ЕҢІРЕГЕН ЕР ДЕСЕК ТЕ...

ЕҢІРЕГЕН ЕР ДЕСЕК ТЕ...

ЕҢІРЕГЕН ЕР ДЕСЕК ТЕ...
ашық дереккөзі
241

Батыс фильмдерінің астарында саясат бар

«Отандық мәдени өнімдер үлесінің жеткіліксіз» екенін Президент Халыққа жолдауында атап көрсетті. Рухани ортаны қалыптастырудың негізгі факторы – мәдениет. Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұжымына бірқатар міндеттер жүктеген, соның бірі — елімізде отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін фильмдер түсіруге қатысты. Бүгінде шетелдік «астарлы» киноларды ысырып, отандық өнімдерді шығару бірінші міндет.

Осыдан жарты ғасыр бұрын қоғам қайраткері, ақын-жазушы, еңбек және соғыс ардагерлері бала арманының қаһарманы еді… Бірақ бүгінгі арман басқаша. Блокбас­тер кейіпкерлерінің неғұрлым қарулысы, неғұрлым мықтысы – бүлдіршіннің арманы. Голливудтық кинокартиналардың бүкіл әлемді жаулап алғаны құпия емес. Шым-шытырық сюжетті фильмдерінің кассасы да қыруар қаражат. Халықты өзіне тартатын бұл фильмдерде не сыр бар, кімнің сыры бар?

Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын жаны сірі батырлардың қорғансыздың қамқоршысына айналып, әлсізге қол ұшын созып, әлдіні аяққа таптағанын тамашалау қарапайым халық үшін қызықтырақ. Өйткені халық қиял-ғажайып батырлардың ерлігіне әу бастан-ақ құштар. Оған аңыз-әңгімелердің батырлары көрінеу дәлел. Олардың шынайы өмірде болмайтынын біле тұра, неге сонша қызығамыз? Американдық толағай батырлардың ерлігіне тамсанып, соған имандай сеніп, әулиесіндей сиынады. «Халық қаһарманына» айналған баһадүрлер туралы кинокартинамен Америка не айтқысы келеді? Қандай қасиетті үгіттейді?

ГЕРАКЛДЫҢ ҰРПАҒЫ МА?

Бүгінде әрбір үйде компьютер, оған жалғанған ғаламтор желісі бар. Әлбетте, ол үйдің баласы компьютерлік ойындардан бас алмай ойнайды, дисктерін жинап, ауладағы балалармен супербатыр болып ойнайды. Иә, олар – Супермен, Бэтмен, Халк, Темір адам, Өрмекші адам, Кекшілдер, Х адамдар, тағысын тағы. Бұл аталған кейіпкерлердің барлығының бойында адам сенбес күш-қуат бар, сиқыр мен өзгеше ілімге ие. Олар қайдан пайда болды десек, түп-тамыры антик мифологиясына тіреледі. Грек аңыздарынан бас­тау алатын қаһармандардың ерліктерін американдық режиссерлар тиімді пайдаланып келеді. Геракл, Персей, Тесей сынды жартылай Құдай, жартылай адам бейнесіндегі батырлар қара халықты қанаушы таптың езгісінен, қорқынышты дүлейлерден қорғап, өз ерліктеріне тәнті еткен. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл тағы да аңызға жүктелген әдебиеттің бір үзінділері. Болмаса жергілікті ақын-жыраудың бір батырды мадақтаудағы асыра қолданған теңеу мен суреттеулері болуы да мүмкін. Еуропада пайда болған «супербатырлардың» фольклорға да көптеп енгені мәлім. Мәселен, Робин Гуд, Гладиатор, Тарзан, Зорро сынды кейіпкерлер біздің құрлықта да зор сұранысқа ие болды. Ал америкалық батырлардың шын өмірде болмайтынын көзі ашық, көкірегі ояу халық неге еске алмайды? Алғаш америкалық заманауи батырлар 1938 жылы комикс журналдарының бетінде дүниеге келді. Кейіннен жұмысшы таптың жаппай оқитын журналына айналған комикстарда найзасын жалтыратқан, бірінен бірі асатын қаһарман да көптеп салына бастады. Олардың ерліктері дүйім жұртқа кеңінен паш етілді. Бұл тұста өзге планеталықтардың жаппай жаулап алуы туралы ақпарат бүкіл әлемді дүр сілкіндірген еді, бұл мәліметтер ешбір құпиясыз, ашық жариялана бастаған тұс еді. Осындай сәтте жер шарын жатпланеталық жауыздардан қорғап қалатын «халық қаһармандары» туралы комикстар миллиондаған таралымға ие болды. Міне, содан бері көгілдір экран бетіндегі Супермен сынды кейіпкерлер туралы фильм­дер маңыздылығын жоғалтқан емес. Бірақ оның астары мен тәлім-тәрбиесі жас буынға қалай әсер етуде?

САЯСИ БИЛІКТІҢ БІР КӨРІНІСІ

Әсілі, «супербатырларға» ешкім қарсы емес. Американдық Бэтмен, Өрмекші адам, Темір адамдар көптеп бола берсін. «Халық қаһармандары» пайда болғалы бері сыншылар да әрдайым өз пікірін білдіріп отырған. Мәселен, күнәсіз халықтың сүйікті ұлдары біздің санамызға не салып жатыр дейді марксистік сыншы М.Вольф-Мейер. Ал Джеймс Диттмер «Тирания сериалы» атты еңбегінде «супербатырлар» билеуші тапқа жатады және әлемнің жаңалануы мен өзгеруіне кері әсерлерін тигізіп отыр дейді. Осыдан нәтиже шығарар болсақ, «супербатырлар» өз мінез-құлқының аумалылығына қарамастан, билеуші таптың өкіліне айналған, өзгені елемейтін, өзгенің пікірімен санаспайтын бірбеткей адамдар. Жалпы, барлық фильмдердің сюжеттері сананы улайтыны құпия емес. Дегенмен «супер» батыр идеясының саяси астары да бар. Халықтың көзайымына айналған батыр ешкімді тыңдамайды, өз білгені бойынша әрекет етеді, өз мүддесін қорғауда өзгенің баласы мен отбасына аяушылық танытпайды. Бір адамды құтқару үшін бүтін бір елді мекенді қырып-жойып кетеді («Рэмбо»). Қажет болса, өртеп, жер бетінен жоқ қылады, қанішер атанса да осы қылығы үшін марапатталады. Осы мүдде АҚШ-тың сыртқы саясатынан бір көрініс беретін секілді. Жапа шеккенін желеу етіп, әлсіз мемлекеттерге соқтығып, өз саясатын жүргізіп отыр. Міне, осындай эгоистік көзқарасты қолдайтын «супербатырлар» туралы хикаялар сананы азғындатады. Сондай-ақ рухани ашығу мен жұтаңдықты да байқауға болады. Мәдениеті мен әдебиеті, жоғарғы технология мен инфрақұрылымы дамыған мемлекетте қиял-ғажайып құбылысқа арбалып, оны туына айналдыру рухани ашығудың өзекті көрінісі.

Иә, «Капитан Америка» деп айбындалған батырдың ұстанған бағыты мен бағдары Ақ үйдің бар салтанаты мен қауқарын паш еткендей. Аталмыш фильмді көрген қауым да мұны байқаған болар, кез келген мемлекеттің территориясына баса көктеп кіріп, әділдік орнату саясаты ашық баяндалған.

