірінде, Сырдария өзенінің бойында, Шардара теңізінің жағалауларында сейіл-серуен, сафари, су жарыстары, күзгі джаз, гитара фестивальдерін  ұйымдастырып, өлкемізді Қазақстанның тұрғындары мен шетелдіктерге таныстыру көзделіп отыр. Тамыз айында «Қауын fest»,  ал қыркүйек айында «Агро fеst» фестивалін өткізу де жыл сайынғы дәстүрге айналмақ. Спорттық  жарыстар өткізу де бұқаралық сипат алады. Мысалы, Төлеби ауданында  «Қасқасуға қар түсті», «Қасқасу қысы», «Қасқасу мен Біркөлік арасындағы шаңғы шаттығы» байқауы, «Тау самалы – жан самалы» іс-шараларын өткізу жоспарлануда.  Қыс айларында «Салбурын – саятшылық мерекесі»  мен «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты іс-шаралар жас ұрпақ бойына бабалар салтын сіңіріп, саятшылықты, ұлттық спорт түрлерін насихаттауға септігін тигізбек. Ал Сарыағаш ауданында жыл сайын «Open Saryagash» атты халықаралық, республикалық деңгейлерде гольф жарыстарын өткізу жоспарлануда.