ПАТРИОТ ҰЛҒА ҮМІТ МОЛ

Аягөздегі орта мектепті бітірген кезде Бауыржан Тұмарбаевқа әкесі жақсы өсиет айтты – ұдайы сақ бол, өз ісіңе бекем бол, әр қадамыңды ойланып бас. Әке аманаты жерде қалмады: Бауыржан қызығы да, шыжығы да көп күрделі саланы – электр қуатымен байланысты жұмысты таңдады.

Жас жігіттің бұл таңдауы әбден кесіп-пішілген, мың ойланып, жүз толғанған адамның шешімі еді: ол отбасылық энергетиктер дәстүрін одан әрі жалғастыруды ойлады, оның әкесі өмір бойы Аягөз қуат көздері жүйесінде инженер-электрик болып қызмет еткен, атасының да ғұмыры электр қуатымен тығыз байланысты болған еді. Туған-туыс Бауыржанның таңдауын қуана құп алды. Алматы энергетикалық колледжінде білім алған Бауыржан ес білгелі энергетик мамандығы туралы естіп-біліп келе жатқандарын тың біліммен толықтырып, техникалық тұрғыдан жаңа біліктілікті меңгерді. Энергетик сияқты қиын да күрделі, тартымды да қызықты мамандықты игеру жолында білім алудың бірінші сатысын Бауыржан ойдағыдай игерді: сабағын үздік оқыды.

Бұдан соң жас жігіт жоғарғы білім алу жайлы жоспар құра бастаған.

Тағдырдың мың бұралаң соқпағын айтсаңызшы. Ол Бауыржанға тосыннан сый дайындапты. Бұл кезде Аягөзде Екатеринбург тау-кен университетіне оқуға түсуге байқау жарияланған еді. «Қазақмыс» корпорациясы жаңадан салынып жатқан Ақтоғай кенішіндегі жұмыстарды одан әрі жүргізуге қажетті мамандар дайындау үшін осы оқу орнында білім алатын стипендиаттарды іріктеп жатқан болатын. Жас жігіт туған аймақта, Аягөзден 70 шақырым жерде орналасқан кеніште жұмыс істеу мүмкіндігіне қатты қызықты. Ақыры ол ресейлік жоғарғы оқу орны өткізген сынақтарды ойдағыдай тапсырып, Екатеринбург қаласына оқуға аттанды. Тарихы тамырлас, тау-кен ісінде тәжірибесі мол қалада өткен студенттік күндерді Бауыржан қазір үлкен қимастықпен еске алады: университеттің профессорлық-педагогтық құрамы шәкірттерден оқуға ынты-шынтымен ден қоюды қатаң талап ететін, осы талаптың арқасында қазақстандық студенттер күннен-күнге білім артып, рухани толысып, түлей берді.

Әрдайым алдына жаңа мақсат қойып үйренген Бауыржан осы қалада тағы бір мамандықты игеріп, экономикалық сала бойынша білім алып шықты. Өзін үлкен үмітпен оқуға аттандырған компанияның сенімін ақтау, өз Отанының үмітін ақтау қажеттігін Бауыржан бір сәтке де естен шығарған емес. Ол өзін азат елдің патриот ұланына лайық болмыста танытуға тырысты. Қазақ тілін де, орыс тілін де еркін меңгерген Бауыржан көрші елде мәдени бірлестіктің белсенді мүшесі болып, ұлттық мерекелерді ұйымдастыруға атсалысып, түрлі шараларды жүргізуде айрықша көзге түсті.

Қоғамдық жұмыс пен оқуды қатар алып жүріп, Бауыржан тәжірибе алу, біліктілік жинау қажеттігін ұмытқан емес. Ол оқу кезіндегі өндірістік тәжірибесін Балқаштағы Саяқ кенішінде өткізуді ұйғарды. Оның дипломдық жұмысы да осы кеніштің тарихымен, өндірісімен тікелей байланысты еді. Әйтсе де, өндірістік тәжірибеде өндірістің бар қыр-сырын меңгеріп шығу мүмкін емес. Бауыржан шынайы маман ретінде еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысында бастады.

Дипломын алған жас шебер корпорацияның басқа да стипендиаттарымен бірге Қазақмыс Тобына жататын «Шығыстүстіметаллл» ӨБ қарайтын Николаев кенішіне өткен жылы қыркүйек айында жұмысқа келген. Жас маман еңбек жолын қарапайым слесарь болып бастап, қазір мастер санатында жұмыс істеп жүр.

Оның мамандығы – өндірістік құрылымдардың электрприводы мен электрқұрылғылары, бұл жұмыс кең ауқымды біліктілікті талап етеді, тау-кен, байыту өндірісі де осындай біліктіліктегі мамандарға зәру. Ал энергетикалық біліміне қоса экономикалық білімі бар жас маманның келешегі зор екені айдан анық. Адамдармен қарым-қатынасты үнемі сабырлы, ұстамды қалпын сақтай білетін Бауыржанның басшылық қызметке де бейімі жоғары екені байқалады. Өзі алдынан жарқын келешек күтіп тұрғанын іші сезсе де, әзірге нақты өндіріс саласында мол тәжірибе жинақтағанды жөн көреді. Өндіріс саласында қауіпсіздіктің жаңа стандарттары енгізілгеннен соң электр қуаты саласында тың жобалар қолға алынды. Сондықтан жас маман атқарар қыруар міндет бар. Өндірістік бірлестіктің бас директоры Амангелді Минигулов те жас мамандарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді, оның Бауыржан Тұмарбаевты инженерлік қызметке резервке қойғаны да осыны аңғартса керек.

Барлық талантты адамдар секілді Бауыржан жаңашылдыққа жаны құмар. Жақында өткен аттестациялау кезінде ол өзінің білімді маман екенін көрсетті, ал комиссия оның шеберлікті шыңдалуға ұмтылысын айрықша атап өтті. Жақсы нәтиженің арқасында оның қызмет сатысы бойынша өрлеуге жолы ашылды.

Бауыржанды білетін таныс-тамырларының бәрі де оның ұжымның қоғамдық өміріне белсенді түрде атсалысатынын айтады. Келешекке үлкен үмітпен қарайтын жас маман отбасының игілігі үшін, Отанының мүддесі үшін аянбай тер төксем дейді. Шын мәнінде Бауыржан Тұмарбаев – өз елінің патриоты. Оның пікірінше, патриотизм қызыл сөзбен емес, нақты іс пен адал қызмет арқылы көрінуі тиіс.

Анна САБЕЛЬФЕЛЬД

Back to top button