ҚАРНЫ ЖУАН ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ...
ҚАРНЫ ЖУАН ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ...
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерiн кезектен тыс аттестаттаудан өткiзу туралы» Жарлығын iске асыру мәселелерi жөнiнде құқық қорғау орындары қызметкерлерiн аттестациядан өткiзу туралы арнайы тапсырма берген болатын. Екі кезеңмен жүзеге асқан шара бойынша еліміздің құқық қорғау мекемелері қызметкерлері бағын да, бабын да сынап көрді.
Елімізде аттестаттау басталды дегені сол-ақ еді, өзіне сенімсіздік танытқан талай құқық қорғау мекеме қызметкерлері жылы орнын босатып үлгерді. Тіпті арнайы сынақ тапсыру кезінде қарынды полицейлердің біраз әбігерге түскені рас. Жұрттың алдында күлкіге қалғысы келмеген олардың біразы өз еркімен қызметінен бас тартуға мәжбүр болған. Бұл туралы Алматы қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Әмірхан Аманбаев та қаржы полициясында артық салмақтыларға орын жоқ деп мәлімдесе, Маңғыстау ІІД басшысы Мейірхан Жаманбаев та артық салмақты полицейлерге құқық қорғау органдарынан кетуді ұсынған болатын. Өйткені олардың көбі сынақ кезінде денешынықтыру дайындығы нормативін тапсырудан бас тартқан көрінеді. Ал басшылар артық салмақ жинау қаржы полициясы қызметкерлеріне тән еместігін айтуда.
Бұл сөз бекер емес. Ішкі істер министрлігі де жуан қарынды полицейлерден құтылуды тапсырған. Астана ІІД кадрлық жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Алпысбай Ташмағамбетов: «Ішкі істер министрлігі жанында кеңес болып, ішкі істер органдары басшыларына мынадай міндет жүктелді: өз қызметіне барлық жағынан лайықты болмаған қызметкерлер сөзсіз жұмыстан босатылады. Сондықтан да барлық қызметкерлер өздерінің сырт келбетін де қалыпқа келтіруге тиіс. Былайша айтқанда жинақыланып, қарыннан арылуы қажет. Аттестаттау шарасы кезінде полицейдің сыртқы келбетіне де мән беріледі», – деген-ді.
Құзырлы мекеменің талабынан соң, қарынды полицейлер мен өз ісінің қыр-сырын жетік білмейтіндердің бірқатары аттестацияға жетпей-ақ жұмыстан кетіп жатты. Бұл бәлкім, жақсы да шығар. Кейбір пікірлерге қарағанда, құқық қорғау мекемелері «май шелпек» сияқты. Қоғамда сіңісіп кеткен бұл түсініктен арылу үшін нағыз мамандарға ғана жол ашу керектігі анық сезілуде.
Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаевтың айтуынша, жоғарғы комиссияның тым жоғары талаптар қоятындығынан қаймығып, құқық қорғау органдарының 26 басшысы кезектен тыс аттестаттаудан өтуден бірден бас тартқан. Содан кейін оның ішіндегі Бас прокуратураның – 2, Қаржы полициясы агенттігінің – 8, ІІМ-нің – 1, Кеден қызметінің – 5 бастығы «атқарып отырған лауазымдарынан босату», ал Бас прокуратураның – 2, ІІМ-нің – 7, Қаржы полициясы агенттігінің және ТЖМ-ның (бір-бірден) бастығы «құқық қорғау органдарынан босату» туралы рапорттармен жүгініпті. Мұның сыртында ЖАК тағы 13 қызметкерді «атқаратын лауазымына сәйкес келеді» деп танығанымен, басқа орынға «ротациялауға» ұсыну туралы шешім қабылдаған. Тағы 6 адамды жоғарғы комиссия «лайықты» деп мойындағанымен, «шекті жас мөлшеріне жетуіне байланысты жұмыстан босатуға» ұсынған. «Өткізілген аттестаттаудың нәтижесінде құқық қорғау органдарының жоғары басшылық құрамының үштен бір бөлігі жаңарады!», – деп мәлімдеді Алик Шпекбаев.
10 МЫҢ МАМАН ҚЫЗМЕТІНЕ ЛАЙЫҚСЫЗ ЕКЕН
Парламент алдында құқық қорғау саласындағы қолға алынып жатқан шаруалар жайында есеп берген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов кезектен тыс аттестаттау шарасына да тоқталды. Министрдің пікірінше, бүгінгі күні Ішкі істер органының 10 мың 700 қызметкері қызметіне лайықты емес деп танылған. Оның ішінде 2 мыңға жуық ішкі істер қызметкері аттестаттаудан бас тартып, өз еріктерімен жұмыстан шығып кеткен. «Ал осы салада адасып жүрген 10 мың 700 адамның 3 мың 900-і жұмыстан шығарылса, 2 мың 700 қызметкердің лауазымы төмендетілді», – деді Қалмұханбет Қасымов.
Сондай-ақ ведомство басшысы кадрлармен жұмыста көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алғанын да атап өтті. «Бұл біздің тарапымыздан шешілуге тиісті ең қиын міндеттің бірі шығар. Әлі де кадрлардың жұмыстан кетуі бәсеңдеген жоқ. Мәселен, биыл ішкі істер органдарына 5 мың 800 адам қызметке алынса, есесіне 9 мың 400 адам жұмыстан шықты», – деді ол. Міне, соның салдарынан қазір елімізде учаскелік полиция қызметкерлері тапшылық тудыруда. «Полицияның учаскелік инспекторы – бұл қылмыстың алдын алудағы басты тұлға. Учаскелік полицейлер көп іс атқарады. Олардың қатысуымен жүздеген қылмыстар ашылып, көптеген әкімшілік құқық бұзушылықтарға тосқауылдар қойылады. Дегенмен, осы қызметтің әлеуеті әлі де толық игеріліп жатқан жоқ», – деді министр. Оның айтуына қарағанда, учаскелік полицейлердің сотталушылармен профилактикалық жұмыстарын әлі де тиімді ету қажет. Жайсыз отбасылар туындататын оқыс оиғалардың алдын алуда да олқылықтар баршылық.
«Бүгінгі таңда учаскелік полицейлер қылмыс жасауға бейім 18 мыңнан астам тұлғамен жұмыс істеуде. Бізде учаскелік полиция қызметкерлері жеткіліксіз. Оны қалыпты деңгейге жеткізу үшін елімізде 733 учаскелік полиция, 2830 олардың көмекшілері қажет. Сонымен қатар, қалалар мен елді мекендерде 385 учаскелік пункттер ашылуы керек», – деді министр.
Жасыратыны жоқ, бүгінде Ішкі істер мекемелері қызметкерлерінің де жемқорлықпен қолын былғап жүргендері аз емес. Министрлік жариялаған мәліметке қарағанда, Ішкі істер органының 244 қызметкері жемқорлық фактісімен ұсталған. «Ішкі істер органдарындағы негізгі қызметтің кәсіби ядросы ішінара өзгеріске ұшырады. Криминалды полиция, тергеу және учаскелік полиция арасындағы қызметкерлердің 60 пайыздан астамында 5 жылдан астам еңбек өтілі бар. Әрине, біз бір ғана кәсібиліктің жеткілісіз екенін түсінеміз. Ең бастысы, полиция қатарында адал, шыншыл азаматтардың болғаны керек. Біз осы төңіректегі проблемамен күресіп, өз қатарымызды жемқорлардан тазартудамыз», – деді министр өз баяндамасында. Оның сөзіне қарағанда, тек биылдың өзінде 542 қызметкер жағымсыз сипаттарға орай жұмыстан босаған. «Қызметкерлермен 244 сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалғаны анықталды. Оның ішінде 86 факті пара алуға байланысты орын алып, 29-ы сотты болды. Қоғам тарапынан полицияның қатаң сыналуын әділ сын деп санаймыз. Әр сыннан тиісті қорытынды шығаруға ұмтыламыз», – деді Қ. Қасымов.
