«А» КОРПУСЫН ҚҰРУ — ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ

Мемлекеттік қызмет реформасы:

Өткен аптада Парламент Мәжілісінің депутаттары «Мемлекеттік қызмет жөніндегі ҚР кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу» туралы Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.13 қарашада Заң жобасы Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде талқыланды. Заң жобасы бойынша бүгінге дейін 10 жұмыс тобы мәжілісі өткізіліп, 135 ұсыныстар мен түзетулер келіп түскен. Негізінен қатардағы мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауды күшейтуге баса назар аударылады.

«Мемлекеттік қызмет этикасы жайында арнайы бап енгізілу көзделуде, бұған орай, мемлекеттік қызметкер азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытып, маман таңдауда туысқандық, жерлестік және жеке таныстыққа жол бермеуі тиіс», – деді бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет жөніндегі Агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменов.

Ә.Бәйменов Елбасының саяси жігері­нің арқасында Қазақстан мемлекеттік қызмет реформасы саласында аймақтық көшбасшы болып табылатындығын айтты. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, заң жобасы қабылданғаннан соң мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі заманауи үдерістерді ескеріп, озық халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін болады. Заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік қызметті өткеруді реттейтін бірқатар актілерге тиісті өзгерістер енгізіледі.

Осыған байланысты ағымдағы жылдың 1 қарашасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов баспасөз мәслихатын өткізіп, заң жобасындағы жаңалықтармен журналистерді таныстырған болатын.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2011 жылы шілде айында бекіткен мемлекеттік қызметтің жаңа моделі Тұжырымдамасын жүзеге асыру және нақты тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді. Агенттік төрағасы бұл заңның қабылдануы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерге сәйкестігін атап өтті. Себебі меритократия қағидаттарын күшейту әлеуметтік модернизацияның құралдарының бірі болып табылады. Меритократия – әркім өз еңбегіне лайықты жалақы алып, өз ісінің талпыныстарына, қабілетіне сай қызметтік өсуі. Осы қағидат Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның негізгі басымдығының бірі.

Заң жобасының негізгі басымдықтары:

– кадрларды іріктеу мен жоғарылату кезінде меритократия қағидатын күшейту;

– «А» басқарушылық корпусын құру,

– персоналды басқару институттары мен механизмдерін жетілдіру;

– кадр қызметінің рөлін арттыру;

– тәртіптік және этикалық бақылауды күшейту.

Бұл мақсатта заң жобасына:

– конкурстық іріктеуге байланыссыз, іріктеудің дербес кезеңі ретінде тестілеуден өткізу қарастырылған. Бұл мемлекеттік органдардың конкурстық рәсімдерін өткізу уақытын неғұрлым қысқартуға мүмкіндік береді (50-60 күннен 15-20 күнге);

– заңсыз кадрлық шешімдер үшін жауапкершілікті күшейту;

– мемлекеттік қызметшілер жұмыстарының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу;

– тәлімгерлік, тағылымдама, ротация және мансаптық жоспарлау институттарын енгізу;

– персоналды басқару қызметтерінің функцияларын, өкілеттіктерін және жауапкершіліктерін нақтылау;

– «е-қызмет» мемлекеттік қызмет персоналын басқару ақпараттық жүйесін құру;

– аудан, қала және облыстың персоналды басқару біртұтас қызметін және біртұтас конкурстық, аттестациялық және тәртіптік комиссияларын құру мүмкіндігін көздейтін нормалар енгізілген; Заң жобасымен «командалық көшулерді» неғұрлым азайту және мемлекеттік органдардың басшылары ауысқан жағдайда әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің қорғалуын күшейту мақсатында мемлекеттік органдар арасындағы ауысым тәртібімен тағайындаулар Елбасы белгілеген жағдайларда ғана жүзеге асырылатындығы қарастырылған. Осы мақсатта конкурстық комиссиялар тек осы мемлекеттік орган пайдаланатын кадр резервін жасақтайтыны белгіленген.

Заң жобасында «А» басқарушы корпусын:

– Қазақстан Республикасы Президенті айқындайтын кадр резервіне іріктеудің және конкурстық іріктеудің ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды жасақтау қарастырылған.

– Заң қабылданғаннан кейін кадр саясаты бойынша Ұлттық комиссия және өңірлік кадрлық комиссиялар құрылуы жоспарлануда. Олар «А» корпусының кадр резервін қалыптастырады. Осылайша, «А» корпусы лауазымдарына іріктеу және жоғарылату транспаренттік негізде жүзеге асырылатын болады.