Мультипликациялық бейнеден бастау алатын кейіпкерлер АҚШ-тан тыс елдерде де жасала бастады. Жасалды деп отырғанымыз адам қиялынан туындап, мультипликаторлардың технологиясымен дүниеге келеді. Бұл құдіретті кейіпкерлер америкалық үлгіден көшіріліп, Жапония, Мысыр, Канада да дүниеге келе бастады. Жапония – «супербатырларды» шығару жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орынға ие. Мұнда аниме мен мангидің басты бейнелері Сейлормун, Супер Сентай, Рейнджерлер есімді қаһармандар халықтың мұң-зарын бөлісті. Голливудтың қаһармандары жыл өткен сайын жаңарып, компьютерлік графиканың қуатын пайдалана бастаса, жапондық қаһармандар жылдан-жылға жаңа батырды шығарып, ескісін жойып отырды. Заманына сай батырлардың дүниеге келуі, ал бұрынғының ғайып болуы адамды еріксіз ойға салады екен. Себебі, АҚШ-тың бұрынғы кейіпкерлерді әлі де алып жүруі, бояуы қанық мінсіз бейнесін ұсынуы ұстаған бағытының қазықтай қаттылығында емес пе?

Иә, саяси астары аяусыз деп айдарланған «супербатырлар» қазақ даласында да болған. Халықтың сілекейі ағып тыңдайтын аңыз-әфсаналарына негіз болған. Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын батырлардың жауға жалғыз шауып, найзасын бір сілтегенде жүз қалмақты жығып тастауы мүмкін бе? Болмаса, Толағай бала шыңдары көкпен таласқан асқар тауды арқалап әкелуі мүмкін бе? Бұл халық ауыз әдебиетінің әдемі қиыстырылған көркемдеу тәсілдері: теңеулер мен гиперболалар деп қараймыз. Олардың өмірде болған-болмағаны белгісіз ғой. Қазақ батырларын қаһарманға айналдырып, қазақ киносының кейіпкеріне айналдыру қажетті нәрсе. Себебі мемлекет өз батырлары, жаңа шыққан қаруларымен әлем жұртына айбынын көрсетіп, ызғарын шаша алады.

Сонымен, астарлы саясаттың басқарушы өкілі – «супер батырлар» қазіргі заманның қаһарманы болып тұр. Жас буынның бұл менмендік саясатты санасына елеусіз, еріксіз құйып отырғаны жаныңды жейді-ақ. Бірақ халыққа еңбегі сіңген, ұлт болып түзілуде ерінбей еңбек еткен қайраткерлерді экранға алып шығу бұл өкінішті жағдайды түзетер еді… Халық қаһарманы деген ұғымды өзгерте алар еді…

«Елімізде жаңа драмалық шығармалар жыл сайын жазылып жатады. Ал жаңа опералық, жаңа балет шығармалары 10 жылда немесе 5-6 жылда бір рет жазылатын кездері болады. Осы тұрғыдан келгенде АҚШ-та тұрып жатқан Алмас Серкебаевтың «Астана» мюзиклі, Канадада тұрып жатқан Бәділ Бестібаевтың «Бәйтерек» балеті де, Дулат Исабековтің «Жаужүрек» пьесасы да дәл осы конкурстың арқасында дүниеге келген туындылар. Сондықтан бұл байқау алдағы уақытта да ұлттық мәдениетке қызмет етуі керек», – деді Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед.

Соңғы жылдары қазақ кино өнері де, жаңа туындылармен толықты. Өткен жылы 25 қазақ киносы прокатқа шықса, биыл 37 фильм көрерменге тарту етілді. Елбасының тапсырмасымен елорда – Астанада 1000 орындық Ұлттық опера және балет театрын тәуелсіздік күніне орай іске қосу көзделіп отыр. Олай болса, театр репертуарын жаңғырту қажет. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жыл сайын өндірісте түрлі жанрлар мен форматтағы 100-ден аса картиналар бар. Ұлттық кино прокаттағы отандық фильм­дер өсіп келе жатыр. Бүгінде еліміздегі кинотеатрлардағы қазақстандық кино 6 пайызды құрайды немесе жылына 20-дан астам отандық фильм көрсетіледі. Соңғы жылдары жасалған жобалар жалғасын тауып, ұлттық анимациялық жобаларды қолға алатын мезгіл жетті.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары