АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫН КIМ БАСҚАРДЫ?
АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫН КIМ БАСҚАРДЫ?
Бейбiт Қойшыбаев “Нағыз отаншыл әдiлеттi де болады” деген мақаласында (“Түркiстан”, 22.01.09) өз айтқанын “нағыз бұлтартпас дәлел” деп, менiкiне “шындыққа мүлдем сәйкес келмейтiн” деген баға берiптi. Ол да аздық еткен болу керек, “жалғандыққа, бұрмалауға тұнған, байыппен әшкереленуге тиiс, кәдiмгi өтiрiк”, – дептi.
Өйтiп айта салу – әркiмнiң өз ар-ожданының мәселесi, бiз ендi Аңырақай шайқасына кiм басшылық жасағанын дерек және қыйсын арқылы дәлелдеп көрелiк.
Бейбiт Әбiлқайырды: “Отан соғысының ең зор жеңiстi түйiнi болған Аңырақай шайқасын да бас қолбасшы ретiнде ұйымдастырып басқарған”, – дейдi.
Оған арғыбергi замандағы құжаттар мен зерттеулер және ең бастысы “тәуелсiздiктiң тамаша ғалымы Ирина Ерофееваның бұдан он жыл бұрын жарыққа шыққан “Әбiлқайыр хан: қолбасшы, билеушi және саясаткер” атты аса құнды еңбегi куә” дегендi айтады. Бiрақ оның нақты Аңырақай шайқасы жайында не дегенiн, о дегендерiн қайдан, қандай деректен тапқанын айтпайды. Ал айтпаған тарихқа қалай сенуге болатынын мен бiлмеймiн.
Әйгiлi Ғабит “Менiң Геродотым” деген әйгiлi тарихшы А. Левшиннiң жазғандарына ол: “Әбiлқайыр қаза тапқаннан соң елу жыл өткенде ғана дүниеге келдi”, – деп, оның Әбiлқайыр жайында жазғандарына күмәнденiп отырған Бейбiт одан 250 жылдан соң дүниеге келген Ерофееваға қалай сене қалғанын түсiну де қиын. “Бәрiн күдiк сүзгiсiнен өткiзу қағидасын” ұстанған адамның мұнысы менiң айтқаным ғана шындық деген бiржақтылықты аңғартады.
Әбiлқайырдың Аңырақай шайқасын басқарғанына екiншi дәлелi: “Балқаш көлiнен Алакөлге қарай созылған тауға Әбiлқайыр аты берiлiптi”, Молдияр Серiкбаев жасаған қартада Аңырақай өңiрiнде Әбiлқайыр жалы деген тау, Арқада Әбiлқайыр өзенi, т. т. бар екен.
Оның бiразын мен де бiлемiн. Олай аталу себебi Әбiлқайыр бұл жақта болған, бiрер жыл аялдаған. Үш жүздiң бiрiккен қолына 1726 жылы басшылық жасап, шын мәнiнде аса iрi жеңiске жеткен. Кейiн сол жеңiске жеткен жер “Қалмақ қырылған” аталған. Және, менiң ойымша, Әбiлқайырдың ол жеңiсi де, қазақ қолының сонда көрсеткен ерлiгi де тарихымызда жете талданбай келедi. Оның басты бiр себебi: бiрiн бiрi тыңдамайтын алыпқашты пiкiрдiң көптiгi және бiрбiрiне қайшы келетiнi. Алайда Әбiлқайырдың атына қойылған жерсу атының көптiгi мен аздығы оның Аңырақай шайқасына қатысқанқатыспағанына дәлел бола алмайды, тек оның бұл өңiрге келгенi мен кеткенiнен ғана хабар бередi.
Бейбiттiң тағы бiр тұжырымы мынандай: “Әбiлқайыр ханның Аңырақайда майдандасқан жауынгер қосынжасақтардың iсқимылдарын бас қолбасшы ретiнде ұтымды үйлестiргенi сондай, пәлен күнге созылған шайқастың нәтижесiнде, Отан азаттығы үшiн жан алып, жан берiп жеңiске қол жеткiзген жеңiмпаз азаткерсарбаздар ойрат басқыншыларын өз тума елiне, Жоңғар хандығы шекарасына шегiнуге мәжбүр еттi”.
Бұл да бұлдыр, жалаң мадақтауға жататын сөздер. Бiрiншiден, мұндағы “қосынжасақтар” кiмдер? Бөгенбай мен Қабанбайдың әлде Қазыбек бек басқарған қосынжасақ па? Тарихтың жазба және ауызша дерегiнде 1726 жылғы Қалмақ қырылған соғысынан кейiн бұл үш қолбасшы ешқашан Әбiлқайырмен бiрiгiп соғысқан емес. Ондай жазба дерек те, ауызша дерек те жоқ. Сонда қалмақтарды сонау “өз тума елiне, Жоңғар хандығы шекарасына” дейiн Әбiлқайыр қолы бiр өзi қуып барған ба? Ғажап! Аңырақай шайқасы өткен 1729 жылдан жауды Жоңғар қақпасына дейiн қуу үшiн Абылай қолбасылары Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай бастаған қазақ батырларының табандай 29 жылы кеткен жоқ па едi? Сонда, немене, олар сонша жыл бойы Әбiлқайырдан қалған кәшекпен соғысқан ба? Бүйтiп айта салу тарих ғылымына ғана емес, соның бәрiн басынан кешкен халқыңа да қиянат емес пе?
Ендi менiң дәлелiме келейiк. Жазғанына мен жүгiнiп отырған Қазыбек бек “Ақтабан шұбырынды” жылдарында әуелi шапырашты тайпасының жасағын, соңынан Ұлы жүз қолын басқарған адам. Ол жайында Сүйiнбай:
“Ту түсiрiп, жау алған,
Қазыбек, Қастек атамыз”,
десе (Алматы, “Жазушы”, 1990. “Оразға”, 18-бет), Жамбыл:
“Қазыбек арғы атаң жауды қуған,
Дұшпаннан бiр тайпа елдi қорғап тұрған”,
деген (Алматы, “Жазушы”, 1982. 2 том, 15- бет).. Бұл кiсiнiң ұзақ уақыт аты айтылмай, жазғандарының жұртқа белгiсiз болуының басты себебi – кезiнде “халық жауы” атанған Ораз Жандосовтың тiкелей атасы болуы..
Қазыбек бек – Аңырақай шайқасына қатысып, сол соғысты басқарған Бөгенбай батырдың қасында, бүгiнгi тiлмен айтқанда, ақылшыкеңесшi болған адам. Себебi, 1-ден, ол Аңырақай шайқасына қатысушылардың ең молы –Ұлы жүз жасағының қолбасы. 2-ден, қалмақ арасында қазақ елшiсi бола жүрiп, олардың қырсырын өзгелерден гөрi көбiрек бiлген. 3-ден, оған Аңырақай өңiрiнiң ойықыры өте жақсы таныс. Өйткенi ол осы арада туыпөскен адам. Ол кiсiнiң бейiтi Күртiдегi Қазыбек тауының қыстауында. Мүйiздi Өтеген батырдың қыстауы мен Қазыбек бек қыстауы сол арада қатар. Ол жердiң ежелден солай аталатынын П. Румянцев “Верный үйезi” кiтәбiнде жазған “С.Петербург. 191 , бет). Аңырақай – Күртiнiң солтүстiк батысында, ар жағы Шуға ұласып жатса, солтүстiк шығысы Iленiң оң жағалауындағы Қопамен шектесiп жатады. 4-ден, Қазыбек бек оқыған, соғыс iлiмiнен де аздыкөптi хабары бар адам.
Ал Бейбiт Қойшыбаев Қазыбек бек туралы: “Аңырақай мәселесiне ол сенiмдi куә бола алмайды”, деп кесiп айтады. Оның жазғанын “мистификация” санайды және “автордың төл мәтiнi бiздiң заманымызға жетпегендiгiн” сылтауратады.
Бiз әуелi Аңырақай шайқасы туралы белгiлi тарихшыларымыз бен тарих көздерi не деген екен, соған тоқталайық. “Қазақстан ұлттық энциклопедиясы” Бөлек Қараұлы Сатай немересi туралы: “1729 ж. шайқаста жоңғар әскерiнiң қолбасы Аңырақаймен жекпежекке шығып, оны өлтiрген”, дейдi (Алматы. 1999. 2-том, 426-бет).
2-ден, “Тағы да Аңырақай шайқасының ақиқаты хақында” деген мақаласында тарих ғылымының докторы Жанұзақ Қасымбаев: “Тек соңғы жылдардағы iзденiстер негiзiнде осы бiр қоныстың атақты батыры Бөлекпен жекпежекте жер жастанған ойраттың Аңыра атты батырының есiмiмен баланыстылығы айқындалды”, дейдi (“Егемен Қазақстан”, 07.01.2000). Бұдан Бейбiттiң “қалмақтар еңiреп жылаған жер Аңырақай деп аталғандай” дей салуының да орынсыз екенiн аңғарамыз. Жалпы, ұрыс даласында еңiреп, аңырап жылау етек алмаған, ол – қаралы ауылдың немесе қазалы отбасының үлесi. Жер атауы да тарихымыздың бiр бөлшегi, сондықтан оны да қалай болса солай түсiндiруге тырыспау керек.
Аңырақай шайқасын Бөлек батыр Аңғырақпен (қазақтар Аңырақ деген) жекпежекке шығып бастап берген болса, ендi “Бөлек деген кiм?” деген заңды сұрақ та тумай ма? Ол – шапырашты Сатай батырдың немересi. Бiрақ немеренiң үлкенi болғандақтан, Сатай баласы атанып кеткен. Сонда, Қазыбек бек шапырашты тайпасының негiзгi ұйтқы батыры, басшысы, қолбасы болса, ал Бөлек те сол тайпадан шыққан батыр болса, өз батыры жекпежекке түсiп жатқанда, сол тайпаның қолбасы қайда болуы мүмкiн? Ауылының iргесiнде соғыс болып жатқан Аңырақайда бола ма әлде бiр жұмыспен Ақшиге кетiп қала ма? Жоқ әлде “әдiл болу үшiн”, шапырашты қолын да бұл соғыста Әбiлқайыр басқарды дей саламыз ба?
Ал егер ол соғысқа Қазыбек бек те қатысса, өзi қатысқан соғыс жайында оның жазғаны неге жалған болып, Ерофеева мен Бейбiттiң 300 жылдан кейiн айта салғаны шындық саналуға тиiс? Тарихқа бүйтiп маған ұнағаны әдiл, ұнамағаны – өтiрiк деп қарауға бола ма?
3-ден, ендi тарихшы-академик Манаш Қозыбаев марқұмның мына пiкiрiне көңiл аударайық. Ол 1726жылдан кейiн бiр ұрыста қазақ қолы жеңiске жеткенiн айта келiп: “Қанжығалы қарт Бөгембайдың ұсынысымен соғыста қаза болған қазақ жауынгерлерiнiң денесi таудың басына шығарылып жерлендi”, – деген дерек айтады “Қазақстан ұлттық энциклопедия”, 1999. 2 том. 463бет) Бұл – бүгiнгi күнге ауызша жеткен тарих. Академик ағамыздың жазып отырғаны – Аңырақай шайқасында болған жағдай. Дәлелi: Алматы Шу темiр жолының бойында Аңырақай стансасы бар. Сол стансадан пойызбен өтiп бара жатқанда, солтүстiк жақтағы жоталарға көз тастасаң, шамамен 6-7 шақырымға созылған аралықта бүкiл төбенiң басына орнатқан тас бейiтбелгiлер бiрiнен кейiн бiрi тiзбектiзбек көрiнiп тұр. Манаш ағамыз жазған Бөгенбайдың бұйрығымен жерленген Аңырақай батырларының бейiтi – сол. Бұл – тастар куәлiк етiп тұрған шындық. Демек, Аңырақай шайқасында тiрiге де, өлiге де бұйрық берген басшы Бөгенбай болғаны дәлелдi. Өкiнiшке орай, бiздiң бүкiл тарихымызға бүйтiп мұжылмас тастар куә бола бермейдi ғой. Ендеше, Әбiлқайырды мадақтау үшiн жалғандыққа барып, неге Бөгенбай батырдың шындығын құрбандыққа шалуға тиiспiз? Онымыз қай халыққа және қандай опа беретiн “әдiлдiк” болмақ? Өстiп әрқайсымыз “өз адамымызды” ғана қорғап, өз айтқанымызды ғана шындық санайтын “тарих” кiмге қажет?
4-ден, Аңырақай шайқасына қатысқан батырлардың мекенжайын саралап қарасаң да, бұл соғысқа Бөгенбай мен Қазыбек қолы ғана қатысқаны аңғарылады. Қабанбай қолы қалмақтар Аңырақай жаққа қосымша күш жiберiп қоймасын деген мақсатпен Қарқаралы жақта жол кесiп соғысады. Осының өзiнен де бұл маңызды шайқасқа қазақтардың бiрбiрiмен байланысып, кең көлемде ойласып дайындалғанын көрсетедi.
Бiрiншi жекпежекке Қазыбек бек қолынан Бөлек шықса, екiншi болып Бөгенбай қолынан Олжабай батыр шығады. Ол қалмақтың Жадамба деген батырын жеңедi. Ал Әбiлқайыр қолынан осы ұрыста жекпежекке шыққан бiрде-бiр батырды тарих айтпайды. Оның бiрақ себебi бар: ол бұл соғысқа басшылық та жасамаған, қатыспаған да.
Оның үстiне Аңырақай шайқасында атағы шыққан шымыр Қойгелдi, ошақты Саңырық, ағайынды дулат Сеңкiбай мен Шойбек, сыйқым Ырысбек, суан Бағай, ботбай Сәмен, сiргелi Қара Тiлек, шапырашты Сатай, Жапар, Қаумен, Дiулет, тағы басқалар – бәрi де ұлы жүз қолының батыры. Қазыбек бектiң оқ қағар батыры 35 жастағы албан Қангелдi де осы шайқаста жекпежекке шығып жеңiске жетедi. Бұлар ұрысқа қатысты деген сөз олардың қолбасы Қазыбек бек те осында болды, көретiнiн көрдi деген сөз. Ал арғын Естербек, Қарабек, Тұра (бәлкiм, дұрысы Нұра), Ағындық, тарақты Тоғай, қарауыл Қасым мен Қалабек және басқа батырлардың бұл соғыста аты шығуы олардың қолбасы Бөгенбайдың да бұл соғысқа қатысқанын дәлелдесе керек.
5-ден, әр себеппен әр түрлi айтылып келген ағаттықтардан, дәлелсiз жорамалдардан бiртебiрте арылып отырғанда ғана тарих iлiмi iлгерiлеп, шындықтың жүзi жарқырай түседi. Сондықтан быйыл, Аңырақай шайқасы мен жеңiсiне 280 жыл толып отырғанда, сол кездiң жағдайын дұрыс баяндайтын пiкiр қалыптастырғанымыз жөн .
Сол кездiң жағдайына көз жiберсек, 1726 жылғы Әбiлқайыр бас қолбасшылық жасаған Қалмақ қырылған шайқасынан кейiн жанжаққа бытырай қашқан жауды қуалай соғысып, Бөгенбай қолы Арқаға, Қабанбай шығысқа, Қазыбек бек Шуға қарай бет алды. Ал Әбiлқайыр қолы да, одан қашқан қалмақ та батысқа кеткен жоқ: қалмақтар өз елi жаққа орағыта қашып, Хан тауына барып паналаса, Әбiлқайыр қолы оңтүстiкте тұрып қалды, ол Бөгенбаймен де, Қабанбаймен де, Қазыбек бекпен де iлесiп кеткен жоқ. Ал Аңырақай шайқасына дейiнгi үш жыл аралықта Әбiлқайыр қолы не Бөгенбай қолымен, не Қабанбай, Қазыбекпен қол бiрiктiрiп қалмаққа шапты деген дерек жоқ. Алайда Қалмақ қырылған соғысында бытшыты шыққан қалмақ қолы емiнеркiн, еш кедергiсiз Хан тауының баурайында қайтадан күш жинап, қайтадан қәуiптi жауға айналып келе жатты. Неге? Өйткенi Бөгенбай, Қабанбай не Әбiлқайыр қолымен бiрiгiп қана қарсы шықпаса, тек Ұлы жүз қолының оған шамасы келмейтiн едi. Ал олардың бiрiгiп жатқанын бiлсе, қалмақтар айылын жыйған болар едi.
