МИССИОНЕРДЕН ҚАЙТҚАН МҮЛIКТIҢ ҚАЙЫРЫ БОЛСА...

МИССИОНЕРДЕН ҚАЙТҚАН МҮЛIКТIҢ ҚАЙЫРЫ БОЛСА...

МИССИОНЕРДЕН ҚАЙТҚАН МҮЛIКТIҢ ҚАЙЫРЫ БОЛСА...
ашық дереккөзі
220

Елiмiз егемендiк алған кезде “бұл өзi рас па, әлде өтiрiк пе, өңiмiз бе, әлде түсiмiз бе?” деп ел ес жинағанша, ашық-шашық шекарамыз түгiлi, есiгiмiз бен тесiгiмiзден қатар кiрген, әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен келген миссионерлер талтаңдай басып төрiмiзге шығып алғанымен тұрмай, сол кезде егесiз қалған еншiмiздегi көптеген жылжымайтын мүлкiмiздi, әкесiнен мұраға қалған мүлкiндей, өзiмiзден бұрын, солар бауырларына басып алғаны жасырын емес.

Бұндай жағдай, әсiресе, Алматының жанында орналасқан Қарасай ауданының териториясында көбiрек орын алғаны, есiмiздi жиған соң ғана мәлiм бола бастады. Ауданның үлкен-үлкен елдi мекендегi не бiр жаңа үлгiде салынған клубтар мен жарасты мәдени ошақтар, балалар бақшалары мен сауда орталықтары, өзен жағаларына орналасқан шұрайлы жерлерi мен оқушылардың жазғы демалыс лагерлерi солардың еншiсiне заңсыз сатылып кеткен.

Заңсыз деген сөзiмiзге бiр ғана дәлел келтiрелiк. Қазiр бар оқиғасы әлем жұртшылығына аян болып отырған, осы ауданның “Елтай” ауылы жанындағы “Кришна санасы” дiни бiрлестiгi еншiлеп алған 47,5 гектар жердiң дауы, Республика Жоғары соты азаматтық iстер жөнiндегi алқасының өткен жылғы мамыр айындағы шешiмi бойынша, Қарасай ауданының иелiгiне қайтарылғанымен, келiмсектер жер әлемдi шуылдатып, сол жердi әлi күнге босатпай отыр. Неге? Жауабын ешкiм бiлмейдi. Сот шешiмi – талқылауға жатпайтын заңды құжат. Солай бола тұра сол құзырлы шешiм неге жедел орындалмауда?..

Негiзi, бұл жер аумағы кезiнде Алматыдағы №1 балалар үйiне жалға берiлген. Заң бойынша, шаруа қожалықтарына арналған жерлер бөлек, дiни мақсаттарға арналған жерлер бөлек берiлдi. “Кiшiсiн ұрған Құдай, үлкенiн де қоса ұрған екен” демекшi, соттың осы заңды шешiмiнен соң, нақтылы тiрлiктер жасау орнына аудан әкiмшiлiгi ғана емес, облыс әкiмшiлiгi де дәрменсiздiктерге барып, оларға Iле мен Талғар ауданынан қайта жаңадан жер бөлiп, соған баспасөз маслихаттарын өткiзiп, өздерiнше әлек болумен жүр. Бұл кiмге қажет көлгiрсу және кiмнен жалтақтау? Бiзде заңсыз иеленген жердi босатпай, сот шешiмiне шекесiнен қарайтын мұндай дiни бiрлестiктердi елден аластауға дейiн алып баратын заң бар емеспе? Солай бола тұра бұл не дәрменсiздiк?…

Осындай қолды болған жылжымайтын мүлiктер қатарына кезiнде осы Қарасай аудандағы iргелi елдi мекенiне қарасты (суретте) мына Мәдениет Үйi мен Балалар бақшасы да өткен-дi. Екеуi де, өз кезiнде үкiметтiң мол қаржысы мен ел еңбекшiлерiнiң маңдай терiне салынған дүние. солай бола тұра бұл мүлiктер, ел намысын ескере бермейтiн, сол кездегi аудандағы кейбiр жеңiлтек басшылардың қомағайлығынан, оңтүстiк Кореядан келген келiмсек, 1951 жылы туылған И Сун Бок деген шет елдiк мисионердiң еншiсiне қолды болған-ды. қазiр бұл мүлiк сатылап жүрiп – “АГАФЕ” Евангел Христиан Шiркеуiнiң еншiсiне өткен.

Алматы iргесiндегi бұл елдi мекенде қазiр он үш мыңнан астам тұрғындар тұрады. Кешқұрым көшеге шыққан ауыл жастары барар жер, басар таулары болмаған соң, бұрынғы қалыптасқан дәстүрмен осында соғады. Олардың осы босаң сәтiн шет елдiк дiн миссионерлерi өз есептерiне әдемi пайдалана бiлiп, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен босып келген қаншама қаракөздерiмiздi оп-оңай өз торларына түсiрдi. Олар жарылқаушылары берген аз ғана қаржыларына малданып, өзi кiрген дiндерiне өзге қазақтарды да қымсынбай шақырды. Осылайша ауыл орталығында үлкен дерт ошағы пайда болды. Ушыққан осы жағдай кезiнде ұлтшыл оппозиционерлерiмiздiң құлағына тиiп, М.Шаханов бастаған үлкен бiр топ келiп, әңгiме өткiзгенiмен, одан ештеңе шыға қоймаған-ды…

Бұ қазақтың аңқаулығын қойсайшы, елге келген егемендiктiң растығына толық көзi жетiп, тiршiлiк жасай бастағаннан соң да, көрiнгенге қолды болған мүлiктерiнiң қайсысы заңды, қайсысы заңсыз кеткенiн қайта зерделеуге де құлық танытпауда. Әкiмгершiлiк қызметкерлерi кезiнде өздерi араласып, заңсыз құжаттарын жасап берген былықтан бастарын сауғаласа, құқық қорғау органдары “аш бәледен, қаш бәле” деп, жауапкершiлiктi мойнына алар жан болмаған соң, олар да өздерiнiң ауырмаған жақтарымен жатты.

Мiне, осындай кезде Iргелi елдi мекенiнде С.Садырқұлов ақсақал жетекшiлiк ететiн Ақсақалдар алқасы өз белсендiлiктерiмен көзге түстi. Жалпы саны 13 адамнан құрылған бұл кеңестiң мүшелерi өздерiнiң кезектi отырыстарында осы мәселенi күн тәртiбiне қойып, кезiнде заңсыз сатылып кеткен ғимараттарды мемлекет меншiгiне қайтаруды өз жауапкершiлiктерiне алды. Осы мәселе бойынша облыс прокурорының қабылдауында болған алқа жетекшiсi көп ұзамай-ақ аудандық прокурор К.Үсiпбаевтан жазбаша жауап алды. Хатта Iргелiдегi қос ғимарат аталынған дiни бiрлестiк еншiсiне заңсыз берiлгендiгi, бiрақ талап арыз беру мерзiмiнiң өтiп кеткендiгiн, солай бола тұра заңсыз шығыс етiлген қос ғимаратты да, мемлекет еншiсiне қайтару туралы Алматы облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа мемлекеттiк мүдде тұрғысында талап түсiргендерi жазылыпты. Осы бiр жылы хабармен бiрге Оңтүстiк Корей азаматы миссионер И Сун Бокқа, жергiлiктi атқарушы органға есепке тұрмай миссионерлiк қызметпен айналысқаны үшiн Қазақстан Республикасы “Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы” Кодексiнiң 375 бабының 3 тармағымен әкiмшiлiк өндiрiсi қозғалып, iстiң сотқа өткенiн жеткiзiптi. Бұл бап бойынша айыпталған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ азаматтарды Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салынуы көрсетiлген. Бұл хабар – Ақсақалдар алқасының алғашқы жеңiсi едi.

Қаскелең аудандық прокурорының осы талабымен тағайындалған Алматы облыстық мамандандырылған экономикалық сотының отырысы алдын-ала белгiленген күнi өттi. Сотқа Алматы аумақтық мемлекеттiк мүлiктi басқару комитетiнен, “АГАФЕ” дiни бiрлестiгiнен, Қарасай ауданы әкiмшiлiгiнен, Жер қатынастары бөлiмiнен, аудандық Әдiлет басқармасынан арнайы өкiлдер қатынасты. Сот – Алматы аумақтық мемлекеттiк мүлiктi басқару комитетiнен №179 қаулысымен берiлген мемлекеттiк тiркеу АКТ-сiн, дiни бiрлестiк пен аудандық әкiмшiлiктiң жер телiмiн сатып алу жөнiндегi келiсiм шартын, меншiк иесi ретiнде аудандық Әдiлет басқармасына тiркелген тiркеу актiсiн заңсыз деп тауып, аудандық прокуратураның талабын қанағаттандырып, Iргелiдегi Мәдениет Үйiн мемлекет еншiсiне қайырды.

Iргелi мекенi тұрғындары үшiн бұл хабар көптен күткен үлкен қуаныш едi. Сол қуанышқа ортақтастығымызды бiлдiрiп, кеш те болса ақсақалдар алқасының төрағасы, кезiнде өз шеберлiгiмен қазақ бокс спортының абыройын көтерген С.Садырқұлұлы ағамызға хабарласқанымызда, сабырлы жан:

– Қуанышымызды бөлiскендерiңiзге рахмет. Бiзден бұрын бұл алғысты облыс прокуроры М.Жөргенбаевтың атына айтқандарың мақұл. Қазiр барлық күш заң орындарының қолында ғой. Аудандық прокуратура қызметкерлерi сол азаматтың тапсырмасымен барлық заңдылықтарды сақтай отырып, аяқтарынан тiк тұрып жұмыс жасады. Нәтижесiнде елдiң талабы әзiрше жеңiске жетiп отыр…

– Неге әзiрше деп отырсыз? – деген сауалымызға:

– Шет елден келген миссионерлер оңайлықпен берiле қоймайды. Олар бақайшығына дейiн заңмен қаруланған. Көршi ауылдағы “Кришна санасы” дiни бiрлестiгiнiң Жоғары Соттың шешiмiне де бой бермей жатқандарын көрiп отырған жоқсыңдар ма?. Бiз де дәл солардай әлi талай сотты бастан кешетiн шығармыз деп отырмыз. Бiрақ өз мақсатымызға жеткенше күресе беремiз.

Мына жауаптан соң мен де ойланып қалдым. Ақсақал дұрыс айтады. Кiрме дiн иелерiнен әрдеңенi-ақ күтуге болады. Дегенмен, заңды жеңiстен қол үзбеуiмiз керек қой. Iргелiдегi Мәдениет үйi шеттен келген кiрме дiннiң емес, өз жастарымыздың мәдени демалар орнына айналуы тиiс. Бiз бұл орайда қашан да болсын Iргелiлiк ақсақалдардың бастамасына қолдау көрсетумен бiрге, басқа елдi мекен мекендердегi ақсақалдарды да осындай игi бастамаларды қолдауға шақырамыз.

Бақтыбай Айнабеков

Серіктес жаңалықтары