Алғаш рет Заңда мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс Кодексін және жемқорлыққа қарсы нормаларды қосатын қызметтік этикасы жөнінде бөлек тарау енгізілген.

Заң жобасы бойынша заңсыз кадрлық шешімдер үшін басшының жауапкершілігі күшейтіледі. Мәселен, «мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға адамдарды заңсыз тағайындағаны» немесе «заңсыз босатқаны», «мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазаларды заңсыз қолданғаны» үшін, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды атқару барысында конкурс тәртібін бұзып, тест таспырмаларын, конкурс сұрақтарын жария еткені үшін құқық бұзушылықтар анықталған.

Бұл заң жобасы енгізетін келесі бір жаңалық – мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында айтқан басқару элитасы немесе «А» басқарушылық корпусының құрылуы. Жалпы аға әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер корпусы әлемнің 30-дан астам дамыған елінде (АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Германия және т.б) бар. Осы елдердің барлығында бұл корпусқа кіретін лауазымдарға іріктеудің ерекше өлшемдері мен рәсімдері қолданылып, іріктеу бойынша мамандандырылған комиссиялар(кеңестер) жұмыс істейді. Оған қоса бұл тағайындаулардан кейін қызметкерлер арнайы оқу курстарынан өтіп, аға мемлекеттік қызметтің кадр резервін қалыптастырады. Қазақстанда да осы елдерде қабылданған тәсілдерге ұқсас механизмдер іске қосылмақшы. «А» корпусының өзі «ұлттық деңгей» және «аймақтық деңгей» болып екіге бөлінеді. Жалпы мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде үш корпустық вертикаль: мемлекеттік саяси қызметшілер, мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» басқарушылық корпусы және «Б» атқарушылық корпусын құру көзделген.

Сонымен бірге заң жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы және этикалық нормаларды күшейту басты басымдықтардың бірі ретінде аталады.

Қазіргі таңда мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызметкерлер арасынан арнайы оқытылып, сертификат алатын этика бойынша комиссарлар енгізу бойынша халықаралық тәжірибе сарапқа салынуда. Оған қоса мемлекеттік қызметкерлерді ынталандыру шаралары да қарастырылып, 23 маусымды мемлекеттік қызмет күні ретінде белгілеу ұсынылған.

BNews.kz а берген сұхбатында халықаралық сарапшы, Дүниежүзілік банкінің бас маманы Амитабх Нумерджи Мемлекеттік қызмет туралы заң жобасына байланысты өз пікірін айта отырып, «Қазақстан мемлекеттік қызметті кәсіби деңгей тұрғысынан бағалауға көшкен азғана мемлекеттердің бірі» деген екен.

«1996 жылдары, мемлекеттік қызметті реформалаудың алғашқы сатысы өтіп жатқан тұста, бұл іспен айналысқан болатынмын. 1996 жылдан бастап, мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметті реформалаудың алғашқы қадамдары жасалды, бұл болашаққа жасалған серпін еді. Ол кезде аумақтық басқару, аудандық, облыстық басқару мәселесіне баса назар аударылды. Екіншіден, мемлекеттік органдарды оңтайландыру қолға алынды. Көбінесе комитеттер министрліктер мен агенттіктер болып қайта құрылды. Үшіншіден, адам ресурстарына басым маңыз берілді, соның негізінде Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік құрылды. Агенттіктің мақсаты – мемлекеттік қызметті модернизациялау», – деген ол. Сондай-ақ, ол «А» корпусын құру көптеген елдердің тәжірибесінде бар екенін айтады. «Ондай корпус – Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Германияда бар. Мен өзім үндістандықпын. Ол жақта да бұндай тәжірибе қарастырылған. Яғни элиталық мемлекеттік қызметкерлердің корпусын құру арқылы, олар ең жоғары жалақыға ие болатын, жұмысқа конкурстық негізде тағайындалатын адамдар шоғыры. Қазақстан бұл тұрғыдан табысты қадамдар жасауда», – деген ол.

Тамыр-таныссыз жұмысқа орналасу мүмкін бе?

Таяуда ҚР Парламенті Мәжілісі «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын талқылау барысында, депутат Дариға Назарбаева Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменовке:

– Сіз, бұдан былай мемлекеттік қызметке туысқандық байланыспен және қожайынына тым берілгендік тұрғысынан қабылдау тоқтатылады дедіңіз. Сіз өзіңіз бұған сенесіз бе? – деген сауал тастады.