Бұл жағдай ненi көрсетедi? Әбiлқайыр әлi оңтүстiк өңiрiнде жүргенменен, бүл арадағы жағдайға араласпағанын, турасын айтқанда, оның үш жүзге бас қолбасылық қызметiнiң Қалмақ қырылған соғысынан кейiн бiткенiн көрсетедi. Сондықтан болмаған жағдайды болды деп боямалаудың, менiңше, Әбiлқайырға да, тарихқа да пайдасы жоқ.
6-дан, егер Әбiлқайыр бас қолбасылық қызметiн әлi де жалғастыра берген болса, 1729 жылдың ерте көктемiнде оңтүстiк өңiрiнде, кәзiргi Бәйдiбек ауданының жерiнде, өткен Ұзынбұлақ соғысына да араласқан болар едi. Өйткенi бас қолбасының құптауынсыз қандай соғыс өтуге тиiс? Қалмаққа қарсы бұл ұрысты тек ұлы жүз қолы жүргiзiп, жеңiске жетедi. Қалмақ қолын Донық, қазақ қолын Қазыбек бек басқарады. Бiрiншi жекпежекке Қазыбек бектiң бала күннен досы әрi бас батыры дулат Мүйiздi Өтеген батыр шығып, қалмақтың Ботхишар (қазақ жамандау айтады) атты бас батырын жеңедi. Бұл – “Өтеген бебамыз жеңiске жеткен соғыс!” – деп, бүкiл дулат мақтан етiп келе жатқан айтулы соғыс. Жамбылдың бұл екеуiн бөлiпжармай:
“Өтеген, Қазбекке барайын,…
Қазақтың қамқор ерлерi”,
деуi сондықтан “1982, 1-том, 81-бет).
Ұзынбұлақ соғысына қатыспаған, басшылық жасамаған Әбәлқайыр одан кейiн өткен Аңырақай соғысына қай жөнмен, қандай қыйсынмен басшылық жасайды сонда? Оның алдындағы соғыста еш көмек бермеген, өлгентiрiлгенiне жаны ауырмаған, көмектеспеген батырға ендi келiп: “Мына соғысқа сен басшылық жасай қой!” – дейтiн адамдар қандай адамдар? Ал олар өйтiп сұрамаса, Әбiлқайыр келiп: “Мына соғысты мен басқарып берейiн”, – дей ме? Менiңше, екеуiнiң де қисыны келмейдi. Ал қисыны жоқ нәрсенi зорлап қисындатудан тарих опа таппайды.
7-ден, еш соғысына қатыспаса, бас қолбасылық қызметi жалғаспаса, Әбiлқайыр неге үш жыл бойы оңтүстiктен кетпеген? Бұл арада қанша айтқың келмесе де, Әбiлқайырдың мiнезi мен ұстанымына тоқталмай кете алмайсың. Оның, тарихшылар жазғандай, өте өзiмшiл, тәкаппар, атақ құмар адам болғаны рас деп ойлаймын.
1726 жылы Ордабасыда хандар мен билердiң бiрiккен жыйыны Әбiлқайырды үш жүздiң бiрiккен қолына бас қолбасы етiп сайлады да, үш жүздiң ұлы ханы етiп сайламады ғой. Ұлы ханды сайлау мәселесiне жауды жеңгеннен кейiн оралатын болып келiстi. Әбiлқайырдың басшылығымен Қалмақ қырылғанда қазақ қолы тамаша жеңiске жеттi, алайда ол жеңiс түбегейлi болмады, қалмақ қолы қазақ жерiнен бiржола қуылмады. Сондықтан ба, ол жеңiстен кейiн жыйын да шақырылған жоқ, ұлы хан сайлау мәселесi де сөз болған жоқ. Алайда Сәмекенiң науқас екенiн, ол өлсе, орнына хан сайлануы тиiс екенiн Әбiлқайыр бiлдi, күттi, сондықтан оңтүстiктен кетпедi. Ал ол кезде Бөгенбай да, Қабанбай да, Қазыбек бек те қалмақтармен соғысты Әбiлқайырдың қатысуынсызақ жалғастырып жатты. Соғыс онсызақ жүрiп жатты деген сөз Әбiлқайыр ол кезде бас қолбасы емес деген сөз. Көп адам Әбiлқайырдың оңтүстiктен тек 1730 жылы ғана кеткенiне қарап, 1729 жылы өткен Аңырақай шайқасына да қатысқан болар деп жорамалдай салады. Ал ол кезде Жолбарыс хан ұлы жүзге өз билiгiн жүргiзiп жатты. Сондықтан не ұлы хан емес, не бас қолбасы емес күй, әрине, Әбiлқайырды риза етпедi. Сәмеке өлiп, орнына Әбiлмәмбет ұлы хан сайланып кеткен соң, ызалы ол 1730 жылы Ырғыз арқылы батысқа кетiп бара жатып, жолай бiраз қазақ ауылына қырғыйдай тиiп тонай кетедi.
8-ден, Аңырақай шайқасына дайындалып жатқан шақта ұлы жүз ханы Жолбарыс та, Төле би де Әбiлқайырдың алдағы ұрысқа қатысуын сұраған. Өйткенi Хан тауы маңында шоғырланған қалмақтың саны күн сайын көбейiп келе жатқанын олар бiлiп отырды. Оларға жеке қарсы шығуға Ұлы жүз қолы аздық еттi. Алайда Әбiлқайырдан жауап болмады. Неге? Өйткенi оны шақырғанға дейiн бұл соғысқа бас қолбасы Бөгенбай болатынын Жолбарыс хан, Төле би және Қазыбек би үшеуi шешiп қойған болатын. Қазыбек бек өзiнiң “Түптұқыйаннан өзiме шейiн” атты естелiк кiтәбiнде: “Мен ендi Жолбарыс ханнан: “Ұлы жүз қолын баста!” деген ресми жарлық алдым… Осыдан бұрын бас қолбасшылыққа белгiленген Бөгембай батыр,..” деп, бәрiн апанық жазады ( Алматы, 2 басылым, 2008, 948-бет). Сондықтан кеше ғана үш жүздiң әскерiне бас қолбасы болған Әбiлқайыр ендi Бөгенбайдың қоластында соғысқысы келмедi. Әрi Жолбарыс ханның шақыруына келе қалуды ол өзiнше кiшiреу деп те түсiнуi мүмкiн. Оның ондай мiнезi барын, мәселен, 1718 – жылы Аягөз маңында болған ұрыста Қайып пен Әбiлқайыр өзара тiл табыса алмай, соның кесiрiнен қазақ қолы қалмақтардан жеңiлiс тапқанын тарихшылар жазады (Моисеев). Ол Жолбарыс ханды, өз ағасы болса да, менсiнбеген, жақтырмаған. Сәмекемен де бақталас болған.
9-дан, осы Аңырақай шайқасында Абылайдың алғаш аты шыққан. Ол дулат Сеңкiбай батырдың қолында соғысқан. Ел аңыз етiп жүргендей жекпежекте емес, дода соғыста Шарышты өлтiрген. Жалпы, соғыс тәртiбi бойынша, бас қолбасының алдын ала келiсiмiнсiз өз бетiмен жекпежекке шыға беруге рұқсат етiлмеген. Ал ешқандай аңызда да, деректе де Әбiлқайыр басқарған соғыста алғаш Абылайдың аты шығыпты делiнбейдi.
10-дан, Ордабасы жиынында дәл сол кезеңде Әбiлқайырға ерлiгi жағынан да, батырлығы жағынан де ешкiм шендес келмейтiнiн мойындап, оны бас қолбасы сайлап отырған Төле би мен Қазыбек би ендi 1730 жылы оның ұлы хан сайлануына неге қарсы болды? Оның басты себебi: Әбiлқайырдың Аңырақай шайқасына қатыспай қойуы. Жолбарыс ханның қасында Аңырақай шайқасы аяқталғанша бiрге болған Төле мен Қазыбек Әбiлқайырдың ол қылығын кешiрмедi. Ал егер Әбiлқайыр бас қолбасылық жасап, Аңырақай шайқасында тағы даңққа бөленген болса, онда, сөз жоқ, екi би де оның бас хан болуын қолдайтын едi.
11-ден, Әбiлқайырдың тарихи еңбегi бағаланбады деген байбаламға құлақ асып, қазақтың екiншi бiр перзентi Бөгенбайдың басшылық жасаған ғажап ерлiгiн неге Әбiлқайырдың қанжығасына байлай салуымыз керек? Сонда Аңырақай шайқасына Әбiлқайыр басшылық жасады десек, шындық та, Бөгенбай жасады десек, жалған бола ма? Жалпы, бiз көрген адамға сенуiмiз керек пе әлде күштеген адамға ма? Шындық шiркiннiң сонда өзiне емес, бiзге байланысты болғаны ма?
Менiң байқауымша, кей адамға шындықтан гөрi аңыз немесе “жорамал шындық” ыңғайлы. Мәселен, мен өз басым: “Бiздiң бәлен деген бабамыз батыр, Абылайдың ең сенiмдi қолбасы болған”, – дегендi талай оқыдым да, естiдiм де. Ал сол Абылайдың қасында жүрген Қазыбек бектi оқысам, Абылайдың үшақ бас қолбасы болған, қалған батырдың бәрi не Бөгенбай, Қабанбайдың, не Қазыбек бек пен Наурызбайдың мыңбасы, жүзбасы, онбасы ғана. Алайда: “Менiң бабам онбасы батыр болыпты”, – дегендi әлi ешкiмнен естiген емеспiн. Қазыбек бектiң кiтәбiн мойындағысы келмейтiн де негiзiнен солар: бөсiңкiреп, өсiрiңкiреп айтқанды және оның ешбiр куәсi болмауын ұнататындар.
Тарихи шындық бiреудi кiнәләу немесе көтермелеу үшiн айтылмайды. Тек Аңырақайға ғана қатысты емес, осындай ары тарт, берi тарт айтыстармен жүрiп, бiз кезiнде анықтап алатын, жазып қалатын талай шындықтан айрылып қалдық. Бiлетiнi, естiгенi бар талайлар берекесiз айтыс пен тартыстан қашып, көп дүниенi iшiнде алып кеттi. Ал бiзге әлi ақыл кiрер емес.
Аталмыш мақаласында Бейбiт Әбiлқайыр жайында: “…ол iнiсi Бұлқайыр басқарған 70 мың жiгiтi бар әскердi шепке қалдырып кеттi”, дептi. Соған қарағанда, Әбiлқайырдың өзiмен бiрге де бiрер мың жiгiт кеткен болу керек. Ал менiң бiлетiнiм: қазақты 1723 жылы көктемде “Ақтабан шұбырындыға” ұшыратқан бүкiл қалмақ қолының жалпы саны 40 мыңнан азар асқан. Қазақтың үш жүзiнiң жалпы әскерi де сол шаманың ар жақ, бер жағынан асып көрмеген. Ал егер бiр Әбiлқайырда соншама әскер болса, қалмақтарды қалайша бiр дегенде жайпап тастамай, бақандай 35 жыл бойы соғысқамыз? Бұл не, Әбiлқайырды мадақтау ма, мазақтау ма?
Менiңше, бүйтiп бүйректен сыйрақ шығарып, болмағанды жорамалмен толтыра бергенше, сол Аңырақай шайқасына өзi қатысқан, шайқасты басқарған Бөгенбайдың қасында жүрген Қазыбек бектiң жазғанына құлақ асқанымыз жөн. Тарихты әрқайсымыз өз бетiмiзше бүйтiп бөстiре берсек, ол ешқашан өздiгiнен шындыққа қарай төмендемейдi, аспанда аңыз боп iлiнiп тұра бередi.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