ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢЕ БІЛГЕНДЕР ЖЕҢІМПАЗ АТАНАДЫ

ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢЕ БІЛГЕНДЕР ЖЕҢІМПАЗ АТАНАДЫ

ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢЕ БІЛГЕНДЕР ЖЕҢІМПАЗ АТАНАДЫ
ашық дереккөзі
338

Марат Әубәкіров,

«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС металлургиялық кешенінің директоры:

Білікті басшы. Қарамағындағы жұмыскерлері мақтаныш тұтатын, арқа сүйейтін азамат. Балқаш қалалық мәслихатына «Нұр Отан» ХДП атынан сайлауға түсіп, №8 сайлау округінен жеңіске жеткен депутат. Қызметкерлері мен айналасындағылар оның қарапайымдылығы мен ашықтығын үлгі тұтады. Өткен аптада Балқаш қаласында арнайы іссапарда болып, еліміздің дамуына қомақты үлес қосып жатқан кәсіпорындардың бірі – «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Металлургиялық кешенінің директоры Марат Әубәкіров мырзамен сұхбаттасып қайтқан едік.

«Ол кезде қиын

әрі қызық еді»

– Марат Ысқақұлы, Сіз басқаратын кәсіпорынның бірнеше цехында болып, жұмыскерлердің еңбегін көріп қайттық. Көз жеткізгеніміз, барлық жерде тазалық пен тәртіп орнаған екен. Ал қызметкерлеріңіз кезінде Сіздің де өздері сияқты қарапайым жұмыскер болғаныңызды мақтанышпен жеткізді. Бұл біздің қызығушылығымызды оятқаны рас. Әңгімемізді алғашқы еңбек жолыңыздан бастасақ?

– Еңбек жолым қарапайым. 1991 жылы Қазақ Политехникалық институтын бітіргеннен кейін түрлі-түсті металдар металлургиясы бойынша инженер-металлург мамандығын алып шықтым. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Балқашқа келдім. Бұл жағдай кездейсоқтық емес еді. Өйткені мен Қоңырат кен орнында туып-өскенмін. Алғашқы еңбек жолымды бастаған жылы ата-анам Саяқта тұратын. Балқаш мыс зауытына Садықов Серік басшылық ететін. Кеңестік жүйе кезінде қалыптасқан үрдіс, жас маманның қолында жоғары біліміңді растайтын дипломы болса да, еңбек жолын міндетті түрде қарапайым жұмыскерліктен бастайтын. Бұл таңдаған мамандықты бүге-шігесіне дейін жете түсініп, барлық қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік беретіні белгілі. Сондықтан мен қандай лауазымды иемденемін деп бас қатырған да жоқпын. Балқаш мыс зауытының сол кездегі директоры мені мыс қорыту цехына жіберді. Неге екенін қайдам, мені бірден көпшіліктің аузынан түспейтін, танымал топ – №2 ауысымға бөлді. Өте сирек кездесетін жайт, ауысымдағы 22 адамның барлығы қазақ, тек екеуі ғана өзге ұлт өкілдері болатын. Олар – Егоров Александр Васильевич пен Виктор Анухин. Мастеріміз Өмірзақов Таласхан. Осы ауысымда мен шамамен бір жылдай, бәлкім одан сәл аз уақыт еңбек еттім. Сосын мастердің міндетін атқардым, одан кейін барлық ауысым бойынша (№3 ауысымнан басқаларына) мастер болдым. Ол жерде Марат Сәбитұлы басқарған 4 ауысымда ең ұзақ жұмыс істедім, маған ең ұнағаны да осы ауысым болатын. Алексей Стрегунов деген бригадиріміз болды. Кейін Ресейге көшіп кетті. Жас болғанымен айналасындағыларға беделді, спортпен шұғылданатын, нағыз алып тұлғалы азамат еді. Өкінішке қарай, мұндай қасиет басшы біткеннің бәріне бірдей тән емес. Шлакта жүргенде Василий Андреевичпен, сосын Марат Арғымбетовпен тізе қоса, тер төктік. Мәкең қазір комбинаттағы Ақсақалдар кеңесін басқарады. Кезінде ол да айналасындағылар қатты сыйлаған азаматтардың бірі. Егер мастер не бригадир белгілі бір себептермен жұмысқа шықпай қалса, тізгінді Мәкең өз қолына алатын. Бұл туралы ешкім тіпті күмәнданбайтын да. Мен ол кезде негізінен шарпыма пештерде тұратынмын. Қазір мұндай пештер қолданыста жоқ. Біріншіден, шаң көп бөлінетін. Екіншіден, қызудың әсері көп, дене күшін көп жұмсауды қажет ететін. Бір жағынан, жаспыз, бізге бәрі таңсық, сондықтан жұмыс істеу өте қызық болатын. 1994 жылы комбинаттың өндірістік бөліміне жұмысқа шақырды. Ол кезде зауыт қайта құрылымдаудан өткізілген. Цехтардың барлығы тікелей Комбинаттың басқармасына бағынатын. Өндірістік бөлім бастығы Қағазбеков Жәнібек Қасымжанұлы мен оның орынбасары Қайрақбаев Абылай Төкенұлы инженер-металлургтің міндетін атқаруды ұсынды. Неге екенін қайдам, әйтеуір, осы лауазымға мені лайық деп тапқан көрінеді. Қазір есіме түспей тұр, бірақ жалақыда сәл айырмашылық болды ғой деймін. Шешім қабылдарда осы жайт та ескерілді. Мен ұзақ ойланған жоқпын, келісім бердім. Менен басқа жетекші металлург – комбинат тарихындағы танымал тұлға Үсенбаев Қанат Жүсіпұлы, бас металлург Ваннер Айден Густавовичпен бірге әріптес болдым. Өндіріс пен технологияны бес саусағындай білген Ваннер өте қарапайым жан еді. Ұлты неміс болғандықтан, барлық туысы Германияға көшіп кеткен, алайда ол Қазақстанда қалып қойыпты. Әр кезеңде мені мамандығымның қыр-сырына баулыған ұстаздарға кенде емес едім. Шарпыма пеште жүргенде Қасабаев мені көп нәрсеге үйретті. Ал өндірістік бөлімде өндіріске қатысты сараптамалар, есептер мен жоспарлар жасауды меңгеруде Ваннердің еңбегі зор. Сонымен қатар бас химик Янцен Владимир Ивановичтің де мен үшін жасаған еңбегін ұмытпаймын. Бір қызығы, оның шын аты-жөні Вернер Ионасович болғанымен, халық Владимир Иванович атап кеткен. Өйткені уатқыш цехта бірге жұмыс істеген мамандардың көпшілігі шешендер болған екен. Оларға Вернер Ионасовичтің атын айту өте қиынға түскендіктен, «сіз ренжімеңіз, бірақ сізді Владимир Иванович дегеніміз дұрыс болар» деген өтініш айтыпты. Осы сәттен бастап әке-шешесінің азан шақырып қойған аты тек төлқұжатта сақталып қалған шығар, алайда адамдар, тіпті ол кісінің зайыбы марқұм Нина Михаиловна Дубровинаның өзі Владимир Иванович деп атап кетті. Мені әрдайым таңғалдырғаны, мамандығы бойынша кен байытушы болса да, химия саласына бейімделген. Комбинаттың балансын жүргізген Ефтенко Лидия Васильевнадан үйренгенім де көп. Қазір мен үшін басшы ретінде балансты жүргізу тіпті де қиын емес. Осындай керемет адамдармен жұмыс істеп жүргенде бүкіл ел үшін қиын кезең туды. 1996 жылы өнім өндіру қарқыны құлдырап, комбинаттың шаруасы шатқаяқтап, мыс балқыту цехындағы пештер істен шықпас үшін бірнеше ауысыммен кезекшілікке шығатынбыз. Ол кезде шикізат жоқтың қасы. 1997 жылдың ақпанында комбинат «Қазақмыс» корпорациясының қарамағына өтті. Осы сәттен бастап барлық қиындықтарымыз бен ауыр күндеріміз біртіндеп ұмытыла бастады. Бізге дейін Жезқазғандағы алаң түгел корпорация құрамына өткен болатын. Егер «Қазақмыс» тарихына көз жүгіртсеңіз, жайлап қанатын кеңге жая бастаған корпорацияға сәл кейінірек Шығыс Қазақстандағы тау-кен базасы кіреді. Мұндай шешім қабылдаудың себебі, мыс қорыту қуатын бәсеңдетпей, барлық база бір жүйеде болу үшін жасалды. 1997 жылдан кейін Балқаш мыс зауыты қайта бой көтеріп, Жезқазғаннан келген Малышев Владимир Николаевич басқарушылыққа тағайындалды. Өндірістік қуат толық күшіне ене алмаған қиын кез. Құрал-жабдықтар мен құрылғылардың тозығы жеткен ескі болатын. Оларды жаңғырту туралы әңгіме қозғалмайтын. Барлық күш өндірісті сақтап қалуға жұмылдырылды. «Жығылған үстіне жұдырық», әлемдік нарықтағы мыстың бағасы өте төмендеп кетті. Шығынға белшеден батқандықтан барынша үнемдеуге тырыстық.

«ҰСТАЗДАРДАН үЙРЕНГЕНІМ КөП БОЛДЫ»

– Сол қиын кезеңде жұмысшыларға жалақы уақтылы төленіп тұрды ма?

– 1995-1996 жылдары қызметкерлердің еңбекақысы жарты жылдап төленбейтін. Бірақ «Қазақмыс» құрамына енгеннен кейін айлық уақытылы беріле бастады. Әрине, басты мақсат өтпелі де күрделі кезеңнен аман өту болғандықтан, жалақы аздығына аса көңіл бөлмедік. Көп ұзамай Шығыс Қазақстан облысы жақтан шикізат жеткізіліп, шаруамыз оңала бастады. Өндіріс қуаты артқан сайын экономикалық көрсеткішіміздің жақсаратыны белгілі. Осы кезде Қайрақбаев Абылай екеумізді мыс зауытына шақырды. Ол өндірістік бөлімнің бастығы болды, ал мені орынбасарлыққа тағайындады. Жаңа құрылымға негізделген зауыттың өндірістік жұмыстарын ұйымдастырумен айналысып, шұғыл шаруаларды дер кезінде шешіп отырдық. Оның ішінде есептер, нормативтер де бар еді. Бір сөзбен айтқанда, өте ауыр жұмыс. Демалыс күндері дегенді ұмытып, түнгі ауысымда кезекке шығатын күндеріміз көп еді. Бірақ сонда да жұмысымызға қызығатынбыз әрі тәжірибе де жинақтадық.

– Байқасаңыз, өткен күндеріңізді еске ала отырып, негізінен адами қарым-қатынастар, мамандар жайлы көп айттыңыз. Бір кездері сіз мақтан тұтқан мамандар шоғыры әлі де сақталған ба, әлде маман тапшылығы бар ма?

– Бір қарағанда, мамандарға қатысты қиындық жоқ секілді көрінеді. Жоғары білімді адамдар өте көп. Тіпті әрбір мастердің орнын басатын жоғары білімді үш резерв бар. Алайда мамандардың сапасы әлі де шыңдай түсуді қажет етеді. Жоғары білікті мамандарға зәруміз. Мұның себебі, уақыттың талабына сай жағдай өзгеріп отырады. Әрбір талапқа сай жұмыстың сапасын, деңгейін, тетіктері мен тиімділігін ұштап отыру қажет. «Қазақмыс Смэлтингті» құрғанда, үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап заңды тұлға ретінде бөлінді, ұйымдастыру жұмыстарын атқаруда қатты қиналдық. Әртүрлі рұқсат қағаздары, лицензияларды алуда сүрінген жерлеріміз болды. Кейде уақытты да жоғалттық. Бұрын-соңды айналысып көрмеген жаңалық болғандықтан түсінбеген жерлеріміз де кездесті, тәжірибе жетіспеді. Қазір барлық қатынас, әрекетімізді келісімшарттық негізде, яғни заңды түрде түзуге қатты көңіл бөлудеміз. Өйткені дер кезінде атқарылмаған жұмыс ертең алдымыздан қиындық не кедергі болып шығады. Бұл әсіресе есеп-қисабы көп бухгалтерияға байланысты. Бүгінде бірқатар жұмыс жүйелі түрде жолға қойылды. Жұмыс болғасын, кедергілер кездесіп тұрады. Бірақ оларды дер кезінде шешуге тырысамыз. Егер белгілі бір түйткілді шешуге тәжірибем не шамам жетпесе, даулы мәселе туындаса немесе екі маман арасында пікір қайшылығы пайда болса, білікті мамандарды жинап аламын да, кеңес сұраймын. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген бар ғой. Егер бірдеңені білмесем, жасырған емеспін. Мұндайда «ауруын жасырған өледі» деген халық нақылы тағы еске түседі.

– Сіздің мекеме кәсіпкерлік тұрғыдан алғанда ерекше маңызға ие. Келешектегі басты жоспарларыңыз қандай?

– Ең басты жоспарларымыз әрине, өндіріске қатысты. Бәрі біздің тау-кен салалары қалай дамитынына байланысты. Бүгінде бірнеше варианттан тұратын алдағы 20-30 жылға бекіткен стратегиялық жоспарымыз айқын. Егер қысқаша айтсақ, біздің екі мекеме – Балқаш мыс зауыты мен Жезқазған мыс зауыты бойынша өнім өндіру қарқыны әзір қысқармайды. Өйткені шикізат көлемі жеткілікті. Ал әлемдік нарықтағы сұраныс ешқашан төмендемейді. «Қазақмыс Смэлтинг» мекемесінің атқаратын рөліне келсек, алдын ала түзілген келісімге сәйкес, бізге шикізат жеткізіп отырады, ал біздің міндетіміз – шикізатты уақытылы өңдеу. Шикізат пен дайын өнімдердің иесі «Қазақмыс» корпорациясы болғандықтан, шығарған өнімді корпорацияға жібереміз. Мекемемізде тек катодты мыс шығарумен шектелмейміз, ол – біздің негізгі өніміміз, мыс концентратында басқа да көптеген жанама компоненттер бар. Олардың сүзіліп алынғаны дұрыс. Өйткені шикізатты кешенді түрде пайдаланамыз. Бұл өнімнің жалпы құнына игі әсер етеді. Мыспен бірге бағалы металдарды да өндіреміз. Зауытта мыстан кейін ашылған бағалы металдар цехы жұмыс істейді. Негізі мыс өндіру әлдеқайда ерте басталған. Мысалы Жезқазғанда – 41 жыл бұрын, Балқашта – 74 жыл. Балқаш мыс комбинаты 1938 жылдың 24 қарашасында ашылған, келесі жылы біз өндіріс орнының 75 жылдың мерейтойын атап өтеміз. Біз құрамында бағалы металдары бар мыс электролиттік шламдарды өндіретінбіз. Ол кезде «Қазақмыстың» құрамында болмағандықтан, комбинат бағалы металдарды Өскемен мен Шымкенттегі өңдеуші мекемелерге сататын. Өйткені олар тазартылған бағалы металдарды алу үшін шламдарды өңдеу қуатқа ие еді. 1997 жылы Балқаш мыс зауытындағы қымбат металдар өндірісі іске қосылды. Жезқазған мен Балқашта шығарылатын шламдар осы цехта өңделеді. Алтын мен күмістің тазартылған (99,99 пайыз) дайын өнімі нарыққа шығарылады. Қымбат металдарды өндіру кезінде тағы бірнеше жартылай дайын элемент шығарамыз. Қазір олардың дайындық деңгейін көтеруді қарастырудамыз. Сонымен қатар қорғасын тозаңы мен күкірт қышқылын аламыз. Күкірт қышқылы өндірісіне айрықша тоқталсақ, кәсіпорында 10 жылдан астам уақыт бойы зиянды заттар тазартылмаған немесе кәдеге жаратылмаған. Бұл Балқаш қаласы үшін аса күрелі проблема болатын.

Басты мақсатымыз – экологияға көңіл бөлу

– Қоршаған ортаны қорғауда, экологиялық ахуалды жақсартуда қандай шаралар атқарылуда?

– Негізі қорғасын шаңы екі бөліктен тұрады: қатты компонент пен газ тәріздес компонент. 1995 жылы біз ескі күкірт қышқылы өндірісін тоқтаттық та, жаңасын кезең бойына өндіріске енгізуге көштік. Газ өткізілетін құбырларды қайта құрылымдауды іске асырдық. 2003 жылы қорғасын шаңынан тазалайтын құрғақ фильтр учаскесін жүзеге асырдық. 2008 жылы күкірт қышқылы өндірісін қолданысқа енгіздік. Оған қосымша мыс балқыту агрегаттары қайта құрылымдауды қолға алдық. Осы орайда концентраттарды шарпыма пештерде балқытудан бас тарттық. Өйткені ол дәстүрлі күкірт қышқылы өндірісінде зиянды заттарды кәдеге жаратуға келмейді. Бүгінде аталған цех жемісті еңбек етуде. Жүйелі түрде мониторинг жүргіземіз, өндіріс тұрақты жұмыс істеуі үшін қандай жөндеу-жұмыстары іске асырылуы керектігін қадағалап отырамыз. Осының арқасында соңғы 5 жылда ішінде Балқаш көлінің суын бірнеше есеге тазарттық. Егер шамамен айтсақ, көлге жіберілетін зиянды қалдықтар көлемі 6-7 есеге азайды. Бұл бүкіл аймақ үшін өте жақсы көрсеткіш. Келешек жоспарымызға қайта оралсақ, «Қазақмыс Смэлтинг» «Қазақмыс» корпорациясымен бірге өсіп-өркендей береді. Жезқазғандағы күкірт қышқылы өндірісіне байланысты бірнеше өндірістік қуатты арттыру мақсатында кәсіпорынды қайта құрылымдауды жоспарлап отырмыз. Мыс балқыту өндірісі реконструкциялана ма, жоқ па деген мәселе әзірге талқыланып жатыр. Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясы катодты мыстың өзіндік құнынан жоғары деңгейде жұмыс істеуде. Әлемдік нарықта ахуалдың тұрақсыз, келесі жылдың болжамы аса сенімді емес. Сондықтан біз кез келген қиын әрі күрделі жағдайға дайын болуымыз керек.

– Жалпы өнімдеріңіз қай елдерге экспортталады?

– Әңгіме басында мен сізге әупіріммен аман қалған 1997 жыл туралы айтып едім ғой. Сол секілді күтпеген жайттарға лайықты жауап беруге, бизнесімізді экономикалық тұрғыда қорғауға әзір тұруымыз қажет. Осы орайда шығындарды оңтайландыруға қатысты түрлі бағдарлама түзілген. «Ертең дағдарыс болады» деп қол қусырып күтіп отырған жоқпыз, бүгін алдын алуға болатын мәселелерді дер кезінде шешіп, ысырапшылдыққа барынша жол бермеуге тырысудамыз. Техникалық жоспарлау жүйесін қолданысқа енгізуді көздеп отырмыз. «Қазақмыс Смэлтинг» шығарылатын өнімдердің қожайыны емес. Экспорт мәселесімен «Қазақмыс» корпорациясы айналысады. Білетінім, Балқаштан алынатын катодты мыстың 90 пайызға жуығы – Қытайға, 5-10 пайызы Новороссийскіге, Санкт-Петербург, яғни, Еуропаға жөнелтіледі. Жезқазғанда жағдай басқаша, ондағы өнім еуропалық нарыққа бағытталады. Бірақ нақты келісімшарттардан хабарым жоқ, себебі, бұл біздің мекеменің құзырындағы міндет емес.

– Сіз үшін шешімін таба алмай жүрген мәселе бар ма?

– Жоқ, ондай мәселе жоқ. «Қазақмыс Смэлтинг» кәсіпорнында жалпы саны 5600 адам жұмыс істейді. Оның 2100-2200 қызметкері Жезқазған алаңына тиесілі. Мекеме заңды түрде жаңадан құрылғандықтан үнемі өзгерістер кездеседі. Меніңше, оларды проблема деп есептеуге болмайды. Дәл сол кезеңде туындаған мәселе, шешімін тапқан бойда маңызын жоғалтады. Мысалы еңбек қауіпсіздігі, өндіріс немесе қаржылық-экономикалық қызметке байланысты мәселе болуы мүмкін. Кез келген мәселеде өзім ұстанатын және қарамағымдағылардан талап ететін бір нәрсе бар. Ол: нұсқауды кез келген қарапайым азаматқа түсінікті тілмен жеткізу.

– Осындай үлкен кәсіпорынға басшылық етумен қатар жергілікті мәслихатқа депутатсыз. Сізге қиын емес пе?

– Жоқ, қиын емес. Әрі халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын шараларға белсене араласқан қызық қой. Бес жылға сайландым, әлі бір жыл да өткен жоқ. Қалай болатынын көрерміз. Шынымды айтсам, соншалықты қиын деп ойламаған едім. Күні кеше ғана жұмыс тобының 2013 жыл бюджетіне қатысты соңғы отырысы өтті. Тартысқа толы болғанын айтудың қажеті жоқ шығар.

– Сайлаушылар тарапынан жиі қойылатын сұрақ қандай?

– Негізінен тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығына қатысты. Күнделікті тіршілікпен астасқан, шешуі аса қиын емес мәселелр ғой.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары