ФИРДАУСИ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТҰРАН ТАРИХЫ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында (2004-2011ж.ж.) қаншама тарихи, мәдени қазынамыз өмірге қайта келгендей жаңарып, жасарып шыға келгені белгілі. Мұнда, әсіресе, ұзақ жылдар бойы ескерусіз қалып, моральдық жағынан ескіре бастаған көне қолжазбаларымыз бен байырғы әдеби жәдігерлеріміздің ғылыми орталықтарға жинақталып, тыңғылықты зерттеліп, баспалар арқылы көптің игілігіне айналуының өзі зор қуаныш болды. Соның нәтижесінде түпкі негізімізді сонау түркілік дәуірден бері түгендеуге үлкен мүмкіндіктер туды. Аталған бағдарлама мәресіне жетті десек те, бұл жұмыс әлі де жалғасып жатқаны анық. Соның бір дәлелі ретінде Мұхтар Әуезов атындағы Өнер және әдебиет институтының кіші ғылыми қызметкері Юсуф Пилтанның Фирдауси және оның «Шахнамасындағы» Тұран тарихына қатысты, Афрасияб патшаның Иран жауынгерлерімен арадағы соғысы жайынан үзінді ұсынып отырмыз.

ФИРДАУСИ

Әбілқасым Фирдауси 940 жылы Иранның Фирдаус қаласында дүниеге келіп, 1020 жылы дүние салды. Әбілқасым Фирдауси (940-1020) “Шаһнама” дастанын (ақын Дажини бастаған) 35 жыл бойы жазған, ол 55 (110 мың жол) мың бәйіттен (қостағаннан) тұрады. 1-нұсқасы 994 жыл, 2-нұсқасы 1010 жылы біткен, тұңғыш рет 1829 жылы Үндістанда жарық көрді. Дас­тан 3 бөлімнен құрылған: 1-мифологиялық аңыздар, 2-батырлық жырлар, 3-тарихи шежірелер. Сонымен қатар романтикалық, драмалық сарындағы бірнеше поэмалар, дидактикалық және философиялық толғаулар енгізілген. Негізгі сюжет Иран және Тұран халықтарының басынан кешкен 4 мың жылдық тарихи оқиғаға байланысты өріледі. Жүсіп Баласағұни “Құтадғу білік” дастанында (1069) “Шаһнаманың” түркі тайпаларына жақсы мәлім екенін айтады. Қазақ халқы “Шаһнамамен” ертеден таныс. Поэма қаһармандары қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездеседі (мысалы “Атымтай мен Наушаруан” ертегісі, “Иранғайып шаһ Ғаббас” дас­таны т.б.). “Шаһнаманы” қазақ тіліне аудару ісі ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан бас­тап қолға алынды. 1856-1870 ж. Ораз Молда “Шаһнаманың” үш аудармасын жасады, 1888 жылы Сердәлі ақын бір тарауын, 1914-1915 жылы Мұхамеджан Сералин (1872-1929) “Рүстем және Зораб” деген бөлімін аударды. “Шаһнаманы” тәржімалауда Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939) көп еңбек сіңірді. Оның аудармасы 40 мың жолдық 3 бөлімнен тұрады (“Жәмшиднама”, “Рүстем-дастан”, “Дарап-нама”). Осылардың ішінен “Рүстем-дастан” 1961 жылы жарық көрді. Ақын Б.Алдамжаров “Мәнушеһір” тарауын аударды (1972). Абай Құнанбаев Әбілқасым Фирдаусиді ұстаз тұтты. Сондай-ақ “Шаһнама” дастаны Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев сияқты халық ақындарының шығармашылығына біршама ықпал етті. Әбілқасым Фирдаусиге қазақ ақындары С.Мұқанов, Қ.Бекхожин, Қ.Жармағамбетов, Ө.Күмісбаев т.б. жыр жолдарын арнаған.

«ШАХНАМАДАҒЫ» ТҰРАНДЫҚ БАТЫРДЫҢ ОРНЫ

Фирдауси «Шахнамасында» тұрандық батырлар ретінде Ахриман, Захак, Пәшанг, Афрасиябтарды атайды. Афрасиябтың аты жырда жиі кездеседі. Оның бейнесі «Шахнамада» мәңгі сияқты көрінеді. Бірақ Рүстем туған соң Афрасияб қиындыққа тап болып, кейде соғысып, кейде орын ауыстырып, шайқасып жүреді. Иран патшаларының барлығында жартылай құдайлық күш-қуат болғанымен көбі тұрандық батырлардың қолынан қаза табады. Оны Фирдауси жоққа шығармайды. Онда тек қана Афрасиябты Рүстем деген батыр жеңе алады. Сонда барлық Иран өлкесінде Рүстемнен басқа жан Афрасиябқа қарсы тұра алмайтын көрінеді. Ол да тұрандық батырдың соншалықты күшті екенін аңғартады. Афрасиябтың соғысынан бастап Иранды билеген кезге дейінгі кезеңдерді қамтитын тұрандық батырдың ерлігі бұдан соң еш жерде айтылмайды.

АФРАСИЯБТЫҢ ИРАНҒА

ШАБУЫЛ ЖАСАУЫ

Афрасияб Иранға қарай барлық әскерін жөнелтеді. Нұзар бұл хабарды естіген кезде Афрасияб әскері Жейхун өзеніне жеткен еді. Иран әскері де өз орнынан қимылдап, Ғарон Иран әскерін басқарып отырды. Ал Нұзар болса, әскердің қақ ортасында орын тепкен еді. Афрасияб Дахыстанға жетпей, қол астындағы Шамсас пен Хазерванды басшы қылып, 30 мың жауынгерді Заболыстанға (Иранның шығысындағы облыс) жібереді. Осы кезде Иранның атақты батыры Сам аяқ астынан қайтыс болады. Афрасияб бұл хабарды естіген кезде қуанып, әкесіне жеткізді. Ол Нұзарды жеңеміз деп хабарлайды. Афрасияб: «Манучер өлген соң мен тек қана Самнан қорқатын едім, ал енді ол өлген соң менде қорқыныш жоқ. Енді ирандықтарды жеңу оңайға соғады», – деді. Күн шыға Тұран әскері Дахыстанға жетті. Екі жақтың әскері соғысқа дайын тұрды, ара қашықтығы 12 шақырым еді. Барман Висұлы алдыға шығып, Иран әскеріне қарап, әскердің ішінен Нұзарды көзімен іздеп тапты. Ол Нұзарды тапқан соң, Афрасиябпен әңгіме-дүкен құрады. Сонда ол Афрасиябқа:

– Қазір өнер көрсететін кез жетті. Егер сіз бұйрық берсеңіз Иран әскеріне шабуыл жасаймыз, – деді.

– Егер Барман Ирандықтардың қолынан қаза тапса, Тұран әскері жеңіліп қалады. Қорқыныш барлық жерге орын тебеді. Сол үшін Барманның орнына басқа жауынгерді жіберуіміз керек, – деді Ағрирес.

– Бұл біз үшін жат нәрсе, – деген Афрасияб Барманға қарап:

– Тез барып әскери киіміңізді киіп, қару-жарағыңызды қолыңызға алып, оларды жеңетін болыңыз, – деді.

Барман Иран әскеріне жеткен соң, Ғаронды шақырып алып, соғысатын жауынгерді дайындап беруін сұрайды. Ғарон өз әскеріне қарады. Ешкім Барманмен соғысуға тілек білдірген жоқ. Тек қана Ғаронның үлкен ағасы Ғобад алдыға шығып, айқасуға дайын екендігін айтты. Ғарон өз ағасына қарап: «Сенің жасың келіп, шашың ағарды, Барман – жас жауынгер, арыстан жүректі жас жігіт. Қазір сені сынайтын кезең емес. Сен әскердің қолбасшысысың. Патша саған үміт артып отыр. Егер сенің шашың қанға батса, Иран әскерінің хал жағдайы қалай болмақ?» – деді.

– Адамның денесі өлімге қашан да болса жем болады. Бірақ батыр жүрек соғысқа бейім және атақ іздеген кісі өлімнен қорықпайды. Мен Манучердің кезінен бас­тап соғысып жүрмін. Біреу қылыштан, біреу төсекте қайтыс болады. Адам тағдырға бел байлайды. Өлімді оңай нәрсе деп есептеу керек. Егер қаза тапсам, сен сияқты інім бар екеніне қуанамын. Өліп қалсам, мейірімділік жасап, басымды әтір мен киіктің кіндігінен жасалған сумен, камфара, мускуспен жу. Денемді жер астындағы сарайға жерле. Сонда жаным тыным табады, – деді ол інісіне.

Осыны айтып ол соғысқа дайындалды. Тұрандық Барман алдыға шығып: – Сенің уақытың жетті, замана сенің жаныңмен ойнағысы келеді,– деп жар салды.

Ол:

– Әркімнің уақыты, тағдыры маңдайында жазылған. Сол заман жетпесе, адам өлмейді,– деп атқа мініп, Барманға қарай шапты. Екі жауынгердің шайқасы ұзаққа созылып, екеуі таңға дейін жағаласты.

Ғобадтың өлімін естіген Ғарон ағасының өшін алу үшін Барманға шабуыл жасау­ды жоспарлайды. Герсюздың әскері де тұрандықтарға шабуыл жасауға бекінеді. Афрасияб Ғаронды көрген соң, өзі майданға шығады. Шайқас таң атқаннан, қараңғы батқанға дейін жалғасты.

НҰЗАР МЕН АФРАСИЯБТЫҢ СОҒЫСЫ

Ғарон өз ағасының Афрасияб әскерінен қаза тапқанына қынжылады. Нұзар бұл шайқаста Афрасияб қолынан қатты жарақат алады. Ол екі ұлын (Тұс пен Гастахам) өзіне шақырып алып, жылап отырып, былай деді:

– Әкем Манучер Қытай мен Тұран жағынан әскер әкеліп, Иранға кесірін тигізді. Әйелдерім мен балаларымды Исфахан өлкесі арқылы Парсыға апарып, менің әулетімді алып, Алборз тауына қарай барыңыз. Таудың бір жеріне оларды орналастырыңыз, Афрасиябтың әскерінен аман қалсын. Сонда Фереидунның ұрпағы жалғасын табады. Мен жаумен шайқасуға ораламын. Өмір солай, соғыста жеңіс пен жеңіліс бар, бұл өмірдің заңы.

Екі жақтың әскері екі күн бойы соғысқа дайындалып, үшінші күні бір-біріне ұмтылды. Нұзар мен Ғарон әскердің қақ ортасынан орын тепті. Шапур мен Талиман оларды қорғап жүрді. Таң атқаннан кеш батқанға дейін жүрген шайқаста кімнің жеңетіні белгісіз болды. Күн батқан соң ғана тұрандықтардың жеңіске жететіні белгілі болды. Иран әскері артқа оралды.

БАРМАННЫҢ ӨЛУІ

Афрасияб жағдайды бақылап, Круханды әскер басшысы қылып, Парсыға қарай жіберді. Иран әскеріне түнде шабуыл жасасын деп бұйрық беріп, бала-шағалары мен әйелдерін тұтқынға алуды табыстады. Осылай Нұзардың әскерін әлсіретуді мақсат тұтты. Ғарон бұл хабарды естіген соң Нұзардың жанына келіп: – Егер патша рұқсат берсе, мен сол әскердің артынан барайын, Сол өлкеде су, тағам бар. Сен оған уайымдама, – деп ұсыныс жасады.

Нұзар Ғаронға қарап:

– Сен әскердің қолбасшысысың ғой. Әскер саған бағынады. Мен Түс пен Гас­тахамды Парсыға жібердім. Сен оған уайымдама, – деп қайта сөзін жалғастырды. Нұзар мен әскер басшылары жиналып ақылдасып, әскерді Парсыға қарай жіберуді мақұлдайды. Егер «әйелдер мен бала-шағалар» тұрандықтардың қолына түссе, Иран әскерінің жағдайы қиынға соғады.

Қараңғы түнде Ғарон мен Кешвад және Шидуш өзінің әскерімен Парсыға қарай оралды. Түннің бір уағында қорғанға жетті. Каждом сол қорғанды күзетіп отырды. Барман қорғанға қарай жолды кесіп тастапты. Ғарон әскери киімін киіп, ағасының өшін алуды ойлады. Барман арыстан секілді атылып майданға шықты. Соғыс өрті көтеріле бастады. Ғарон өз құдайын еске алы, қылышты Барманның беліне тықты. Ол жерге жығылды. Барман әскері судай шашылып, жан-жаққа қаша бастады. Сонда Ғарон мен оның әскері Парсыға қарай жүре бастады.

НҰЗАРДЫҢ ҚИЫНДЫҚҚА

ТАП БОЛУЫ

Нұзар Ғаронның Парсыға қарай кеткенін естіп, тұла бойын қорқыныш билеп алды. Ол өз әскерін алып, Парсыға қарай жөнелді. Афрасияб жағдайды байқап, екі топ әскерді оның артынан жіберді. Нұзардың 1200 жауынгері біржолата Афрасиябтың қолына түсті. Афрасияб тұтқындалған әскердің арасынан Ғаронды іздеді, бірақ оны таппады. Барманның өлімі Афрасиябқа қиын соқты. Афрасияб Барманның әкесі Висеге ұлының өшін Ғароннан алуды табыстады. Висе жауынгерлерімен Парсыға барады. Ол жолда өз ұлының денесін көріп, қаны қайнайды. Сол кезде Ғарон Парсыдан шығып бара жатты. Ғарон алыстан жаудың әскерінің Парсыға жақындағанын көрді. Висе Тұранның туын көтеріп, былай деді:

– Сіздің тақ пен билігіңіз желдей жойылды. Иран біздің қолымызда.

Ғарон жауап ретінде былай жырлады:

– Менің атым Ғарон. Менде қорқыныш жоқ. Жаумен келісу қанымда жоқ. Мен сенің ұлыңды өлтірдім, енді сенің кезегің келді, – дейді. Висе шал Ғаронмен соғысып, әлсіреп қалды. Әлсіреген соң, Висе Афрасиябтың жанына қашып барып, Ғаронның жеңісін Афрасиябқа баяндап берді.

АФРАСИЯБТЫҢ

ӘСКЕРІ ЗАБОЛСТАНДА

(Иранның шығысындағы облыс)

Афрасиябтың әскері Шамасас пен Хазрованның басшылығымен Заболстанға қарай жөнеліп, Систан мен Хирмандқа шабуыл жасайды. Жасы келіп, кәртайған Зал батыр өлім халінде жатқан еді. Ол өлім алдындағы діни салт-дәстүрді орындау үшін барлық жұмыстары мен шаруаларын Кабул қаласының әкімі Мехрабқа табыстаған болатын. Мехраб мейірімді жан еді. Ол Афрасияб әскерінің басшысы Шамасасқа сәлем-сауқат (алтын мен ақша) жолдап, Афрасиябты Тұран патшасы деп мақтап, өзінің Захак әулетінен екенін баяндап, Феридун патшалығына риза еместігін, олардың Зал шалдың өлейін деп жатқанына қуанып жатқандарын айтады. Қазіргі таңда Заболстанның барлығы менің қол астымда, Кабул әкімі әскер қолбасшысымен әңгімелесіп, Афрасиябқа сый-сияпат жолдау­ды сұрайды. Кабул әкімі осылай әскердің жылжуына тыйым салып, бір жағынан Залға хабаршы жіберіп, жағдайды баяндатады.