Агенттік басшысы Әлихан Бәйменов бұған риясыз сенетіндігін жеткізді. Ал, сіз ше, құрметті оқырман, бұған сенесіз бе? Осы жайында бірнеше адамның пікірін білгенді жөн көрген едік:

– Сіз мемлекеттік қызметке туысқандық байланыспен және

тамыр-таныссыз тұру мүмкін дегенге сенесіз бе?

Жәнібек Сүлеев, журналист:

– Сенбеймін. Бірақ туысқансыз да жұмысқа тұруға болады. Қазір бізде 50х50 деп айтуға болады. Таразының басын қайсысы басады, ол әлі түсініксіздеу.

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

– Қазақстанның жағдайында тума-туыстық қарым-қатынастарды жою мүмкін емес. Этнопсихология деген ұғым бар. Қазақ үшін туыстықтың мәні өте жоғары. Осы тұрғыда Бәйменовтің айтқаны фантастиканың жоғары дәрежесі. Оның өзі сене ме екен оған?

Нұрлан Асқарұлы, филолог, Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы:

– Мемлекеттік қызметке туысқандық байланыссыз және жора-жолдастардың көмегінсіз қол жеткізуге болады дегенге сенемін. Жең ұшынан жалғасудың ішінара кездесетіні рас. Бірақ соған қарап, бүкіл мемлекеттік қызмет жүйесін қаралауға болмайды. Бізде мемлекеттік қызметке қабылдау арнайы конкурс негізінде өткізіледі. Бос қызмет орындары туралы мерзімді басылым беттерінде арнайы хабарланады. Тиісті заңдарды білу бойынша тест тапсыру электронды түрде өткізіледі. Сол арқылы жалпы жұртшылыққа тең мүмкіндік ашылған. Өз ісін жақсы меңгерген, алдына нақты мақсат қойған, қабілетті, білімі мен білігі асқан маманның жерде қалғанын көрген жоқпын. Қазақта «алмас пышақ қын түбінде жатпайды» деген сөз бар. Істің көзін білетін, жұмысқа ынтасы бар адамдар жол іздейді, ал жұмысқа ықылассыз адамдар сылтау іздейді.

Дінмұхамед Зиядин, «Media­Net» Халықаралық журналистика мектебінің жоба менеджері:

– Мемлекеттік қызметке туысқандық байланыспен және тамыр-таныссыз тұру мүмкін дегенге сенемін. Бар немесе жоқ деп кесіп-пішіп біржақты айтуға болмас, себебі мемлекеттік қызмет – бұранда-дөңгелегі, түрлі механизмдері айрықша көп үлкен машина. Сәйкесінше, түрлі қызметкерлері, басшылары бар. Сондықтан танысының арқасында жалақы алып отырғандар да, өз білім-талпынысымен қандай да бір мансапқа қол жеткізгендер де бар деп ойлаймын.

Талғат Байназаров, математика мұғалімі:

– Жоғары оқу орнындағы оқуымды бітіргеннен кейін, жұмыс іздей бастадым. Қолыма газет алып, жарнамалар бойынша жұмыс таба аламын деп ойладым. Хабарласқан көп жерде тәжірибемді сұрады. Амалсыздан мектеп аралауға кірістім. Бірнеше мектепке кіріп, резюмемді қалдырып кеткен едім. Біреулер орын жоқ десе, басқа біреулер кейінірек хабарласамыз деп қайтарып жіберді.

Жұмыс іздеп жүргенімді естіген бір туысым: «Қалалық білім беру басқармасында бір танысым бар», – деді.

Резюмемді алып, білім беру басқарма­сына бардым. Сол жерде резюмемді оқып, мына мектепте мұғалім жетіспейді деп, соларға жіберді. Ол мектепте арнайы тестілеуден өткеннен кейін жұмысқа тұрдым.

Біз, жастар, үлкендердің ақылына әрдайым мұқтажбыз. Бұл жерде, «туысқан болған үшін алды» емес, дұрыс жерге барып сұрағаным үшін жолым ашылды. Кейін барып еш туыссыз Астанадағы Назарбаев Университетіне бір жылдық оқуға түстім.

Елімізде талапты, білімді жастарға барлық жағдай жасалған деп ойлаймын. Бар болғаны, сол мүмкіндіктерді дұрыс қолдана білу керек.

Дайындаған

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Есенгүл Кәпқызы

Back to top button