Бұл пікірді Парламент депутаты Ергеш Дошаев та растады. Депутат соңғы бес жылдағы Ішкі істер министрлігінің қызметін сараптағанда, қылмыспен күресте полицейлер біліктілігінің төмен екендігін жеткізді. Мәселен, 2007 жылы елімізде тіркелген қылмыстар 128 мыңнан сәл асса, ағымдағы жылдың қарашасында Қазақстанда 237 мың қылмыстық әрекеттер жүзеге асқан екен. «Әділдігі үшін айта кетейік, көрсеткіштердің бұлайша құбылуына ең алдымен Мемлекет басшысының нақты жағдайды жауып-жасырмай, азаматтардың құқық қорғау органдарына жасаған өтініштерін толық тіркеу туралы қатаң тапсырмасы айтарлықтай әсер етті. Дегенмен, осы кезең ішінде тонаудың айтарлықтай өскенін, бұзақылық фактілерінің екі есеге артқанын, бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде пәтер ұрлығы күрт көбейгенін айтпай қалуға еш болмайды», – дейді Ерген Дошаев. Бұдан бөлек депутат ІІМ тергеу органдарының жұмыс сапасын да сынға алды. «Егер 2007 жылы құқыққа қайшы жасалған барлық әрекеттердің 63,64 пайызы ашылса, 2012 жылы қылмыстарды ашу көрсеткіші 45,6 пайызға әрең жеткен. Яғни, бүгінгі таңда барлық қылмыстың жартысынан астамы сол қалпында ашылмай қалып жатыр. Қарақшылар, баукеспе мен ұрылар еркіндікте жүр, ал жасаған қылмысы үшін бұлтартпай жазалау қағидаты тек қағаз жүзінде ғана», – деді депутат.
ЖЕКЕМЕНШІК ТҮРМЕЛЕР
ТУРАЛЫ СӨЗ
Мәжілістегі Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мырза тосын жаңалық жариялады. Ол «Түзеу мекемелерінің басым көпшілігі көнерген, тозығы жеткен және апаттық жағдайда. Қарапайым санитарлық, техникалық талаптарға да жауап бермейді. Өйткені олардың пайдалануға берілгеніне ең берісі 40, ал ең арысы 80 жыл болған. Халықаралық стандарттарға сәйкестілік туралы тіпті сөз қозғаудың өзі артық! Ал колонияларды салу – өте шығынды іс! Сондықтан біз колонияларды «жеке мен мемлекеттің серіктестігі» қағидаты бойынша салуды сынақтан өткізуге кіріспекпіз», – деді министр. Яғни, бұл тәсіл бойынша, осы іске ынта танытқан азамат түрме салады, оған қамалатындарды күзететін құрылымды жасақтайды, ал мемлекет болса, жыл сайын оған сұраған қаржысын төлеп, сотталғандарды орналастырмақ. Бүгіннің өзінде министрлік бұл жоба бойынша жұмыстарды Қарағанды облысының әкімдігімен пысықтап жатқанға ұқсайды. Алайда, жекеменшік түрмелердің қажеттілігі бар ма? Халық қалаулылары осы сауалдың астарына жіті үңілу керектігін баса айтты.
Министр сондай-ақ ішкі әскерлерді басқару жүйесін қайта қарайтындығын да алға тартты. Оның айтуынша, министрлік Ақтөбе, Атырау, Алматы және Жамбыл облыстарындағы лаңкестік әрекеттер және қылмыскерлермен қақтығыстан соң жеке құрамның әскери және қызметтік дайындығы мәселесіне басқаша қарай бастаған. «Біз олардың құқық қорғаушылық жағына күш саламыз. Келесі жылдан бастап ішкі әскердің құрылымын оңтайландырып, оларды басқару жүйесін әскери доктринамен сәйкестендіруді, атап айтсақ, бригадалық құрылымнан аймақтық қолбасшылық жүйесіне көшіруді жоспарлап отырмыз», – деді Қасымов.
ІІМ басшысының мәліметінше, бандитизм, қылмыстық топтар құру және басқару фактілері бойынша 36 қылмыстық іс қозғалып, ұйымдасқан қылмыстық топтардың 50 шақты лидері және 230 мүшесі жазаға тартылған. Олардан есірткі мен қару-жарақтың үлкен көлемі тәркіленді. 6 «заңдастырылған ұрының» қызметіне тосқауыл қойылды, біреуі – сотталды, қалғандары елден аластатылды. «Мұның барлығы өңірлердегі және тұтастай алғанда, елдегі қылмыстық ахуалды біршама сауықтырды», – деді ол.
«Қолданыстағы заң күрделі жағдайларда жұмыс жасайтын полиция қызметкерлерін лайықты деңгейде әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етпейді. Тек биылғы жылы ғана құқық қорғау органының 12 қызметкері қаза тапты, 60 қызметкер жараланды. Осының кесірінен органдардан мамандар көптеп кетуде. Сыбайлас жемқорлық та осыдан. Біз құқық қорғау органдары туралы жаңа заңның жобасында әлеуметтік қорғау мәселелерін қарастырдық. Бұл жоба қазір Үкіметтің қарауында жатыр» деген Қ.Қасымов сол жаңа заң жобасында «ішкі істер органдары қызметкерлерін, жинақтаушы жүйесінсіз, толық мемлекеттік зейнетақылық қамтамасыз етуге көшіруді», «полиция қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етуді», «қызметкерге бір орыннан екіншісіне ауысқанда көтерме жәрдемақылар төлеуді», «отпуск-демалысын өткізетін орнына бару және одан кері қайту ақысын төлеуді», «жылына бір рет санаториялық-курорттық емдеу үшін өтемақысын беруді» ойластырғандарын термелеген. «Өкінішке қарай, заңның бұл тарауын, келісімнен өткізу кезінде, мемлекеттік органдар қолдамай тастады. Ал полицейлер болса, кезектен тыс өткен қайта аттестациялаудан кейін жағдайларының күрт жақсартылуын күтіп отыр», – деді министр.
Нұрділдә ОРАЗ,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің бастығы:
– Құқық қорғау мекемелері қызметкерлерін аттестаттау шарасы аяқталуға жақын. Шараның 99 пайызы орындалды. Бүгінге дейін 73 мыңнан астам қызметкер аттестаттаудан өтсе, 2 мыңға жуық қызметкер сынақтан өтуге құлықсыздық танытып, өз еркімен қызметтен кетті. Олар көбінесе жасы келген, денсаулығы сыр берген азаматтар. Комиссия шешімі бойынша, он мыңнан астам қызметкер өз ісіне лайықты емес екендігі анықталды. 4 мыңға жуығы қызметтен кетуге ұсыныс жасаса, 2700-і өз қызметінен төмендетілді. Шынын айтқанда, аттестаттау шарасы бойынша құрғақ статистиканы ғана алға тартуға болмайды. Бұл Елбасының тапсырмасымен нақты жүзеге асырылған, ұлттық құрылымдарда жүргізілген алғашқы кешенді профилактикалық шара. Бұндағы мақсат – ішкі істер қызметінің кадрлық әлеуетін жоғарылату, сапаны өсіру, сондай-ақ деңгейі, білімі төмен қызметкерлерді қатардан шығару болып табылады. Ертеңгі күні халықтың мұң-мұқтажы үшін кез келген қылмысқа, құқық бұзушылыққа қарама-қарсы қасқайып тұра алатын нағыз қызметкерлерді сұрыптап, іріктеу. Сол арқылы қоғамның тыныштығы үшін сапта тұратын мамандардың әлеуетін көтеру қажет. Мамандар тестілеуден бөлек, медициналық тексерістен, денешынықтыру сынағынан өткізілді. Мұнымен қоса психологиялық тест те жүргізілді. Біз бұл шараны басқа елдердің аттестаттау тәжірибесін ескере отырып, өткіздік. Психологиялық тест – елімізде алғаш рет енгізілді. Себебі, бұл арқылы әрбір қызметкердің өзінің қызметіне сай ма, ой-өрісі дұрыс па, ойлау қабілеті қаншалықты деңгейде, ертең қауіп-қатер төнген кезде өзін қалай ұстай алады деген сұрақтарға жауап алдық. Психологиялық тесттің көмегі арқылы позициямызды түзедік. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының түрлі заңдары бар, соларды білуін тексердік. Кез келген ішкі істер органдарының қызметкерлері күнделікті халықпен байланыста болады, олар да халықтың сауалдарына жауап беруі тиіс. Сондықтан олар заңдарды білмей, өз ісін жетік біледі дей алмаймыз. Осы мәселені нақты назарда ұстадық. Сөз соңында айтарым, біз алдымызға осыншама адамды қалдырып, мұншамасын шығару керек деген статистикалық мақсат қойған жоқпыз. Бәрін үш кезеңмен, бірінші – жоғары аттестаттау комиссиясы, екінші – Орталық аттестаттау комиссиясы, үшінші Аймақтық аттестаттау комиссиясы бойынша өткіздік. Министрлік бұл арқылы жаңа құрамдағы мамандарға мол мүмкіндік беріп отыр.
