557
ӘДЕБИ ЖУРНАЛДАР ӘЛЕМДІ ҚАМТИДЫ
ӘДЕБИ ЖУРНАЛДАР ӘЛЕМДІ ҚАМТИДЫ
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Еуразия Жазушылар одағы және «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының v конгресі өтті.
–Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының V конгресі Түркі руханияты үшін айрықша оқиға, тарихи сәт. Бұл шараның Астанада өтуінің де өзіндік себеп-сыры бар: Астана түркі мәдени орталығы болып жарияланды, Елбасының тікелей қолдауына ие болды. Ал түркі әлемінің басын қосуда әдебиеттің рөлі ерекше екені айтпаса да түсінікті. Бұл бағыттта атқарылған жұмыстарды оқырманға жеткізу, бауырлас халықтар арасындағы әдеби байланыстарды нығайту мақсатында министрлік көптеген тірліктер жүргізіп келеді. Осы шараның аясында қалың оқырманның қолдауына ие болған «Жұлдыз» журналының 90 жылдығы да қуанышты жағдай деп білемін. Журналға мемлекет тарапынан қолдау бар, әдеби журналға деген жанашырлық алдағы кезде де жалғасын таба беретін болады. Конгрес жұмысына сәттілік тілеймін. Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы: – Конгресті жоспарлағандағы мақсат әр елде өткізу арқылы сол елдің журналдарымен кеңірек танысу. Екінші мақсат – танысу арқылы байланыс орнату. Жылт еткен жаңалығы бар шығар, үлгі алайық, бірінен бірі үйренсін. Мүмкін ортақ істеріміз бар шығар. Сол ортақ мәселені бірлесіп қарастырайық деген ой. Әрине, бір конгресте барлық түйінді мәселені шешіп тастай алмайсың. Ол мүмкін де емес, бірақ әр нәрсенің өз бастауы, жалғасы болады. Болашақта жалғасын тапса, түйінді мәселе шешіледі, әдебиеттің жағдайы жақсарады деп ойлаймын. Қазір оңай емес, әдебиетте керемет жағдай бар деп айта алмаймыз. Демеушісі бар журналдар шығады, демеушісі кеткен күні жабылады. Әдеби журналдардың өмірі тым қысқа болып кетті. Осы жағдай басқа елдерде қалай екен? Бүгін әріптестер бір-бірімен сөйлесіп, тәжірибе алмассын дедік. Біз де әдеби журналдар өміршең болса дейміз. ТҮРКСОЙ ұйымының құрылғанына келесі жылы 20 жыл толады, жоғары деңгейде тойлаймыз деп ойлаймын. Асхат ТҰРҒАНБАЕВ, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілі: – Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының конгресі Астана Түркі мәдениетінің астанасы болып жарияланғаннан кейін Қазақстанда өтіп жатыр. Бұл шараны еліміздің кез-келген қаласында өткізуге болады, оның ішінде рухани астанамыз Түркістанда да мүмкіндік бар. Онда халықаралық қазақ-түрік университеті жұмыс істейді. Бірақ шетелден келушілер үшін халықаралық әуежайдың жоқтығы көп ретте тұсау болып жатады. Бұл ретте Алматы мен Астана қалалары қолайлы. Қазір 2013-2014 жылдары конгрестің өтетін қалалары белгіленіп қойылды. Келесі жылы түрік елінде өтеді. Өйткені қай қала түркі мәдениетінің астанасы болып жарияланса, конгрес сол қалада өтетін болып белгіленді. Конгрестің дәстүрі жыл сайын бір адамды сол жылдың адамы деп белгілейді: ол жыл ақыны емес, жыл жазушысы емес, жыл әдебиетшісі! Бұл атаққа ие болған қаламгердің шығармалары жыл бойы әлемдік әдеби журналдарда насихатталады. Әр елдің әдеби журналдары оның аудармасын жасап, оқырмандарына таныстырады. Меніңше, бұл жақсы адым, дәл осылай алға қарай адымдай беру керек. Төлен ӘБДІК, «Өркениет» журналының бас редакторы: – Бүгінгі шара бірлігіміздің бір көрінісі. Бірақ бірлік саяси науқан болмау керек. Бұл достық мәдени, рухани, әдеби байланысқа ұласу керек. Конгресті ұйымдастырушыларға үлкен рахмет. Бұл халықтардың болашағы үшін керек. Журнал халық пен халықты ынтымақтастыруға үлкен ықпал жасайды. Сондықтан бұл басқосу үлкен маңызы бар нәрсе. Ал енді осының бәрі тек бір-бірімізді көріп кету үшін өтпесе жақсы болар еді. Осы кездесуіміз, бір-біріміздің шығармашылық достығымызға айналсын. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары бір-бірімізден айрылып қалдық, бүгінгі конгрес соны жалғастыруды мақсат тұтқан екен, мақсатына жетсін деп тілеймін. Менің қасымда Ташкенттен келген қаламгер отыр, шындығы керек ол мені, мен оны білмеймін, анығы: бірімізді біріміз танымаймыз. Танып-білмегеннен кейін қандай бірігу болады? Алдағы кезде бір-біріміздің шығармаларымызды аударуымыз керек. Дихан Қамзабекұлы, ЕҰУ проректоры: – Біздің университет Күлтегін ескерткішінен басталады. Ескерткіште «Күндіз оқымадым, түнде ұйықтамадым, қара терді төктім, қызыл қанды ағыздым. Түркі халқы үшін» деп жазылған. Демек, кешегі өсиет орындалып жатыр деп есептеймін. Бүгінгі жиынның маңызы білім саласындағы азаматтар үшін ерекше екенін айта кетуіміз керек. Соңғы жылдары бұрынғы Кеңестер одағына кіретін түркі тектес елдер әдеби байланысты үзіп алды. Себебі 1992 жылдан кейін әдеби журналдар жазып алынбайды. Сол байланысты қайта қалпына келтіруіміз қажет. Университет шеберлік сынып алуға, әрқайсыларыңызды тыңдауға мүдделі. Оқу орнымызда он үш мың студент бар, оның үш мыңдайы журналистика және тіл әдебиеті бағытында. Соларға дәріс оқып кетсеңіздер қуана құптаймыз. Шәкір Ыбыраев, Түркі Академиясының президенті: – Академияның мақсат-мұраты зерттеу болғандықтан бүгінгі жиынның мәні зор. Құрылғанына екі жыл болған академия осы уақыт ішінде бірқатар жұмыстарды атқарып үлгерді. Академияның қаржыландыруымен түркі халықтарының әдебиетін жүйелеп және дәуірлеу мәселесі бойынша іс қолға алынды. Сонымен қатар түркі халықтарының мифологиясы жүргізіліп жатыр. «Алтайские тюркология» атты тоқсандық журнал шығып тұрады. Бұл журналда да әдебиетті насихаттау қолға алынған. Оның сыртында «Асыл мұра» деп аталатын антология жарыққа шықты. Ол жыл сайын ортақ әліпбимен шығарылып отыратын болды. Себебі, жеке журналдар әр елде, әртүрлі тілде жарық көрсе, біздің басылым ортақ мүддені бір арнаға құя отырып, латын әліпбиімен шығармақ. Биыл 16 қарашада Түрік кеңесінің хатшылығында, арнайы кеңесте түрік халықтарының ортақ әліпбиі бекітілді. Енді түркі халықтарының шығармалары сол әліпбимен жарияланбақ. Сондай-ақ «Түрік дүниесі» деген альманах алты тілде жыл сайын шығып тұрады: қазақ, қырғыз, әзірбайжан, түрік, ағылшын, орыс. Онда ең өзекті, рухани дүниемізге қатысты мәселелер қамтылады. Болашқта да ортақ мұрамен айналысатын боламыз, бүгінгі басқосуымыз жемісті болады деген сенімдемін. Исламбек САЛЖАНОВ, «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті: –Түркі баласына құшағы ашық қазақ топырағы, Елордасы – Астана рухани байланыстарды да нығайтуға себепкер болып отыр. Түркі әдебиетінен ойып тұрып орын алатын түбі бір түркі жұртының қайраткерлері қай заманда да бір-біріне сүйеу Һәм қамқор болғаны, тарихтан белгілі. «Түбі бір түркі баласы бір тудың астына жиналатын уақыт жетті» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай ауызбіршілігіміз күшейіп, адамзат баласына ой айта алатын, салтанат құратын күн де алыс емес деп ойлаймын. Тоқсан жасқа толып отырған «Жұлдыз» журналын шын жүректен құттықтаймын. Мәдениетіміз мәнді, әдебиетіміз мәңгі болсын! Ұлықбек Есдәулет, «Жұлдыз» журналының бас редакторы: Осымен бесінші рет өтіп отырған әдеби журналдар конгресіне төртінші мәрте қатысып отырмын. Екі рет шетелде баяндама жасадым. Бүгін есте қалар ерекше күн. 2002 жылы шыққан ұлттық энциклопедиямызда: «Жұлдыз» журналы 1922 жылдан шыға бастады. «Шолпан», «Таң» журналдарының мұрагері» деп анық жазылған. «Жұлдыз» журналы содан бері өз оқырмандарының кеудесіне сәуле шашып келеді. Қай редактор болмасын жастардың шығармашылығына журнал бетінен кеңінен орын беріп келді, қазіргі күні де солай. Академик Рымғали Нұрғали «ХХ ғасыр әдебиеттің алтын ғасыры» деп тегін айтпаса керек. Ендеше, әдебиеттің алтын ғасыры болуына «Жұлдыз» журналының сіңірген еңбегі аз емес. Бүгінгі «Жұлдыз» ұлт мүддесінен, Алашқа адалдығынан айныған жоқ, сонымен қатар тұрақты айдармен барлық елдердің шығармаларын жариялап келеді. Беттерін парақтап, шежіресіне үңілсек, қазақ әдебиеті деп аталатын еңсесі биік мектептің оқушылары бас алмай оқитын журнал бола білгенін байқаймыз. Журналдың 90 жылдығы сіздерге де ортақ, құтты болсын!Базарбек ТҮКІБАЙ
Астана