СУДЫҢ БАСЫНДАҒЫЛАР – ҚОЖА, АЯҒЫНДАҒЫЛАР КІМ?

Орта Азия елдерін осы сұрақ мазалайды

Қуарған өңірлердің қуаң тіршілігі жұртқа беймәлім. Сусыз да тіршілігін жалғастыра беретін сияқты. Бірақ кезінде көрікті мекен атанып, бүгінде көркінен айрылған жерлердің сәнін кетірген – құрғақшылық. Бұл ұғым елімізге таңсық емес. Тіпті көршілес елдердің де мазасын қашырып жүрген жаңа ғасырдың жаңа қиындықтарының бірі. Су тапшылығы Орта Азия жұртшылығын алаң күйге салғанына бірталай уақыт болды.

ҚЫТАЙДЫҢ ӨЗІМШІЛДІГІ ӨРЛЕП ТҰР

Орта Азиядағы өзендерді өзара бөліске салу – бес саусақтың бірін кескенмен тең. Қазақстан мен Өзбекстанға ағып келетін біраз өзеннің бастауы Қырғызстанда. Дәл осы жағдай Түркіменстан мен Тәжікстанды алауыз қылып отыр. Егер де өзеннің бастауындағы елдер суды өз еркімен өзі ғана пайдаланғысы келсе, еңістегі елдердің төбесінен ұрды деген сол. Бұл орайда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Трансшекаралық өзендер мен ауызсу өте маңызды. Қазір әлемде ауызсу проблемасы энергетикалық ресурстар мәселесімен бір қатарға қойыл­ған. Қазақстанда жер бетіндегі және жерасты су ресурсы қысқаруда. Сондықтан ауызсуды орынды пайдалану, өзімізде бар байлыққа ұқыпты қарау маңызды экономикалық және саяси міндетке айналды. Оның үстіне, Қазақстан­ның су ресурстарының 40 пайызы біздің елі­мізге шеттен келеді. Бұл мәселе, әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде қатты сезіледі. Сонымен қатар ҚХР-мен және Ресеймен шекараға шектес аймақта су мәселесі өте маңызды. Бұл мәселе өте маңызды, бізге олардан айрылуға болмайды. Қазір Үкімет осының бәрін аяғына дейін жеткізген жоқ», – деді .

Ортақ өзендерді еншілей алмай отырған Орта Азия ғана емес. Шығысымызды шекаралаған Қытайдың да өзімшілдігін көршілес мемлекеттер көріп келеді. Үнді-Қытай түбегін жайлаған Мьянма, Лаос, Тайланд, Камбоджа және Въетнам елдері өзеннің төменгі ағысында орналасқан. Ал бұл елдерді асып, мұхитқа құятын өзендердің бастау бұлақтары Қытай асуларында. Тибет шыңдарынан бастау алатын өзендердің суын мүмкіндігінше молынан пайдалануға тырысқан Қытай тіпті ауызсуға да жарытпай қойғалы қашан. Мәселен Меконг өзенінде қатарынан қос ГЭС жұмыс істеп тұрса, биыл үшінші ГЭС-тің жобасын қарастыруда. Ауыл шаруашылығының ауқымын кеңейту үшін судың иесі өзгелердің қамын ойлап отырған жоқ, тіпті өзара қақтығыстарды да назарына ілер емес. Судың иесі деп айту да қиын, трансшекаралық өзендерді пайдалану құқығы теңдей бөлінген. Міне, тура осындай ауыр күй Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үштігінің бүгінгі жағдайын еске түсіреді. Дәл осы Қытайдан Іле өзені де бас­тау алады. Іле алқабында егістік жерлер мен ірі су қоймасы бар. Алайда соңғы жылдары бұл молшылық та қысқарып қалды. ҚР Үкіметі қалай айтса да, бұл мәселеге елең етер емес. Арнасы азайған Іле Балқаш көлінің де тартылуына себеп болып отыр. Осындай ортақ суларды теңдей бөлу мәселесі өзекті күйге қалып отыр. Бұл туралы Елбасы: «Су – ол стратегиялық ресурс және ол елдің ор­нықты дамуы үшін өте маңызды. Әске­ри-экономикалық, әскери-техникалық ын­тымақтастық – ол мемлекеттің негізгі қам­қорлығы. Қауіпсіздік мәселесі біздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиямыздың негізгі міндеті болып табылады. Мемлекет мүмкіншілігіне қарай ақша бөлуде және аз ақша бөліп отырған жоқ. Қазірше шекара маңындағы қауіпсіздікке қатер төніп тұр. Бұл мәселе әлі алғашқы сатысында қалып қойған. Бұл – ел қауіпсіздігінің маңызды мәсе­лесіне айналды», – дейді.

РОГУН СУ ҚОЙМАСЫ КІМДІКІ? ҚАМБАРАТА ГЭС-і ШЕ?

Бауырлас елдердің Үкімет басшылары мен өкілдері кездескенде су мәселесін жиі-жиі еске салып жүрді. Бірақ ақырын айтқанға бұл мәселе реттеле кеткен жоқ. Керісінше, үсті-үстіне жинала берді, күрмеуі күрделене берді. Тіпті қыркүйектегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың Астанадағы кездесуі барысында да ашық ескертумен айтылған мәселелердің бірі болды. Екі ел көшбасшыларының ашына айтқан, сәлем жолдай айтқан талқысы келіссөз жүргізуді талап етеді. Мұнда Елбасы: «Бұл келіссөздердің маңызды бір бөлігі Орта Азия аймағындағы су-энергетикалық ресурс­тарды бірлесіп пайдалану төңірегінде болды. Бұл мәселе барлық елдер үшін маңызды. Бұл мәселені әлі де бірлесіп шешеміз деп сенемін», – деген-ді.

Турасын айтсақ, трансшекаралық өзен тағдыры Орта Азия мемлекеттері өзара шеше алатын дау-дамай ғана. Алайда Қырғызстанда жобасы қолға алынған Қамбарата-1 электр стансасы, ал Тәжікстандағы «Рогун» бөгеті әлемнің назарын Азияның жүрегіне аудартып отыр. Еуроодақтың Ішкі саясат басқармасының жетекшісі Кэтрин Эштон «Орта Азиядағы су бөлісу проблемасын шешуге белсене көмектесеміз» деп сәлем жолдапты. Себебі Еуропаға тасымалданатын мұнай мен газдың негізгі көздері осы аймақта деп бүркемеленіпті. Осы орайда Ислам Каримов та жоғарыда аталған ГЭС-терді қуана-қуана қаржыландырып отырған Әлемдік банктің қитұрқылығына наразылығын білдірді. «Сон­дықтан трансшекаралық өзендерді пай­даланған кезде көрші елдердің келісі­мін ескеру қажет. Бұл – біздің нұсқауымыз емес, ол әлемдік қауымдастықтың шеші­мі. Осы орайда Сырдария мен Әмудария, әсі­ресе Сырдария өзені бойында ғасыр­лар бойы өмір сүріп жатқан миллиондаған қазақ пен өзбек халықтарын ұмытпау қа­жет. Сондықтан осы жағдайды ескермей, қандай да бір жоспарлар жасалып жатқан кезде біз тыныш жата алмаймыз», – дейді Ислам Каримов. Әлемнің назары Тәжікстан мен Қырғызстанда да, ал сусыз, дәлірек айтсақ ауыз сусыз қалайын деп отырған Қазақстан мен Өзбекстан, Түркіменстанның жағдайы ешкімді толғандырмаса керек. Сейсмикалық тұрғыдан алғанда соңғы жүз жылда Қамбарата орналасқан аймақта қуаты 9-10 балға жеткен үш жер сілкінісі тіркелгені жөнінде мәлімет бар. Бұл зілзала қайталана қалса, бөгет арнасынан асып, төмендегі «Тоқтағұл» тоғанындағы 19 миллиард текше метр суды қоса ағызса, жолындағының бәрін жайпайтыны сөзсіз. Ал табиғи апаттың алдын алу кімнің қолынан келеді? Әгәрәки, су бөгеті салынса, Қазақстан мен Өзбекстанның аграрлық секторына үлкен соққы болып тиер еді. Себебі еліміздің оңтүстігіндегі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облысында шаруашылықты қысқартуға тура келеді. Ал мақта шикізаты мен өнімдерін экспортқа шығарып отырған Өзбекстанның аграрлық секторы ақсап қалуы мүмкін. Себебі ылғалдың жетіспеушілігін аңғарған сарапшылар бүгіннен бастап-ақ Өзбекстан мақтасының экспорттық әлеуеті төмендейді деп дабыл қағуда. Сондықтан ортақ өзендердің игілігін ортақ көру үшін еңістегі елдер ерте қимылдауда.

Қамбарата-1 су қоймасының биіктігі 275 метр. Осыдан біраз жыл бұрын Қырғызстанға сапары барысында Ресей президенті Владимир Путин ГЭС құрылысын қолдайтынын атап кетті. Ресейдің миллиардтаған қаржы салатынын да жасырмады. «Бұл жобаға Қазақстан мен Өзбекстанның серіктес ретінде қатысқанын қалаймыз. Қырғызстан үкіметі де мұны құптайтынын айтып отыр. Гидроэлектроэнергетика саласындағы өндірістің болашағын бірге басқарамыз», – деп басу айтқандай болды. Бұдан кейін де Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей бас қосып, су ресурстары да талқыланды.

Бұл қойманың құрылысы ертеректе бас­талды. Кеңес одағының республикалары қарқынмен қолға алып, қойманың 40 метрін тұрғызып үлгерді. 1976 жылы қуаты 3600 МВт жоба Вахш өзенінде басталды. Бұл бас-тама кеңестік басылымдарда «ғасыр жобасы» деп айдарланып, үлкен қуанышпен насихатталды. Мемлекеттік тапсырысты орындауға үш жүзден астам кәсіпорын кірісті. Алайда ортаазиялық ғажайып жоба 1993 жылы Кеңес үкіметімен бірге тынысын тоқтатты. Араға он жыл салып Тәжікстан үкіметі жергілікті және инвесторлардың көмегімен ГЭС-тің қабырғасын қайта қаламақшы болды. Алайда бұл жүйеде де ортақ мәмілеге келе алмады. Биіктігі 335 метр деп жоспарланған гидростанса құрылысы аяқталса, дүние жүзіндегі ең биік станса болмақшы. Бұл жобаның қаншалықты қауіпті екенін сарапшылар мен экологтар жариялап айтып жүр, мысал ретінде Саяно-Шушенск ГЭС-індегі апатты жағдайды да еске салды. Бірақ ешкім қаперіне алар емес «Алматы гидрогеология» АҚ бас директоры, Сейсенбек Мұстафаев:

– Ауызсу тапшылығы этникалық, тiптен халықаралық қақтығыстарға түрткi болуы ықтимал. Бұған мысал ретiнде Қазақстанды атауға болады, ауызсу саясаты еларалық қақтығыстарды өршiтудiң аз-ақ алдында тұр. Елiмiзге көршiлес Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тiптi Ресеймен де жағдай суға бола қиындап барады. Мәселен, ұлан-байтақ территориядағы суы мол күретамыр Iле, Ертiс, Шу, Талас, Сырдария, Орал өзендерi бастауын жоғарыда аталған елдердiң асуларынан алады. Бiздегi ірі өзендердің барлығы дерлік транзиттiк болып табылады. Ол баршаға белгiлi. Жерүстi сулары ресурсының көпжылдық орташа мөлшерi жылына 100,5 шақырым текше, ал транзиттiк ағын мөлшерi жылына 43,93 шақырым текшенi құрайды. Осылайша жерүстi су ресурстарының негiзгi бассейнi транзиттiк өзендердiң еншiсiнде. Ал олардың арнасындағы суды қысқартса, су мөлшерінен тапшылық көреміз. Жерасты сулары тек ауыз суға пайдалануға жетеді, ал егін суарып, жайылымға жіберуге көлемі аз.

АУЫЗСУ, СУ…

Қазақстанда 7 ірі, суы мол өзен бар. Барлығы 8816 шаршы метрді құрайтын 13 су қоймасы бар. Бірақ территориясы жағынан бірінші ондыққа кіретін кең байтақ өлкеде су тапшылығы байқалады. Жайылымдық және суармалы жерлерді суару мәселесі жылдан-жылға асқынып келеді. Бұл су жетіспеушілігі Жамбыл облысының аграрлық секторы мен ауызсуына өз әсерін тигізбей қоймады. Мәселен 2012 жылы Жамбыл облысының аграрлық секторына қырғыздар былтырғыдан аз су бөлген. Сондай-ақ судың азайып қалғандығы биыл барлық 108 қоймада байқалған.

Қызылорда облысында да осы жағдай жиі орын алып жүр. ҚР Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ақ маржанды өлкеге барып қайтты. Бұл сапарда облыстың мақтанышына айналған дақылдың бабы мен алқаптары, суарылу мәселесіне терең көңіл бөлінді. Бәрімізге белгілі, күріш суды сүйетін өсімдік. Сондықтан судың жетіспеушілігі күріш егістігіне кеселін тигізіп отыр. Үкіметтен бөлінетін субсидиялардың құны Қазақстан бойынша 15,8 мың теңге болса, аталмыш облысқа 18 мың теңге бөлінеді. Яғни суармалы жерлердің жағдайы жылдан жылға нашарлап барады деген сөз. Жергілікті шаруашылық қожалықтары өз бетінше суарып келеді, бірақ жыл өткен сайын тоғандарды өз бетінше салу қолдан келмейді. Ал ауызсудың проблемасы ғасырлық дертпен теңеліп келеді. Сондықтан Үкімет нақты іс-шараларға көшуге шақырды. 5 қарашада Алматыда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетовтің қатысуымен «Суға тарифтерді қалыптастыру тетіктерін жетілдіру» жөнінде кеңес өтті. «Қазіргі уақытта 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған 26 ірі су арнасын шекті тарифтермен жұмыс істеуге көшіру бойынша сызба әзірленді. Мәселен, 2013 жылы оған – 12, 2014 жылы – алты, 2015 жылы – үш су арнасы көшетін болады», – деп мәлім етті ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов. Қазіргі уақытта бұл саланы жаңғырту, инвестицияларды тарту, инвесторлар үшін болжауға болатын климатты қалыптастыру қадамдары ойластырылуда.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Back to top button