МАХАТХИР МОХАМАД

МАХАТХИР МОХАМАД

МАХАТХИР МОХАМАД
ашық дереккөзі
1732

Әлем таныған тұлғалар

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері дүние жүзіндегі 120 мемлекетпен дипломатиялық қатынастар орнатып, 64 халықаралық ұйымға мүше болды. Біздің ел сол мемлекеттермен тек саяси жағынан бейбіт, қатар өмір сүруге келісіп қана қоймай, әлеуметтік, мәдени-экономикалық қатынастар жасап келеді. Еліміздің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып 1991 жылы 31 желтоқсанда мойындаған, ынтымақтастыққа ниет танытқан мемлекеттің бірі – Малайзия. 1996 жылы Куала-Лумпур қаласында Қазақстанның, ал Алматы қаласында Малайзия елшіліктері ашылып, мұсылман әлеміндегі сенімді серіктестіктерге айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы даму жолымызды таңдау барысында Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Махатхир Мохамадтың 20 жыл мерзімге арналған Жаңа экономикалық саясатымен танысып, үлгі тұтқан едік. Біз соған ұқсас 2030 жылға арналған бағдарламаны қабылдап, нарықтық даму жолына түстік. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 20 жыл толып отыр. Содан бері екі жақтың мәмілегерлері екі елдің ынтымақтастығын бұрынғыдан да арттыра түсуде қыруар еңбек сіңірді. Рес­публика Президенті Н.Назарбаев алғаш рет 2006 жылы Малайзияға ресми сапармен барып, сауда-экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөнінде келісімдерге қол қойып қайтқан болатын. Ал өткен жылы Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак біздің елге ресми сапармен келіп, тағы да өзара тиімді келісімдер жасасты. Соның бір көрінісі қазір Алматы мен Куала-Лумпур арасында аптасына екі рет әуе рейсі ашылып, қарым-қатынас жиілей түсті. Малайзияда әлеуметтік әділеттілік орнатып, малай халқының беделін көтеріп, экономикада зор табыстарға жеткізген Мохамад Махатхир кім? Төменде оқырмандарға сол әлемдік тұлғаның өмір жолы мен отансүйгіштік, күрескерлік ерекше қасиеттерін таныстыруды жөн көрдік. Мохамад Махатхир 1925 жылы 20 желтоқсанда Малайзиядағы Кедах штатының Алор-Сетар қаласында қарапайым мұғалімнің отбасында өмірге келді. Әке жағынан ата-тегі Үндістанның Керал штатынан шыққан. Ал шешесі Кедах штатында туып-өскен малай. Мохамад өзін таза малаймын деп, өз ұлтының құқы үшін күрестерде батылдығымен көріне білді. Ол 1953 жылы Сингапурдегі медицина университетінде оқып жүріп, болашақ жары Сите Хосмен танысқан. Жастар университет бітірген жылы үйленіп, өз алдарына отау тігеді. Олар жеті баланың ата-анасы атанады. (Оның екеуі жетім балалар үйінен болатын). Мохамад өзінің саяси күрескерлік жолын университет қабырғасында жүріп-ақ бастаған. Ол кезде небәрі он тоғыз жаста еді. Сол кезде ғана құрылған Біріккен малай ұлттық ұйымына (БМҰҰ) мүше болып кіреді де, газеттерге малай әйелдерін кіріптарлықтан азат ету мен малай монархиясы мәселелері бойынша тұшымды ой айтқан бірнеше мақалалар жазып, қалың көпшілікке тез танылады. Сол жылдан бастап-ақ оның саяси өмір жолы БМҰҰ байланысты болған. Ол жеті жыл бойына саяси күреске белсене қатыса жүріп, Кедах штатында өз мамандығы бойынша жұмыс істеді. Малайлықтар оны құрметпен «доктор М» деп атайтын. Елдегі саяси өмірге белсене қатысқаны үшін ол 1964 жылы БМҰҰ атынан парламентке мүше болып қабылданды. Жас саясаткер онда малай құқығын табанды түрде қорғай білді. Депутаттардың осы тақырыптағы небір пікірталастарында ұтымды әрі дәлелді сөздерімен қарсыластарынан басым түсіп отырған. Малайзиядағы байырғы тұрғындарының қажеттіліктеріне жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келе жатқанын қатаң сынға алып, 1969 жылы елдің премьер-министрі Тенку Абдул Рахманға ашық хат жариялағаны үшін БМҰҰ мүшелігінен шығарылып, соған қоса депутаттық мандатын жоғалтып, қуғындауға түскен. Мохамад Махатхир осы саяси өмірінің үзікті кезін босқа өткізген жоқ. Өзінің саяси идея­сы мен көзқарастары туралы «Малай дилеммасы» (қарама-қарсы қойылған екі қағиданың айтысы) атты кітап жазып, көпшіліктің назарына ұсынды. Ол бұл еңбегінде сол уақытқа дейін айтуға тыйым салынып келген малай ұлтының негіздері мен отарлау саясатына қарсы ой-тұжырымдарын ортаға салған. Кітап қалың қауым арасында қызу талқылауға түсіп, оны бұрынғыдан да танымал етті. Бұл БМҰҰ-ның жас көшбасшылары тарапынан қолдау тауып, ұйымға қайта қабылданды. Арада санаулы жылдар өткен соң, яғни 1974 жылы парламентке қайта мүше болып, көп кешікпей Оқу-ағарту министрінің портфелін қолына ұстаған. Арада өткен төрт жылда Мохамад Махатхир партияда таңқаларлық жетістікке жетіп, төрағаның орынбасарлығына дейін көтеріліп, 1981 жылы Малайзияның премьер-министрі қызметіне тағайындалады. Мохамад Махатхир жоғары қызмет тағына отырысымен-ақ өзінің бұрынғы идеяларын жүзеге асыруға бірден кірісті. Малайзия елін «азиялық» және «малайлық» құндылықтарға негізделген, ішкі және сыртқы саясатта басқаларға тәуелсіз, экономикасы дамыған елге айналдыру үшін бар күш-жігерін аянбай жұмсады. Әсіресе сол уақытқа дейін қоғамның барлық салаларында қағажу көріп келе жатқан жергілікті малайлар қақында этникалық кемсітушіліктердің бәріне қарсы «Дамудың ұлттық саясаты» деген бағдарламаны белсенді жүргізіп, малайлықтардың ұлттық беделін көтерді. Бұл жұмыс бірінші кезекте экономика саласында қатаң қолға алынды. Махатхирдің сол Жаңа экономикалық саясатының арқасында соңғы отыз жылда малайлықтар экономикада зор табыстарға жетті. Ол халықаралық саясатта екі жақты стандартқа қарсы сын айтудан жалықпаған әрі дамушы елдер қатарына жататын Азияның, ислам мемлекеттерінің құқықтары үшін күрескер болды. Мохамад Махатхирдің қайраткерлік істері Малайзия мен шет елдерде жоғары бағаланды. Сингапурдың әкесі ретінде танылған, кезінде Махатхирге қарсы ел алдында сөз сөйлегені «Сингапур тарихы» кітабының авторы Ли Куан Ю өзі де кейіндеу оның саяси жетекшілігін жоғары бағалаған. «Ол өз ісін жүзеге асыруда саяси және табандылық таныта білді. Елдің мүддесі үшін қолға алған істеріне күмәнмен қараған жалпы қарсыластарының көзін жеткізіп қана қойған жоқ, өз ойын толық жүзеге асырды. Мохамад Махатхир сауатсыз малайлықтарды оқытып, ғылым мен техниканы игеруге тартты. Болашақтарына негіз болатын ғылым мен технологияны, компьютерді үйрене отырып, Интернетті пайдалануға барынша жол ашқан. Малайлықтар және барлық осындағы қытайлықтар мен үндістерге ислам экстремистігі емес, осындай болашақ аса қажет еді. Соны ол жүзеге асырды». Сондай-ақ кітапта Малайзияның 1997 жылға дейінгі жаңаша қайта құрылымында атқарылған қыруар жұмыстардың есебі берілген. Отарлану салдарынан тек пальма майы мен қалайы рудасын ғана өндірумен ғана айналысып, артта қалған елдің экономикада, әлеуметтік әділеттілікте, мәдени және этника салаларында тұрақты дамуындағы ел басшылығының жемісті еңбектеріне тоқтала келіп, «Азия жолбарысы» атануына лайықты бағасын берген. Бұл