ЗАЛ ШАЛДЫҢ ТҰРАН

ӘСКЕРІМЕН ШАЙҚАСЫ

Зал жауынгерлері Мехрабқа қарай келді. Зал Кабул әкімінің билікте отырғанын көріп қуанды. Шал әкімге қарап былай деді:

– Менің жанымда Хазраванмен құм бірдей. Түнде оларға шабуыл жасаймын, сонда ирандықтардың кім екенін білсін.

Түн ортасында Зал өз садағын қолына алып, жаудың әскеріне қарай жүрді. Ол үш жебені жау әскерінің үш жердегі орнына таңдап қойды. Әр жебенің ұзындығы талдың бұтағындай еді. Таң атқан соң жебелерді Афрасияб әскері көріп, Зал шалдың оқтары екенін байқады. Шамасас Хазраванға қарап былай деді:

– Неліктен соғыспадық? Неліктен Кабул әкімі мен оның әскерін өлтірмедік? Егер соғысқанда бұндай жағдайға тап болмайтын едік. Хазраван, Зал кімдер олар өзі? Зал да адам. Ол Ахриман емес (шайтан). Оның денесі темірден емес. Оны маған табыстыр, – дейді.

Ертеңінде екі әскер бір-бірінің алдына сапқа шығып, шайқасқа дайындалды. Хазраван алдыға жылжып, Залға ұмтылды. Залдың шынжырдан тоқылған темір көйлегі ыдырап кетті. Зал ашуланып әкесі берген күрзіні шапшаң алып, Хазраванға арыстандай ұмтылды. Күрзі тұрандық балуанның басына тиіп, қан сарқырап жан-жаққа шашырады. Ол қаза тапқан соң Шамасасты іздеумен әлек болды. Шамасас қорқып, жасырынуға мәжбур болды. Зал тұрандық тағы бір батырды (Гүлбад) іздеп тапты. Зал садақты соншалықты күшпен тартып, жебені оған қарай атты. Жебе Гүлбадтың денесіндегі шынжырдан тоқылған темір көйлекті ұндай ыдыратып жіберіп, ол ертоқымға байланып қалды. Хазраван мен Гүлбад қаза тапқан соң Шамасас қорқып, Тұран әскері жан-жаққа қашты. Зал мен Мехраб оларды қуып, біразын жойып жіберді. Қалғаны Афрасиябқа қарай қашты. Тұрандықтар осымен Иран әскерінен құтылған жоқ. Жолда Ғарон әскерімен кездесіп, оларды Иран әскері таратып жіберді.Тек қана Тұран әскерінен Шамасаспен бірнеше жауынгер қашып үлгерді.

НҰЗАРДЫҢ АФРАСИЯБ

ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАБУЫ

Тұран әскері Иран әскерінен жеңілді. Бұл хабарды Афрасияб естіген сәтте, ашуланып Иран патшасы Нұзарды өлтіруді ойластырады. Афрасиябтың жауынгерлері Нұзар патшаның қолын байлап, оның алдына әкеледі. Афрасияб Нұзарды көрген соң, оны балағаттап, Тұран мен Сәламның Манучердің қолынан қаза тапқанын қайталап айтады. Қылышты алып, Иран батырының басын шауып жібереді. Сөйтіп Иран патшасыз қалады.

АФРАСИЯБТЫҢ ТАҚҚА ОТЫРУЫ

Нұзар қаза тапқан соң, оның туысқандары мен жақын достарын өлтіру керек болды. Бірақ Ағрирес жалынып, оларды өлтірмеуін сұрайды.

– Олардың қаруы жоқ, қарусыз адамды өлтіру ерлікке жатпайды, мен оларды бір үңгірде қор қылып ұстаймын, – деді. Афрасияб оның сөзін мақұлдады.

Сол жерден Рей өлкесіне әскер жіберіп, басына Иран патшаларының бас киімін тақты. Енді Афрасияб Иран патшасы боп саналды.

Парсы тілінен тәржімалаған

Жүсіп ПИЛТАН,

М.Әуезов атындағы

Өнер және әдебиет институтының

кіші ғылыми қызметкері

Back to top button