Эльмира ШАУЛЕНОВА,
Астана қаласы ІІД Баспасөз қызметінің аға инспекторы:
– Аттестацияның негізгі мақсаты – Қазақстан полициясының кадрлық құрамының кәсіби деңгейін арттыру болып табылады. Астана қаласы ІІД кезектен тыс аттестацияның қорытындысын шығарды. Аттестация барысында полиция қызметкерлері заң білімділігін көрсету мақсатында тестілеуден, психологиялық тестілеуден, дене және атыс дайындығынан өз деңгейін көрсетті. Аттестацияның соңғы нүктесі комиссия отырысының мүшелері тапсырылған тестілердің және дене және атыс дайындығының қорытындысына қарап қойылады. Бүгінгі күні Астана қаласы ІІД аймақтық аттестация комиссиясының қорытындысына сәйкес, 115 полиция қызметкері қызметінен босатылса, 124 қызметкер атқарып отырған қызметінен төмендетілді. Елордалық полиция қызметкерлерінің 76,7 пайызы өз лауазымына сәйкес келеді. Қызметкерлердің 4 пайызы жоғары тұрған лауазымдық қызметке ұсынылса, 10 пайызы полиция қатарындағы өзге қызметке ауысуға ұсынылды.
Мұхаран ӘМІРОВ,
Ақтөбе облысының ІІД бастығы полиция полковнигі:
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы он бағыт бойынша міндеттердің алтыншысы – құқық қорғау жүйесіне байланысты айтылған болатын. ҚР Президентінің биыл жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексін, жеке детективтік қызмет туралы заң жобасын дайындауды аяқтау қажет дегені орынды болды деп есептейміз. Себебі, өркениетті елдердің көбінде жеке детективтік қызмет қолданысқа ие. Тағы бір маңызды мәселе – құқық қорғау және арнаулы органдарды сапалы кадрлық жаңарту. Ақтөбе облысының ІІД Кадр жұмысы басқармасы ҚР Президентінің ұстанып отырған саясатын ұдайы қолдап келеді. Жолдаудағы ең басты бағыттардың бірі сыбайлас жемқорлықпен кесімді күрес. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, ұйымдастыру және тәрбие жұмысы, полиция қызметкерлерінің жуынгерлік-дене шынықтыру даярлығы, қызметтік-психологиялық даярлығына бас көңіл бөлініп, тәртіп сақшыларының қызмет бабындағы тәртібі әрдайым қатаң бақылауға алынып отырады.
Елбасының Жолдауындағы айрықша атап өткен құқық қорғау саласындағы кадрларды аттестаттаудан өткізу жұмысы жүргізілді. Екінші кезең шілде мен тамыз аралығында Ақтөбе облысының ІІД жеке құрамының басшылық құрамы Ақтөбе қаласында Орталық аттестациялық комиссияның қабылдауымен өтті. Аттестацияда полицейлердің білім деңгейі мен кәсіби біліктілігі, жауынгерлік-дене шынықтыру, қызметтік-психологиялық, логикалық ой-өрісі, құқықтық дайындықтары мен қызметтік тәртібі басты назарға алынды. Нәтижесінде басшылық құрамның көбі өзінің атқарып отырған лауазымына лайық деп танылса, біраз басшы лауазымынан төмендетілді, кейбірі басқа қызметтерге ауыстырылса, базбіреулері атқарып отырған лауазымына сәйкес келмеуіне орай ішкі істер органынан шығарылды. Бұл лауазымды тұлғалардың ішінде Ақтөбе қаласындағы Желілік ішкі істер басқармасының, Күзет мемлекеттік басқармасының, Әскери-тергеу бөліністері және Қылмыстық-атқару мекемесінің басшылары бар.
Үшінші кезең – тамызда ҚР ІІМ-нің облыстарға жіберген арнайы өкілдерінің қатысуымен Аймақтық аттестациялық комиссиясы құрылды. Бүгінгі күні аттестаттаудың соңғы сатысы әңгімелесуден өткен Ақтөбе облысының ІІД орталық аппаратының қызметкерлері, Ақтөбе қалалық басқармасы, Жол полициясы басқармасы, Көші-қон полициясы басқармалары болды. Аттестаттаудың қорытындысына қарасақ, полицейлердің кәсіби біліктілігі әртүрлі екендігін аңғару қиын емес. Еліміздегі ҚР ІІМ-не қарасты құрылым қызметкерлері мынадай сынақтар тапсырып жатыр. Бірінші – компьютерлік тест сұрақтарынан сынақ тапсырып, «ҚР Конституциясынан», «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» туралы Заңынан, «Құқық қорғау қызметі» туралы Заңынан, «Ішкі істер органдары» туралы Заңынан, Мемлекеттік қызметкерлердің ар-намыс кодексінен сұрақ және логикалық сауалға қызметкердің жауап беруі міндетті. Бұл жерде қатардағы құрам мен кіші басшылық құрам пайыздық межені бағындырса, орта және жоғарғы басшылық құрам қызметкерлері пайыздық көрсеткішке жаңылмай жауап беруі қажет. Әр заңнамалық актілердің көрсетілген арнайы межеден төмен болған жағдайда сынақтан өтпеді деп есептеледі. Оның сыртында тәртіп сақшысының психикалық қасиетін тексеру мақсатындағы сынақтан өтеді. Екінші – дене әлеуеті даярлығынан әр қызметкердің жасына немесе атқарған қызмет түрлеріне қарай кешенді күштік жаттығулар. Содан кейін, метр қашықтықтан жылжымайтын нысананы Макаров тапаншасымен көздеу. Егер дайындық жаттығуында атылған патронның нәтижесі тиісті ұпайға сай келсе, қалған сынақ тапсырмасынан бас тартуға болады. Үшінші – аттестация комиссиясы мүшелерімен әңгімелесіп, тағы да зерделенеді. Төртінші – нақты шешім шығарылады.
Елбасының Жолдауында айтылған құқық қорғау саласындағы қызметкерлерді аттестаттаудан өткізу мәселесі бүгінгі күннің қажеттілігі деп санаймын. Осы сынақтардың арқасында ары таза, білімді, білікті, мәдениетті, айбынды, қуатты әмбебап қызметкерлер сұрыпталып, таңдаулылары қаларына сенімдімін.
Махмудин ШОХАТАЕВ,
Қызылорда облысының ішкі істер департаменті бастығының орынбасары:
– Қазақстан Республикасы Президентінің «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде, Мемлекет басшысы 2012 жылғы 8 сәуірде «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Біздің елімізде бақылаудың көп деңгейлі жүйесін оның барлық кезеңінде көздейтін көлемді іс-шара алғаш рет өткізілуде.
Кезектен тыс аттестаттаудың мақсаты бизнес пен қоғамның қолдауына жауап беретін қазіргі заманғы құқық қорғау жүйесін құруға арналған кадрлық әлеуетті қалыптастыру болып табылады. Міндеттері – құзыретті емес, өздерінің беделін түсірген лауазымды тұлғалардан тазарта отырып, сонымен бірге адал және кәсіби қызметкерлерді іріктеудің тиімді тетіктерін құру, құқық қорғау органдарының кадр саясатын сапалы түрде өзгерту және оған халықтың сенімін арттыру. Осы жұмысты өткізу үшін Жоғары аттестаттау комиссиясы, орталық және өңірлік аттестаттау комиссиялары құрылды.
Президенттің Жарлығына сәйкес, барлық құқық қорғау органдарының жеке құрамынан 110 мыңға жуық адам аттестаттаудан өтті, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясы туралы Ереже бекітілді, олар 449 адамды аттестаттаудан өткізді. Аттестаттауды өткізу ережесіне сәйкес, елімізде құрамында 500-ден астам адам бар 90-нан аса аттестаттау комиссиялары құрылды. Барлық комиссия құрамына Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, жұртшылықтың, партиялардың, ардагерлер ұйымдары мен БАҚ өкілдері кіреді. Аттестаттаудан өткен тұлғалар туралы жұртшылық пікірін ескеру үшін Президенттің ресми сайтында арнайы айдар ашылды. Кезектен тыс аттестаттау туралы барлық жұмыстар үш кезең бойынша жүргізілді.
Елбасының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне кезектен тыс аттестаттауды өткізу біздің облыста да өз дәрежесінде жүруде. Атап айтар болсақ, регионалдық облыстық ішкі істер департаментінің және қала, аудан ІІБ бойынша 2085 қызметкер аттестаттаудан өтуге жатады, оның 1921-і кезектен тыс аттестаттаудан өтті. Нәтижесінде, 1 тармақ бойынша 13 қызметкер лауазымына толық сай, кадрлық резервке алынып жоғарғы лауазымға ұсынылса, 2 тармақ бойынша – 1541 қызметкер лауазымына толық сай деп табылды. Ал 3 тармақ бойынша, 81 қызметкер лауазымына толық сай еместігіне байланысты төменгі лауазымға ұсынылса, 4 тармақ бойынша – 145 қызметкер лауазымына толық сай болмағандықтан басқа қызмет саласына төмендетілді. Сол сияқты 5 тармақ бойынша, 114 қызметкер атқарып отырған лауазымына сай еместігі анықталып, құқық қорғау органдары қызметі қатарынан аластатылды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