Мохамад Махатхирдің дамудан артта қалған, басқалардың қорлығы мен тілдері тиген ұлтына деген сүйіспеншілігі. Сонымен бірге ол басқарған уақыт өз халқының бар мүмкіндіктерін жүзеге асыратын тарихи кезең. Махатхирдің қайраткерлігі ел көшбасшысы ретінде өз ұлтына деген сүйіспеншілігі, адал әрі патриоттық еңбегі. Беделін әлдеқашан жоғалтқан ұлтты – Малайзияны экономикалық жағынан өктем алпауыт елдердің жемтігіне айналып кетуден сақтап қана қалған жоқ, беделін әлдеқашан жоғалтқан малай халқының жоғалуға айналған ұлттық мүдделері мен құндылықтарын қайта жандандырып, мәдени-рухани жағынан еңсесін қайта көтертіп, басқалардың алдында биік дәрежеге көтерді. Ол елдегі ұлттық сатқындықты, жемқорлықты мейлінше тыйды. Махатхир: «Мен жемқор болмасам, биліктегі басқалар да ондай жаман іске бармайды», – дейді. Ал ол өзінің идеясын жүзеге асыру жолында қаншама қиындықтарды артқа тастады десеңізші. 1969 жылы 13 мамырда Малайзия астанасы Куала-Лумпурда нәсілдік тәртіпсіздіктер бұрқ ете қалды. Бұл мүлдем күтпеген жәй еді. Мұндағы қытайлықтар мен малайлықтар арасында жауласушылық бұрын да бірнеше рет орын алған. Бұл бір жағы халықтың бірін-бірі жете танымайтын сауатсыздықтарынан болса, бір жағынан британ отарлаушыларының Үкіметі жүргізген «бөліп ал да, билей бер» саясаты арқылы бірін-біріне қарсы қою салдарынан болатын. Оның үстіне малайлар мен қытайлар этникалық мінез-құлықтары, тілдері мен мәдениеті, діни сенімдері жағынан бір-біріне сәйкес келе бермейтін, айырмашылығы көп ұлттар. Екінші дүниежүзілік соғыс бітіп, жапон миллитаристері жеңіліске ұшырағандықтары жөнінде капитуляцияға қол қойған соң, қытай партизан-коммунистеріне Малайзия жарты аралдарын басып алу мүмкіндігі туған. Олар елдің ауылшаруашылығымен айналысатын аудандарындағы елді мекендердің тұрғындарына ауық-ауық шабуыл жасай бас­тады. Бірнеше полицей учаскелерін басып алып, өз адамдарын орнықтырып та жіберген. Малайлықтар да өз жерлерін қорғап, олармен қарсыласа білді. Содан бастап малайлықтар арасында қытайлықтарды жек көру орын алған еді. Жаңа құрылған Малай Одағына кірген барлық тұрғын халықтың малайлық штаттары мен Стрейтс-Сетлментске азаматтық беру жайлы британдық ұсыныс сол кездердегі Малайдың жапон отарлауы кезеңіндегі Уайтхоллмның жасаған жоспарының бір бөлігі болған. (1826 жылы Сингапур, Пинанг пен Малакка қалалары ағылшын колониясы Стрейтс-Сетлментске біріктірілген болатын). Бұл ұсыныс екі қауым арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына еш үлесін қоспады. Малайлықтардың ойлауынша, ағылшындықтар қытайлықтарға өз тарапынан асқан жомарттық танытып отырған. Олар қытайлықтардың сол кездегі малайлық мемлекетке және Малайлық Одаққа деген адалдықтарына күмәнданған. Әсіресе ағылшындықтар қытайлықтардың екі мемлекеттің – Қытай мен Малай азаматтығын сақтап қалуына еш қарсылықтарын білдірмеген соң күмәндары бұрынғыдан да асқына түскен. Солай бола тұрса да 1955 жылы малайлар мен қытайлар арасы біршама жақындасқандай болған. Сол жылғы елдің тәуелсіздігі үшін болған федеральдық сайлауда Малай ұлттық ұйымы мен Малай қытайларының ассоциациясы және Малай үнді конгресі бірігуінің арқасында Альянс жеңіске жеткен. Бұл саяси партиялар құрама малайлардан, қытайлардан, үнділерден тұрды. Малайзияның этникалық топтардан құралған 57 мандаттың тек біреуі ғана Панмалай ислам партиясына берілді.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары