«ЕРКЕ-НҰР» ЕРЛЕП ТҰР

«ЕРКЕ-НҰР» ЕРЛЕП ТҰР

«ЕРКЕ-НҰР» ЕРЛЕП ТҰР
ашық дереккөзі
311

Республикамыздағы жеңiл өнеркәсiп саласында өзiндiк орны бар, бүгiнде, әсiресе, ұлттық киiм үлгiлерiнiң озық технологиясын қалыптастырған сән үйлерiнiң бiрi де бiрегейi – "Ерке-Нұр" компаниясы. Қазақ халқының ұлттық тұрмыс салт-дәстүрiндегi барлық үлгiде киiм дайындайтын бұл сән үйiнiң дақпырты бүгiнде республикадан асып, шетелдерге де етене таныс болып қалған жағдайы бар. Осы орайда бiз компанияның президентi, "Ерке-Нұр" журналының редакторы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесi Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫМЕН сұхбаттасқан едiк.

– Фарида ханым, осыдан бiраз уақыт бұрын Алматы қаласы бойынша кәсiпкерлердiң әр саладағы байқауы болып, сонда өзiңiз "Ең үздiк әйел кәсiпкер" дипломын жеңiп алдыңыз. Сол жолы түрлi себептермен әңгiмелесе алмап едiк, мiне, тағы да қуаныш үстiнде кездесiп отырмыз. Газет оқырмандары атынан құтты болсын айта келдiк…

– Рахмет. Алматыдай үлкен шаһардағы ондаған кәсiпкерлер iшiнен жеке дара шығу да оңай шаруа емес едi. Ал шынында да бүгiнгi қуаныш тiптi басқаша. Сыйлықтың үлкен-кiшiсi болмайды, өз елiңдегi, өз туған халқыңның көңiлiнен шыққан алғыс сыйлықтардың орны тым-тым ерекше десек те, бiз сияқты кәсiпкерлер үшiн жер, тау асып барып алған сыйлықтардың орны да бөлек екенiн осы жолы тағы да сезiндiм. Сонымен қатар өзiмнiң кiндiк қаным тамбаса да, жүрегiмде бала,сәби махаббатым маздаған Қазақстаным, ондағы жүрегi бiр, тiлегi бiр қазағымның бiр кiрпiшi болып жүргенiм, оның ұлттық болмысы бөлек, сәндi де тәкаппар ұлттық киiм үлгiлерiнiң галереясын жасап, шетелге танытуым, шынында да бақыттан басты айналдыратын тiрлiк екенiн iштей ұқтым. Ата-бабалар арманы болған, "ұлтарақтай жер бұйырып, сол топыраққа тәнiмдi орасам" деп арманда кеткен миллиондаған ата-бабаларымның көксеген тiлек-мақсатына өзiмнiң жетуiм, жетiп қана қоймай өзгеге де қалай өмiр сүрудiң үлгiсiн көрсететiн тiрлiкпен айналысуым жанымды бақытқа бөлейдi.

– Кез келген тiрлiктiң бастауында көптеген бөгеттер, қиындықтар кездесетiнi белгiлi әрi табиғи құбылыс тәрiздi. Фарида ханым, Сiздiң дәл қазiргi көңiл ауанын бұзғымыз келмесе де, компанияның алғашқы жылдары, алғашқы жеңiстерi туралы сұрауға тура келдi.

