НҰРҒАЛИ НҮСIПЖАНОВ

НҰРҒАЛИ НҮСIПЖАНОВ

НҰРҒАЛИ НҮСIПЖАНОВ
ашық дереккөзі
242

Ол кiсiнi бiз бiлгелi қашан! Сонау балалық шағымызда әнi әлдилеп өсiрген әншi ағамыздың бiздi таңқалдыратыны, қашан көрсең де өзгермейтiн, үнемi бiр қалыптағы жүрiс-тұрысы, тiптi ептеп сызылған маңдайдағы әжiм сызықтары болмаса қартаймайтындығы. Бойын тiк ұстайтын, аяғын тәкаппарлана басатын кәдiгi әншiнiң осы бiр сырын бiлмек ой бiраздан мазалаған-ды. Қазiргi қорлық-зорлықпен нан табатын, байитын қайырымсыздау қоғамда, байиыған үстiне байи түссем екен дейтiн тойымсыздау қоғамда үнемi өзiнiң сабырлы кейпiнен айнымайтын ол кiсiге қарап қызығасың, қуанасың. Қазақстан Республикасының Халық әртiсi, Мемлекеттiк және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлықтарының лауреаты, Қырғыздың Абылас Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Өзбекстанның өнерге еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi Нұрғали НҮСIПЖАНҰЛЫМЕН әңгiме де осылай басталды.

– Нұрғали аға, Сiздiң шығармашылық өмiрiңiз, жетiстiктерiңiз тыңдарман, көрермендерiңiздiң көз алдында. Осынша құрметке бөлене жүрiп, сахнада да, өмiрде де бiр өзгермейсiз, шынында да бiз бiлгелi осы бiр қалыптасыз, бет әлпетте, тiптi жүрiс-тұрыста да бiр өзгерiс жоқ сияқты… – Рахмет! Дегенмен, уақыттың еншiсiндегi нәрсе ғой, қанша қартаймаймын десең де уақыт өз дегенiн iстейдi, керегiн алады емес пе?! Сосын ел алдындағы жауапкершiлiкке де байланысты. Халықтың көз алдында жүрген соң, қампиған қарын мен iркiлдеген семiздiктi емес, өнерiңмен қоса өзiңдi көрсетуiң тағы керек шығар. Тамақты талғап жеп, үнемi қозғалыста жүрген кiсiге де артық салмақ жабыспаса керек. Бұл бiр ғана жағы. Ол менiң түсiнiгiмде қанымызға сiңген сабырлылық, ұстамдылық, тiптi үлкендердiң ақ батасы болар. Өйткенi бiз қатарластар үлкендi үлкендей, кiшiнi кiшiдей сыйлай бiлетiн, иманы жүзiнен төгiлiп тұратын тәрбиелi ортаның түлектерiмiз, Бұл бiзден кейiнгiлерге топырақ шашу немесе арына тию емес, әр ұрпақтың өзiндiк бiр ерекшелiгi, ұстанымы бөлек болатынын өмiрдiң өзi-ақ көрсетiп келедi емес пе?! Одан кейiн адамның тегiне, қанына, табиғатына да көп байланысты. Атақ даңққа мастанып, елдiң қошеметiн көрмей жатып, еңбегi сiңбей жатып, жалына жал байлап шыға келетiндер арамызда жоқ емес. Өз буына өздерi семiрiп, кiсi танымастай жағдайға жететiндер де баршылық. Осы жасымызға дейiн ешкiмнiң көмегiне зәру болмай, өз еңбегiммен келе жатқаныма тәуба деймiн. Бiреуден бiрнәрсе сұрап, не қызмет бабын отбасымның қажетiне бұрып ешбiр басшының мазасын алып көрмеппiн. Ал бүгiнде заман тiптi бөлек, ондай сұранымпаздарды билiк басындағылар да, қызмет бабындағы басшылар да жарата бермейдi. Ешкiмнiң алдын орамай, сыбағасына ұмтылмай бiр жолмен, таза жолмен жүргенге не жетсiн! Бiз осыны ұстандық. Той томалаққа бармай-ақ, әлдебiреулердiң жеке меншiк әншiсiне айналмай-ақ, халықпен, халық өнерiмен өстiк, өркендедiк! – Нұраға, осы жерде Сiз орындайтын әндер табиғаты халықтық сарынға бай, бүгiнгi арсын-гүрсiн той әуендерiне келмейдi ғой деген пiкiр туындауы әбден мүмкiн, кейбiр әншi iнi-қарындастарыңызды ренжiтiп алмайық… – Жоқ! Ән, өнер қашанда халық игiлiгi, өзiнiң төл туындысы. Рас, менiң шығармашылығым халыққа жақынырақ, дегенмен эстрадалық әуендер де баршылық қой. Тойға бармайды емеспiз, барамыз, бiрақ той үстiнде ән салу, бiз үшiн, әсiресе, өзiм үшiн үйренбеген, үйрене алмайтын, құптай алмайтын жағдай. Бұл, ендi менiң жеке пiкiрiм, өмiрлiк ұстанымым. Ол үшн менi ешкiм де сөге амаса керек. Әншi ғана, өнер адамы ғана емес, жалпы кез келген пендеңiз өзiнiң жаратылысына сай, көзге де, құлаққа да оғаш әрекеттен таза болғаны абзал дер едiм. Ал бұл қасиет шығармашылық адамдар үшiн тiптi қатаңдай ұстанатын ұстаным болса деймiн. Әншiлердiң тойға қатысуы бүгiнгi жаңа қазақтар үшiн бәсекеге айналғалы қашан! Кейiнгi жастардың арасынан небiр көмейлi әншiлердi көп iздемей-ақ табуға болады. Небiр талантты жастар бар, сахнада елдiң құлағының құрышын қандырып, елдiң сүйкiмiне айналғандарды әлгiндей бәсекенiң қазанына апарып шыжғырып жүрген де өзiмiздiң қазекем. “Пәленшенiң тойында пәлен әншi ән салдының” мақтанышқа айналғаны сонша, өзiмiздi қойып, шетелден шақырушылар да осы қазақи мақтаншақтықтың кесiрi екенi даусыз. Абай айтпақшы, бекер мал шашпақтың керi, осы! Ақша жүрген жер қашанда бәсеке, сосын таза еместiгi тағы бар. Таңдауын, талғамын халық өзi-ақ талғап алар. Осы уақытқа дейiн, сонау алпысыншы жылдардан берi қарай Қазақ радиосының “Алтын қорында” IО6 автордың З50-ден астам әндерiн орындаппын. Олардың iшiнде халық әндерiмен қатар орыс, украин, ауған, монғол, шведтiң халық әндерi бар. “Алқоңыр”, “Япурай”, “Дедiмай-ау” сияқты қазақтың халық әндерi мерейiндi өсiретiн, шабытыңа шалқар шабыт беретiн, әуенiне сөзi сай керемет дүниелер ғой. Жаңа Қазақ радиосында жазылған дедiм ғой, сол бiр замандарда шығармашылықтың таза болуына көркемдiк кеңестiң тигiзер пайдасы мол болды. Бiрнеше адамнан тұратын онда сазгер де, әншi мен ақыныңыз да болды, керемет бiр топ жаңа туынды болсын, бұрын жазылған дүние болсын, эфирге жiберер алдында сұрыптап, саралап, әбден иi қанғанда ғана халық игiлiгiне ұсынылып жататын. Сол бiр әдемi дәстүр қалғалы қашан, әркiм өзiнше тiрлiк кешiп кеткен тұсаусыз бiр заман болды. Қоғамның басқа салалары сияқты емес, мәдениеттi, әдебиеттi, өнердi бетiмен жiберуге болмайды. Мәдениет пен өнер жүгенсiз жерде дұрыс қоғам да қалыптаспаса керек. “Өнер алды қызыл тiлдi” айтқан қазақ, өнерсiз ұрпақ тiлсiз, дiлсiз,тiптi дiнсiз болып қалыптасуы мүмкiн екенiн анау заманда-ақ зарлап айтып кеткен жоқ па? Бүгiнде қоғамда қып-қызыл тартысқа, былайша айтқанда көкпарға айналып отырған ана тiлiмiздiң ақсауын да осы бiр кемшiлiгiмiзден iздеу қажет. Басқа басқа, теледидардан балаларға арналған қазақша мультфильмдердi бақылаңызшы, шынын айту керек, жүйесiз, мақсатсыз. Қазақтың мiнген көлiгi не ат екенi, не есек екенi белгiсiз, сүмiрейген бiр құбыжық дерсiң. Кейiпкерiңiздiң өзi не сөзi, не жүрiсi қиқы жиқы бiрдеңе. Балаларға ұсынылған басқа ұлттардың ит-құсы да, тышқан-мысығы да атылып тұр. Ширақ. Балаларымызға тұшымды фильм түгiл, әлгiнiң экрандағы сөзi мен iсiне ересек өзiң түсiнбейсiң… Қазақи тәлiм-тәрбиесi анық, көруге көз ұялмайтын туындылар бiрен саран ғана. Ал, концерттiк бағдарламаларды айтудың өзi ұят. Бүгiнде кез келген әндi табиғатына келсiн келмесiн бiр топ жалаңаш бишiлерсiз көзге елестете алмайсыз. Айналайындар-ау, сахнаның киесiнен қорықсақ неттi, көпшiлiктiң көзiнен қаймықсақ қайтедi?! Жартылай жалаңаштық, сахнадағы ұятсыздық қайдан ендi?! Әжептәуiр әннiң сиқын бұзу, тайраңдау бүгiнде үйреншiктi өнерге айналды, қол шапалақтап отыра беретiн безбүйрек көрермен қалыптасты. Халықтық дәстүрлi әндер орындап жүрген, салт дәстүрлiк қалыптан ұзамаған, бүгiнгi эстрадаға бой ұрған, дендеген заманда да өзiндiк қолтаңбасы бар кейбiр топтардың да кейде әдептен асқанын көргенде көңiлдi кiрбiң шалады. Дегенмен, қанша батыстың әумесер әуенiне елiктесек те, халық өнерiн, дәстүрлi өнерiн жойып жiбере алмаймыз ғой, оның бәрi уақытша жын ойнақ. Бiрақ бiр жүйелiлiк жетiспейдi. Бiз тыңдаушыларымыздың көңiлiнде жатталып, өзiмiздiң шамамызды белгiлеп алған, қалыптасқан әншiмiз. – Заманына қарай адамы, талғампаз қанағатшыл қазақтың орнын жаңа қазақтар басты ғой… Ал өнер де ортаға, қоғамға қарай бейiмделген тәрiздi ме, қалай? – Әңгiмемiздiң басында айтқанымыздай, бүгiнде әрбiр шенеунiктiң бiр-бiр серi, әншiлерi қоса жүретiнi жасырын емес. Белгiлi бiр топқа ғана қызмет ететiндердi де шыққыр көзiмiз көрiп жүр. Дегенмен, өнердiң құдiретi, өнердiң қасиетi ешқашан бәсеңдемейдi, жоғалмайды. Халық өзi-ақ iздеп табады өнерпазын, сарайда болсын, сахнада болсын, жоқ, тойханаларда болсын, бiрақ тыңдарманы, қол соғарлары сол қарабайыр халық қой. Былай қарап отырсаңыз, жеке шақырып ән салдырса да, тойда билетсе де, өнер халықтыкi. Мәселе, бұл жерде әншiде де емес, сол халыққа ұсынылып отырған әннiң мазмұнында, өнегесiнде дер едiм. Әнiн де, сөзiн де, тiптi орындаушысы да өзi талғамсыз шығармалар көбеймесе деген тiлек қой. Атам заманнан өзiнiң тумысын өзгертпей, ұрпақтан ұрпаққа сән салтанатымен жеткен ән өнерiмiздi ақсатпай, бiз де болашаққа жеткiзсек, бiзден кейiнгiлер де боямасыз, табиғи қалпында ұстанса деген тiлек қана бiздiкi. Заман өзгерсiн, жаңарсын, тұрмыс өзгерiп, жақсарсын, пендеңiздiң де жан дүниесi заманына қарай сана сезiмi тұрақтанса, оған тек қана халықтық өнердiң әсерi ерекше болатынын сезiнсе деген ниет. Заманына қарай адамы дегеннен шығады, баяғының байлары сияқты бiр қауым елдi асырап, ауыл аймақтың берекесiн келтiре отырып сал-серiлерiмен, әншi-күйшiлерiмен қосарлана жүрсе бүгiнгi жаңа қазақтарға, жаңа байларға неге мақтанбасқа! Қазақтың бiр байы бүкiл бiр ауылды асыраған, жетiм жесiрiн жылатпаған, жұмыссыздық болмаған ғой. Бiр жағында соғыс жүрiп жатса да, жесiр деген болмаған, бала тәрбиесiз қалмаған. Егер жаңағы жаңа қазақтар осылай бiр-бiрiне мейiрiммен қарап, қамқор бола бiлсе, бүгiнгiдей қарттар мен балалар үйi көбеймес едi ғой дейсiң. Әйтпесе, жеке меншiк әншiлерi барларға бұлай сұқтана қарамас едiк, “байдың малын байғұс қызғаныпты” танытпас едiк, – Нұраға, бұл пiкiрлерiңiз талайлардың ойында жүрген сауал десе де болар. Айдарымыз “АРДАГЕР” болғандықтан, өзiңiз пiр тұтқан, ерекше сыйлайтын азаматтардың iшiнен Димаш әкемiздi (Қонаевты) жиi айтасыз. Сыйлас аға-iнi болып араласа жүре, Сiзден той томалақта ән сұраған кезi болды ма? – Жоқ, Димекеңмен өнер адамы, әншi ретiнде емес, бiр етжақын аға-iнi сияқты араластық. Әрине, түрлi жағдайдағы кездесулер болды, бiрақ “ал ендi әнiңдi айт, айт та қайт” деген өтiнiш те, бұйрық та болған емес. Елдiң, жердiң тарихы, ауыл адамдарының тағдыры, жастар болашағы жайлы тағылымы мол әңгiмелер ғана айтылатын. Ол кiсiмен алғаш рет Құрманғазы оркестрiнде партия ұйымының жететкшiсi болып жүргенде жолықтым. “Ойпырмай, Нұрғали өнермен бiрге мынандай партиялық жұмыстың басын қалай бiрiктiрiп жүрсiң? Шығармашылығыңа кедергi емес пе, қалай үлгересiң?” деп сүйсiнiп, қамқорлық танытқаны бар. Ол кiсiнiң iшi бауырыма кiрiп, өзiне тарта сөйлегенi бiздi қаншама жыл аға iнi болып сыйласуымызға жол ашты. Менiң өнердегi өмiрiме алаңдаушылық бiлдiрiп, шығармашылығыма жаны ауырғаны, кез келген пенденi толқытары сөзсiз. Оның үстiне мемлекеттiк қаншама шаруалары бола тұра, қарапайым ғана әншiге көңiл бөлуi, соған уақыт тауып әңгiме дүкен құруы, қандай қарапайымдылық, көрегендiк десеңiзшi! Маған ғана емес, жалпы өнер ұжымдарына көзқарасы ерекше едi. Ол кезде шетелдерге, облыс орталықтарына концерттiк бағдарламалармен жиi шығу, қазiргiдей қаржыға байланысты тұсауланған жоқ. Оны айту парыз! Сондай iссапарлар кезiнде шетелдiк ағайындар Димаш ағамызды жиi сұрап, сәлем жолдап жатады. Тiптi iзiмiзден iздеп келiп, ол кiсiге жолықтыруымды өтiнген талай қандастарымызды өз басым ертiп те барғанмын. Сонда кең дастарқан басындағы жолығысуларда тарихи зерделi әңгiмелерге құлақ құрышын қандырушы едiк… Бiрде екеумiз оңаша қалған сәтте маған таң қалып жүргенiн айтты. Мен қай кезде не iстеп қойғанымды, нендей әбестiк жасағанымды ойлап сасып қалайын. “Сенi бiлгелi бiраз уақыт болыпты, бiрақ өз басыңның не болмаса отбасыңның шаруасын айтып бұйымтайлап көрмепсiң”, – дедi сәл жымиған қалпы. “Көке, Қазақстанның болашағы үшiн, экономикасын көтерiп, қаншама қала салынды. Ауылдың өзi қаламен тең дәрежеге жетiп қалған жағдайы бар. Ал сол игiлiктiң ертеңгi күнi ұрпақтарымыз қызығын көредi, игiлiгiне пайдаланады, оның iшiнде менiң де әулетiм бар емес пе, сол жетедi” дедiм. Ол ойланып қалды. Қалың қою қастарының арасы сәл пәл дiрiлдеп, жанарын алысқа, сонау қар басқан Алатауға елжiрей қарап тұрып қалды. Ал мен болсам, сондай үлкен басымен, республикадан тыс қаншама қыруар тiрлiгi бола тұра, сондай ойға келiп жүргенiне таң қалдым, сүйсiндiм. – Нұраға, тағы бiр азамат туралы айтпай кетсек болмас… – Әрине, Нұрағамыз, Нұрғиса Тiлендиевтей азаматтар жүз жылда бiр туылады ғой. “Саржайлау”, “Елiм менiң”, “Ақ әже” сияқты әндерiн орындай жүрiп, шығармашылық тығыз байланыста болдық. Ол заман шын мәнiнде, өнердi құрметтеген, пiр тұтқан заман болды. Қазiр жеке өнер адамдарының гастрольдiк шығындары шырқаған заманда сол тұстардағы өнер ұжымдары iргесi сөгiлмей, iссапарларға топ тобымен шығуы соның айғағы. Жеке концерт беру үшiн сарайдың, егер теледидарға түсу керек болса, оның шығыны, билет өткiзу сияқты толып жатқан ұсақ түйек болып көрiнгенiмен, қаншама жүйкеңдi тоздыратын тiрлiк. Ал ол кезде ондай шаруаға бас қатырмайтынбыз. Ұсыныстар, сұраныстар түсiп жататын. “Отырар сазын” Нұрғисасыз елестету мүмкiн емес сияқты едi, амал жоқ, оған да құлақ пен көз үйрендi. Өнер дегеннiң баламасы тәрiздi көрiнедi маған. Қалақтай ғана қара шалдың бойындағы құдiрет… өнерге деген құштарлық, ғашықтықты көрген бiз де бақыттымыз. Әсiресе, бiр орнында тұра алмай теңселiп қазақтың күйiн бүкiл оркестрмен дирижерлiк жасап тұрған бейнесi талай тыңдарманының жүрегiнде болса керек. Сондай дарынды, халқының өнерiне барын салып, төгiлдiрiп кеткен ағалар iзiн басып бiз де келемiз… Нұрғали Нүсiпжанұлымен болған әңгiме осылай ардагер ағалары туралы естелiгiмен жалғаса бердi, жалғаса бердi.. Өзi жаңа ғана қалақтай деп отырған Нұрағаларының iзiн басып, өнерде өшпес қолтаңбасы бар әншiге қарап отырып, бiз де “ шынашақтай болған тұлғадан ұлы дауыстар, әуендер қалай ғана жарып жiбермей ұстап тұрады екен, не деген қоңыр үн…” деп iштей тамсандық. Жер жәннаты Жетiсу топырағында дүниеге келiп, Алматы Мемлекеттiк консерваториясының ән факультетiнде жетi жыл оқып, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттiк академиялық Опера және балет театрында шығармашылық қызмет атқарған күмiс көмей әншiнiң одан кейiнгi жиырма жылдан астам уақыты атақты Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттiк академиялық ұлт аспаптар оркестрiнде жалғасады. Қазақ телевизиясы мен радио хабарларын тарататын Мемлекеттiк комитетiндегi (1966-1976) жылдарын нағыз шығармашылығының өрлеу, өркендеу жылдары деп санайды әншiнiң өзi де риза көңiлмен. Ал, “Қазақконцерт” жанынан ашқан “Жазира” аспаптық ансамблiнде жүрiп, талай жастарды тәрбиелеп шыққанын да оқырман қауым өзi-ақ iшi сезер деп ойлаймыз. Әке-шешенiң жалғызы бола тұра, өте байыпты самақты болып өскенi, бүгiнде нендей жетiстiкке жетсе де сол ата анасының тәрбиесi, жолы деп түсiнетiн әншiмен болған әңгiменi бiр мақаланың көтере алмасы да анық.  
Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ
 

Серіктес жаңалықтары