– Рас, – дедi ол да әңгiмеге тез бейiмделiп. (Сұхбаттасып отырған кiсiнiң әңгiмешiл, сөйлеу,тыңдау мәдениетiнiң жоғары болғаны да осындайда жарасымды десек, бұл жағынан бүгiнгi әңгiменiң жолы болған сияқты). Қазақстанға алғаш келген кезде жеңiл-желпi саудамен айналыса бастадым. Сауда болған жерде, әсiресе ақша жүрген жерде, оның үстiне "оралман" деген лақап атымыз тағы бар, несiн айтасың, талай қиындықты бастан кештiм. Қайда барсам да алдымнан кедергiлер жолығады, не бiрауыз орысша бiлмеймiн, ал бұл елде өздерiңiз бiлесiздер, лауазымды орынның бәрiнде орыстiлдi басшылар отырады екен. Содан жолдасым Талғат келдi соңымнан, не де болса бiр тiрлiктiң басын бастау ғана қалған-тын. Өзiм кiшкентайымнан тiгiнге, би өнерiне жақын болып бойжеттiм. Өзiмiз пәтер жалдап тiгiн цехын құру керек деген тоқтамға келдiк. Ұлттық үлгiдегi киiм түрлерiн жинақтауға кiрiстiк. Әсiресе, сол ұлттық киiмдi кiм киедi, қайда киедi дегенге қарамай, алғашында бес ақ адаммен кiрiсiп кеттiк қой. Бүгiнде жүзден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етiп отырмыз. Сонымен "Ерке-Нұр" кәсiпорны осылай шаңырақ көтердi. Бұл 1997 жыл. Негiзгi бағыты ұлттық киiм және ұлттық киiм үлгiлерiнiң негiзiнде өркениет талғамына сай қазiргi заманғы киiм тiгедi. Қазақстан жеңiл өнеркәсiбiнде өзiнiң ерекше бағыт-бағдарымен таныла бастаған компания қазақ халқының салт-дәстүрi мен қолөнер шеберлерiнiң ежелгi әдiсiн сақтай отырып, ерлерге, әйелдерге, балаларға арналған жаңа стильдегi жоғары сапалы киiмдермен қатар жұмыс киiмдерi, сыйлық сувенирлерiн шығарады. Осы еңбегiмiз бағаланып, ел президентiнiң алғыс хатына, 2002 жылы Алматы қаласы әкiмiнiң "Шағын кәсiпкерлiктi дамытуға қосқан үлесi үшiн" дипломына, 2005 жылы III дәрежелi дипломға ие болсақ, 2006 жылдан бастап "Ерке-Нұр" компаниясы Алматы қаласы бiлiм департаментiнiң ұйғарымымен арнайы мектеп киiмiн тiгетiн алты кәсiпорынның бiрi ретiнде бекiтiлдi. Ал 2004 жылдан берi кәсiпорын жанынан "Ерке-Нұр" сән театры жұмыс iстейдi. Осы аз уақыттың iшiнде қазақтың ұлттық киiмдерi мен ұлттық киiмдерiнiң негiзiнде дүниеге келген бiрнеше таңғажайып коллекциялары бар бұл театр ұжымы көптеген шетел байқауларынан жүлделi орындармен оралды. Мәселен, Қытай, Түркия, Германия, Швеция, Ресеймен қатар, Бельгия, Голландия, Америка елдерiн аралап, халқымыздың ұлттық киiм үлгiлерiн көрсетiп, табысты оралып жүр. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясымен бiрлесе отырып, 2004 жылы Республика сарайында сән үлгiлерi қойылымын жасап, көрермен назарына ұсынылды.

Жалпы, өткенмен емес, бүгiнгiмен жүретiн, соған тәубә дейтiн халықпыз. Әрине, бұл өткеннiң бәрi өткiншi дегендiк емес, небiр кедергiлер болатыны заңдылық. Ол кезеңнен бойымыздағы қабiлет пен намыс, сосын елiмiзге, жерiмiзге деген, атажұртқа деген құштарлық, қала бердi осы оралмандарға деген сенiмсiздiк, шеттету сияқты көзқарастары қамшы болды да, осы күнге жетеледi ғой. Қазiр Құдайға шүкiр, өзiмiз де, ел-жұрт та жақсы қабылдатындай жағдай қалыптасты.

– Бүгiнгi қуанышты жағдайдан ел-жұртты хабардар етсек…

– Иә, көңiл күй әуенiмен кетiп бара жатырмын ғой. Бүгiнгi басқосуымыздың себебi, жақында әлемнiң отыз бестен астам елiнен түрлi саладағы компания қатысқан Берлин қаласында әлемдегi үздiк, сапалы бұйым шығаратын үздiк сауда маркасын анықтайтын Францияның Оther Ways менеджмент және консалтинг Халықаралық қауымдастығының марапатына ие болдық. Бұл, әрине, "Ерке-Нұр" компаниясының ғана емес, бүкiл қазақ елiнiң, қазақтың ұлттық өнерi мен мәдениетiнiң мерейi ғой деп ойлаймын. Биылғы жыл бiз үшiн сәттi басталды, өйткенi наурыз айында "Президент және Халық" газетi мен республикалық "Жыл таңдауы" Агенттiгiнiң бiрлескен жобасы бойынша Жыл адамдарын анықтау байқауы өттi. Сонда компания "Ең үздiк сән орталығы" атағына лайықты деп танылып, ал мен "Жыл адамы" атандым. Одан кейiн компания кемелдi, жоғары сапалы және таңғажайып жұмысы үшiн берiлетiн "Платиновая Булавка" халықаралық сыйлығын жеңiп алды

– Компаниямен аттас журналдарыңыз шыға бастағанына жыл толды….

– Иә, бiр жасқа толып отырған журналымыздың бес саны жарық көрiп, өнерiмен халыққа кеңiнен танымал Роза Бағланова, Бибiгүл Төлегенова, Зәмзәгүл Шәрiпова, Фарида Шәрiповалар туралы, сол сияқты аттары аңызға айналған Айша Бибi, Домалақ Ана, Гауһар Аналар туралы тарихи әңгiме шежiрелер жарияланды. Сонымен қатар "Ерке-Нұр" журналы оралмандар тақырыбына да тұщымды қалам тартып келедi. Журнал әдеби танымдық болуымен қатар, сән журналы да болғандықтан әлемдiк сән өнерiнiң тарихы, жаңалықтары да үзбей берiлiп тұрады.

– Фарида ханым, осы тақырыпқа тереңiрек тоқталсақ…

– Ойлап отырсаңыз, бiр елден бiр елге көшiп келу оңай тiрлiк емес. Өйткенi әр мемлекеттiң салты, өмiр сүру дәстүрi басқаша. Қазiр негiзгi оралмандардың көпшiлiгi Қытайдан, содан кейiн Моңғолиядан келген, одан кейiнгiлер Қытай арқылы Еуропаға кеткен қазақтар. Ал Қытайдан келген отбасыларға ауыр тиетiн бiр ғана мәселе бар, ол – тiл мәселесi. Қытай тiлiн оқып келген жастардың жұмысқа орналаспақ түгiлi, әлi күнге дейiн өз құжаттарын заңдастыруға сауаттары жетпей жүр. Әрине мемлекет тарапынан көңiл бөлiнбей жатыр дегеннен аулақпын. Тұрғылықты халық басқа елге көшудi, ол жақта басқаша өмiр сүру дегендi армандамайды. Ал сондай арманды арқалап, қазақстандықтарды пәленбай есе орап алатын халықтың iшiнен өз кәсiбiңдi тауып, рухыңды түсiрмей бiлiм алып, солармен қатар өмiр сүрiп, өмiрбойы өзiңдi қайрап тәрбиелеп өсiрiп жүрудiң не екенiн жергiлiктi қандастарымыз бiле бермейдi.

– Республикамыздағы және шетел сән театрымен байланыстарыңыз жөнiнде де бiрауыз әңгiмелесеңiз…

– Менiң ойымша киiм тiгу өнеркәсiбi жеңiл өнеркәсiп болғанымен, аса талғампаздықты, көзқарасты қажет ететiн өте кiрпияз өнеркәсiп. Өйткенi оның артында тұтас бiр халық тұр. Ол халықтың дүниежүзi алдындағы талғамы, таңдауы, тiптi сауаттылығы тұр. Бұл ретте елiмiзде аты ауызға жақсы жағынан iлiнiп жүрген "Сымбат", "Мақпал", Құралай Нұрқадiлова, одан бертiнiректе қосылған Берiк Исмаилов, астаналық Қайролла Әбiшев деген азаматтар бар. Көбiне қыз-келiншектер болатыны да түсiнiктi жағдай. Әйелдер табиғатынан әсемдiкке, сұлулыққа, әдемi үлгiдегi киiмге құмар, құштар болып келедi. Ал Ресей, қырғыз сәнгерлерiмен интернет арқылы байланысып отырамыз. Негiзi алдағы уақытта жалпы сәнгерлердiң басын бiрiктiретiн қоғам немесе ассоциация ма құрылуы керек шығар деп ойлаймын. Өйткенi, кейбiр телебағдарламаларда бiздiң өнiмдерiмiздi шатастырып, көрсетiлiм кезiнде жаңылысып жатады. Осындай бiр ыңғайсыз жағдай жақында бiздi "Сымбатпен" айырбастап айтып жiбердi. Мұндайда екi кәсiпорын да ұлттық үрдiстегi киiмдер болғандықтан, халықты, тұтынушыны да жаңылыстыруы әбден мүмкiн. Кейде тiптi кәсiпкерлер арасында да көрiнбейтiн кикiлжiң туып кетуi мүмкiн. Сондықтан тележүргiзушiлердiң аса сауатты болғандары жөн.

– Алдағы уақыт демекшi, болашақтағы мақсатты тiрлiктерiңiз…

– Ойда жүрген шаруа көп, әрине. Бiткен iске сыншы көп демекшi, үлкен кәсiпорын, ұлттық үлгiдегi сән театры болғандықтан, мүмкiн жетпей жатқан, әлi де болса тереңiрек iзденiстi қажет ететiн тiрлiктiң бәрi алда. Олай дейтiнiм, болашағымыз балаларымыз ер жетпей ме, қыздарымыз бой жетпей ме, олар өскен, өркендеген сайын олардың талғам, тiлектерi де күрделене беретiнi және заңды құбылыс. Өткен жылы қалалық бiр жиында осындағы мүгедек балалар қоғамының төрайымы бiр сөзiнде, он сегiз жасқа дейiнгi жасөспiрiмдердiң болашағы туралы айтқан едi. "Олар физиологиялық жағынан кейбiр жұмыстарға жарамсыз болғанымен, ақыл-естерi түзу, жаны таза, өнерлi деп қалды. Дегенмен, аяқ қолы балғадай, тепсе темiр үзетiндерге жұмыс табыла бермейтiн мына қоғамда, мүгедек балалар кiмге керек дейсiң" деген жанайқайы, шынында да түнде түсiмнен, күндiз есiмнен кетпейдi. Сондықтан кәсiпорын жанынан колледж ашсақ па деген ойымыз бар едi, қалалық бiлiм департаментiнен тiркеуден өттiк. Құдай қаласа, осы қыркүйек айынан бастап оқушылар қабылдап, сол колледждiң жанынан бейiмдеу орталығын ашуды ұйғардық. Сонда әлгiндей жеткiншектердiң тағдырлары да айқындала бастайды. Кiмнiң неге бейiмiне, қабiлетiне қарай оқытып үйретiп, кейiн өзiмiздiң кәсiпорынға жұмыс қолын осылайша тартпақпыз. Кәсiпкер болғаннан кейiн тек жеке басыңның күйбеңiне шалынбай, төңiрегiңдегiлерге де жақсылығыңды тигiзу парызың ғой. Ең бастысы, ниет түзу болса болғаны, қалған шаруа Алла құп көрсе, iске аса берер.

– Әңгiмеңiзге рахмет! Ниеттерiңiзге жетiңiздер!

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары